Қосшыңыраулықтар Нәлібаевқа сенеді

0
326

Қосшыңырау ауылында қызу тірліктің қазаны қайнап жатыр. Ауыл әкімі Д.Таубайдың есепті кездесуінде тұрғы­лықты халықтың әкім баяндамасын бір жарым сағаттай тапжылмай тыңдап, қошемет білдіріп жатқанынан атқарылған жұмыстарға көңілдері толатыны бай­қалады.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен кезекті есеп беру жиынына жиналғандар қарасы аз болмады. Ауылдың еңкейген кәрісінен жас буын өкілдеріне дейін әкім есебін тыңдауға жиналыпты. Бәрі өткен жыл өрнегінде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жыл еншісінде атқарылуы тиіс істерге қанығуды көздеп келгені белгілі. Әдеттегідей әкім есебіне ауыл жұртышылығымен қатар Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев бастаған жұмысшы тобы да көппен бірге қатысып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға қанықты.

Қосшыңырау ауылдық округінде өткен жыл бедерінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен ауылды дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар жетіп артылады.

Ең алдымен ауылда жұмыссыздық деңгейін төмендету барысында жүргізіл­ген жұмыстар көңіл көншітеді. Атап айтқанда, ауылдық округте жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында 40 адам тұрақты жұмысқа орналасса, одан бөлек 25 адам қоғамдық жұмысқа, 7 адам жастар прак­тикасына тартылып, 3 адам кәсіби оқу және қайта даярлау бойынша білімін жетілдіруде. Сол сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік аясын кеңейтуде 85 млн. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылса, «Агробизнес» бағдарламасы аясында 45,7 млн. теңгеге 3 жоба, «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде 15 млн. теңгеге 1 жоба қаржы­ландырыпты. Ал жастар жылына орай ауыл жастарына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында 3 жас кәсіпкерге 8,5 млн. теңге көлемінде қаражат беріліп, кәсіптерін жалғастыруда. Округте жолға қатысты жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Атап өтсек, Абай ауылындағы 6 көшеге 183 млн. 526 мың теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті облыстық басқармаларға өтінім ұсынылса, Досан ауылының оң жағындағы 12 көше мен сол жағындағы 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындық жасалуда. Жарық бағаналарын орналас­тыру мен аялдама орнату ісі де жоспарға сай жүргізілуде екен.

Ауылдық округті газдандыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Осы бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесімен «Қаз Энерго Проект Строй» ЖШС-мен келісімге отырып, бүгінде Досан ауы­лының 51 отбасы орталықтандырылған ілеспе газ құбырына қосылса, Абай ауылын газдандыру мақсатында құжат­тарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылды ауыз сумен қамту жұмыстары да көңіл тоғайтады.

Ауылда білім, денсаулық саласында да атқарылған істер аз емес. Осы тұрғыда Досан ауылына «Азия Даму» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында амбулатория құрылысы салы­нады деп күтілуде.

Ауылдық округте атқарылған жұмыс­тар мен атқарылар міндеттер мұнымен шектелмейді. Соның ішінде Абай ауылынан дене шынықтыру алаңы, жабық түрдегі спор кешені мен ашық түрдегі спорт алаңдарын, ауыл әкімдігі ғимараты жанынан табиғи газ қазан­дығын кіргізу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Осы бағытта толағай тірліктерді тілге тиек еткен ауыл әкімінің есебінен кейін қала әкімі Н.Нәлібаев көпшілік алдында өңірде атқарылған өрелі істерді  өрнектеп шықты. Led экран арқылы слайд көрсе­тілімі жүргізіліп, әкім есебінің мәні мен мазмұны ашыла түсті.

Есепті баяндамадан кейін халық ұсыныс-пі­кірлерін білдіріп, алдағы міндеттердің ауқымы кеңейе түскендей болды. Соның ішінде көптің атынан сөз алған ауыл тұрғыны, зей­неткер Қы­дырбай Байкенов Досан ауылында халық санының күн санап артуына орай халық электр баға­наларын өз бетінше жүргізіп жатқанын ортаға салды. Соның сал­дарынан бағана­лардың орнатылуы талапқа сай емес. Бұдан өзге жол мәселесінде де күрмеуі қиын жәйттер аз емес.  Осыған орай түйт­кілдер түйіні тарқатылса деген ұсынысын жеткізді.

Қала басшысы  бұл мәсе­леге орай ауылға электр бағаналарын орнату мақса­тында жоба-сметалық құ­жат­тары жасалғанын, алда­ғы уақытта барлығы талапқа сай ескісі жаңасына ауыс­тырылатынын жеткізді. Жол мәселесіне қатысты қиын­дықтар да ретімен шешімін табатынына сендірді.

Келесі кезекте ауыл тұрғыны Февраль Жанахаев ауылдың ішкі жолдары жөн­деуді қажет ететінін жайып салды. Оның ішінде ауылдағы Гагарин, Бейбітшілік көшелерін асфальттау қажеттігі туындап түрғанын айтып өтті. Сонымен қатар жарық күшінің әлсіздік танытып тұрға­нын, әсіресе кешкі мезгілде тұрмыс кешу қиындық туғызып тұрғанын алға тартты.

Өз кезегінде қала әкімі Н.Мәшбекұлы ауылдарды асфальттау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын, бірінші кезекте ауылдың маңызды деген көше­лерін қалыпқа келтіруге күш жұмсалып жатқанын айта келе, алдағы уақытта бұл түйткілдің түйіні тарқатылатынын жет­кізді. Ал жарық мәселесіне келер болсақ, ауыл халқының саны күн санап артып келе жатқанын, соған орай бір под­станцияның аздық етіп тұрғанын айтып өтті. Осы мәселе қаперге алына отырып, алдағы күндері жаңа подстанция орнатылатынына сендірді.

Келелі жиында ауыл халқын толған­дырған барлық мәселелер шешілусіз қалмайтынына уәде берген әкімге сенім білдірген жұртшылықтың ертеңге деген үміті еселене түсті. Ауылда жыл көлемінде атқарылған жұмыстардан алдағы міндеттердің көптігі аңғарылып тұрды.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here