Әлеуметтік желінің СӘУЛЕСІ

0
351

Бүгінде басылымдар көбіне өнердегі танымал тұлғаларды дәріптеумен шектеледі. Әйткенмен, қоғамдық ортада белсенділік танытып, түрлі саланың қыры мен сырын меңгеріп жүрген жастар туралы ақпараттар да күн санап оқырмандар арасында сұранысқа ие болуда. Мәселен, бір емес бірнеше салада жұмыс істеп жүрген Сәуле Қалыбай осы сөзімізге дәлел. Оқушы кезінен белсенді жас сахнаға да шығып, өнер көрсетті. Көптеген шараларды ұйымдастырып, әртүрлі сайыстарда бой көрсетіп жүр. Дегенмен, бүгінде көпшілік оны әлеуметтік желі арқылы таниды. Қызылордалық айтары бар, түйгені көп жас блогермен сүхбаттастық.

— Сәуле, көпшілік өзіңді қызылордалық блогер, қоғамдық  жұмыстардың белсендісі ретінде тани­ды. Алғашқы сұрақты өзіңнің негізгі мамандығыңа және бүгінгі қызметіңнен бастауды жөн көріп отырмыз…

— Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде информатика пәнінің мүғалімі мамандығын меңгердім. Одан кейін Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтында білімімді әрі қарай жетілдірдім. Бүгінде қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының педагогі қызметін атқарамын. Міндетім — мәдени  шараларды ұйымдастыру. Сонымен қатар, өз ұсынысыммен Оқушылар сарайының әлеуметтік желідегі парақшаларына жауаптымын. 

— Информатика пәнінің мұғалімі болу арманың болды ма?

— Арманым — тележүргізуші және актриса болатын. Экран арқылы көпшілікке танымал болуды көздедім. Сондай-ақ, биші де болғым келді. Әкем қарсы болып, бишілікке бет бұрмадым. Тіпті, пән мұғалімі болу да өз таңдауым емес. Компьютерлік құрылғыларды бұзып, құрастыру арқылы жөндеу жұмыстарын атқаратын бағытта білімімді жетілдіргім келді. Оқу орнында аталған мамандықтың жабылуына байланысты информатика саласының мұғалімі болуыма тура келді.

— Қыз баланың техникалық мамандыққа әуес болып, компьютер жөндеп отырғаны әбес көрінеді деп ойламайсың ба?

— Жат көрінері анық. Әйткенмен, істен шыққан компьютерлерді жөндеп, жарамды етуді қалайтынмын. Программалау, құрастыру әдістерінен бөлек  құрылғылары бұзылған жағдайда жөндеу жұмыстарының барлық тетіктерін білемін.

— Әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізуді ұсындым дедің… Желідегі жүйе күн санап өзгеруде. Компьютерді құрастыру мен желіні жүргізу екі бөлек. Бұл ұсыныс бойынша алдын-ала біліміңді жетілдірдің бе? 

— Бастапқыда қосымша ізденуімнің арқасында әртүрлі әдістер арқылы әлеуметтік желілерді жүргіздім. Бірақ, уақыт өте келе нақты жүйе керек екенін түсіндім. Сол үшін республикалық Jas.kz  сайты ұйымдастырған “СММ сауатты­лық” курсы арқылы білім алдым. Одан кейін Алматы қала­сында Қуаныш Шонбайдың университетіндегі Айым Жакенованың он күндік курсынан өттім. Осымен тоқтап қалмаймын. Өйткені, әлеуметтік желі күнде жаңаруда. Білімімді шыңдап, әрі қарай жетілдіріп тұрмасам сертификаттар жарамсыз күйінде қалады. Қазіргі таңда әртүрлі бағытта видеотүсірілімдерге әуес болып, оны монтаж­дауды игеріп жүрмін. Сондай-ақ, суреттерді өңдеуге қызығушылық басым. Мен бүгінде үш бағытты қамтитын “Tamasha Lіke” жобасын жүзеге асырудамын. Алдымен, ұстаздардың әдістерімен таныстырып, мұғалімнің мәртебе­сіне үлес қосатын бағдарлама түсіремін. Одан кейінгі “Әзіл тайм” жобасы үйірмеге қатысушылардың актерлік шеберлік­терін арттыруға және камера алдында еркін сезінулеріне мүмкіндік береді. Үшінші бағыт — “Ақпараттық айдар” деп аталады.

— Информатика пәнінің мұғалімі ғана емес, әлеуметтік желіні тиімді игеру бағытындағы курстарда ұстаздық қызмет атқарасың…

— Менің өзге бағытта да оқытушылық тәжірибем болды. Бүгінге дейін қазақ қызының қоғамдағы орның анықтайтын әрі айқындайтын «Қаракөз» қыздар клубын аштым. Қыз балаға тән тиымдарды ескеріп, күнделікті өмірде өзінің бейнесіне, киім киісіне мән беруін басты назарға алатын үйірме болатын. Өмірді көпкөрмесем де, құнды ақпараттармен бөлісіп, пайдалы кеңестерді жеткізу үшін іздендім. Нәтиже де жақсы болды. Қаладағы білім ордаларынан біраз оқушылар келіп қатысты. Одан кейін СММ саласына бағыт алдым. Бүгінде Жайдарман академиясында “СММ сауаттылығы” курсында оқытушымын. Әлеуметтік желідегі парақша адамның түйіндемесі ретінде қаралады. Сондықтан, қала жастарына желіні дұрыс қолдану мақсатында арнайы әдістеме арқылы білім беремін. 

— Қоғамдағы оқиғаларға блогер ретінде пікіріңді жеткізесің. Өзіндік аудитория қалып­тасқан. Пайдалы тұстары бары айқын, кейде тиімсіз тұстары болады ма?

— Экранға қарағанда әлеуметтік желі арқылы танылуға қолайлы кезең. Пайдасы жарнамалар арқылы қосымша табыс табуға болады. Мен алдымен  заттың сапасына мән беремін. Кері пікір тудырмайтын дүниелерді жарнамалаймын. Сосын үздіксіз жарнама оқырмандарды жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан, жиі әуес емеспін. Өйткені, блогер парақша оқырмандарының алдындағы басты міндетін ұмыт қалдырмауы тиіс.    Сондай-ақ, қоғамдық орындарда көрген кісілер танып, жекеге хат жазып жібереді. Сол сәтте өзіңді танымал сезініп, ерекше сезімде боласың. Ал тиімсіз тұстары көп емес. Көшеде  сұқтанып қарайтын­дары да бар. Бұл инстаграм желісіндегі оқырмандарыма қатысты, ал фейсбук әлеуметтік желісіндегі достарым бірнеше жыл­ғы таныстарын көргендей амандасады.  Менің оқырмандарымның басым көпшілігі қызылорда­лықтар.

— Екі әлеуметтік желінің деңгейі мен аудиториясы екі түрлі дейсің ғой?..

— Иә, әрине. Мысалы, екі желіге саралау арқылы екі түрлі пост саламын. Фейсбукке жаса­ған жұмыстарымды, жеткен жетістіктерімді және нақты ақпараттарды жүктеймін. Сон­дай-ақ, қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікір білдірсем, әзілге негізделген жазбаларды, қызықты суреттер мен видеоларды инстаграм желісіне саламын. 

— Жарнамаға қатысты айтып өттің… Құпия болмаса, бағасы қанша?

— Аса қымбат емес.  5000 теңгенің көлемінде. Арасында жеңілдіктер жасаймын (күліп).

— Арнайы посттар жазуға біреу түрткі болады, әйтпесе бір оқиға ықтимал етеді ме? 

— Қызылордада постты ұзақ көлемде жазатындардың бірі мен болатынмын. Сол уақытта көпшілік күлетін. Бертін келе бұл дұрыс қадам екенін жұрт түсіне бастады. Күлген желі қолданушыларының өздері менің нұсқамда жазуды әдеткен айналдырды. Өйткені, жазба­ларды әдеби тілге салып жария­ламаймын. Оқырмандарға қызық­ты болуы үшін күнделікті өмірдегі жағдайларды өндеусіз әрі оқуға жеңіл әдіспен саламын. Инстаграм желісі дамымай тұрған уақытта белгілі бір сайт­тардағы блог плат­формасына қызығушылық танытатынмын. Бұл идея содан бастау алды. Желідегі оқыр­мандарым бел­сенділік танытқан посттарды сараптап, сол бағытта  жазба­лар­ды жариялаймын. Бүгінгі көрсеткіш бойынша мені оқитын­дардың басым көпшілігін жеке өмірім мен әртүрлі мәсе­лелерге қатысты пікірілерім қызықтыра­ды. Сондай-ақ, мен қазақтың мақал-мәтелдеріне талдау жа­сап, жеке көзқара­сымды білді­ремін. Осы жазбала­рыма көпшілік тарапынан көрсеткіш жоғары деңгейде. 

— Әлеуметтік желінің белсендісі ретінде біздің қазақ тілді аудиториясы бар желілердің, контент­тердің дамуы үшін қандай әдіс жетіспейді деп ойлайсың?

— Әлеуметтік желілерде бір салынған ақпараттарды өзге парақшаларда қайта жариялау жүйесі белең алған. Күн сайын қосылып жатқан әртүрлі бағдарламаларды іздеп орынды қолданбайды. Мысалы, фейсбук  ақпараттық желі ретінде ғана қолданылады. Әртүрлі ұйымдар мен мекеме­лердің атқарған шараларын жариялаумен шектелуде. Қосымша айта кетерім, өзімізге қатысты емес ақпараттарға шектен тыс белгілеуды тоқтатқан дұрыс. Әйтпесе, желінің заңдылығы бойынша жазба белгілеген адамдарға ғана шығып, кей қолданушылар үшін көрсетілмей қалу қаупі бар. Сондай-ақ, қазақ тілді контентті дамыту үшін “You Tube” желісіне көшу керек. Сол мақсатта жеке парақшамды ашу ойда бар. Бірақ, өзгелерден басқаша ашуды жоспарлаудамын. Бүгінде құнды дұние ұсынбасаң, ақпараттық- сараптамалық еңбектерді көретіндер аз. 

— Жасыратыны жоқ, халықтың сұранысы да сол ғой…

— Иә, дұрыс айтасыз. Халық “хайпқа” құмар. Өнер адамдарына қатысты ғана бағдарламаларды көрумен шектеледі. Бірақ, бұл деңгейден де өтеміз. Алғашқы қадамы желіні орнымен қолданып, жұмыс жасайтын жүйені бүгіннен айқындау керек.

— Сондай-ақ, бүгін вайн түсіріп, табыс табуға қолайлы кезең… Қабілетің бар, неліктен вайнер болмасқа?

— Біз әріптесімізбен бірлесіп, бірнеше вайн түсіріп көргіміз келген. Білім саласында жұмыс істеп жүргендіктен, педагог ретіндегі мәртебемзге кері әсерін берер деп доғардық.  Жобамен, 10-ға жуық вайнымыз бар.

— Әлеуметтік желіге посттарды жариялағанда әртүрлі күрделі мәселелерді әзіл арқылы жеткізесің. Бұған Жайдарманда өнер көрсетуің сеп болды ма әлде, өзің әзіл нұсқасында жазуды жөн көресің бе?

— Мен Жайдарманда өнер көрсеттім, бірақ әзіл жазған емеспін. Хабарлаушы міндетін атқардым. Сценарийдің басым көпшілігін жігіттер жазатын. Өнер көрсетуді қойғаннан кейін әзіл жазуға бет бұра бастадым. Орта әсер етіп, әзілқой достарыммен араласуым да сеп болған шығар. Кейін жайдар­­маншылармен ойым сәйкес келіп, мен айтқан әзілдерге көпшілігі шынайы күлетін болды. Бүгінде әзілдерімді пост ретінде әлеуметтік желіге шығаратын болдым. Кей команда құрамындағылар мына әзіліңізді сахнаға шығарсақ деп рұқсаттарын сұрайды. Келісімімді беремін. Тіпті, тұрақты түрде сценарий жазып беруді ұсынғандар да болды.

— Әлеуметтік желідегі белсенділігіңнен бөлек, өзіңді педагог ретінде танимыз. Сондай-ақ, бишісің әрі қолөнер саласын да меңгергенсің. Тіпті, Жай­дар­ман сайысы арқылы сахнаға да шықтың. Ұйымдастырушылық қызметті де атқарасың. Қайсысы жаныңа жақын?

— Маған ең қызығы, әрі жақыны ұйымдастырушылық. Иә, Жайдарманда өнер көрсетіп сахнаға шыққаным бар. Бірақ, уақыт өте келе  жүрексінемін. Биші болуға да қызығушылық басым. Жұрттың алдына шығып билемесем де, өзім үшін  құп көремін. Айта кетейін, менің отбасымдағылардың барлығы биге жақын. Сіз атап өткен салалардан бөлек, биыл тағы бір мамандық қосылды. Жақында ұлттық киімдерімізді көрсету мақсатында модель болу үшін ұсыныс алдым. Ойлана келе, халықаралық деңгейдегі жоба болғандықтан келісім бердім. Тараз қаласында өткен сән көрсетілімінен Сербияға жолдама алдық. Мен үшін қызық тәжірибе болды. Өйткені, бұл жаңа қырымнан танылуыма мүмкіндік.

— Осы қызметтеріңе арнайы ақы талап етесің бе?

— Бүгінге дейін қосымша жасаған жұмыстарыма ақы сұрамадым. Мысалы, 2010 жылдан бері Жайдарман орталығында ұйымдастырушы қызметін атқарып келемін. Бұл жұмысымды жақсы көргендіктен ақша алмаймын. Оның үстіне, шараларды әртүрлі бағытта ұйымдастыру және сценарийлер жазу бойынша идея сұрайтындар көп. Қолымнан келгенше көмектесемін. Тиісті қаражатты өздері ұсынса ғана аламын.

— Бұл қадамың өзіңді төмен бағалау деп ойламайсың ба? Бір емес бірнеше жұмысты ақысыз атқарасың. Кейде еңбек еленіп, ескерілетін болар?

— Төмен бағалау деп ойламаймын. Бірге араласатын достарым болғандықтан сыйластықты бірінші орынға қоямын. Өзіме тәжірибе ретінде қабылдаймын. Жайдарман орталығында ұйымдастырушы болғаным үшін кейде еңбегімді елеп, сыйлықақыларын береді.

— Сені бүгін ерікті ретінде де таныдық. Жұмыс істесең де, тиісті ақшаңды талап етпейсің. Бүгінде жастар еңбекақысыз жұмыс істемейді ғой…

 — Мен оны қаржылай қажеттілік болғандықтан сұрайды деп ойлаймын. Өзім студент кезімде қоғамдық жүмыстардан өзге қосымша жұмыстар атқару арқылы ақша тауып, одан бөлек шәкіратақы алатынмын. Бірақ, менікі ақша жетіспегендіктен емес, сабақтан тыс уақытты тиімді өткізудің жолы  болатын. Қазір жұмыссыз жастар көп.

— Еріктілердің қатарына қоғамдық жұмыстарға араласып, қандай да бір пайдалы іспен айналы­сатын адамдар кіре алады. Сондай-ақ, ол атауға ие болу үшін ақы талап етпейді. Егер, сіз айтқандай қаржылай қажеттілік туындаса жұмыс істеп те ақша табуға болады ғой…

— Дұрыс айтасыз. Ерікті жастардың бағыты да, мақсаты да өзгеріп барады.  Кезінде мен де еріктілердің бірі болдым. Сол уақытта ақысын алмасам да жасаған жұмыстарым нәтижесін берді. Яғни, тәжірибе жинақтап, өз ортамда абыройым артты. Өмірде араласатын достар таптым. Сондай-ақ, қоғамда алар өзіндік орным бар. Биыл еріктілер жылында қандай бастамалар көтерілетінін білмеймін. Жақсы нәтиже күтеміз.

— Еріктілер жылы ая­сын­да өзің қандай да бір үлкен жүлдеден дәмелісің бе?

— Мен жүлделерден үміт үздім… Жақында жастар сый­лығының біріне ие болу үшін құжаттарымды тапсырдым. Талаптарына сай келгендіктен, қызмет жасаған мекеме­лерімнен ұсыныстарды жинақ­тадым. Комиссия құрамының алдында жұмыстарымды қорғап, жоспар­ларыммен де бөлістім. Бірақ, мені лайық деп танымады. Реніш жоқ емес, бар. Өйткені,  оқушы кезімнен белсенді жастардың қатарында болдым. Көшбасшы­лар клубының мүшесі атандым. Сондай-ақ, қала әкімінің жаңа жылға арналған мерекелік ертең­гілігін ұйымдастырып жүргеніме биыл 10 жыл болды. Одан кейін Жайдарманда өнер көрсетіп, аймақ намысын республикалық сайыстарда қорғап жүрдім. Одан қалды республикалық және халықаралық деңгейдегі ойындарды ұйымдастырдым. Сондай-ақ, дебатқа қатысып та әртүрлі жүлделі орындарға ие болдым. Жастар қауым­дастығында ерікті қызметін атқарып, талай жобалардың жүзеге асуына атсалыстым. Республикалық “Zhascamp” конференцияларына екі мәрте облыс атынан жолдама алдым.  Бүгінде өз салам бойынша жұмыс істеймін. Шындығында, менде Алғыс хаттар жеткілікті. Мәселе, бір қағазда емес, еңбегінді елегенде… 

— Бірде өзің туралы мәліметтерді ашық түрде жариялап жүргеніңді жет­кізіп, ендігі жазбаларыңда жеке өмір жайында жақ ашпаймын деген болатын­сың. Әйткенмен, сол бағыт­тағы посттар жалғасын табуда. Кейде қыз бала көпшілікке мүмкіндігінше беймәлім болғаны дұрыс деп олйамайсың ба? 

— Мен жұмбақ қыздардың қатарынан емеспін… Иә, сол мағынадағы жазбаны жақында желіге жүктедім. Шынын айтқан­да, оқырмандар менің парақшама кіру арқылы біраз мәліметтерге қанық болуда. Яғни, мені тани­тындар әлеумет­тік желіде өмір­баяныңды жазып қойыпсың дейді.  Рас, әлеуметтік желіні тиімді қолданамыз деп, жеке өміріміз туралы көп айтып кеттік қой (күліп). Күнделікті жаңалық­тар­дан бөлек, сақталуы тиіс сырларымызбен  де бөлісеміз. Өйткені, желідегі достарымның сұраныстары сол. Болашақта жеке өмір туралы мәліметтерді жанамалап жеткізуге тырысамын.

— Жеке өміріңді жариялағаныңмен, отбасың туралы мәліметтер аз. Осы тұста ата-анаң мен бауырларың жайлы айтып өтсең…

— Ата-анам жас болғанымен үш немересі бар. Үйдің үлкені  ағам. Бүгінде отбасылы. Менен кейінгі сіңілім мен інім студенттер. Одан кейін 3-сыныпта оқитын інім бар. Отбасымызбен өнерге жақынбыз. Менің болмысым мен қатал мінезім әкеме ұқсаса, қоғамдық жұмыстарға белсенділік таныту секілді қасиеттерім анама ұқсаған. Кенже інім мен секілді көпшілікті жақсы көреді. 

— Болашақта сені әлі де педагог ретінде көре береміз бе, әлде шығармашылық саласына бет бұрасың ба?

— Мен өзім қызмет жасайтын мекемені және ұжымымды жақсы көремін. Ұстаздар қанша жұмыс атқарса да, көбіне жариялана бермейді ғой. Мен сол кісілердің қызметі туралы көбірек ақпараттандырғым, әрі насихаттағым келеді. Сондай-ақ, оқушылардың еңбектерімен және жетістіктерімен таныстыруды көздеймін. Бүгінде біздің сарайда біраз оқушылар түлеп ұшуда. Солар туралы ізденіп, мәліметтер жариялауды жоспарлап жүрмін. Әрине, ол үшін жоғарыда айтқандай “You Tube” арнасынан жеке парақша ашып, қазақ­ша контенттің дамуына үлес қосуды жоспарлап отырмын.

 А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here