Нұр-Сұлтаннан 3 миллион алып қайтты

0
306

 Нұр-Сұлтан қаласында «Адамзаттың алыбы — Хәкім Абай» атауымен айтыс аламаны өтті. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған сөз сайысын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

Абай Құнанбаевтың даналыққа толы еңбектерінде жазылған адам бойындағы ізгі қасиеттер мен келеңсіздіктер бұл айтыста кеңірек айтылып, көбірек насихатталды.  

Сондай-ақ, республикалық аламан айтыста ақындар өз жұбын жеребе тарту арқылы таңдады. Сахна төріндегі сөз сайысында оза шапқан 16 ақынның арасынан бас жүлдеге “Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы, қызылордалық ақтангер ақын Мұхтар Ниязов ие болды. Әркез қанжығаны жүлдеге майлап елге оралатын аймақ мақтанышы бұл айтыстың бұрыңғыдан өзгеректігін де тілге тиек етті.

— Барша тілеулес жандарға Алла разы болсын! Айтыстың жаңа форматқа, тың экспериментке көшуі ақындардың санасына біраз сілкініс жасағандай. Тоқтап, тосылып қалған ешкімді көрмедік, тіпті екінші тынысы ашылып, Еркебұлан Қайназар мен Мейірбек Сұлтанхан -дар финалда қырық минутқа да дейін көсіліп, өнер көрсетті. Басқа барлық жігіттер мен қыздар да өз үлестерін қосты, сәл ғана сәттілік жетпей қалғандары болды. Жүрсін Ерман ағамыз бен қазылар алқасындағы зиялы қауымға, соңына дейін жеті-сегіз сағат тапжылмай отырған халыққа да айтар алғысымыз зор. Жақсы күндерде жүздесуді жазсын, Алла!, — деп ізгі лебіздерін жолдаушыларға ақтангер алғыс білдірді.

Айта кетейік, бірінші орынды Сыр елінің ақыны Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Екінші орынға Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған лайық деп танылса, үшінші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, Рауан Қайдаровтар алды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here