Қала әкімінің елді мекендер мен ауылдық округтерге сапары жалғасуда. Мақсат қалаға қарасты ауыл тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған шаруаларды баяндау. Сондай-ақ, елді мекен әкімдерінің есебін тыңдап, халықтың ұсыныс-пікірілерін білу.
Осы жоспар негізінде Нұрлыбек Нәлібаев кезекті сапарын Қызылөзек ауылына арнады. Аталмыш елді мекеннің мәдениет үйінде өткен жиынға жиналған жұртшылық алдымен ауыл әкімінің сөзіне құлақ түрді. Атқарылған жұмыстары тыңдалып, артынша сараптама жасалды. Оның сөзінше халыққа қажетті жарық, жол, көгалдандыру жұмыстары реттелген. Ауыл оқушылары мектепте білім алып, мәдениет үйіндегі әртүрлі үйірмелерге қатысуда. Сондай-ақ, олардың ұйымдастыруымен түрлі бағыттағы шаралар өткізілуде. Бүгінге дейін Қызылөзекте өзекті болған дәрігерлік амбулатория да шешімін тапқан. “Мемлекеттік-жекеменшік” әріптестік аясында салынған құрылыс нысаны жақын арада ашылатынын айтып, алдағы уақытта ауыл орталығынан өзге жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп сендірді.
Сондай-ақ, қала әкімі де қызылөзектіктердің алдында жыл бойы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Нәлібаев кездесудің біраз уақытын халықтың пікіріне арнап, олардың тарапынан айтылатын ұсыныстарға зер салды. Қызылөзектіктер енді ауыз су мәселесі толық реттеліп, газ жүйесіне қосылып, әртүрлі шаруашылық салаларды дамытуды көздейді.
Қызылөзек ауылының тұрғыны Гүлмира Сариева :
— Ауылымызға ірі шаруашылық кәсіп керек. Кезінде мал азығын дайындайтын жер және ет өнімдерін әзірлейтін ірі кәсіпорын да болды. Соған сәйкес, техникалармен де қамтылды. Бірақ, ол мүмкіндіктер өкінішке орай жеке кәсіпкердің үлесіне кетті. Бүгінде ауыл әкімінің сөзінше жердің 70 пайызы жекеменшікке тиесілі. Кәсіп бастау үшін жер үлесі заң аясында шешілсе деген ұсынысымыз бар. Сол кезде қорамыз малға, қазанымыз асқа толар еді. Ірі кәсіпкерлер бізден де шығады…
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
— Біріншіден, ол жерді бүгінде нысаналы мақсатқа сай пайдаланып отырғанын анықтау керек. Егер әрі қарай жерді игеруге жоспарлары болмаса ел игілігіне қайтару үшін ұсыныс білдірген жөн. Келіспеген жағдайда сот арқылы қайтаруға негіз бар.
Ауыл әкіміне осылай тапсырма берген Нәлібаев қалған 30 пайызға тиесілі жерді де белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін жайылымдық немесе егіндікке сәйкестігін зерттеуді тапсырды. Содан кейін арнайы инвестор арқылы бос жердің игерілуін қадағалауға алу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, әкім ауыл тұрғындары арасынан кәсіп бастауға ниеті барлар үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер алуға көмек беруге әзір екенін жеткізді.
Қызылөзек ауылының тұрғыны Жамал Қайырбекова:
— Барлық сала негізінде жасаған жұмыстарыңызды есеп беру кездесуі арқылы біле түстік. Бүгінгі кездесуде әртүрлі мәселелер көтерілді. Бірақ, денсаулық мәселесі талқыланбады. Айдың аяғына таман ауылымызда амбулатория ашылу көзделуде. Әйткенмен, біздің ауылда дәрігер мамандар жоқ. Медициналық орталыққа әртүрлі бағыт бойынша білікті дәрігерлер керек. Осы мәселе турасында қолғабыс етсеңіздер жақсы болар еді. Мәселен, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында болса да біраз мамандармен қамтуға болады. Адам болған соң, бірінің іші ауырса, енді бірінің тісі ауырады ғой
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
— Ұсынысыңыз өте орынды. Біз үшін халықтың денсаулығы бірінші орында болуы тиіс. Сол үшін де бұрын болмаған медициналық орталықты жекеменшік әріптестік аясында салдық. Бұйыртса, жақын күндері ашылады деп күтілуде. Дәрігерлік амбулатория барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта мамандармен де қамтылып, олар тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Мен сіздің бұл ұсынысыңызды бақылауға аламын.
Бұл ауыл тұрғындары көтерген мәселелерден өзге әрі өзгеше ұсыныстар тізімі. Қала әкімі әр пікірді ескеріп, елеусіз қалдырмау үшін ауыл әкіміне халықпен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды.
Айта кетейік, есеп беру кездесуі барысында Қызылөзек ауылының әкімі Әбдіжаппар Сәкен мырза атқарылған жұмыстардан бөлек алдағы жоспарларына да тоқталды. Мәселен, ауылға кіре беріс жол бойындағы «Қожақ» автомобиль көпірін күрделі жөндеу жұмысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, бекеттен салынып жатқан «ауыз су жинау қоймасы» құрылысының ІІ тетігі бойынша атқарылатын жұмыстарды нәтижелі аяқтауды алдағы міндеті ретінде атап өтті. Сондай-ақ, халықтың ұсыныстарында айтылған Е.Дәуітбаев, С.Сейфуллин, Ш.Ибраева, Ж.Жабаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын қолға алып, жарықтандыруды қажет ететін 10 шақырым көшелерге жарық бағаналарын орнатуға жұмыс жасайтынын жеткізді. Әкім алдағы жоспарлардың тізіміне балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін Қараөзек бекетіндегі №128 және Айнакөл ауылындағы №175 мектептер жанынан спорт зал ашу енетінін де айтты.
Әкімнің бұл жоспарларының орындалу барысы біздің де ескеруімізден тыс қалмақ емес…
А.ӘЛИАРЫСТАН