ТӨРЕЛЕР ТӨРГЕ ШЫҚПАДЫ…

0
243

Жыл сайын қаңтар айында еліміздегі әкімдердің халық алдында есеп беріп, қарбаласатын сәті. Сан мен сапаның сыналар шағында кейбір әкімдер халық қошеметіне бөленіп жатса, енді бірі тұрғындар наразылығына ұшырап, ыңғайсыз жағдайға қалып жатады. Бұл — жылдағы көрініс. Осыған қарап әкімдердің қабілет-қарымын да бағамдап жатамыз.

Биылғы жыл басталған сәтте де жылдағы үрдіске сай әкімдердің есебі халық назарына ұсынылды. Біздің өңірде де белгіленген кестеге сай есеп беру жиындары өткізіліп келеді.

Бірінші кезекте ауыл әкімдерінің жыл қорытындысын саралайтын жиыны болып жатыр. Қалаға қарасты барлық ауылдарда мұндай жиын белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Әкім жұмысын бағалауға халықпен бірге Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев бастаған арнайы жұмыс тобы қатысып жүр.

Осы орайда жылдағы дәстүрге сай жүргі­зілетін есепті жиынның бүгінгі келбеті бұрын­ғыға қарағанда өзгеше сипатқа ие болды деп айтуға негіз бар. Жылма-жыл әкімдер жиында есепті елмен бірге емес, сахна төрінде, құрмет­ті орында отырып тыңдайтын еді. Биыл қала әкімі бастаған билік басындағылар жай халықпен қатар отырып, әкім есебін тыңдаға­нын аңғардық. Бұрынғыдай жай халықтан өзін биік ұстап, төрелердің төрге шығатын көрінісі бұл жолы орын алған жоқ.

Бұрынғыдай әкімдердің есебіне халықтың да пікірі түзеле бастағанын байқауға болады. Атқарылған жұмыстарды қолдап, растап отырғаны ел басқарған азаматтың еңбегін шын бағалағанын аңғартса керек. Жиынға қатыса алмай, есік алдында қалған адамдар да байқалмайды. Жиын өтетін орында ине шан­шар орын болмайтыны соны аңғартқандай.

Бұрынғыдай емес, әкімдердің жиынға тыңғылықты дайындалып, бәрін зерделеп келіп жатқаны жиын барысында байқалып тұрады. Себебі, халық тарапынан қойылған сауалдарға мүдірместен қанағаттанарлық жауап беруі, айтылған мәселеден өздерінің де бұрыннан хабардар болып отырғанын аңғартады.

Бұған қоса биылғы есепті жиында әкім есебі Led экраннан көпшілікке слайд арқылы да таныстырылып отыр. Үлкен экраннан атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысу көпшілігіне ыңғайлы болғаны сөзсіз. Себебі, баяндаманың түсінбеген тұстарына бейне­ролик арқылы қаныға түсуге зор мүмкіндік жасалуда.

Бұл тұрғыда бәрі де талапқа сай өтті деп айтуды мақсат етпек ойымыз жоқ. Кемші­ліктер әлі де жетіп артылады. Оның ішінде жиындарда әлі де жасандылық байқалады. Әсіресе атқарылған жұмыстарды жыпырлаған сандармен оқып шығу әлі де қолданыстан қалмай келеді. Пайызбен жазылған баяндама­ны судыратып оқып шыққанынан қарапайым халықтың түсінгенінен түсінбеген тұстары көп болатыны сөзсіз. Сондықтан өзі жыл бойына атқарып шыққан жұмысын қағазға қарамай-ақ халыққа қарапайым, түсінікті тілде баяндап берсе нұр үстіне нұр. Бірақ бүгінгі әкім­деріміздің қағазбастылыққа бағынышты­лығынан әлі де арыла алмай отырғанын осындай жиындардан жиі аңғаруға болады.

Жалпы бұл жылғы жиындарда қала әкімінен бастап жылы орындыққа отырып алмай, тікесінен тік тұрып, халық алдында есеп беруі, қойылған сұрақтарға, талап-тілектерге тиісінше жауап қайтаруы тұрғылықты халық­тың талғамынан шығып тұрған сыңайлы. Асыра мақтағандық болмасын, десе де бұл жолғы есепті жиында бұған дейін еселеп кеткен кемшіліктер сәл де болса реттеле түскені сезіледі. Осы орайда «көш жүре түзеледі» деген қанатты қағида еріксіз еске оралады.

                Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here