30 000 қызылордалық сыйақыға ие болады

0
619

Бүгінде көпшілік пәтерге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы да қол жеткізе алады. 2019 жылы қызылордалықтар 5 бағдарлама арқылы тұрғын үй жағдайларын ретке келтірді. Сондай-ақ, аймақ тұрғындары үй салу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу, жер телімі мен үй сатып алу мақсатында 1000-нан аса несие алған. Бұл туралы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Ілияс Мұхатайұлы брифингте мәлімдеп, жыл бойына жүзеге асырылған бағдарламаларға тоқталды.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Ілияс Мұхатайұлы:

-Қазіргі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымдар бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 13% құрайды. Сондай-ақ, салымшының депозитте жинаған қаражатына 2% көлемінде банк сыйақысы мен жыл сайын 20% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы түседі. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға есептелінеді. 2019 жылы 200 АЕК 505 000 теңгеге тең болды. Яғни, егер бір жыл ішінде банк клиенті осындай соманы жинаса немесе оны бірден депозитке салса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ол 101 000 теңге көлемінде ең жоғары сыйлықақыны алады. Қазақстанның әрбір азаматының мемлекет сыйлықақысын алу мүмкіндігі бар. Ол үшін банк кеңесшілеріне хабарласу керек. Егер депозитте бір жыл ішінде жинақталған сома 200 АЕК-тен жоғары болса, онда сыйақымен марапатталмаған қаражат мемлекет сыйлықақысын есептеу кезінде ескерілетін болады.

Өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Орда» және «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асқан. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 240 отбасы қоныс тойын тойлаған. 2020 жылы аталмыш жоба аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 13 қабатты тұрғын үйдегі 590 пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде. Әйткенмен, бағдарламаға қатысу үшін салымшының атында тіркелген баспана болмауы қажет. Шаршы метрі 140 000 теңгелік пәтерді сатып алу үшін, несиені банктен жылдық 5% мөлшерлемемен алуға болады. Ол үшін шотта бастапқы жарна ретінде тұрғын үй құнының 20%-ын құрайтын сомада қаражат болуы қажет.

Есепке салар болсақ, 2 бөлмелі пәтер — 7 760 200 теңге, бастапқы жарна — 1 552 040 теңге, ай сайынғы төлем сомасы — 52 500 теңге;

3 бөлмелі пәтер — 9 835 000 теңге, бастапқы жарна — 1 967 000 теңге, ай сайынғы төлем сомасы — 66 550 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, 2019 жылдың жаңалығы — «Бақытты отбасы» бағдарламасы. 3 жылға жоспарланған жоба аясында Қызылорда облысы бойынша 170 отбасы жеке баспаналы болды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен несиелендіру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

Ал, «Өз үйім» бағдарламасы арқылы жеке меншігінде тіркелген баспанасы бар азаматтар да пәтерге қол жеткізе алады. Аталмыш жоба арқылы бүгінге дейін 217 отбасы пәтерлеріне қоныстанса, Әскери сала қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама аясында 98 отбасы үйлі болды.

Әртүрлі санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін «Орда» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында сол жақ жағалаудан барлығы 246 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Дегенмен, кейіннен сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізгілері келетіндерге қойылатын талаптар бар. Соңғы 5 жылда жеке меншігінде тіркелген баспананың болмауы мен ЖАО-да тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ашылған депозит пен 500 000 теңге көлеміндегі кепілдік жарнасы болса үйге ие болу мүмкіндігі бар.

Биыл да бағдарламаларға толықтырулар еңгізіліп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табатын болады.

А.Әлиарыстан

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here