Кім қалай құттықтады?

0
339

Жаңа жылда шырша айна­лып шаттанып сыйлық алатын балалар ғана емес. Ескі жыл қорытындыланып, жаңа жылға есік ашылар тұста әр-әр жерде үлкен-үлкен жиындар өтіп, үлкендердің де сый-сияпатқа кенеліп, бір жасап қалатыны рас. Бірсыпыра жұрттың жыл бойғы еңбегі еленіп, кәсібінде үздік аталып, мереке қар­саңында марапатқа ие болып, мерейі өсіп жататыны бар. Мерекелік тарту ретінде халық игілігіне деп жаңа тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысан­дардың пайдалануға беріліп жататыны да бар. Бұл үрдістен қызыл­ордалықтар тышқан жылы қарсаңында да жаңылған жоқ. Жалпы ауыл — аймақтағы жұрт­шылық жаңа жылда қандай сыйлыққа ие болды? Ескі жылы ескеріліп, жаңа жылға тарту етілген сыйлықтар қандай?

Мерекелік құттықтау — әсерлі сый

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген дана сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз», — деді қалалықтарға БАҚ арқылы құттықтау жолдаған Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Қала әкімі құттықтауында айтқандай, өткен жылдың игілікті жақсылығымен қатар қалың елдің қабырғасына батқан ауырт­палығы да аз болмағаны аян. Арыс оқиға­сы, таяудағы ұшақ апаты, орны толмас қасі­ретке душар еткен жол-көлік оқиғалары…

Дегенмен, күндер алмасып, жақсы­лық­тан үмітті өмір жалғасуда. Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық жұртшылық та мерекелік тартудан кенде болмады. Сол жағалаудағы жаңа қоныста қоныста­нушылар қатары көбейе түсті. Қалаға қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғын­дарының неше жылдан бергі арманы орындалып, ауылда жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қала тұрмыс-тірлігіндегі жаңару, ілгерілеу бағытындағы игілікті істердің жыл қорытындысындағы көріністері осындай болса, жыл бойына жүзеге асырылғаны да баршылық.

«Қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілу­де», — деді бұл орайда жаңа жылдық құттық­тауын­да қала әкімі. Әлеуметтік желіде қала әкімінің құттықтауына орай «сөз саптасына» мақтау айтыпты бір желі қолданушысы. «Сөз саптасы» демекші, ел басқарған кей басшылар­дың елге игілікті ісі тапшы болғанымен, сөзі жақсы болып «ұтып кететіні» де бар. Қалай дегенмен де «Жақсы сөз жарым ырыс» дейтін халықпыз. Жақсы сөз үмітке иландырып, көңіл тоғайтады. Ресми құттықтауды жұртшы­лықтың ризалықпен атап өтіп жатқаны да осының бір айғағы болса керек. Бір сөзбен айтқанда мерекелік лебіз — әсерлі сый.

Қазалылықтар кенелді…

Қазалы ауданы жұрты үшін өткен жылдың өте үлкен сыйы — «Әлсейіт» көпірінің пайдалануға берілуі. «Сонау Кеңес одағы кезінен шешімін таппай келген түйткілді мәселе ел Тәуелсізідігінің арқасында жүзеге асып отыр. Енді Қазалы мен Арал ауданының 15 мыңға жуық халқы аудан орталығымен емін-еркін қатынай алады», — деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа жыл­дық салтанатты жиын барысында.

Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығы Әйтеке би кентінде мекемелер үйі пайдалануға берілді. Ғимаратта аудандық әкімдікпен бірге аудандық мәслихат, ауданға қарасты бөлімдер орналасқан. Жаңа ғимаратта «Ашық әкімдік»жобасы жүзеге асырылып, мекемелер «Open Space» жобасы бойынша бір терезеден қызмет көрсетеді.

«Ауданда тұрғын үй мәселесін шешуге байланысты да ауқымды жұмыстар атқа­рылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп­қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді», — деді М.Нәлхожаұлы. Қазалы­лықтарды бұл өрелі іс, айтулы игіліктермен арнайылап барып облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады. Бұған дейін де Қызылорда қаласының әкімі, бірнеше ауданның әкімі қызметін атқарған тәжі­рибелі әкім Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев осындай өрелі істер басынан табылып, қазалылықтар көңілінен шығып жатқанға ұқсайды. Жаңа жыл мерекелік салтана­тында аудан мақтанышы бірқатар аза­маттар «Жыл үздігі» аталымы бойынша мара­пат­тарға ие болды. Олардың қата­рында әйелдер арасындағы бокстан екі дүркін ел чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ақерке Бақытжан да бар. Сондай-ақ аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ерболат Тұрым, Еңбек ардагері Әбжәми Жанаев Қазалы ауда­нының «Құрметті азаматы» атанды. «Қазалы жолшы» ЖШС директоры Серік Өтегенов «Құрметті жолшы» төсбелгісімен, аудандық өлкетану музейінің директоры Сәкен Әлішев «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here