Қарауылтөбе: Абай көшесі жөнделеді

0
434

Өткен жұма күні Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі  Бек­болат Шәріпбеков тұрғындар алдында есеп берді. Ауылдағы есепті жиынға Қызылорда қала­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мәсли­хат депутаттары, қалаға қарас­ты мекеме басшы­лары, үкіметтік емес ұйым басшылары қатысты.

Ауыл әкімі алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғам­дық диалог — Қазақстанның өркендеуі мен тұрақтылығының негізі» атты Жолдауына тоқталды. Ондағы тиімді орта және шағын бизнес қала мен ауылды дамытудың берік негізі, әсіресе микробизнес еліміздің әлеу­меттік экономикалық және саяси өмі­рінде маңызды рөл атқаратындығын атап айтқан. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтыса, одан кейін жұмыссыздар санын азайтады. Сондай-ақ салық базасын құрып, жергілікті бюджетті  нығайтады. Жолдаудағы жүктелген міндеттер бойынша ауыл әкімі есебін кәсіпкерлікті дамытуда атқарылған жұмыстарынан бастады.

Қарауылтөбе ауылдық округінде 2019 жылы 15 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қазіргі таңда тиісті сала мамандары шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Атамекен» ҰҚП қолға алған «Бизнес-кеңесші» жобасын ауыл тұрғындарына әлі күнге дейін насихат­тап, түсіндірме жұмыс­тарын жасауда. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 55 млн. теңгені құрайтын 15 жоба ұсынылып, нәтиже­сінде 50 млн.теңгені құрай­тын 4 жоба мен «Сыбаға» бағдарлама­сымен 2 жоба 18,5 млн.теңге қаражат­тарын алып, жұмыстарын жасауда.

Өткен жылдың басын­да ауылдағы жұмыссыз жүрген 47 адам түрлі қо­ғам­дық жұмыстарға, әлеу­меттік жұмыс орын­дары мен өзге де тұрақты жұмыс­қа қабыл­данған. Сондай-ақ, бұл ауылдық окургте де атаулы әлеу­меттік көмекті алатын­дар 100 отбасыға жеткен. Оларға бүгінде 5 млн. 129 мың теңгенің жәрдем­ақысы тағайындалған.

— Бұдан бөлек, округ бойынша 35 мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жасөспірімдерге әлеуметтік көмектер тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Ауылдың белсенді кәсіпкерлері тұрмысы төмен отбасылар­ға былтырдың өзінде 800 мың теңгені құрайтын азық-түліктер мен көмір, құрылыс заттары және оқушы бала­ларға қажетті құрал-жабдықтар алып берілді, — дейді ауыл әкімі Бекболат Шәріпбеков.

Қашанда ауылы үшін қызмет жасап, ондағы тұрғындарының жағ­дайына алаңдайтын ауыл кәсіпкерлері өткен жылы мүмкіндігі шектеулі бір жанның үйіне қажетті 4000  қыш алып берсе, енді бірі тұрмысы төмен 40 отбасына ақ күріш пен 15 отбасын 1 тонна көмірмен қамтамасыз еткен.

Қарауылтөбедегі 2019 жылғы үлкен қуаныш — ауылға көгілдір отынның келуі. «КазТрансГазАймақ» пен «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС Қызылорда өндірістік филиалының инвестициялық жобасы арқылы 33 млн.теңгеге округтегі А.Иманов көшесіндегі 110 тұрғын үйге және ауылдың қалған көшелеріне аталған ЖШС арқылы 18 млн.теңгеге табиғи газ кіргізілген.

Ауылдың білім, мәдениет, ден­саулық т.б салаларында да жеткен жетістіктер аз емес. Бұл жақта қоғам­дық көліктердің қатынауы да тұрақты және уақытылы. №27 «Қарауылтөбе ауылы — Әл-Фараби көшесі» бағы­тындағы кіші сыйымдылықтағы 22 автокөлік таң азаннан жұмыстарын бастайды. Олар кешкі 19:00-ге дейін екі ара­лықта жүріп, күні-түні халыққа сапалы қызмет көр­сетуде.

Кездесу соңында ауыл әкімі алдағы бар­лық жұмыстарды пысық­тап, жоспарларымен бөлісті.

Әкімдердің есебі тыңдалғаннан кейін, кезек сұрақ-жауапқа көшіп, сөз ауыл тұр­ғындарына берілді.

1.Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Оразбек Бейісов:

— Ауылымызда көп­тен күткен түйткілді мә­се­ле бар еді. Ол көгілдір отын болатын. Өткен жылы бұл мәселе тікелей сіздердің қолдауларыңызбен шешімін тапты. Енді тағы бір мәселеміз мәдениет үйінің жоқтығы. Егер мәдениет үйі болатын болса, ауыл ақсақалдары мен жастары бос уақыттарын тиімді өткізер еді. Нұрлыбек Мәшбекұлы, осы мәселе­мізге назар аударып, қолдау көрсет­сеңіз. Жалпы, мәдениет үйін салуға мүмкіндік бар ма?

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Сұра­ғыңыз өте орынды. Бұл бойынша жұмыстар жасаймыз. Бюджеттің мүмкіндігіне қарайтын болсақ, бұл ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Егер ауылдан шыққан белді кәсіпкер­лермен жолығу керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жобаны тезірек жүзеге асыруға болады.

2.Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Абай.

— Ауылда ірі қара малын ұрықтандыратын орталық ашылса екен. Негізі бізде мал асыраушылар бар. Бірақ бұқа жоқтың қасы. Тек бір-екі үйде ғана. Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сұранып тұрған дүние деп ойлаймын.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

— Негізі бұл жұмыспен кәсіпкерлер айналысу керек. Біз сол кәсіпкерлерді жеңіл­детілген несие алып беру бойынша қолдаймыз. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер көп. Сол бағдарламалар арқылы елден кәсіпкерлер шығып жатса, оның жобасын қолдауға дайынбыз. Бұл мәселе бойынша Алмасбек Есмаханов жауап беретін болады.

3. Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Жұмакүл Алпамысова:

— Абай Құнанбаев көшесінің аяқ жағын асфальттап берсе­ңіздер. Бар болғаны 1 шақырым­дай жер. Жазда шаң болса, көктем-күз айларында бат­пақтан көз ашпаймыз. Сол жерлерге кішкене көңіл бөлсеңіз.

Қала әкімі Н.Нәлібаев:

Жолға байланысты мәсе­лені баяндама барысында айта кеттім. Жалпы кейінгі жылдары қаламыздың жол құрылы­сын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатыр. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде бұл жұмыстарды жүзеге асыруға 33 млрд.теңге қаржы жұмсалды. Биыл қала­дағы ең қиын деген шет аймақ­тағы көшелерге назар аударатын боламыз. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, көшелердің тізімін жасауда. Биыл міндетті түрде көше жөндеуден өтетін болады.

Атқарылған жұмыстар мен қойылған сауалдарға нақты жауап алған ауыл тұрғындары дән риза болып, ақсақалдар ақ батасын беріп тарқасты.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here