ТАЛСУАТТЫҚ ТЫҢ ТІРЛІК

0
354

Қызылорда қаласының әкімі Нәлібаев пен Талсуат ауылдық округінің әкімі Нұрлыбаев талсуаттық жұртшылықтың алдында жыл бойы атқарған жұмыстарын мәлімдеді. Қос әкім бүгінге дейін жүзеге асырылған жобаларды жариялап, алдағы уақытта ауыл тіршілігінің өркендеуі жолындағы маңызды тірліктерге тоқталды.

2000-нан аса халық мекен еткен Талсуаттың бүгінгі  бейнесі бұрынғыдан өзгерек… Аталмыш округте кәсіпкерліктен бастап, білім, денсаулық, және ауыл шаруашылық салалары алға ілгерілеуде. Ескерілуі тиіс тізімдердің қатарында болған жол мәселесі биыл реттеледі. Нақтырағы, ауылға кіре беріс негізгі көше мен ауыл ішілік жолдар күрделі жөндеуден өтпек.

Өткен жылы су құбырын тарту жұмыстары кезінде құжаттамаға еңгізілмеген көшелерге қосымша құбырлар тартылып, тұрғындар игілігін көруде. 

Жарықтандыру мәселелері де бұл ауыл халқы үшін енді өзекті емес. Себебі, басты 11 көшеге түнгі жарық шамдары жүргізілген. Сондай-ақ, ауыл  көшелеріне жарық бағаналары орнатылған. Бұл түнгі Талсуаттың келбетін келістіріп ғана қоймай, қауіпсіздік үшін де игі қадам болды.

Талсуат ауылдық округінің әкімі Болатбек Нұрлыбаев:

— 2019 жылы 80-нен аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 4 отбасы тұрғын үй көмегін алды. Талсуат әкімдігінің және жергі­лікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 30 отбасыға азық-түлік себетінен көмек берілсе, 2 отбасы қатты отынмен қамтамасыз етілді. «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасы­лардан шыққан 56 оқушыға көмек көрсетілді.

Талсуат ауылдық округінің әкімі Болатбек Нұрлыбаев алдағы уақытта атқарылуы тиісті міндеттеріне де тоқталды. Ол «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес жұмыстарды жандандыруды көздейді. Сондай-ақ, жаңадан қоныстанушыларға тиісті электр желілерін орнатып, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге күш салмақ.

Бүгінде ауылда арнайы мәдениет үйі болмаса да, бұл саланың даму деңгейі қалыс қалып жатқан жоқ. Апаттық жағдайда тұрған мәдениет үйінің ғимаратын салуды ауыл әкімі басты жоспарларына еңгізді.

Ауыл тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізуді назардан тыс қалдырмақ емес. Осы мақсатта ересектерге және балаларға арналған спорт алаңдарын салуды да алдағы міндеттеріне жүктеді.

Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолын салады. Осылайша аталмыш ауылдың әкімі Ұлы ақынның 175 жылдығы аясында түрлі шаралар ұйымдастырудан бөлек, ауқымды тірлікті тыңдыруымен есте қалмақ. 

Есеп беру кездесуіне қатысқан тұрғындар ауыл әкімінің жұмыс жасау жүйесін жақсы көрсеткішпен бағалап, ендігі мақсат пен жоспар­ларды бұл қадамдардан да күрделендіруді ұсынды. Өйткені, олар ауылдың келешегі бүгіннен жарқын болуын құптайды.

***

Талсуат ауылының тұрғыны:

— Біз әкімнің жұмысына ризамыз. Өзім жаңадан қоныстанушылардың бірі боламын. Сол тұрғындардың атынан сөйлеп тұрмын. Біздің көшелерге бастапқыда тас төселді. Одан кейін су құбырларын жүргізу үшін атқарылған жұмыстар­дың нәтижесінде төселген тас көрінбейді. Жауын жауса, балалардың сабаққа қатынауы қиындау. Жол мәселесі реттелсе дейміз…

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Қаламыздың және қалаға қарасты елді мекендердің жолдарын жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, қайта жаңғыртудан өтті. Бүгінге дейін орталық көшелерді реттесек, енді шет аймақтағы жолдардың сапасына мән береміз. Ауыл әкімі де өз баяндамасында айтқандай жаңадан қоныстанушылар үшін біраз өзекті мәселелер шешіледі. Соның бірі – жол. 

Талсуат ауылының тұрғыны:

— Былтыр жайылымдық жер алған болатын­быз. Мал жайылымына арналған жер жоқ. Ең болмаса, Қызылжармадан болса да бізге жер үлестірсе деген ұсынысым бар.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Алдымен бұл мәселелерді ауыл әкімімен, ауыл ағаларымен бірлесіп ақылдасыңыздар. Талсуаттың әкімі бұл мәселе турасында ұсыныс білдірсе, біз қолдауға дайынбыз.

***

Талсуат ауылының тұрғыны:

— Ағаштарды көп отырғызсақ, экологиялық мәселенің алдын алуға септігін тигізеді. Талды егіп, өсіруге жаңадан қоныстан­ғандар үшін аяқ сумен қамтамасыз етсе жақсы болар еді. Оның үстіне, ауылда тұрсақ та түрлі жемістер мен көкөністерді қаладан сатып әкеліп жейміз. Егер аяқ су мәселесі шешілсе, біз өз тағамдарымыз­ды бақшамыздан алып дәм татар едік…

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Мысалы, осы ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілсе, артын­ша жаңа үйлер салынады. Жобада көрсетілмеген ол үйлерді су, жол мәселелерімен қамту үшін де біраз ақша керек. Сіз көтерген мәселе үшін арнайы жоба жасадық. Бірақ, қара­жаттың тапшылығына байла­нысты реттелмегені рас. Бірақ, табиғатқа қам­қорлық танытып, экологиялық апат­тардың алдын алу өзімізге де байла­ныс­ты екенін естен шығармайық. Оны аяқ суға ғана ысыруға болмайды. Ауылдық жерде ағаш өсіруге ешқандай кедергі жоқ. Әйткенмен, сіз көтерген мәселе алдағы уақытта шешіледі.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here