Мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейту

0
128

Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Қазіргі таңда сот саласында барлық құжаттар, іс қағаздары жүз пайызға мемлекеттік тілде орындалады.

Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауаттылығы мен сапасын арттыру, әрбір іс-қағаздарын орындап отырған тілін сүйіп, еліне жаны ашитын мемлекеттік қызметкердің ұлттық парызы. Өйткені мемлекеттiң аты Қазақстан, оның мемлекеттiк тiлi қазақ тiлi, сондықтан, қазақ тiлi қазақтардың ғана емес, Қазақстанның тiлiне айналуға тиiс.

Мемлекеттік тіліміздің дамуы мен нығаюына бағытталған заңдар қабылданып, заң аясында мемлекеттік бағдарламалар дайындалып, сол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жасалып келеді. Дегенмен де, қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қолданудың айналасындағы айтыс-тартыстар мен көптеген пікірлер осы уақытқа дейін толастамай келеді. Өйткені, тіл мәселесі –елімізде аса маңызды да, ең өзекті мәселелерінің бірі. Тәуелсіз еліміздің көп ұлтты мемлекет екені белгілі. Сондықтан, Ата Заңымыз-Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы атап көрсетілген . Мұны егер қажеттілік болған жағдайда ғана ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деп ұғынғанымыз абзал. ҚР «Тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп көрсетілген. Сондай-ақ тілді таңдау әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сот істерінің мемлекеттік тілде жүргізілуі арыздардың сотқа қай тілде берілуіне байланысты. Сот ісінің қазақ тілінде жүру көрсеткішін соттардың кінәсінен деп айтуға болмайды. Тараптар арыз-шағымдарын орыс тілінде береді. Сотқа түскен тергеу амалдары қазақ тілінде жүргізілген қылмыстық істер, азаматтық істер бойынша сот сараптамаларын тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым қазақ тілінде шығарылса да сараптама жасау орталығы қызметкерлерінің жауаптары орыс тілінде. Мемлекеттік орган болғандықтан сараптама қорытындысы қазақша – мемлекеттік тілде шығаруға міндетті. Демек, іс қай тілде басталса, мәжіліс ті сол тілде жүргіземіз. Халық сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса немесе уәкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін мемлекеттік тілде жүргізуге толық мүмкіндік бар. Демек, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу анықтама немесе тергеу жүргізетін құқық қорғау органдарына, атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне, қаржы полициясына және қадағалаушы орган прокуратураға,

осы органдардың басшыларына тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.

Талай елдерде ұлтаралық жанжалдың, араздастықтың себепшісіне айналған тіл мәселесі Қазақстанда оңай шешілуде. Төзімділік — ақылды адамның, дегдар халықтың басты ерекшелігі десек, мұның жарқын көрінісін Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі өмірімізден анық көруге болады. Елбасының үштұғырлы тіл төңірегіндегі саясаты жемісті нәтиже беруде. Кеңестік кезеңде қоғамдық өмірден мүлде алыстатылып, шетке ысырылып тасталған қазақ тілінің қазіргі жағдайы көңіл қуантарлықтай. Тілге байланысты ренішті пікір айтушылардың әлі де кездесетініне қарамастан, қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде сөйлеушілер қатары қай кездегіден де анағұрлым көп.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен мекеме ішінде рәсімделетін кіріс, шығыс құжаттарының сауатты дайындалуы мемлекеттік тілге бағытталған сұраныстың деңгей-дәрежесін байқатады. Ақпарат алмасу, мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты жүзеге асыру, хат-хабар жеткізу қызметтерінің кешенді үлгісін құрайтын құжат айналымы тілдің қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық, ұлттық-мәдени аспектілерін дамытатын аса маңызды ресми фактор болып табылады. Республикалық статистикалық мәліметтерге сәйкес сот жүйесі іс-қағаздарын толығымен қазақ тіліне көшірді. Қазір Жоғарғы сот төрағасы мен Департамент басшылығы сот істерін мемлекеттік тілде қарау мәселесін ерекше назарға алды. «Мемлекеттік қызметке тек қана мемлекеттік тілмен» деген қағиданы жүзеге асырып, сот төрағаларына, алқа төрағаларына, судьяларға, кеңсе қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу дәрежесін анықтау үшін тиісті сынақтан өткізіп, лауазымына сәйкес оны білу дәрежесін анықтайтын талап қойып, төрағалық лауазымға тағайындалу үшін мемлекеттік тілді міндетті түрде еркін білуін талап ету қажет.

Қазақтың біртуар жазушысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Ана тілінде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен құрметтесең ғана өзгелерге де ана тілінді құрметтете аласың» деп, өз ана тілімізді құрметтеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге қазақтың қара шаңырағының астында тұрған, елім, жерім деген әрбір азаматтың борышы деп есептеймін.

Қызылорда қаласының мамандандырылған

тергеу сотының бас маманы-сот отырысының

хатшысы О.Сейсентаев

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here