Былтырғыдан қаржыны көп тапқан

0
300

Қазалы ауданының кәсіпорындарын­да жыл көлемінде 13,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Қазалы өндірісінде байырғы тепловоз және вагон жөндеу қызметі, балық өңдеу, нан,  сүт өнімдерінен басқа, асфальт, тауарлы бетон сынды кәсіп­орындар да жұмыс істеуде. Өнеркәсіп өнімділігі алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда біршама өсе түскен. 2018 жылы аудан кәсіпорындары 12,8 млрд. теңгенің өнімін өндірген.

Аудандағы шағын және орта кәсіп­керлік саны 4494-ке жетіп, бұл салада 7577 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы өткен жыл көлемінде ауданда жаңадан 1016 кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік бағдар­ламалар аясында 506 адам 2 млрд. 362 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған. Қазалының «РЗАсы» («РЗА» АҚ) кәсіп өрлету қамында индустрияландыру  бағдарламасы аясында 1200 басқа арнал­ған ірі қара өсіру кешенінің 2 кезеңін іске асыруға кіріскен.

Ауыл шаруашылығы саласына 946 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 65 пайызға өсе түскен. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 14 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш те алдыңғы жылмен салыстырғанда артқан. (2018 жылы 11,5 млрд. теңге болған).

Егіншілік саласында едәуір ілгері көрсеткіштер бар. 6225 гектар күріштің гектар түсімділігі 46 центнерден келген. 2250 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау тарапында 639 млн. теңге жұмсалған. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы жерлерін, су нысандарын құжаттау, каналдарды тазалау сияқты жұмыстар жүргізілген. Жерге байланыс­ты атқарылған жұмыстың бір нәтижесі өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан пайдаланылмай босқа жатқан 3193 гектар жер қайтарылып алынған.

Төрт түлік басы өсе түскенге ұқсайды. Қазалылықтар Иран мен Өзбекстанға 306 бас ірі қара экспорттапты. Сондай-ақ шет елден 580 ірі қара сатып алған. Атап айтқанда агроөнеркәсіп кешенін ұлғай­тып жатқан «РЗА» Венгриядан кешен жұмысын бастағалы өсіріп жатқан голштин-фриз тұқымды 300 бас ірі қара әкелген. Сондай-ақ «Наурыз» шаруа қожалығы Чехиядан 280 бас ангус тұқымды сиыр әкелген. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына мал санының 2,7% ғана тиесілі екен.

«Ауданның инженерлік-инфрақұры­лымын дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрғандар саны жыл өткен сайын көбеюде», — дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

Шындығында тұрмыс сапасының алдыңғы көрсеткіші саналатын бұл тарап­тағы жұмыстар бүкіл облыс аумағында жылма-жыл күн тәртібінен түспей келе жатқанмен, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Осы орайда өткен жылы Қазалы аумағында атқарылған жұмыстар; инфра­құрылыммен қамтамасыз етілген 347 жер телімі берілген. 12 гектар аумақты инфра­құрылыммен қамтамасыз етуге 11 млн. теңге қаржы бөлінген. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы 441 гектар жерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2 млрд. 33 млн. теңге қаржы бөлін­ген. Осы аралықтан жеке тұрғын үй құрылысына 1500 жер телімі берілмек. Сондай-ақ, 25 кәсіпкерлік нысан, қажетті әлеуметтік нысандар салу жоспары белгіленген. «Екі аралықты қосып, 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналдыра­мыз», — дейді әкім Ергешбаев.

Жалпы ауданда бүгінде 1000-нан астам адам тұрғын үй кезегінде тұрған көрінеді. Өткен жылы Қазалы жұртын қуантқан жаңалықтың бірі — Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілгені. Тұрғын үй мұқтаждығын азайту бағытында кенттегі ескі мектеп ғимараты, аудандық ауруха­нының ескі ғимараты жатақханаға бейім­деп жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген.

Биылғы жылы кент пен қала аралы­ғында 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат сұралып отыр екен. Сондай-ақ, кентте 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салудың жоспары бар. Бір сөзбен айтқанда, Қазалыда тұрғын үй құрылысы қарқын ала түспек. Ал жалпы жыл аумағында ауданда 17 нысанның құрылысы жүргізіліп, 13 нысан пайдалануға берілген. Ол жоғарыда аталған Әйтеке би кентіндегі тұрғын үй құрылысы, 600 орындық Мәдениет үйі, Ақсуат ауылын­дағы 90 орындық балабақша.

Кент пен қала аралығындағы аумақтан ауданның мекемелер үйінің ғимаратының бой көтеруі де аудан жұртының игілігіне болған жақсы жаңалықтың бірі. Ғимарат­та аудан әкімдігі, аудандық бөлімдер, аудандық мәслихат орналасқан. Жұмысы бар жұртшылық әр мекеменің есігін жағалап әуре-сарсаң болмай, іздегенін бір жерден табады. Бұл жерде де «Open Space» бағдарламасы іске қосылыпты.

Жалпы өткен жыл ауқымында Қаза­лы­дағы құрылыс жұмыстарының көлемі 13 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан.

2019 жылы ауданда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 38 млрд. теңге болып, алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 7,5%-ға артқан.

Бүкіл дүние жүзінде экономиканың күре тамыры саналатын жол қатынасы, ең бір қияндағы ауыл үшін де соншалықты маңыздылығы бар десек артық айтқандық емес. 2018-2019 жылдар аралығында аудан жолдарын жөндеуге 2 млрд. 70 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл жұмыс биыл да жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Жол жөндеу жұмысы елді мекендер мен кент, қала ішілік көшелерді қамтып, жаяу жүргіншілер жолы бойынша да жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жұмысына жіті көңіл бөлуді де ескеріп жатыр екен Ергешбаев.

Қазалы мен Арал ауданының 15 мыңға жуық халқына аудан орталығымен қаты­науға төте жол ашқан «Әлсейіт» көпірінің пайдалануға берілуі де халықтың қажетін өтеген игілікті жұмыстың бірі. Өткен жылы «Қожабақы — Бекарыстан би» жолының бойындағы темір бетон көпірдің құрылысы аяқталған. Қазірде «Қарлаң» учаскесіне темір бетон көпір салу жұмысы жоспарға алыныпты.

Аудан орталығы тұрғындарының 87 пайызы көгілдір отын игілігін тұтынып отырған көрінеді. Кентті түгелдей қам­туға, көгілдір отын құбырын Қазалы қаласы мен Ғ.Мұратбаев елді мекеніне жеткізуге республикадан қаражат сұралуда екен.

Ауыз су тарапында: өткен жылы Ү.Түк­тібаев ауылы мен Жалпақ елді мекені сервистік желіге қосылған. Алдағы уақытта, Майдакөл, Бекарыстан би, Жанқожа батыр ауылдарын сервистік желіге қосу, Байқожа топтық су құбы­рына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Жалпы ауданда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан едәуір жұмыс бар. Бұл ретте денсаулық сақтау саласы бойынша атқа­рылған жұмыстар да жоқ емес. Айталық, өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік игілігімен аудандық ауруханаға басқа аудандарда жоқ «Ангиограф» медициналық жабдығы іске қосылған. Аппарат іске қосылғалы 98 науқасқа ота жасалған. Ағымдағы жылы кент пен қала аралығында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы бастал­мақ. Сондай-ақ, Бозкөл, Кәукей ауылда­рында мемлекеттік-жекешелік негізде дәрігерлік амбулатория салу мақсаты бар. Әзірге кәсіпкерлерге ұсыныс беріліп жатыр екен. Айтпақшы, жоғарыда айтыл­ғандай Арал ауданында бұқаралық спортпен шұғылданушылар халықтың 30%-ына жеткен көрінеді. Көршілес Қазалы жұрты да 30% бұқаралық спорт барысында көрінеді. Бұл ауданда да өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды көрсеткен. 834 млн. теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек 1378 отбасыға берілген. Өткен жылы ауданда 1281 бала дүниеге келген. Жастар жылында Ғ.Мұрат­­баевтың 117 жылдығына орай 30 жас Ғани Мұратбаев сыйлығына ие болған.

Өткен жылы аудан аумағында 321 қыл­мыс тіркеліпті. Дегенмен бұл кері көрсеткіш алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 36 пайызға төмендеген көрінеді.

Аудан бюджеті жыл басында 19,4 млрд.теңге болып бекітіліп, 22,7 млрд.теңгеден асқан.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here