«Жұлдыз» ауруымен ауырмаймын…

0
178

Әзіл бағытындағы республикалық түрлі сайыстарда облыс намысын қорғап жүрген мақтаныштарымыз аз емес. Солардың бірі «Жайдарман» сайыстары арқылы танылып, Көңілді тапқырлар алаңында чемпион атанған «Қорқыт құрамасы» командасының мүшелері. Олардың шығармашылықтағы ендігі жоспарлары мен жеке өмірі туралы мәліметтер оқырмандарымыз тарапынан да сұранысқа ие. Осы мақсатта аталмыш топтың мүшесі, биші, әрі асаба Құттыбай және оның жары Салтанат Сағындықовалармен сұхбаттастық.

— Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен КТА сайысында чемпион атан­дыңыздар. Құтты болсын! Сахна төріндегі әсеріңізбен бөлісіңізші…

— “Жастар жылында” тарихта қалар­лықтай жеңіс болды. Менің бойымдағы ерекше сезім әлі күнге дейін басылған жоқ. Оның үстіне чемпион атанып келгендегі Сыр елінің қошеметі мен құттықтауларының өзі үлкен қуаныш сыйлады. Өзімізден кейінгі ұрпаққа бұл жетістігіміз үлгі боларлықтай деп ойлаймын. Біз Қызылордадан жеңімпаз болу керекпіз деген сеніммен шықтық. Сайыс барысында кубок алмаған да кезеңдер болды. Сонда да берілмедік. Бірақ, нәтиже жақсы. Сондай бақытты сәттің куәгері болып, чемпион атанған­дағы әсерді сөзбен айтып жеткізе алмай­мын. Финалдық бәсекеге аналарымыз, келіншектеріміз және балаларымыз қатысты. Бұрын теледидардан көрген уақытта әртүрлі пікірлерін айтатын аналарымыз сахнаға шығудың оңай емес екеніне көз жеткізді. “Баласы жарысқа шықса, анасы тақымын қысады” деген­дей бірге уайымдады. Бірақ, бірлесіп өнер көрсету арқылы жеңіске жеттік.

— Бүгінде командадағы үлкені сіз, жасыңыз 30-дан асты. Сөзіңізге қара­ғанда өзіңізді әлі де өте жас сезінетін секілдісіз…

— Әрине, мен біраз жасқа келдім екен деп мұнымен тоқтап қалмаймын.Өзімді әлі жас сезінемін.

— Мысалы жасым нешеде деп сезінесіз?

— Көбісі 1991 жылғы жігітке ұқсайсыз дейді. Жасым 34-те десем сенбейді. Менің жасыма қатысты осылай пікір білдіргендеріне қуанамын. Ол үнемі көңілді жүруімнің арқасы. Сондай-ақ, өзімнен жасы кішілермен көп ара­ласамын.

— Чемпиондыққа дейінгі сатыда 2 және 3 орынмен шектеліп жүрдіңіздер. Республикалық сайыста оның өзі жетістік. Бірақ, сол уақыттарда чемпион атанған сәттегідей құрмет көрсетілді ме?

— Кез-келген жерде кезіккен кісілер жеңімпаз атануымызға сенімдерін білдіріп сәттілік тіледі.Оның үстіне Нұр-Сұлтан қаласындағы финалға келген көрермендердің тең жартысы кызыл­орда­лық жанкүйерлеріміз болды. Тіпті біз үшін сол қалаға арнайы барғандар да бар. Халық тарапынан асқан қолдау мен құрметтен артық ештеңе жоқ. Жалпы әр жетістігімізге шынайы қуана білетіндер көп. Осы сәтте бізге демеуші болған Қайрат, Нұрымжан, Нұржан және Шайсатхан ағаларымызға алғыс білдере кетейік. Сондай-ақ, Қызылорданың 200 жылдығына арналған және универси­теті­міздің арнайы төс белгілерімен марапатталдық. Бұның өзі еңбекті елегендік деп білемін.

— «Қорқыт құрамасы» тобын енді сахна төріндегі сайыстардан көре аламыз ба? Әлде, тек арнайы жобалардың қатысушылары болумен шектелесіздер ме?

— Осы сұраққа Асылхан не деп жауап берді? (күлді). Алдағы уақыттың енші­сінде. Қорқыт құрамасы Нұр-Сұлтан қаласында бір концерт беретіні анық. Бұйыртса жоспар бар.

— Алғашқы концерт неліктен Нұр-Сұлтан қаласында өтеді? Неге Қызыл­ордада емес?

— Өйткені концерт Тұрсынбек Қабатовтың ұйымдастыруымен және қолдауымен өткізіледі. Содан кейін ғана басқа аймақтарда өткіземіз деп ойлаймын.

— Тек «Қорқыт құрамасы» тобы ғана өнер көрсететін концерт болса түпкі мақсат – театр ашу ма?

— Біз әзірге театр деп айта алмаймыз. Театр болу үшін әлі де дайындық керек. Егер «Қорқыт құрамасы» командасы ғана емес, аралдық өнердегі достарымызбен бірлесіп бастасақ бәлкім театр деуге келер еді. Ол Тұрсынбектің шешіміне бай­ланысты.

— Әзіл бағытына қадам басқандары­ңызға 10 жылдан аса уақыт болды. Көзбен көрдіңіздер, өнер әлемінен біраз тәжірибе жинақтадыңыздар. Неліктен Тұрсынбекке тәуелді болу керексіздер?

— Шығармашылық сатының өз жолдары, жоспарлары болады. Өзіміздің жобамыз деп сценарийді жазып сахнаға бірден шыға салмаймыз. Жәй ғана байқау емес. Жеке концерт болғандықтан сал­мағы басым. Біз ақылдасып, кеңесіп барып көрерменге ұтымды жобаны ұсыну керекпіз. Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Алдағы уақыттың еншісінде деп отырғаным сол. Жасыратыны жоқ, айтпасқа болмады (күлді), түпкі арман және мақсат – театр ашу.

— Мүмкіндігінше “Қорқыт құрамасы» атағын ұмыт қалдырмаудың амалы дейсіз ғой…

— Қорқыт — еліміз түгіл әлемге танымал атау екені мәлім. Сыр елінің негізгі тұмары десек те болады. Біз оқу орнын бітіріп кетсек те, «Қорқыт құрамасы» деген атты өзгертпедік. Барлық ортада осы атаумен танып, құрметпен қарсы алады. Университеттің тарихында қаламыз деген сенім де бар.

— Өнерге қадам басқаныңызға аз уақыт болмады.  Осы салада жүрген уақытта өмірлік қандай ой түйе алдыңыз?

— Мен тек өнер саласында жұмыс жасаймын. Қазір мәдениет үйін басқа­ратындай шамадамын. Өйткені, қыр-сырын меңгердім. Концерт ұйымдастыру да, өткізу де қолымнан келеді. Алдағы уақытта бір театрдың директоры болу — арманым. Айтпағыңызды да түсініп тұрмын… Әзіл саласында жүргеніңізге біраз уақыт болды, тұрақты жұмыс атқару ойда барма дегіңіз келген шығар. Бүгінде мемлекеттік қызметкермін. Мен осы кезге дейін қарапайым болу керектігін түйдім. Танымасаң да сыйластықпен араласудың дұрыс екеніне көзім жетті. Соның әсері­нен де «жұлдыз» ауруымен ауырған жоқпын және ауырмаймын. 

— Нақтырағы қандай және қайда қызмет атқарудасыз?

— Тасбөгет кентінде орналасқан Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінде режиссер қызметін атқарудамын.

— Өзіңізге сипаттама беріп өттіңіз ғой… Мүмкіндік болса, аймақ көлемінде қай мәдениет үйінің басшысы қызметіне орналасқыңыз келеді?

— Әзірге тек Тасбөгеттің мәдениет үйінде қызмет атқарғым келеді. Өйткені, бұл кентте мен секілді талантты жастар өте көп. Шәкірт тәрбиелеу керек. Мысалы менің кезімде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Өз күшіммен университетке түсіп, би саласынан білім алып, «Жай­дарманға» қатысу арқылы жетістікке жеттім. Бүгінде таланты болса да таны­луына мүмкіндік болмай жатқан өнерлі жастар көп. Алдағы уақытта солардың өнерлерін шындауларына барынша күшімді салып, уақытымды арнаймын.

— Өміріңіздің өзгеруіне және өнерге келуіңізге «Жайдарман» септігін тигізді… Мойындайсыз ғой, иә?

— Мектепте әріп танисың, сауатыңды ашасың. Біз үшін «Жайдарман» мекте­бінің берері көп болды. Алғашқы ұста­зымыз Есен Елеукенге әрқашан риза­шылығы­мыз шексіз. Ауылдың бала­ларының басын біріктіріп, өнерден ғана емес өмірден де өз орындарын табуларына үлкен септігін тигізді.Жайдарманнан «Қорқыт құрамасы» деген команданы қалыптастырдық. Әрбіріміздің есімдеріміз аталып, уақыт өте келе ел танитын болды. Есен ағаның батасын алып, университетке түсіп үздік бітірдік. Сондықтан, екі жақты бөліп-жармаймыз.

— Егер «Жайдарманда» өнер көрсетпесеңіз көпшілік сізді биші Құттыбай ретінде танитын ба еді?

—  Негізі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының актер мамандығына түскім келген. Емтихан тапсырып, өте алмадым. Уақыт өткізбей қалаға келіп, іргелі оқу орнының би саласына оқуға тапсырдым. Шындығын­да, ол уақытта өзім  бұл саланы аса қала­ған жоқпын. Қазір сол қадамым үшін қуанамын.  Өйткені, екінші қырымнан танылдым. Би арқылы «Жайдарманға» келдім. Кей әзілдерге  үйренген би икем­дерін қостым. Алматы қаласына оқуға түссем қазір «Қорқыт құрамасы» коман­дасының мүшесі атанып жүрмес едім.

— Әйткенмен, мамандығыңыз бойынша да еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма? 

— Арманым – режиссерлік сала бойынша қосымша білім алып, сұранысқа сай маман атану. Міндетім – концерттер мен мерекелік шараларға сценарий жазып, ұйымдастыру. Орталық алаңдарда өтетін  мерекелік концерттерде би қойылымдарын қоямын. Менде идея жеткілікті, тек кәсіби тұрғыдан дамыту керек. Би саласына оралмасам да осы қырымды жетілдіргім келеді. Бұрын тәрбиелеген шәкірттерім әр салада қызмет жасайды. Алдағы уақытта ұстаз боламын деп айта алмаймын.

-Бұрын сұхбат бергеніңізде «Өнерсіз өмірімді елестете алмаймын» дегенсіз. Әлі де сол пікірдесіз бе?

— Ол пікір күшінде. Шүкір деймін. Өнерге әркімнің-ақ бар таласы.

— Режиссерсіз, бишісі, әртіссіз. Тағы бір табыс көзіңіз бар. Ол — асаба­лық. Бұл да бір өнер. Білуімше, сізді еліміздің өзге аймақтардың тұрғын­дары  жиі шақыратын көрінеді… Мысалы…

— Облыс бойынша аудандардан Арал, жаңақорғандықтар шақырады. Өзге аймақтардан Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Шымкент және Арыс қалаларынан жиі шақырту аламын.

— Аптаның жеті тәулігінің неше күнінде боссыз?

— Қыс мезгілі болған соң тапсы­рыстар деңгейі төмендеу. Әзірге боспын (күлді). Тойдың маусымында күнде той жүргіземін. Нақты сана­маймын, бірақ көбіне бос емеспін.

— Асабалық қызметіңізді қаншаға бағалап жүрсіз?

— Жоғарыда айтқанымдай қара­пайым болуымның арқасында қызметімді де аса қымбатқа бағала­маймын. Белгілі бір бағаны нақты­ламадым. Өйткені, әртүрлі деңгейдегі адамдар бар. Сөйлесу барысында жағдайына, түр-тұлғасына мән беремін. Неліктен қымбат немесе арзан деп әлі бір кісі айтпады. Жоба­мен 100 бен 200 мыңнын аралығында.

— Елдің ортасында олардың ыстық ықыластарына бөленіп жүрсіз ғой. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Той иелері тарапынан кері пікір еститін кездер болды ма?

— Тойды енді жүргізіп бастағанда болды. Той иелері мүлде күлмейтін кездер кезікті. Негізі ол асабаға тікелей әсер етеді. Себебін сұрасам, шақырылмаған кісілердің келуіне байланысты деп түсіндіреді. Бүгінде жас не кәрі демей, барлық қонақ­тардың қатысуымен тойды көңілді өткізуге күш саламын. Бос болмасам да өз қуанышында ойын жүргізіп беруімді өтінетіндер бар. Уақыт жағынан сәйкес келмейтінін түсін­діруге тырыссаң да тойларына қатысуды қатты қалайды. Ақша үшін емес, көңілдерін қалдырғым келме­гендіктен келісім беретінмін. Бірақ, ол өзіме тиімсіз. Сондықтан, осы жылы реттілікке жүйелі мән беремін. Сол үшін әйелім енді жұмыстарыма көмектеседі. Тойдың тапсырыстарына сол кісі жауап береді. Айлығын алып отыр (күлді). Есепші, және сәнгер қызметтерін де келіншегім атқаруда.

— Тойдағы ойындарға сын көзбен қарайтындар болады ғой. Оған не дейсіз?

— Тойға 300 адам қатысса олардың барлығының көңілдерінен шыға алмаймыз. Ол рас нәрсе. Өзім дөрекі не анайы ойындар ойнатпаймын. Дұрыс нұсқасын таразылайтындай деңгейдемін.

— Байқауымша, кей асабалар сіздердің шығарған ойындарыңызды қайталайды екен. Оған реніш жоқ па?

— Ол асабалар мендей, мен олардай бола алмаймын. Асылхан екеуіміздің тойда өткі­зетін ойындарымызды қайталап жүргендер өте көп. Реніш бар. Демек, олар еңбектен­бейді деген сөз. Командадағы әрбіріміз өзге облыстағы асабалармен тәжірибе алмасып, сценарийлер жазып жаңа туындылар ойлап табамыз. Ертесіне оны басқа асабалар қайталайды. Сол сәтте дұрыс шықпауы да мүмкін. Нәтижесінде қонақтар тарапынан кері пікір қалыптастырады. Өз қаламыздың ғана емес, жалпы қазақстандық асабаларға костюмдеріңді ауыстырғанша сценарий­леріңді ауыстырыңдар деп кеңес беремін. Бір тойда 3 костюм ауыстырса да, жүргізе алмайтындары бар.

— Сіз Қызылордада жергілікті театрда әртіс қызметін атқардыңыз. Республикаға танымал театрлардан шақыртулар түссе келісер ма едіңіз?

— Егер ұсыныстар түссе жеке өзім шешім қабылдамаймын. Топ құрамындағы жігіттер­мен түсініспеушілік болмауы үшін ақылда­самын. Біз бір ауылда өспесек те бүгінде бір үйдің балаларындай қарым-қатынастамыз. Олардың да пікірі мен үшін аса маңызды. 

— Сіздің де жеке өміріңізден хабардар болғысы келетін оқырмандарыңыз бар ғой. Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз…

— Салтанат есімді келіншегім бар. «Білім-инновация» мектебінде психолог қызметін атқарады. Үш баламыз бар. Үлкен ұлым Нұрасыл 3-сыныпта және Аяна есімді қызым 1-сыныпта оқиды. Келіншегіме үйде біреудің қызын тәрбиелеп отырмыз деп қоямын ғой. Болашақта басқа үйдің бағы болатын қызымның орны мен үшін бүгіннен ерекше. Одан кейін 2 жасқа қадам басқан Хамза есімді ұлым бар. Үлкен балаларым түрлі үйірмелерге қатысады. Финалда олардың сахна төрінде жоғары деңгейде өнер көрсеткендеріне тәнті болдым. Өнерді тандайды ма, оны уақыт көрсетеді. Әу демейтін қазақ жоқ қой. Жеңгеңіздің әннен хабары бар. Ол әндер жаздырып, тойға шығайық  деген ұсыныс айтып қояды (күліп).

— Солай ма? Онда келесі сұрақты келін­шегіңізге қояйын. Той саласына қызығушы­лық неден туындады? Қазір ақша табудың оңтайлы жолы осы саладан болғандықтан ба?

— Әзілдеп айтып жатқаны ғой.  Оқушы кезімде ән айтқаным бар. Бірақ, кәсіби тұрғы­дан әнші болу ойымда болмады. Бүгінде мектепте қызмет жасаймын. Өзіме қазіргі жұмысым ұнағандықтан, басқа салаға баруды жоспарламаймын. Ал әулетіміздің қуаныштарында ән айтамын. Мәселен, қайынсіңлілерімді жеңгелік міндетіммен ұзатып шығарып саламын. Одан бөлек ұлдарымыздың тұсаукесер тойларында да аналық ақ тілегімді білдіріп ән арнадым. Жасыратыны жоқ, тойларда ән айтуға қызығушылық болғанымен өзім тікелей қарсымын. Мен үйдің үлкен келінімін. Сондықтан отбасымның алдында жауапкер­шілігім басым.

— Көпшіліктің алдына шығып өнер көр­сетуден тәжірибеңіз бар екен… Финалдық сайыста сахнаға шыққанда қобалжу болмаған шығар?

Тәжірибе болғанымен, бұл үлкен сахна­ға алғаш шығуым. Әрине, қобалжу болды. Бірақ, өзіңіз айтқандай көпшіліктің алдына жиі шыққандықтан еркін тұруы­мызға септігін тигізді. Балаларымыз да сөзден жаңылмай, жақсы өнер көрсетті. Негізі олар өнерге жақын. Қызымыз кішкентай кезінен әкесімен бірге сахнаға шығуды армандады. Періште ғой, тілегі қабыл болды.

— Жолдасыңыздың жұмысындағы көмек­шісі қызметін атқаруда екенсіз. Жаңа қызме­тіңіз құтты болсын! Барлығына үлгеріп жүрсіз бе?

— Иә, телефонға хабарласқан кісі­лер­ге жауап беруге уақыты бола бермейді. Кейде шаршап демалған кезінде де көп қоңыраулар соғылады. Сондай сәтте тапсы­рыс берушілердің алдындағы жауапкер­шілікті ескеріп маған көмекші болуды ұсын­ды. Телефонға жауап беріп, тапсырыстар күнін белгілеймін. Әрине, жар, келін, ана ретіндегі міндеттерім бар. Одан бөлек үйдің тірлігі мен өз жұмысым бар. Қонаққа жиі шақырады және біз де көп қонақ күтеміз. Барлығына үлгіруге тырысамын.

— Жұмыстарыңызға табыс, отбасылары­ңызға амандық тілейміз! Сұхбаттарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here