Құрметті орын емес, жұмысшы орган…

0
314

2019 жылы Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл толды, осы аталған кезеңде жергілікті мәслихаттар көптеген игілікті істердің ұйымдастырушысы, ұйытқысы болып, облыстың экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Осы жылдардың ішінде жергілікті мәслихаттардың 6 шақы­рылымында халық қалаулылары сайланып, сайлаушылар алдындағы міндеттерін жүзеге асырып, әрбірі берген уәдесін орындау жолында аянбай қызмет етіп келеді.

Бұрынғы және қазіргі шақырылымдардағы облыстық мәслихатқа 3 реттен артық сайланған халық қалаулыларын атап өтсем деймін, солардың ішінде Бисенов Қылышбай 5 рет, Ерманов Нұрмұрат, Жүсіпов Өмірбек, Байна­зарова Райкүл, Имандосов Самұрат, Тлеп Ибадулла төрт рет, Шаутай Тлеуберген, Шома­нов Алтынбек, Қозбақов Аралбай, Құдайбер­генов Нұрлан, Тайманов Абзал 3 реттен сай­ланды, Шарипов Жарылқасын облыстық мәсли­хаттың тексеру комиссиясын 2 шақырылым басқарды.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымында бірінші мәслихат хатшысы болып сайланған Ермақашев Бақыт­бек есімі мәслихат тарихында жазылып қалады деп ойлаймын, одан кейін мәслихат хатшылары болған Құдайбергенов Нұрлан Баязитұлы, Еламанов Бекмырза Қайыпұлы, Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызының еңбектерін атап өтуге болады.

Заңдылықтарға сәйкес облыстық мәсли­хатқа тікелей бағынышты болмаса да, жергілікті мәслихаттар жұмысын үйлестіру, әдістемелік көмектер көрсету арқылы облыстық мәслихат­тың сессияларын дайындауға, депутаттардың сайлаушылар алдында есеп беріп, талап-тілек­терін орындауды ұйымдастыруда қалалық, аудандық мәслихаттардың, оларды басқарған бірнеше шақырылымдарда қайта сайланып, жемісті жұмыс атқарған мәслихат хатшылары Әуезов Әнес, Тлеубергенова Бибайша, Өтегенов Мақсұт, Сүлейменов Кенжеғара, Атахаев Абдолла, Илиясов Қожахмет, Құттықожаев Ибадулла, Оразымбетов Сұлтанбек, Ысқақов Сәулебектердің еңбектерін атап өтуге болады.

Біздің  облыстық  мәслихатта  жұмыс  ат­қар­ған ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдағы кезеңдер  эконо­микалық  әлеуметтік  салалар бойынша күрделі  болатын,  бүгінгі  күнмен  салыстыруға келмейді.  Өтпелі  кезеңнің  қиыншылықтарын  жеңу  керек болды,  сондықтан  бекітілген  бағдарламалар­дың  орындалуын бақылау, облыстық  бюд­жетті  бекітумен қатар басқа  да маңызды  мәселелер­ді сессияда  талқылап,  тынбай  қызмет жасауға  тура  келді. 

Сол уақытта біздің алдымызда облыста қабылданған әлеуметтік-экономикалық бағдар­ламалардың орындалуы, облыстық бюджетті бекіту, облыстық мәслихаттың жоспарына сәй­кес  ең өзекті, облыс үшін маңызы зор мәселе­лерді сессияға тиянақты дайындау, нәтижелі өткізу сияқты басты міндеттер тұрды.  Сонымен қатар мәслихат, оның депутаттары не тындыра алады деген қасаң көзқарасты түбірімен өзгертіп, мәслихатты құрметті орын емес, жұмысшы органға айналдыру мәслихаттың беделін бұдан да биікке көтеруге бекем бағыт алдық.

Мәслихаттың тұрақты комиссияларының ролін көтеру жөнінде біршама жұмыстар атқарылды, сессияда қаралатын мәселелер тұрақты комиссиялар арқылы ұсынылып, дайындалатын дәрежеге жетті. Екінші шақы­рылымдағы тексеру комиссиясының төрайымы болып Боханова Роза Аяғанқызы, 4 тұрақты комиссияларды Қ.А.Бисенов, С.Ж.Имандосов, М.Б.Мухамедов, Н.Б.Құдайбергенов сияқты ғылым докторлары, білікті басшы депутаттар басқарды. Сессияда қаралатын мәселелерді дайындауға басты назар аудардық, арнайы құрылатын уақытша комиссия құрамына депу­таттармен бірге сала басшыларын, білікті маман­дарды қосып, барлық қала, аудандарды аралап, көпшіліктік тыңдаулар ұйымдастырып, сайлау­шы­лардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сессияға нақты ұсыныстар жасап, қаралған мәселе бойынша нәтиже шыққанша бақылауға алып отырдық, кезектен тыс бюджетке өзгеріс енгізі­летін сессияларда қаралған мәселе бойынша қаражат бөлінуіне ұсыныс жасап отырдық.

Екінші шақырылымдағы облыстық мәсли­хат депутаттары өз міндеттерін толық атқаруға ұмтыла отырып, өз сайлаушыларының аманатын атқарушы органдарға жеткізіп, олардың орындалуын бақылауда белсенділік танытты. Сонымен қатар атқарушы органдар басшы­ларына депутаттар көтерген мәселелерге басты назар аударып қарауын, олардың сауалдарын мүмкіндігінше жылдам шешуге ықпал етіп отырдық.

ІІІ шақырылған облыстық Мәслихаттың жұмысы 2003 жылғы 14 қазандағы 1 сессия­дан басталды. Үшінші шақырылған облыстық Мәслихаттың 29 депутаттарының сапалық құрамы жоғары деңгейде болды деуге толық негіз бар, олардың 14,3 % — ғылым докторла­ры мен кандидаттары, 17,9%- әлеуметтік салада,     67,9 % — өндіріс, бизнес шаруашылық салала­рында еңбек ететіндер еді. Екінші шақырылым­ның 12 депутаты қайта сайланып келді.  Әр шақырылымның, әр кезеңнің өз міндеттері бар, бұрынғыға қарағанда облыстың экономикалық-әлеуметтік даму дәрежесі өскен, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарған,  бюджеттің түсімі молайған, жаңадан сайланған құрам өз істерін жетік меңгерген, сауатты, депутаттық міндетте­рінің жауапкершілігін сергек сезінетін, мәселенің жан-жақты әрі байыпты шешілуіне барлық күш-жігерін аямайтын, қабілетті ертеңгі күнге сеніммен қарайтын азаматтар екендігін танытты.

Мысалы жер мәселесіне байланысты об­лыс­тағы инженерлік жүйеге келтірілген жер­лерді түгендеу жұмыстарын жүргізудің, оның айналымнан шығып қалу себептерін анықтау­дың тетіктері көрсетілді. Электр қуатымен қамтамасыз етуді жүйеге түсіру, жарықсыз отырған елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз ету жөнінде нақты шешімдер қабылданып, жүзеге асты. Коммуналдық қыз­меттің жайы және өнер мекемелерінің қызмет­терінің дамуы жөнінде сессияларда қаралған жан-жақты әрі ыждағатты зерттеліп, нәтижесін­де облыс әкімінің қолдауымен облыстағы коммуналдық қызмет саласына және мәдениет мекемелеріне қомақты қаржы бөлінді, олар біршама еңсесін көтеріп қалды.

2007 жылдың тамыз айынан бастап төртін­ші шақырылған облыстық мәслихат депутат­тарының жұмысы  басталды. Бұл шақырылымда «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутат­тардың фракциясы құрылды, аудандарда, қалада форумдар өткізу сияқты жаңаша жұ­мыс­тар ұйымдастырылды. Облыстық мәслихат­тың тұрақты комиссияларының белсенділігі мен атқарған жұмыстарының тиімділігі артты.

Төртінші шақырылған облыстық мәслихат­тың 2008 жылғы 28 наурыз күні өткізілген кезекті V сессиясында қаралған «Қызылорда облысында білім берудің жайы және оны жақсарту шаралары» туралы және 2009 жылғы 2 қазанда кезекті ХХ сессияда қаралған  «Облыс бойынша мектеп алдындағы даярлық пен балабақшалардың жағдайы туралы мәселелерді облыс бойынша әр аудан әрбір елді мекендерді аралап, зерттеп, талдап, көп­шіліктік тыңдаулар өткізіп сессияға дайындау­ды ұйымдастырған әлеуметтік және мәдени мәселер жөніндегі комиссия болды. Осы 2 мәселе бойынша да қабылданған шешімдер облыс үшін үлкен бағыт-бағдар болды.  Сол кездегі апатты жағдайда болған мектептер бұл күндері жаңадан салынып, спорт залдары жоқ мектептерге қосымша құрылыстар салынды. Сол кезеңде ҚР Президентінің бастамашы­лығымен «Балапан» бағдарламасы қабылданып, 2020 жылға дейін республикада балабақша­лар­мен қамтамасыз ету 100 пайыз болады деген міндет қойылса, ол біздің облыста рес­публикалық, облыстық бюджет және мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік жобасы арқылы мерзімінен бұрын орындалды. Бұл жерде бұрын­ғы шақырылымда қызмет атқарған депутаттар­дың еңбектерінің бүгінгі қол жеткен жетістік­терге негіз болғанын атап өткім келеді. Осының дәлелі ретінде облысымыздағы әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 2018 жылғы салыстырмалы көрсеткіштерді атап өтуге болады, осы жылы білім, денсаулық, спорт, мәдениет бойынша 34 нысан құрылысы облыс бюджетінен қаржыландырылған екен, оның ішінде 4 мектеп, 1 лагерь, 7 балабақша, 2 ауру­хана, 9 спорт нысандары, 2 клуб, 1музей, 2 мәде­ниет үйі тағы басқа әлеуметтік құрылыс нысан­дары бар. Біздер ІІ-ІІІ-ІV шақырылған мәслихат депутаттары сайлаушылардың аманаттары, ұсыныстары бойынша депутаттық сауалдар қойып, атқарушы органдар алдына мәселе қой­ғанда, арнайы халық қалаулыларының ұсыныс­тарына 4-5 млрд.  теңге бөлінсе, бұл біз үшін үлкен жеңіс болатын болса, биылғы 2019 жылға облыстық мәслихаттың депутаттары тарапынан барлығы келіп түскен сауалдарға 9,3 млрд. теңге қаржы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген екен,бұл әрине өскендіктің белгісі.

 Төртінші шақырылымдағы депутаттардың тұрақты комиссиялардағы жұмыстары және сессия отырыстарына мәселелерді дайындау­дан басқа да өз сайлаушылары алдында есеп берулерін, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшеле­рінің қоғамдық қабылдау өткізу жұмыстарын ұйымдастырып отырдық.

Біздер облыстық мәслихаттың депутат­тары өзіміздің халық қалаулысы ретіндегі қыз­метімізді сенімді түрде ешқандай жалтақтамай, қозғап отырған ұсыныстарымыздың, қойған сауалдарымыздың заңды, дұрыс екендігіне тиісті органдардың көзін жеткізіп, соның арқасында алдымызға қойған мақсаттары­мызға қол жеткізіп отырдық. Облыс тұрғын­дары, сайлаушылардың еркін, ұсыныс-пікірлерін, мұқтаждықтарын атқарушы органға жеткізіп, оның орындалуына ықпал етіп халық пен билік арасындағы мықты көпір рөлін атқардық, аза­маттардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ықпал еттік. Кейбір облыс көлемінде шешімін таппайтын, күрделі де күрмеуі қиын мәселелер жөнінде ҚР Үкіметіне, Парламентке депутаттар атынан ұсыныс хаттар жолдап, тиісті жауаптар алып отырдық. Жалпы облыстық мәслихаттың беделін көтеру үшін түрлі жұмыс әдістері мен формаларын ойластырып үнемі ізденіс үстінде жүрдік.

Жергілікті мәслихаттардың 25 жылдығына байланысты өткен ІІ-ІІІ-ІV шақырылымдағы депутаттардың жұмысына қысқаша шолу жасап өттім, қаралған мәселелер, қабылданған шешімдер, бөлінген қаражат, жыл сайынғы облыстық бюджет туралы мәліметтерді, қысқа мақалаға сыйдыру мүмкін емес, басты бағытын  ғана айтуға тура келді. Сондықтан біздің бұрын­ғы жинақтаған оң тәжірибеміз бен бүгінгі күннің талаптарын ұштастыра отырып, жергілікті өкілді орган — мәслихаттың қоғамдағы ролін көтеру үшін әлі де көңіл аударатын бірнеше ұсыныс­тарға тоқталсам.

Мәслихаттар  аппаратындағы  мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігі  мен депу­тат­тардың сапалық  құрамы  жоғары  болу  керек.   Аппараттағы мемлекеттік қызметкерлерді  оқыту, тәжірибе  алмасу  жолға қойылып келеді, әлі де болса оларды алыс,  жақын шетелдерде оқытып, әлемдік тәжірибелерді меңгеру керек.

Сессияда қаралатын мәселелерді дайын­дау, халықпен жұмыс істеуде жаңа форматты пайдалану, сайлаушылар көтерген өзекті мәселелерді қоғамдық мониторингке және бақылауға азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін белсенді тарту аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын бюджеттік қаражаттың пайдалануын бақылау қызметін анағұрлым күшейтеді.  Мәслихат хатшыларының мәртебесін арттыру, босатылған депутаттар мәселесін көтеру,  тұрақты  комис­сиялардың ролін, тиімділігін арттыру керек. Келе­шекте  облыстық  мәслихаттағы  тұрақты комиссиялардың төрағаларын босатылған негізде ұстау қажет деп  ойлаймын,  ең  болма­ған­да  бюджеттік  комиссияның төрағасының  штаты  шешілсе,  бөлінген  қаржының  мақсатты пайдалануына  бақылау  күшейер  еді,  өйткені  бұрынғы мәслихаттағы  тексеру  комиссиясы  қазір  өзінше  құрылым  болып кетті. Облыстық  мәслихат  пен  қалалық,  аудандық мәслихат­тардың өзара қарым-қатынасы жөнінде Заң бойынша тікелей  бағыну  болмағанмен,  әдіс­темелік, консультациялық көмек,  үйлестіру мәсе­лелері  жөнінде  тұрақты  байланыс  орнату, қоғамның қатысуымен көшпелі отырыстарды тұрақты өткізу, түрлі  өкілетті және  өзін-өзі  бас­қару жөнінде семинарлар өткізіп, тәжірибе алмасу өз нәтижесін беретініне күмән жоқ. Жергілікті мәслихаттардың жоғары тұрған органдармен,  атқарушы  билікпен,  қоғамдық,  үкіметтік  емес ұйымдармен  қарым-қатынасы  қабылданған  шешімдердің орындалуына  ықпал  етеді. Мәслихаттардың өздеріне  заңмен берілген өкілеттіктерді өз дәрежесінде  пайда­лануы үлкен мәселе. Бүгінгі қызмет атқарып жатқан депутаттар да жоғарыда айтылып кеткен ұсыныстарды батыл қозғап, «Жергілікті өзін-өзі басқару» Заңына өзгерістер енгізіл­генде Сенат жанында құрылған «Жергілікті мәслихаттармен өзара байланыс» кеңесінің мүмкіндігін пайдалану қажет. Осы жерде айта кететін тағы бір ұсыныс — жергілікті мәслихаттар депутаттары арасында әйелдердің үлес сал­мағы өте аз, облыстық мәслихаттың 29 депу­татының 2-уі ғана әйел азаматтар, қала, аудан­ мәслихаттарында да әйелдер аз, біреу, екеуден ғана, келешек сайлау науқандарында осыны ескеру керек, әйелдердің қолынан келмейтін жұмыс жоқ, олар лайықты халық қалаулылары бола алады.

Осындай ұсыныстарды жүзеге асырғанда ғана мәслихаттар қоғамдық-саяси, экономика­лық және әлеуметтік өмірдің барлық салалары­на белсенді ықпал етіп, олардың ел өңірлерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі беделі мен маңыздылығы артады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here