СОҒЫС ЖЕТІМДЕРІ

0
86

Көштаев (Қошмұхаммед) Біржан Көштайұлы 1937 жылы 5 қаңтарда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы №23 “Ақбойдақ” ауылдық кеңесі, “Үлгі” колхозында (Қазіргі Қалжан ахун ауылы) колхоз бригадирінің отбасында дүниеге келген. “Үлгі” колхозында бастауыш мектеп, Бостандық  жол колхозында 7 жылдық мектеп, аудан орталығы Тереңөзекте М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітіріп, 1955 жылы Қазалыдағы мал дәрігерлік – зоотехнимкалық техникумын тәмәмдаған. Техникумды бітіргесін  жолдамамен  Алматы облысы, Ақсу ауданы, “Қызыл таң” қой совхозында бөлімше мал дәрігері, аға мал дәрігері қызметін атқарған.

1963 жылы партия мүшесіне кандидаттыққа қабылданып, сол жылы Ақсу ауданының іргесінде 5 колхоз бірігіп Ж.Уалиханов атындағы совхозға комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, бюро мүшесі болып сайланады. 1965 жылы Ақсу аупарккомында, кейіннен отбасы жағдайына байланысты елге келіп Жалағаш аупарккомында нұсқаушы, “Еңбек Қызыл ту” ордені Коммунизм совхозында, кейін Ақсу совхозында партия комитетінің хатшысы, 1978 жылдан Жаңадария  совхозының  директоры, 1983 жылдан аудандық малдәрігерлік аптеканың меңгерушісі, 1989 жылдан аудандық ауыл шаруашылық басқармасы төрағасының орынбасары, Аққолқадағы Сәтбаев серіктестігінің төрағасы, аудандық зейнетақы қорының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Жоғары партия мектебімен қатарлас Алматы зооветинституын сырттай оқып бітірген. Комунизм, Ақсу ауылдық кеңестерінің  депутаты,  Алматы облыстық, Ақсу аудандық комсомол комитеттерінің, Жалағаш аупарткомының пленумдарының мүшесі. комсомол, партия конференцияларының делегаты болып бірнеше рет сайланған.

Алматы облысында комсомол қызметінде жүргенде Алматы облысы, Ақсу аудандық партгос – контрольдың (партиялық, мемлекеттік бақылау) құрмет грамотасымен, Ұлы жеңістің 40-50-60-65 жылдығы медальдармен, 2004 жылы Астанада Елбасының қабылдау кешінде Тың игерудің 50 жылдығы медальымен марапатталған.

Еңбек ардагері, Астананың 10 жылдығы, Жалағаш аудандық газетінің 80 жылдығы медальдармен, Елбасының үш рет  “Алғыс хатымен”, облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, Бұхарбай батырдың 200 жылдығы медалімен, Жалаңтөс Баhадур, Мөрәлі Шәменов, Алдаберген Бисенов, Қарасақал Ерімбет, Жанқожа батырлардың төс белгілерімен марапатталған.

“Нұр Отан” партиясының саяси кеңесінің мүшесі, түрлі комиссияларға мүше болып, аудандағы өзекті мәселелерді шешуге ат салысқан.

Тыл ардагері. Дербес зейнеткер. Ауданның құрметті азаматы. 1998 жылдан Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мақаланы бұлай атауыма соғыс кезінде өзім куә болған оқиғалар арқау болып отыр. Сұрапыл соғыс азаматтарды батылдыққа қайрап,  әйелдерді қайғыға батырғаны белгілі. Ал жетім сөзі сай сүйегіңді  сырқыратып, жүйкеңді тоздырары анық.

Соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, миллиардтаған жетімді  ерте есейткен пенделердің өздеріне-өздері істеген қасіреті. Мен өзімді және  әйелім Нәзгүлді соғыс жетімдерінің қатарына қоса алмаушы едім. Себебі  шешелеріміз болды. Алайда, сол кезде алақандай ауылдағы 2-3 отбасының 6-7 баласы тұлдыр жетім болып қалды. 1942 жылдың жазында 5 жасар кезім,  рулас, әрі көрші Әбдікәрім Есаманов ағамыздың әйелі Әсия 3-4 айлық  Тыныштықты және 3-4 жасар ұлы Тайман мен 7-8 жасар қызы Қамиланы тастап, ауыр сырқаттан о дүниеге аттанып кетті. Бәрінен де бұрын  жөргегінде қалған Тыныштыққа (Тыныштық болсын деп ат қойған еді) қиын болды. Менің туған інім Нұржан да емізулі сәби еді. Сол кезде шешем Рахима анасыз жетім қалған Тыныштықты бауырына басты. Осындай  күйзелістің үстінде бақилық болған әйелінің қырқына жетпей, шешесіз қалған үш баланың тірегі болған әкесі Әбдікәрімге соғысқа шақыру  (повестка) келді. Бұны көре сала көкем Көштай (ол  кезде  колхоз  бригадирі  болып  істейтін) ауыл советке жүгіреді. Ауыл совет төрағасы Әнафия  Дәрменов «мен  ештеңе  істей  алмаймын,  ауданға  бар», — дейді. Көкем  Тереңөзекке аудандық соғыс комиссариатына барып: «соғысқа мені ал, анау  тұлдыр үш жетімді кімге қалдырады», — дейді.

Соғыс комиссары: «Жолдас Көштай Ташкеев бұл  соғыс! Егініңді  жинап, мемлекетке тездетіп өткіз, қараша айында өзің де  соғысқа алынасың,  қайта бер», — дейді. Бұл 1942 жылдың тамыз айы екен. Осыдан 4-5 ай бұрын  шешесіз қалған 7-8  жасар Рәш пен 6-7 жасар Әбдірдің әкесі Жұмабайды да  соғысқа алған. Көкем Көштай оған да ара түсе алмапты. Бұл дастарқан басындағы әңгімесі еді.

Кейбіреулердің есте ұстағыштығына онша мән бере қоймаушы едім. Қазір өткен өмірге шолу жаса­ғанымда 4 жасар кезімдегі кейбір оқиғалар, ал 5 жасым­дағы естіп көргендерім дерлік есімде сақта­лыпты. Оған дәлел,  колхоздың соңғы дәніне дейін мемлекет қоймасына құйып, қараша айының  басын­да 1942 жылы көкемді соғысқа алғаны жадымнан өшкен жоқ.  Тереңөзекте бір жеті әскери дайындықты теміржол бойында өткізіп, №23  «Ақбойдақ» ауылдық кеңесіне қарайтын «Бостандық  жолы», «Қарашең­гел»  (кейін  Сталин  атындағы), «Үлгі» колхоздары­ның соңғы шақырылымдағы ер азаматтарды (40-50  жас  аралығындағы) бір топ қатын-қалаш, бала-шаға  жаяу жалпылап ерте азанда 11 шақырым аудан орталығына шығарып  салғанымыз әлі есімде. Біздер темір жол вокзалының бастығы Ягунин деген  тапал толық сары кісінің 2-3 бөлмелі үйіне тоқтадық. Барлық колхоздардан  жиналған көп еркекке әскери сұр киімдер кигізіп, әскери формасы жарасқан,  сұсты, айқыш – ұйқыш тартып тастаған ремендер, иығында жұлдыз  жапсырылған қатырма (погонь), жамбасында жылтыраған былғары  қапшықта тапаншасы бар әскери адам бәріне басшылық жасап, жүгіртеді,  еңбектетеді, демалдырмастан қара терге түсіріп, бір жеті дайындады. Ол кісі  Ақшалов Әбілқасым ағамыз еді. Соғысқа 1939 жылы алынып, финсоғысына  қатысып, әскер дайындауға елге келген. Сонымен, сегізінші күні таңға  жақын болу керек. Мен ұйықтап қалған екенмін, үлкен  айқай шу, паравоз  дауысынан оянып терезеге жармастым. Вокзал алдындағы темір жол жағасында 2 метрлік ағаш столба басына керосин шам орнатылған. Ол кезде электр жоқ. Шам жарығында жылаған дауыстар, тасыр – тұсыр дыбыстар, жылжып бара жат­қан поездың соңғы вагоны өтіп кетсе де құшақтасып  жылап тұрғандар бір  сәтте ес жиып, бірін – бірі ажыратып темір жол  бойынан түсе бастады. Сәл уақытта есік ашылды. Бір топ әйелдердің ішінде  шешем де бар екен. «Ояндың  ба? Жүре ғой, — деп ертіп шықты. Дала  қараңғы, жаяу жылжып ауылға бет бұрдық. Таң ағарып келеді. Бір топ әйел  әңгімелеседі, шулап жылайды, артынан өлеңге көшеді, сәлден кейін шулап, жоқтау айтып, қайта жылайды. Сол әйелдердің көбісінің күйеуінен қарақағаз келген. Осылай күн көтеріле колхозға да жеттік. Сол бетімен шешелеріміз  жылап – сықтап колхоздың жұмысына кетті. Інім Нұржан екеуміз тұқым күріштің күрмегін тереміз.

Көкем Көштай Тәшкеев 1899 жылы туған. Кішіпейіл, адал, біреуге болсын деп тұратын қайы­рым­ды кісі болыпты. Оны кейін жеңгелерім, тағы  басқалары, «қайнаға аман – есен оралар, бір адам аман келсе сол кісі келер,  құдай сақтайды», — деп жүрді. Ақ көңіл, адал, таза адамдар аллаға да қажет  болар, соғыстан оралмады. Әкем Мәскеу түбінде жауды түре қуып, ауыр  минометтерін сүйреп, 30 – 40 градус аязда ұйқысыз, 7 ай қиындықты жеңіп,  Ресейдің Новогород облысының «Старый русь» қаласының шығысында 30  шақырым жердегі қырғын соғыста минометімен, қасындағыларымен бірге  мәңгілікке көз жұмыпты. Ол жерде әрбір 4 – 5 шақырым сайын қоршалған бейіт. Бейіт деуге де келмейді. Мемориалды тақта, өлгендердің аттары  жазылған.  Мың, екі мың адам аттары, орасан адам өлген. Өлгендердің  денелері қай жерге көмілгені белгісіз. Айнала қалың орман, батпақ. Ол  жерде миномет емес, өз басыңды алып жүру қиын.

Осы жерде кейінге шегініс жасап жетімдердің жағдайына тоқталайын.  Сонымен Жұмабайдың артында қалған Рәш (1935) пен Әбдір (1936) көрші-қолаңды, туыстарды жағалап күнелтіп жүріп, 1947 жылдары балалар үйіне  өткізілді. Ол үй Жалағаштың тұсындағы қазіргі үлкен көпірдің батысында Сырда­рияның сол жағалауында аз уақытқа орналасқан. Сол жерде жазда  менің туған бөлем (Боқан Сүлейменов, нағашы апам Хатира) жылқы сауып  жайлауда отырады. Ойын баласымын. Жақын орналасқан балалар үйінің  балаларына бардым. Солардың ішінен Әбдірді (менен бір,  бір  жарым  жастай  үлкендігі  бар)  таныдым. Ертіп алып, апамның үйінен қымыз ішкізіп  жібердім. Апасы Рәш та сонда екен.

Содан кейін олар Қармақшыға, одан әрі Сарыарқаға, Ақмолаға жер  ауып көше беріпті, елге 20 жылдан кейін орысша болып оралыпты.  Тереңөзектің О.Мәлібаев ауылында балаларының ортасында өмір кешіп  жатыр. Дімкәс, ерте заманда салынған екі пәтерлік үйдің бір жағында  жұпынылау өмір кешуде, жетім едіңдер деп, ешкім көмек қолын созған жоқ.  Әбдікәрімнің үш баласы бар еді. Оның үлкені (1936) Қамила, ортаншысы (1938) Тайман, кішісі (1942) Тыныштық, Әбдікәрімнің өзі де үш ағайынды .(Есаманов Ахмет, Дүйсенбай, Әбдікәрім үш ағайынды) болған. Үш бала  әкесінің туған ағасы Ахметтің үйін паналайды. Ахметтің өзі де еңбек  майданына алынып, батысқа кеткен. Шүретай деген әжеміз 5 – 6 балаға өзі  қарап қалды. Дүйсенбай Есаманов сол кездегі МТС жанындағы саяси  басқарма басшысы деген жоғары лауазымда болды. Ол әкемізден де 3 – 4  бала бар болатын. Кейін Тереңөзек орталығында тұрған. Жоғары айтып өткен  үш жетім бала сол кісінің қолында болды. Дүйсенбай әкеміздің бір баласы  Төлеухан полковник. Көп жыл Тереңөзек, Қазалы, Жалағаш аудандық ішкі  істер бөлімдерінде басшылық қызметтерде болып зейнетке шығып, қазір  Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Ал Әбдікәрімнің Қамиласы есейіп, ерге  шығып, өмірден өтті. Ұрпақтары Қармақшы ауданында, Тайман болса  Тереңөзекте тұрады. Сол ауданды көп жыл басқарған Қазантаев Қонысбек Төрешұлының аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, бүгінде балаларымен бірге Алматыда тұрады.

Ия, жетімдер жетілді. «Жетім ету Алланың қалауы, ал жетімсіретпеу  адамның қалауы» дегендей, әл-қадіріне қарай жоқ-жітік, жесір әйелдер қол  ұшын созып, өлмей қалуларына себепші де болған шығар. Ал шын мәнінде  жетімдерді жебеген, жағдай жасаған ешкім болмады.

Осы орайда ойда қалған көңілсіз оқиғаға тоқта­лайын. Соғыс кезі.  Ауылда 3-4 бас көтерер ақсақал бар, үлкені Көлбай, сол әкелеріміз хат  тасушыны күтеді. Ол ауданнан хабар әкеледі. Колхоз басты­ғының кеңсесіне (колхоз бастығы Рәт  дейтін  әжеміз) шалдар шақырылады. Артынша топталып жағалайды. Ол кісілер кірген үйлерден жантүршігерлік ащы  дауыстар шығады. Ызы- қиқу жылау, бір-бірімен көрі­су, біреулері үйіне  жүгіріп  майын, біреулері ұнын әкеліп, қазан көтеріп, бауырсақ пісіреді.  Сөйт­сек, соғыста қаза болғандардан қаралы қағаз келген, оны естірту 2-3  шалға жүктелген. Бұл күнделікті әдетке айналды. Ақыр соңында шалдар  көрінсе есіктерін құлыптап, әйелдер дала кезіп кетіп қалатынды шығарды.  Бір күндері келіндері шалдарға қарсы ұшырасып, айқай-шу шығарып, тіл  тигізіп те жатты. Жұмабай ағамыздан келген қаралы қағаз колхоз бастықтың  кеңсесінде жатыпты. Естіртетіні де жоқ, дауыс қылатын жақыны да  қалмаған. Менің әкемнің туған інісі Жылкелді соғыста хабарсыз кетті. Одан  қалған жалғыз ұл Төлеген 9-10 жасында аяқ астынан жоғалып  кетіп, оншақты жылдан кейін табылып, өзімізге қауышты. Қазір Төлеген 78 жастан асты, құрметті теміржолшы, Журналистер одағының мүшесі, тыл,  еңбек ардагері, ақын-жазушы, үбірлі-шүбірлі, Қызылорда қаласында өніп-өсіп тұрып жатыр. Десек те өзектегі өрт пен өксік, ол  қайғылы оқиға өзінше  бір тарих. Әкемнің ағасы Досмағамбет қатарластары Махат, Ахмет тағы басқалары Гурьев (Атырау) жақта еңбек майданында болып, елге қауышып, ұрпақ жалғастырып өмірден өтті.

Уақыт бәрінің куәсі, бәрінің емшісі. Қиындықтар ұмытылып, жара  жазылып, бұрыннан осылай сияқты көрінгенмен, жетімдік жара  жазылмайды. Тірліктегі әрбір сәттер, әрбір кезең ойламаған жерден ойға  оралады. Әділетсіздік пен теңсіздікке тітіркене қарайсың. Ерекше бір  өжеттері болмаса өзіңді бас­қадан кем, төмен санайсың. Жетімдік  басталғанынан бастап өмірінің соңына дейін ілесіп жүреді. Алланың қалауы  осылай шығар деп мойынсұнады. Адамдар­дан игілік жақсылық күтеді. Бірақ тірілердің жетім-жесірлерге ықыласы бола бермейді. Жетімдердің әкелері  тірі оралғандардың құрбаны болып кетті. Тірі оралғандар ұзақ ғұмыр кешіп,  жар құшып, ұрпақ өсіріп, үкіметтің игілігіне бөленіп, құрмет-қошемет көрсе де көңіл толмай өмірден өтеді. Соғыста өлгендерді, олардың жетім  балаларын естеріне алмай, олар жайлы жоғарыға айтылмайды да. Неге олай? Біздің отбасына да соғыс үлкен ауыртпалық әкелді. Әкемді інісімен,  жарақты атын, ірі төбет иті Құтжолды жұтты. Әкемнің інісі Жылкелді  ауданда белгілі қызмет атқарған сауатты кісі, мен оны «папа» дейтінмін.  Қызметке мінген атын кейін көкем мінді. Бірақ інісінің артынан аты да  соғысқа алынды. Бала болғасын оған онша көңіл бөле қоймадық. Құтжолды  әскерге аламыз дегенде қатты ренжідім. Итті әскерге алуға 1-2 атты адам  келді. Тұмсығына мұрындық кигізіп, жетектеп сүйреп алып кетті. 2-3 күннен  кейін Тереңөзекте эшолонға тиер кезде байлауды үзіп, мойнындағы үш  құлаш шынжырымен қашып келіп кепенің үстіне шығып, қасына барған  мені жалап, қыңсылап көзінен жас шығарды. Екеуміз құшақтасып көрісіп  отырғанда шынжырдың ізімен қуғыншылар келіп Құтжолды сүйрей  жөнелгенде, артына бұрылып менің жылап тұрғаныма қатулы көзіме қарап,  маң-маң басып кете барғаны. Шешем жұмыста, ініміз екеуміз ара түсе алмай  жылап қалғанымыз әлі көз алдымда. Құтжолды соғысқа екі рет алуы інім  Нұржан екеумізге қатты батты. Балалық ермегіміз, қуанышымыз сонымен бірге кетті. Бұл бала қасіреттерінен қысқа ғана үзінді. 

Ал, аналар қасіреті ше? Ол мүлде күрделі. Әр ананың уақыты колхоз  жұмысы, отбасы, бала-шағамен қасірет-қайғысы ішінде өтіп жатты. Азын-аулақ бидайды, күріш күрмегімен жармағын колхозшылардың түскі  тамағына түнімен дайындап, қолдасып диірмен тартқан екі келіншек  шүйіркеле­сіп, әңгімелесіп отырады. Сәлден кейін әндетеді, соңы жылауға,  арты жоқтауға айналады, балалар оянып кетер деп сыбырлап тынышталады.  Мен көбіне ояу жатамын. Анамызды күндіз көруге зармыз. Таң  қараңғысымен кетіп, қас қарая оралады. Белі бүгіліп, бір арқа жыңғыл  отынын арқалап ала келеді. Біз ініміз Нұржан екеуміз үлкен бір қап тұқым  күріштің қажетсіздерін түр-түрімен теріп, бөлек жинаймыз. Нантақтайдың  беті тегіс, жармақ, күрмек «қадірлі» қалдық ерекше орынға, ал құрткесек,  жепік, шөпсабан бөлек-бөлек жиналады. Кешқұрым соғыстан оралған қойма  меңгерушісі мүгедек ағамыз келіп, бәрін салмақтап өлшеп, әкетіп жатады.  Бірде шешем жұлдыз шыға ертерек келіп: «қайным-ау, мына інілерің аш  отыр ғой, мынау күрмегіңді тастап кетсейші», — дегенде әлгі ағамыз тың  тыңдағандай жан-жағына қарап, үндеме дегендей белгі беріп, күрмек пен  жармағын тастап шығып кетті. Шешем қуанғаннан беті нұрланып, көзі  шырайланып, жайнап, тулақты жайып жіберіп, қол диірменді құрып,  күрмекті тарта бастады. Біз ініміз екеуміз сықсима шамның алдында  жәудіреп шешемізге мейірленіп, қарап отырмыз. Әне-міне дегенше  тартылған ұн електен өтіп, суға шыланып, тұздалып тапаға түсті. Телміріп  отырып, талмаурап ұйықтап кетіппіз. Таңертең оянсақ дастарқанның  бұрышына оралған «бал  татыған» нанды алып, жеп, кешке дейін тағы бір  қап күріш тұқымын тазалап тастадық.

Бұл 1944 жылдың ақпан, наурыз айлары болатын. Сол жылдың  шілдесінде бидай  пісті. Орақ басталды. Аңызға жақын жерден қырман  дайындалып, алаң ортасына үлкен бөрене қағылды. Саз топырақ қайта-қайта  сумен таптай берсе емендей қатты болады екен. Сол әбден тапталған алаңға  бөренені айналдыра бау-бау бидайлар әкеліп жайылуда.

Ортадағы бөренеге шылбырынан байланған қара айғырға үлкен  домалақ тас  жегілген, үстіне мені отырғызып тізгінді қолыма береді. Менің  міндетім айғырды тоқтатпай тесініп отыру. Мала тас дөңге­леніп жайылған  дестенің үстімен жүріп отырады. Жанымыздағы түп жыңғылдың басына жабылған жыртық шинелдің көлеңкесінде (бір қолы жоқ  соғыс­тан  оралған  мүгедек) Мұса ағамыз өрілген ұзын қайыс шыпыртқымен айналып келген  сайын тартып жібереді, бірде маған бірде айғырға тиіп жатады. Бұтымда боз  дамбал, үстімде жамау көйлек, күн қайнап тұр. Таңдайым кеуіп, «әке,  шөлдедім» десем, «шыда» деп шыпыртқымен тартып жібереді. Айғыр да,  мен де айнала береміз. Әйелдер дәнінен босаған бидай сабағын қағып, сабаны сыртқа тастап, жаңасын әкеліп сала береді. Бұл жұмыс тамыздың  ортасына дейін жалғасады. Ол кезде молотилка, комбайн деген жоқ. Еңбек  ауыр, өзіміз ашпыз. Негізінен қорегіміз айран-шалап, сүзбе-құрт.

Соғыстың қасіреті мол болды. Сонымен қатар шыдамдылыққа да, төзімділікке де, қиыншылық­тарды жеңуге де үйретті. Халық іштей  шүкіршілік етті. Өзі адамынан айырылып жылап жатса, ауылдастарының  аман оралғанына қуанды.

Соғыс, әділдікті  әлсіздендірді. Шындық кейінге қалды. Ұлтшылдық  белең алды. Жасалған ерлік басқаның ерлігіне жатқызылды. Жаралыларды  емдеу орындарына түріне қарай таңдалып жеткізілді. Бөтен түстілер кейінгі  кезеңге қалды. Жан қиярлық ерлік еленбей қалды. Жоғары марапаттаулар  «Алғыс  хаттарымен» алмастырылды. Васья атанған атақты партизан, бүкіл  украина халқы төбеге көтерген Қасым Қайсеновтің ерекше ерлігі дұрыс  бағаланбай, қарауындағы Мироненкого бұйырып, батырлық соған берілді.  Ия, соғыс көп адамды батыр етті, есейтті, тұлғаландырды. Өмірге  құштарлықты қалыптастыр­ды. Қаншама қыршынды құрбан етіп, мүгедек,  жартылай мүгедек болып кейбіреулер елге оралды, отбасын құрды, ұрпақ өрбітіп бала сүйді. Соғыс жесір­лерінің мойнына ауыр қамыт болып киілді.  Тәуліктің 18-20 сағаты колхоз жұмысында өтті. Айлық жоқ. Еңбек күн  жазылады, бір айға бір пұт (16кг) бидай кеусен беріледі. Тұзын молдау  салып суға қайнатқан атала 10 адамға бір шағын тегеш, бесеу ара бір қасық,  күндік қорегіміз осы болатын. Қазір оған сену қиын. Әсіресе кейінгі  заманның жастарына ертегі болар. Ал, біздер сол қияметті көрдік, көтердік.  Соғыс жетімі деп басыңнан сипайтын алақанды іздедік.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап соғыс ардагеріне  ерекше  көңіл бөліне бастады. Ардагерлер ұйымы құрылды. Мәдени-әлеуметтік шараларға араласты. Айтулы даталарда құрметтелді. Сол үрдіс бүгін де жағасын  табуда.

Соғыста қаза болғандардың әр жерлерде мемо­риалдық тақтаға аты-жөндері жазылып, мыңдаған адам тәу етіп, көзін сығып өтеді. Сол төңіректе  соғыс батырларының да бюсттері мрамор тақталары тұрғаны жөн сияқты.

Қазір екі тыл ардагері бар. Олар соғыс кезінде тылдағы «Ерен  еңбегі  үшін» (1941-1945) Сталиннің кеудесі кескінделген медаль алғандар.  Жеңістің 70 жылдығы мерекесінен бастап тыл ардагері деген бір-ақ атауы  болғанын дұрыс көреді көпшілік. Соғыс жетімдері көрген ауыртпашылық  алдағы уақытта ақталуға тиіс. Олар да санаулы-ақ қалды. Қазіргі тірі соғыс  ардагерлермен «әй, азаматтар-ау бізге шүкір ғой, мына соғыс жетімдерін  ескерсеңдерші. Бұлар­дың әкелері біз үшін, отан үшін құрбан болды ғой», —  деген сөз естілмейді. Менің атам Садақ Сыдықов (әйелім Нәзгүлдің әкесі)  Арал ауданының тумасы, кезінде «Сапақ» станциясының бастығы болған. 1939 жылы жаз айында тұңғышы Нәзгүлді көріпті. Қызмет бабымен өрлеп,  портты қала Арал станциясына бастық болады. Соғыс басталғанда 21  жастағы Садақ сол кездегі тәртіп брон бойынша соғысқа алынбайды. Соған  қарамай «қатарымнан ешкім қалмай барады» деп өзі сұранып, соғысқа  аттанады. Он тоғыз жастағы әйелі Орынша тұңғышы Нәзгүлімен Аралда  қалады. Офицер Садақ Мәскеу түбінде жараланып, Горкий қаласының  госпиталында 3 ай емделіп, бір айға елге оралып, тұңғышын еркелетіп  мойнына мінгізіп, көшеге шығады. Аралдың көшесінен әйел, бала-шағадан  басқа ешкімді кездестірмеген офицер Садақ құлазып үйге оралады. Әйелі  Орыншаға «елдесің, ағайын-туыстың ортасындасың, балаңа бас-көз бол мен  кеттім», — деп соғысқа қайта аттанады. Сол кет­кеннен Сталинград  майданына қатысып, хабарсыз  кетті. Әкесіз жетім қалған Нәзгүл Аралда  жетіліп, оқу бітірді. Тағдырдың қалауымен Қазалыда маған кездесіп, қос  жетім отау құрып, халық қатарына қосылдық. Жеңістен кейін бейбіт өмір  сүріп жатыр­мыз.  Сұрапыл сұм соғыстың қасіреті әлі де жазылып біткен  жоқ. Айтылып та болған жоқ. Менің бұл жазып отырғаным алақандай  ауылдың үлесіне тиген қайғылы оқиға. Десе де шүкіршілік етеміз. Алладан  соғыс болмауын, ешкімнің күрсініп, күйзеліп, жыламағанын сұраймыз.

Ұрпақтарымыз бейбіт өмір сүріп, халқымыздың бірлігі мен  тыныштығы мәңгі болсын деп тілейік ағайын! 

Біржан КӨШТАЕВ

Жалағаш  кенті  ардагерлер  ұйымының  төрағасы

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here