Өңірдің өнерлі жастары түрлі бағыттағы республикалық сайыстардан жүлделі оралып, үздіктердің қатарынан көрінуде. Жыл сайын жеңіс қоржынын толықтыруды мақсат еткен жүлдегерлердің бірқатары жайдарманшы жастар. Түйіткілді мәселелерді тізіп, сахна төрінде әзіл бағыты арқылы сынға алатын әзілкештердің қоғамда өзіндік орындары да бар.
Жайдарманшылар республикалық сайыстарға жолдама алмас бұрын, облыстық филиал ұйымдастарған лигалардан бой көрсетуі тиіс. Ауыл мен аудандардан құралған және қала көлеміндегі командалардың басын біріктіріп, өнерге баулитын орталыққа биыл 15 жыл. Осыған орай, айтулы мереке Нартай Бекежанов атындағы драма театрының төрінде атап өтілді. Қызылорда КВН филиалының құрылуына сеп болып, өркендеуі жолында өнімді іс пен өтімді әзілді қадағалауға алған байырғы басшылар да бұл қуанышты күннің куәсі болды.
КВН филиалы құрылған сәттен ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Содан болар, жергілікті жайдарманшылар басқа облыс көлеміндегі сайыстарға қатысумен ғана шектелмейді. Яғни, Қызылорда КВН филиалының ұжымы “Жібек жолы” және “Сыр елі” орталық лигаларын өткізуге мүмкіндік алған болатын. Нәтижесінде өзімізге тиесілі ауылдар мен аудандардан келген жастардан бөлек, өзге облыс өнерлілері де біздің өлкеге аяқ басты.
Сондай-ақ, республикалық ойындарға қатысуға талантты жастардан құралған командаларға жиі жолдама берілді. Бір емес бірнеше кубокты қанжығаға байлап, чемпион атанған үздік командалар да осы 15 жылдық тарихы бар филиал түлектері. Мәселен, жоғары лигада Арал аудандық “Арал-Ас” командасы чемпион атанса, “Қорқыт құрамасы” командасы финалистердің қатарынан көрінді. Әйткенмен, көңілді тапқырлар алаңы сайысында жайдарманның түлектері де чемпиондық дәрежеге лайық деп танылды. Ал премьер лигалық сайыстан “Тұңғыш Астана” жайдарман тобы бас жүлдеге қол жеткізіп, чемпиондық статусқа ие болды.
Айта кетейік, Елордада өткізілген маусымашарда бұл орталық “Үздік филиал” атанып, Қазақстан КВН Одағының арнайы алғысына бөленді. Абдусаид Тулегенов директор болған тұста толассыз жетісіктерге ие болған филиал ұжымы бүгін де сол қарқынмен қызмет атқаруда.
Жайдарманшы әрі филиалдың бүгінгі басшысы Әліби Басаров та ұстаз жолын жалғауда. Қызылорда Жайдарман орталығы бүгінде облыс көлеміндегі 200-ден аса команданың өнер көрсетулеріне мұрындық болуда. Сондай-ақ, жайдарман топтарының танылуына мүмкіндік беріп, толағай жетістіктерге жетуде. Мәселен, Шымкент қаласында өткен әзілге толы бәсекеде “Қызылорда құрамасы” чемпион атанып, автокөлік мінді. Бұл — филиал тарихындағы елеулі жеңістердің бірі болды.
Сонымен, Қызылорда КВН филиалының 15 жылдығына орай өткізілген Қазақша КВН фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Филиал құрылған сәттен бастап өнер көрсеткен командалар “Grand Festіval” ойынынан табылды. “Қорқыт қырандары”, “Қызық Орда”, “Арал-Ас”, “Қорқыт құрамасы”, “КазКИ құрамасы”, “Тұңғыш Астана”, “Қорқыт жастары”, “Ақмешіт құрамасы” және “Сыр жастары” командалары сахнаға деген сағыныштарын басып, өнер көрсетті. Әзілдерін арқалап әкелген жайдарманшылар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сайыс екі кезеңді қамтыды. Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар жүлделі үшінші орынды “Қорқыт құрамасы” командасына берсе, екінші орынға “Қызық Орда” тобы лайық деп танылды. Ал, “Арал-Ас” тобы чемпион атанып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Алайда, Ағаға құрмет көрсеткен інілер бұл жеңістерін “Қорқыт қырандары” тобына табыстады.
ЖАЙДАРМАНШЫЛАР ЛЕБІЗІ
1. Жайдарманшы болуыңызға не түрткі болды?
2. КВН филиалының 15 жылдығы қай деңгейде атап өтілді және болашағын қалай елестетесіз?
3. 15 жылдың неше жылын осы филиалмен байланыстырдыңыз және үздік филиал болу үшін қандай үлес қостым деп ойлайсыз?
“Қызық Орда” командасының мүшесі, филиалдың бұрынғы басшысы Абудсаид Тулегенов:
1. Жайдарманға танымал болуды көздеп келген жоқпын. Бұл пікірімді өнердегі достарым да құптары айқын. Басты мақсатым — жазған әр әзілім көрерменге ой саларлықтай болғанын қаладым. Нәтиже де жоқ емес. КВН-нен бастау алған қадам өмірде өз орнымды табуға септігін тигізді. Бүгінде “Өнер қырандары” театрының сценарийсі қызметін атқарудамын. Одан қалды көптеген кино және телевизиялық туындылардың жарыққа шығуына үлес қосудамын.
2. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Уақытылы әрі орнымен ұйымдастырылды. Сахна сыртындағы ардагер жайдарманшыларға қолайлы жағдай жасаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Алдын ала дайындық жұмыстарына да мән беріп, ойынның сәтті өтуі үшін күш салды. Қызылорда КВН филиалының ұжымы қонақжай және ауызбіршілік қасиеттерінің арқасында көптің қызығушылығы мен қызғанышын оятады. Аса көп өзгерісті талап етпейді. Өйткені, филиал өз биігінде. Тек, әрдайым осылай белгілі бір мерекелерді атап өте берулеріне тілектеспін. Егер редакторлық жұмыста жайдарманшыларға сәл қаталдық танытса, тағы да “Үздік филиал” атанудың ауылы алыс емес.
3. Филиал ашылғалы бері әр жетістікке өзім куәмін. Демек, мен 15 жыл бойы осы филиалмен біргемін. Бастапқыда КВН-ші болсам, содан кейін мектеп лигасының жүргізушісі атандым. Уақыт өте келе бұл филиалдың директоры қызметін де атқардым. Айта кетерлігі, “Үздік филиал” болу үшін үлес қосқан мен ғана емес. Менің орнымда басқа кісі директор болса да сол аталымға лайық болар едік. Себебі, жайдарманшылардың сайысқа қатысуға деген құлшыныстары жоғары деңгейде болды. Республикалық лигалардың финалдық сайысында біздің командалар үздіктердің қатарынан табылды.
“Тұңғыш Астана” жайдарман тобының мүшесі Болат Қожахметов:
1. Мен жайдарманға университетте оқып жүргенде аяқ бастым. Студенттер арасында өткізілетін әртүрлі бағыттағы концерттерде өнер көрсеттім.
2. Филиал ашылғаннан кейін командалардың деңгейі де жоғарылап, саны артты. Өткізілетін әр ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, топтар тек қалалық және облыстық деңгейде ғана өнер көрсетпей, республикалық додаларда бақ сынады. Сол қарқынмен жасалған жұмыс 15 жылдық мереке қарсаңында да жалғасты. Бұл сайысқа қатысушы топтардың барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Көрермендер залында бос орынның болмауы осыған дәлел. Бүгінде республикалық деңгейдегі әртүрлі жобалар жайдарманшы жастардың қатысуынсыз өтпейді. Тіпті, жақында Жайдарман академиясы ашылды. Оның өзі үлкен жұмыс. Кішкентай балаларға сахна мәдениетін, әзіл жеткізудің тармақтарын және сценарий жазуды үйретуде. Үздік топтар әлі де шығады деген сенімдемін.
3. Мен жоғары оқу орнын тәмамдаған тұста филиал енді ашылды. Сол уақыттан бергі жұмыстары мен жетістіктеріне куәмін. Көптеген командалардың танылуына жұмыс жасадық. Олар бүгінде түрлі деңгейдегі жетістіктерге жетуде. Бізді қуантатыны да сол.
“Қорқыт жастары” жайдарман тобының мүшесі Айбек Дайрабай:
1.Біз қазақша КВН ойыны Жайдарманға ауысқан тұста келдік. Жайдарманда өнер көрсеткен ағаларымызға қызығып өстік. Мектеп оқып жүргенде-ақ қалалық, облыстық деңгейдегі ойындарда тұрақты көрермен болдым. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ — ға оқуға түскен сәтте факультетімнің атынан команда құрып, сахнаға шығуға мүмкіндік алдым. Екі ойыннан кейін университеттің құрамасына іліктім.
2. Бірнеше жылдан бері сахнаға шықпаған ағалар мен бауырлардың кездесу кешіне дайындық
ерекше болды. Қатысушылар әртүрлі бағытта өнер
көрсетті. Біз кубок алу үшін емес, сапалы ойын көрсету үшін қатыстық. Сол жоспарымызды толықтай жүзеге асырдық деп ойлаймын. Бұл сайыста
көрермендер залында ине шаншар орын болмады. Өйткені, Жайдарман үлкенді де
кішіні де жинады. Талай чемпиондар мен үздік ойыншылардың олжалы отанына
айнала берсін. Талантты жастардың өнері үшін еңбек етіп жүрген филиалдағы
жігіттер мен қыздарға алғысымды білдіремін. Шынайы еңбек бағаланса екен деймін.
Жақында Жайдарман
академиясы құрылды. Ол жақта қаншама өнерлі
жастар бар. Демек Жайдарманның, Қызылорда КВН филиалының болашағы жарқын болады
деп есептеймін. Жайдарман — ұрпақтар сабақтастығы. Жайдарман — шекарасыз достық
мекені.
3. 15 жылдың 8 жылын Қызылорда КВН филиалымен байланыстырдым. Республикалық сайыстарда өнер көрсетіп, туған жеріміздің тұғырын биік көтеруге тырыстық. Бір жылдары біздің филиал Республика бойынша “Үздік филиал” атанды. Әрине, бұл жерде ұжымның және командалардың еңбегі деп білемін. Біз республикалық премьер лига ойындарында және Алматы ашық лигасында өнер көрсеттік. Арнайы жобаларда чемпион атандық. Үздік филиал атануға осылай үлесімді қостым деп есептеймін.
“Ақмешіт құрамасы” жайдарман тобының мүшесі Қайрат Жанұзақ:
1.Жайдарман ойындарын үзбей көретіндіктен қызығушылығым пайда болды. Уақыт өте келе сол жайдарманшылардың бірі мен болдым.
2. Квн филиалының 15 жылдығы өзіміз күткендей жоғары дәрежеде өтті. Барлық жайдарманшылардың осы ойынды сағынып келгендері көрініп тұрды. Бірнеше жыл қатарынан аяқ басқан Нартай Бекежанов атындағы драма театрының сахнасында тағы да өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Қызылорда КВН филиалының болашағына үлкен үмітпен қараймыз. Бүгінге дейін “Үздік филиал” атанудан өзге әртүрлі жетістіктерге жетті. Республикалық, облыстық сайыстардан біздің командалар жеңіспен оралды. Сондай-ақ, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұжым еңбегінің арқасында 15 жыл ішінде осы филиалдан көптеген командалар түлеп ұшты. Енді сол топтардың ізін жалғайтын ізбасарлар шығуына тілектеспін.
3. Жайдарманға 5 жылдан аса уақытымды арнаппын. “Қызылорда КВН” филиалы “Үздік филиал”
атанған тұста біз Шығыс орталық лигасының чемпионы атандық және түрлі
республикалық деңгейдегі ойындарға қатысып жүлделі оралдық. Осы жетістіктеріміз
арқылы да өз үлесімізді қостық деп есептеймін.
А.ӘЛИАРЫСТАН