Жыл кадрлары
Жыл аяғы таяған тұста Ақордада бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды.
Нақты айтқанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұрлан Ноғаев Атырау облысы әкімі қызметінен босатылып, ҚР Энергетика министрі болып тағайындалса, Атырау облысына жаңа әкім болып Махамбет Досмұханбетов тағайындалды. Ал Мадина Ерасылқызы Әбілқасымова Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып бекітілді.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
Экс-министр бұрынғы қызметінен денсаулығына байланысты босатылып отыр. Бұл турасында Энергетика министрлігінің Ақпараттық және стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбек пікір білдірді. Оның айтуынша, Бозымбаев жаңа қызметке ведомство басшысы қызметінен денсаулығына байланысты кеткен. Бұл жайында оның мойын омыртқасына ота жасалуына байланысты көлікпен және ұшақпен жасайтын сапарларын барынша азайту керектігі айтылды.
Жыл жаңалығының тағы бірі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иманғали Тасмағамбетовты зейнетке жіберді.
Еске сала кетсек, 2019 жылы 9 желтоқсан күні Иманғали Тасмағамбетов 63 жасқа толған болатын. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, Президент мемлекеттік қызметшінің жұмыс мерзімін бес жылға дейін ұзарта алады. Алайда бұл жолы экс-елшінің жаңа қызметке тағайындалғаны туралы әзірге мәлімет жоқ.
Жыл қасіреті
2019 жылдың ең ауыр оқиғасы өңірімізде жол-көлік оқиғасының жиілеп кетуімен есте қалып отыр. Бұл тұрғыда Қызылорда қаласының өзінде жол-көлік оқиғасынан 8 адам ажал құшса, оның ішінде оқыстан көз жұмған балалардың қазасына қабырғасы қайыспаған жан болмаған шығар, сірә.
Әдеттегідей таңғы 9-дар шамасында қаламыздағы Салық басқармасы аялдамасы тұсында қас-қағым сәтте төрт адамды қағып кеткен көлік оқиғасы орын алғанынан жергілікті жұртшылық хабардар. Бұл жайсыз оқиға лезде ғаламтор беттері ақылы республика аумағына тарап кетті. Оқиға орнында екі адам көз жұмса, аурухана төсегінде тағы бір балғынның бұл пәнимен қош айтысқанын білеміз.
Жыл аяғына таяу орын алған бұл қайғылы оқиғадан көп уақыт өтпестен мұнайшылар мінген автобус аударылып, тағы адам шығынына әкеліп соқтырды. Бұл жайсыз оқиғаны сырбойылық жамағаттың әлі де болса ұмыта алмай жүргені белгілі.
Жыл оқиғасы
2014 жылдың Наурыз айында Гуанчжоу әуежайында қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай ұсталғаны белгілі. Оған 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.
Небәрі 20 жасында істі болған отандасымызға 2015 жылы қытай соты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіюерілген болатын. Себебі Ақжарқын Тұрлыбай сотта шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін толық мойындамаған еді. Тіпті оның анасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, көмек те сұраған болатын. Мемлекет басшысы Қытайға сапары кезінде осы мәселені көтерген болатын.
2019 жылы бұл мәселеге орай іс қайта қарауға жіберілгенімен Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды. Бұл күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған жайсыз оқиға болды.
Жыл апаты
Өткен жылдың соңғы күндерінің бірінде, яғни, 27 желтоқсан күні Алматы маңындағы Қызыл ту ауылы тұсында Bek Aіr әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бұл жайсыз оқиға күллі қазақ елін дүр сілкіндірді.
Ұшақ апаты Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына бет алған әуе рейсінде орын алған. Оқиға таңғы сағат 07:22-де болды. Сол сәтте ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі мен 93 жолаушы болған. Оның ішінде шетел азаматтары да бар екен.
Жантүршігерлік апат салдарынан 12 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Соның негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 28 желтоқсан елімізде ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазіргі таңда апаттың орын алу себептерін анықтау мақсатында жан жақты тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл блогерлері
Биылғы жылы блогерлер елді елең еткізетін ерекше жаңалықтарымен таңдай қақтырып келеді. Әлеуметтік желінің белсенділері билік басындағы ел ағаларымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, бір дастархан басында шәй ішуді үрдіске айналдырып жатқанға ұқсайды.
Ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге сенсек, әлеуметтік желі белсенділері билік басындағылармен бір дастархан басында шәй ішіп, бүгінде жаппай атқамінер ағаларымызды мақтап жазуға көшкен секілді. Жылдың ерекше ноу-хоуына айналған бұл дәстүрді қолданысқа енгізген блогерлер дастархан жайған билік басындағыларды енді сынап-мінемейтін шығар.
Жыл атауы
2019 жылы ҚР Үкіметінің №955 қаулысымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының атауы «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып өзгерді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ««QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы акцияларының 100 пайыз мөлшеріндегі мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне өтеді. Оған маңызды мемлекеттік және квазимемлекеттік халықаралық сауда-экономикалық іс-шараларын жүргізу бойынша «Бірыңғай оператордың» өкілеттігі берілетін болады.
Жыл құттықтауы
Өткен жылы 16 желтоқсанда Дубай әмірлігі қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен ерекше құттықтаған болатын.
Сол күні, яғни 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай Дубай қаласындағы биіктігі 828 метр болатын ең алып «Бурдж Халифат» ғимараты Қазақстан туының түсіне боялды. Осылайша Дубай әмірлігі Қазақстан жұртшылығына деген ыстық ілтипатын білдірді.
Ел арасында бұл көрініске қыруар қаржы қаралғаны жайында алып-қашпа әңгімелер тараған болатын. Осыған орай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Дубай қаласындағы бұл көрініске берген түсініктемесінде бұл шараға Қазақстан тарапынан қаржы бөлінбегенін, бұл бастама Дубай әмірлігіне тиесілі тегін шара екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Беларусь және басқа да елдердің тулары «Бурдж Халифа» ғимаратынынң қасбетінде бейнеленген болатын.
Жыл қуанышы
Қызылордада жаңа жыл табалдырықтан аттағалы тұрған сәтте көптеген отбасы бақыт құшағына кенелді. Турасын айтқанда 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Қызылорда халқының саны 38 адамға көбейді.
Жаңа жыл түні облыстық периниталдық орталықта 38 сәби дүние есігін ашты. Оның басым бөлігі, яғни 26-сы ұл бала екен. Орталық дәрігерлері бұл күнделікті орын алатын көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін айтып отыр.
Әдетте бұл орталықта тәулігіне 20-25 шақалақ дүние есігін ашып жатады. Жаңа жыл қарсаңында орын алған бұл көрсеткішті ақ халаттылар жақсылыққа балап отыр.
Е.ЖАЛҒАСБАЕВ