ҚЫЗЫЛОРДА ӘКІМІНІҢ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ»

0
874

“Бақыт дегеніміз – игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені” деген жолдар Әл Фарабидің еңбектерінен алынған үзінділер. Шындығында бақытқа қол жеткізуге әр адам толық құқылы. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұр­ғындарының ғана мүмкіндігі бар.  Сондықтан да қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қала­лардан айырмашылығы және негізгі белгісі жоғары тәртіп пен оның тұр­ғындарының мәдениеттілігі, сыпайыгершілігі және билеу­шілерінің қайырымдылығы, ақыл-прасаты.

Түйіндесек, Қызылорда қаласының өзге қалалардан айырмашылығы – қала әкімінің бақытты отбасыларға ерекше назар ауда­руында. Сөзімізге дәлел болсын,  жақында Жұмыспен қамту орталығы жалпы аумағы 750 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратқа көшірілді. Себеп — жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға келе­тіндердің саны өсуіне байланысты көпбалалы аналарға қолайлы орта қалыптастырып, келу­шілерге жайлы жағдай жасау. Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы қарсаңында ұлы тұлғаның сөзіне сүйінген әкім қала тұрғын­дарының құқығын басты орынға қойса керек.

Айта кетейік, орталық бұған дейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімімен бір ғимаратта жұмыс істеген.

Орталық 150 адамға арналған күту залымен және балаларға арналған ойын алаңымен қамтамасыз етілген. Одан өзге ерекшелігі «OPEN SPACE» форматында жұмыс істеуінде. Сондай-ақ, енді бұл орталық қала тұрғындарына «Бақытты отбасы» атауымен қызмет жасайтын болады.

“Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы” мемлекеттік комму­налдық мекемесінің директоры Е. Бауыржанұлы:

— Әлеуметтік желілерден, теледидардан бақылап отырсаңыз көпбалалы аналардың билікке қоятын талаптары жоғары. Олардың сұраныстарын ескере келе Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыспен қамту орталықтарының жабдық­тауын үлкейтіп, әртүрлі жүйелер негізінде жұмыстар  атқары­луда. Ол жүйе енді біздің Қызылорда қаласына да еңгізілді. Қала әкімінің шешіміне сәйкес жұмыспен қамту орталығы кең ғимаратқа көшірілді. Өйткені, атаулы әлеуметтік көмек үшін бүгінге дейін 15 мыңнан астам отбасы құжат тапсырды. Демек, 15 мың отба­сында жобамен 67-68 мың тұрғын қамтылған. Жаңа ғимаратты тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатына және мемлекет тарапынан көмек күткен отба­сыларға жәрдем беріп, олардың жүзіндегі бақытты сәтке куә болсақ деген оймен “Бақыт­ты отбасы” деп аталған.

Орталықта жұмыссыз азаматтарды жұмыс­пен қамту, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкер­лік бастамалар мен кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржылар қарастыру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Алдағы уақытта орталықтан заңгер, психолог, білім және денсаулық салаларынан арнайы мамандар кеңес беретін орын, аналар бөлмесін ашу жоспар­лануда.

“Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы” мемлекеттік комму­нал­дық мекемесінің директоры Е.Бауыржанұлы:

— Оқу курстарынан білім ал­ғанымен жобаны әзірлеп, қорғап және жүзеге асыруды білмейтін де кісілер кезігіп жатады. Әрине, тиісті ақшаны алып оны игере алмаса бізге де тиімсіз. Сон­дықтан, оларды әріқарай шаруаға икемдеп, түсіндірме жұмыс­тарын жүргізудеміз. Кәсіпкерлік саласына қызығу­шылық танытатын көпбалалы отбасы­лар­дан шыққан жастарды да қамтудамыз. Мәселен, қала орталығында Гонконгтың вафлилерін пісіріп сататын дүкен ашылды. Ол тәтті бұған дейін біздің қаламызда сатылмады. Күні бойы адам үзілмейтін дүкеннің иесі осы орталықтан бизнес жобасын қорғап, кәсібін өрге домалатуда. Оның айтуынша, айына кем дегенде 250 мың теңге көлемінде табысқа ие болып жүр. Ұлттық спортымыз ұмыт қалмасы үшін “Садақ ату” орталығы да ашылды. Ол кәсіпкер де жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Нәтиже жаман емес, бүгінде 150 адам садақ атуға кірсе, келесі кезекте соншасы күтетін көрінеді. Жеке кәсіп бастауға ынталы жастардың саны артып және мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді игеріп жатқандары қуантады. Сондай-ақ, тігінші мен сұлулық салондарының шеберлері болғысы келетіндер курстарға келіп білім алуда.  Көш жүре түзеледі дейді ғой, орталығымызда конференция бөлмесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлік саласына қызығу­шылық танытқан кісілерге ісін бастағаннан-ақ оқыту жұмыстары үшін кеңес беру орталығы жұмысын бастайды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерінен бөлек енді бұл ғимаратта әр саланың мамандары да, халықтың сұранысына сәйкес және зерттеу жұмыстарының нәтижесі­мен тұрғындар үшін қажетті сала маман­дары қызмет көрсетеді деп жоспарлаудамыз.

Айта кетейік, жыл басынан қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» жаңа фор­мат­тағы атаулы әлеуметтік көмекке 700-ден астам өтінім қабылдаса, «Жастар тәжірибесі» арқылы  125 жасқа, әлеуметтік жұмыспен қамту арқылы  80 адамға, 450 азаматқа қоғамдық жұмысқа және 250-ден астам қала тұрғынына тұрақты жұмыс орындарына жолдама берген.

— Бақыт — әрбір адам ұмтылатын ұлы мақсат” екендігін атап көрсеткен Әл-Фара­би бақытқа білім мен игілік нәтижесінде ғана жеткізуге болады, ал ондай мүмкіндік қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөледі. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олар­дың іс-әрекетін ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды,- делінген Әл-Фарабидің сөздерінде үлкен мағына бар. Тіпті, осы “Бақытты отбасы” орталығына сипаттаумен жазылғандай дерсіз… Бұлай айтуға себеп те жоқ емес… Жергілікті билік мәдениетті басқару жүйесімен міндетін орындады. Ендігі кезек –берілген мүмкіндікті игеру халықтың әрекеті мен сауаттылғына тікелей байланысты. Өкініштісі сол, заңдылыққа бағынбайтың әрекеттері арқылы кезекке тұрудың өзінде ереже бұзатын тұрғындар да кезігетін көрінеді.

“Қызылорда қаласының жұмыс­пен қамту орталығы” мемлекеттік ком­муналдық мекемесінің дирек­торы Е. Бауыржанұлы:

— Электронды кезек күту жүйесі еңгізілгенімен, оған мойынсынбайтын да кісілер көп кезігеді. Біз барынша тәртіпке шақырып, жұмыстың реті мен кезек күтудің әдебі жайында ақпараттық жұмыстарды жүргізудеміз. Алайда, халықтың үйренісуі уақыт өте келе реттелер деген сенімдеміз. Мысалы, таңғы 6-да келіп кезек күтіп тұрған адамға ескертпестен әртүрлі сылтау айтып мамандарға кезексіз құжаттарын тапсырғысы келетіндер бар. Нәтижесінде түсініспеушілік туындайды. Сосын қызмет­кер алдына келгенде қандай да бір құжат жетіспейтіндігін жеткізіп, міндетін орындаса кезекте қанша сағат тұрғанын жеткізіп шу шығаратын да кісілер кезігуде. Біз де Еңбек кодексіне сүйенеміз. Яғни, мамандар 8 сағат жұмыс жасайды. Түскі үзіліс уақытында және жұмыс уақыты біткенде келіп мекемені ашуды талап ететіндер де кездеседі.  Бұл тұрғындардың барлығына қатысты сипат­таулар емес екенін ескертемін. Сондай-ақ, оларға қатысты кері пікір емес. Тек, мекеме көмегіне жүгінуге келгенде кезекке тұрып, әр келуішінің уақытымен санасып түсіністікпен қараса деген ұсынысым бар.

Әл-Фарабише қала басқару ісіндегі басты мақсат  – қара басын құрметке бөлеп, байлық жинап, атақ пен данққа жету немесе мансапқа иелену емес. “Халықты бақытқа жетелейтін игілікті көбейту,  ақиқатқа жету, қайырымдылық жасау, игілікті іс істеу. Расында, сөз басында айтылғандай: “Мұндай қалалардың басқа қалалардан айырмашылығы және негізгі белгісі жоғары тәртіп пен оның тұрғындарының мәдениет­тілігі, сыпайыгершілігі және билеушілерінің қайырымдылығы, ақыл-прасаты” қатар жүрген уақытта ғана Нәлібаевтың «Бақытты отбасысы» тұрғындарды бақытқа кенелтпек. Таразылау оқырманның, яғни қала тұрғындарының еншісінде.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here