«Гонконг вафлиі» — сүйікті кәсібім

0
114

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке бет бұрғандар үшін тек арнайы оқыту бағыты ғана белең алмаған. Керек десеңіз, қаржылай да қолдау білдіруде. Тіпті, кәсіп ашуға тиісті ақшаны кері қайтармауға да болады. Бұл «Қайтарымсыз грант» жобасы аясында жүзеге асады. Бүгінде қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қызылордалықтардың көпшілігі 505 мың теңге көлеміндегі қаржыны игеріп, кәсіптерін өрге домалатуда. Солардың бірі Гонконгтың вафлиін қалаға алғаш әкелушілердің бірі – Медет Ермағанбет. Жас кәсіпкер Гонконгтың вафлиін әзірлеп сату арқылы табыс табуда. Бүгінде бұл тәтті тағам түрі жоғары көрсеткіштегі сұранысқа ие.

— Медет, расымен де Гонконг вафли­лері еліміздің өзге өңірлерінде бар. Бірақ, қызылордалықтар тәттіден енді дәм татуда… Білуімше, бұл кәсіп түрімен алғаш айналысқандардың бірі сіз ғой?

— Гонконг вафлиін сататын дүңгір­шек бұған дейін де болған. Бірақ, сәл уақыт жұмыс істеген орталықтың  жабы­лып қалғанын білемін. Біраз үзілістен кейін вафлилерді қалаға мен де әкелдім. Естуімше жақында тағы да бұл тәтті түрін сататын дүкен ашылған көрінеді. Шыны керек, әзірлеген тәттілерім өтімді әрі дәмді болғаннан болар үзіліссіз жұмыс жасаудамын. Бастапқыда шағын ғана дүңгіршекте тұрып 1 айда 2 мил­лионға жуық ақша тапқанымды жасыр­маймын. Таң атқаннан кеш батқанға дейін кезекте тұратындар көп болды. Ол мекен-жай бойынша көп жұмыс жасамасам да, жаңа орынға іздеп келе­тіндер де бар. Әзірге қосымша жарнама жасауға уақыт пен қаражат керек. Сонда тұтынушылар бүгінгі күннен де көп келері айқын.  

 — Егер өзіңіз айтқандай келушілер көп болса, қосымша жарнаманың қажеттілігі бар ма?

— Жаңа қоныстағы жұмыс орнымызға жарнама керек. Өйткені, адам аз жүретін көшеде орналастық. Кәсіптің жақсы нәтиже көрсетуі үшін кез келген кәсіп иесі әртүрлі кезеңдерден өтеді. Адамдар күнде көбірек келген сайын,  тек ақша табумен шектелесің. Кейде адам аз келсе, себебін нақтылап жаңа ойларды жүзеге асыруға мүмкіндік аласың. Жалпы бизнеспен айналысқандар тек бір қарқынмен ғана жұмыс істемеуі тиіс. Жаңа туындыларды қолданысқа еңгізу арқылы тағам түрін сатып алушыларға қолайлы жағдай жасау керек. 

— Бұл тәтті түрін сатуға қалада өзге бәсекелестің болмауы негіз болды ма? 

— Әрине, Қызылордада болмаған бизнес түрін жүзеге асырғанды дұрыс көрдім. Бірақ, қалада бұрын болмаған затты өткізу де өнер. Өйткені, бастап­қыда дәмін татып көрмеген тағамның бұл түрі халықтың сұранысына сай болуы үшін біраз еңбектену керек. Мысалы, менен кейін де бұл вафлиді сататындар көбейеді. Өйткені, халыққа өтімді. Бұрын қалада донер сататын дүң­гіршектер жоқ еді. Іле шала бір кәсіп­кердің бастамасын өзгелер де қолдай кетті. Сондай-ақ, бұрын қалада сатыл­майтын балмұздақтың кей түрлері  уақыт өте келе сұранысқа ие болды. Вафли де дәл солай. Оқу бітіргенде бір тірлікпен айналысу керек деп өзіме ұнайтын осы кәсіпті қолға алдым.  

Ол тірлік оқыған салаңызға бағытталды ма? Әлде, жоғары оқу орнын­да мүлде басқа мамандық бойын­ша білім алдыңыз ба?

— Мен Қарағанды қала­сын­дағы жоғары оқу орын­дарының бірінде радио­техника, электроника және телекомму­никациялар мамандығы бойынша білім алдым. Яғни, қазіргі жұмысым оқыған саладан мүлде бөлек. Осы күнге дейін көптеген мекемелер қызметке шақырды. Алдағы уақытта да 4 жыл оқыған маман­дығым бойынша жұмыс істемеуім мүмкін. Өйткені, кәсіппен айналысуды ұнатамын.

— Небәрі 21 жаста болсаңыз да, біраз тәжірибесі бар кәсіпкер ретінде сөй­лейсіз…

— Өйткені, бұл кәсіп түріне келмей тұрып мен біраз сатылардан өттім. Студент кезімде Қарағандыда 2 жылға жуық фастфуд сататын орталықта жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым. Сондай-ақ, оқу бітіріп келгенде әртүрлі сауда түрімен айналыстым. Әйелдерге арналған аяқ-киімді де саттым. Деген­мен, бастапқыда жұмысы нәтижесіз саудагерлердің бірі мен болдым. Кем­шіліктер арқылы біраз шығынға батып, қарыздандым. Сол сәтте үйдегілер маман­дық бойынша жұмыс істеуді талап етті. Бірақ, мен уақыт өте келе осы кәсіп түрін таңдадым. Нәтиже де, сұраныс та жақсы. Қалалық жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік жобасын меңгеріп, 505 мың теңге алдым. Қайтарымсыз грантқа ие болу үшін осы кәсібімді жүзеге асыруға арналған жобаны қорғап, аз уақыт ішінде вафли әзірлеуге арналған құрылғыларды сатып алып бизнесімді аштым. Жас кәсіпкерлер үшін бұл мем­лекет тарапы­нан берілетін үлкен мүмкін­дік екен. Сосын Қуаныш Шонбай есімді кәсіпкердің сабақтарына үзбей қатысып, жұмыс барысына қажетті кеңестерді түртіп аламын. Ол кісінің кәсіпкерлерге арнаған әдістері мен жұмыс жасау жүйесі ұнайды.

— Гонконг вафлилерінің өзгешелігі неде?

— Вафли деген атауының өзі ерекше ғой… Өйткені, бірге ұсынатын дәмдер әр­түрлі болғанымен вафлиі ғана өзгермейді. Оған қосып беретін балмұздақ немесе шоколад секілді қоспалар алушының сұранысына қарай салынады. Арасында тек вафлидің өзін ғана жеуге келетіндер де кезігеді. Бұл тағам түрін әр елде әртүрлі бағытта ұсынады. Бізде балмұз­дақ қосылған түрі сұранысқа ие. 

— Ас мәзіріңізде аталған тағамның қанша түрі бар?

Мен әзірге балмұздақ және шоколад қосылған түрін сатамын. Өйткені, келуші­лердің сұраныстары осылар. Ал, безен­діруге арналған тәттілер мен жемістерді күнделікті өзгертіп ұсынамын. Қыс мез­гіліне қарамастан балмұзда­ғымен қоса дәмін татуға келетіндердің саны көп.

— Ас мәзіріне қатысты кері пікірлерін білдіретін кірпияз тұтынушылар жиі келеді ме? Тілін қалай табасыз?

— Егер олар орынды сын айтса тыңдаймын. Қисынсыз пікірлерін білдірсе, елемей­мін.  Мысалы, бастапқы уақытта келушілер вафлидің қанты көп дейтін. Дер кезінде бұл олқы­лықты ретке кел­тір­дім. Сол секілді халықтың сұра­нысын ескерусіз қалдыр­маймын.

— Тегін вафлиді жиі ұсы­натын көрінесіз. Бұл әдіс қалтаны жұқартуға сеп болмайды ма?

— Ол келушілердің санын арттырудың бір тәсілі. Сату­дың әртүрлі әдістері бар. Мен мысалы мына өнімді сатып алыңыз деп жиі жарнама­ла­маймын және әр мекемеге ба­рып ұсынбаймын. Әлеу­меттік желіге де жұмыс барысын­дағы видеоларды жиі жүктей­мін. Оның өзі көріп отырған адамдардың тәбет­терінің ашылуына сеп болады. Негізі бұл жабайы сату түрі болып саналады.

— Оқырмандарымыз үшін Гонконгтың танымал вафлиін әзірлеудің тәсілімен бөлісе аласыз ба?

-Ол жағы құпия. Сон­дықтан бөлісе алмаймын.

— Сіз үшін жас кәсіпкер болудың қызығы мен қиын­дығы қандай?

— Қиындығы кәсіп бастауға дейінгі алғашқы кезеңдерге тән. Біраз қаржыны орынды игере білу керексің. Керек ғимаратты жалға алар алдында оны жөндеуден өткізіп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға міндеттісің. Оларға ұсынатын тәттінің сапасына мән беріп, күнделікті өзгерістерді қолда­нысқа еңгізу керек. Техника болған соң, әртүрлі жағдайлар орын алады ғой. Мәселен, вафли пісіретін аппарат түрлі жағдайда істемей қалуы да мүмкін. Кезек күтіп тұрған адамдардың көптігіне қарамастан сондай сәттерде шешімін таба білу керек. Қызықты сәті түрлі адамдармен араласуда дер едім.

— Болашақта кәсіп көлемін кеңейтіп немесе өзге де сауда нүктелерін ашу ойда бар ма?

— Бұйыртса, тек вафли түрімен шектеліп қалмау үшін өзге де тәтті түрін ұсынатын боламын. Мәзірге қосымша басқа да түрлерін қосамын. Сондай-ақ, тегін жеткізу қызметін нақты жүйеге келтіруді көздеймін. Әзірге қасымда екі ғана көмекшім бар. Сіз айтқандай сауда нүктелерін көбейту ол басты мақсатым. Болашақта ірі мейрамханалардың иесі болуым да мүмкін.

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here