Тышқан жылы: 2020 – ірі саяси оқиғалар, маңызды спорттық шаралар

0
251

2020 жыл Қазақстан мен әлем үшін жарқын сәттерге толы болмақ. Себебі, алдағы уақытта қазақстандықтарды ірі саяси және маңызды спорттық шаралар күтіп тұр.

Токио Олимпиадасы – соңғы үлгідегі инновациялық технологиялар

2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның астанасы Токиода жазғы XXXII Олимпиада ойындары өтеді.

Маңызды спорттық шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, 4 жылда бір рет өтетін дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылады, онда соңғы үлгідегі инновациялық технологиялар пайдаланылады.

Сондай-ақ, Токио Олимпиадасының бағдарламасына жаңа 5 спорт түрі енеді. Олар – бейсбол/софтбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтбординг. Жалпы, жазғы XXXII Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Бүгінде Қазақстан құрамасының еншісінде 13 спорт түрінен 28 лицензия бар. Дүбірлі додаға жолдама алған спортшылар: Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), Виталий Худяков (жүзу), Дмитрий Баландин (2 лицензия, жүзу), Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин (садақ ату, жеке және командалық есептегі лицензия).

Expo-2020 көрмесі Дубайда өтеді

Алдағы жылдың 20 қазаны мен 10 сәуірі аралығында Дубай қаласында халықаралық Expo-2020 көрмесі өтеді.

Бұл – Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия өңірінде ұйымдастырылатын алғашқы халықаралық көрме. Маңызды шараның тақырыбы – «Ақыл адамдарын біріктіріп, болашаққа қадам басу».

Көрмеге 25 миллион адам келеді деп жоспарланып отыр. Оның 70%-і шетелдіктер. Бұл – 168 жылдық тарихы бар Expo көрмесіндегі рекордтық көрсеткіш.

ЭКСПО кешенінің жалпағы аумағы – 438 гектар. Оның құрамына метро станциясы, Dubai South Mall сауда үйі, тұрғын үйлер, қонақ үй кешендері кіреді. Expo көрмесіндегі басты объект – диаметрі 150 метрді құрайтын «Аль-Васл» алаңы болады. Оның жанында Біріккен Араб Әмірліктерінің павильоны орналасады.

8,8 млрд. теңге жұмсап, 10 млрд. табамыз

Халықаралық көрмеге қатысуға 190 мемлекет келісім берген. Одан бөлек, маңызды шараға халықаралық ұйымдар, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары қатысады. Жалпы, Expo-2020 көрмесінде 200-ден астам қатысушы өз жетістігін әлемге паш етеді. Оның арасында Қазақстан да бар.

Қазақ елі дүниежүзілік шараға қатысу үшін 9 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсағалы отыр. Осы орайда үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Біз 10 миллиард доллар инвестиция тартқымыз келеді. Бұл үшін бізге Дубайдағы «ЭКСПО» көрмесіне қатысу қажет. «Мүмкіндіктер» технологиялық кластері аясында Қазақстанның ұлттық павильоны болады. Оны әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көптеген инвестор аралайды. Уақытша құрылыстар тұрғызу үшін 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлініп отыр», — деген еді Смайылов.

Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясы – балық аулауға субсидия

2020 жылы Қазақстанның астанасында Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші министрлік конференциясы өтеді. Халықаралық сауда тақырыбына арналған маңызды шара 8-11 маусым аралығында ұйымдастырылады.

Конференцияға ұйымға мүше елдің 164 сауда министрі мен ДСҰ-дағы бақылаушы мемлекеттердің 20 сауда министрі қатысады. Одан бөлек, халықаралық шарада беделді сарапшылар болады. Жалпы, конференцияға қатысушылардың саны — 5 мың адам.

Маңызды жиында Дүниежүзілік сауда ұйымының жұмысына реформа жасау, қызмет көрсету саласындағы жаңа ғаламдық ережелерді реттеу, инвестиция тартуға көмектесу, электронды сауда, әрі балық аулау кәсібіне субсидия тарту сынды мәселелер талқыға салынады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізу туралы шешім 2019 жылдың 29 қазанында қабылданған. Нақтырақ айтсақ, ҚР сауда және интеграция министір Бақыт Сұлтанов Женеваға жұмыс сапары барысында Дүниежүзілік сауда ұйымымен халықаралық конференцияны өткізу туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан мен Ресей Көкшетауда ынтымақтасады

2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVIІ өңіраралық ынтымақтастық форумы Көкшетау қаласында өтеді.

Алдағы жылы форумға қатысушылар экология және жасыл даму мәселелерін талқыға салады. Жиынның орны мен оның тақырыбын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Бұл ұсынысты Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин қолдаған.

Айта кетейік, алғаш рет өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылы Омбы қаласында өткен болатын. Оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Осы уақыттан бері форум Ресеймен шекаралас аудандарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Алайда 2020 жылы форум Ақмола облысында өтеді, бұл өңір Ресеймен шектеспейді.

ЕАЭО елдерінде қанша халық бар?

2015 жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 2020 жылы ЕАЭО-ға мүше елдерде халық санағын өткізу туралы шешімді мақұлдаған.

Ал сол жылдың 2 желтоқсанында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында «2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде халық санағын жүргізу» туралы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, ЕАЭО-ға мүше елдерде халық санағы 10 жылда бір жүргізіледі. Мамандардың пікірінше, халық санағы одаққа мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық индикатор көрсеткіштерін түзетуге мүмкіндік береді. Қазақстанда халық санағы 2020 жылдың қазанында жүргізіледі.

XIII Астана экономикалық форумы уақыты белгісіз

Алдағы жылы Қазақстанның бас қаласында дәстүрлі Астана экономикалық форумы ұйымдастырылады. Онда әлемдік көшбасшылар және беделді халықаралық сарапшылар ғаламдағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасады.

2020 жылы да XIII Астана экономикалық форумы аясында түрлі тақырыптағы панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, бизнес-диалогтар өтеді. Қазіргі таңда форум қай уақытта өтетіні нақтыланған жоқ.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here