Мұсабаевтың «Белкөлі» қандай?

0
151

Биылғы жылдың да өз мәресіне жетуіне санаулы күндер қалды. Бұл дегеніміз қалаға қарасты ауылдық округтер мен кент әкімдерінің халық пен БАҚ өкілдерінің алдында жыл бойы жасаған жұмыстарына есеп беріп, келер жылғы жоспарларымен бөлесетін уақыт. Сонымен, желтоқсан айының 24-і күні қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында Белкөл кентінің әкімі Тастайбек Мұсабаев есеп берді.

Бүгінде 4392 тұрғыны бар кент пен оған қарасты «Бірқазан» елдімекенінде қай салада болмасын ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалған екен.  

Алдымен кент әкімі Тастайбек Мұсабаев биылғы жылғы бекітілген бюджет бойынша 207 млн. 406 мың теңгенің түгелдей дерлік игерілгендігін айтты.

— 2019 жылы белкөлдіктер үшін жақсы жыл болды. Көптеген жұмыстар жасалды. Атап айтар болсам, шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша кентте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 2018 жылы жеке кәсіпкерлер саны 140 болса, биылғы жылдың қаңтар-қараша аралығында 22 кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 27 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «Бизнес Бастау» бағдарламасымен 8 азамат, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасымен 16 тұрғын онлайн оқу оқып, сертификаттарын алды. Барлығы 24 тұрғын оқу курсын сәтті аяқтады. Биылғы жылы сонымен қатар, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы құны 27 млн. теңгені құрайтын 9 жоба қолдау тапты. 10 адам 4 млн. 797 мың теңгені құрайтын 100 және 200 МРП көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды, — деді кенті әкімі.

Осыдан бірнеше жылдар бұрын ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын Белкөл кентінің жолдары сын көтермейтін еді. Тіпті, тас та төселмеген болатын. Ал, қазіргі таңда оның 6,7 шақырымы асфальтталып, 7,8 шақырымына тас төселіп, қалған 7 шақырымы қара жолдар болып тұр. Жалпы, кім болса да тұрғылықты жерінде тақтайдай тегіс жолдармен жүргісі келеді. Десе де, кентке қарасты «Бірқазан» елдімекенінің көшелері аса сын көтере бермейді. Бұл жағдайға қатысты Белкөл кентінің әкімі:  «Бірнеше жылдар бұрын, яғни 2017 жылы кенттегі Әбдіқадыров көшесіне облыстық бюджеттен 42 млн.теңге қаражат бөлініп 1,8 шақырым жол асфальттанған болатын. Ал, 2018 жылы кенттегі ұзындығы 1 шақырымды құрай­тын 3-линия көшесіне 30млн. 505 мың теңге, 600 м ұзындықтағы Зеленая көшесіне 17 млн. 293 мың теңге, ұзындығы 630 м құрайтын Талғат Әбуов көшесіне 14 млн. 278 теңге, сондай-ақ ұзындығы 585 м  Мырзатай Есмаханов атындағы көшеге 14 млн. 260 мың теңге облыстық бюджеттен бөлініп, барлығы асфальт­талды. Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайынғы есеп беру жиындарында халық тарапынан көтеріліп келе жатқан үлкен мәселеміз Әбдіқадыров көшесі еді. С.Бейбарыс көшесінен Белкөл кентіндегі Байқадам каналы аралығындағы Әбдіқадыров көшесінің қалған бөлігі 2 шақырым аралыққа орташа жол жөндеу құрылыс-монтаж жұмыстарына биыл облыстық бюджеттен 70 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Сонымен қатар, «Жол қадірін жүрген білер» демекші, кентке қарасты «Бірқазан» елдімекенінің де жолдары да жөндеуді қажет етіп тұр. Сол үшін облыстағы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына 271 млн.теңгеге бюджеттік өтінім тапсырдық»- деді.

Иә, барлық жұмыстар әкімдер айтпақшы, кезең-кезеңімен жасалып келеді. Бірақ Белкөл кенті тұрғындары үшін тағы бір үлкен мәселе бар. Ол тоғыз жолдың торабы теміржол мәселесі. Бірнеше теміржол бағыттарының желілері түйіскен бұл жерден жолдың арғыбетінде тұратын халық үшін жолдан өту қиындық тудырады. Оқудың кезінде тіптен жолдың қақ ортасында пойыздар (қалдықтарды тастау үшін) тоқтап тұрған сәттер де болады. Сол кезде оқушылар ол жерден қорқып әрең өтеді. Негізі бұл біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатқан күрделі мәселе. Халықтың мұңын ескерген кент әкімі теміржол өткелінен өту барысында азаматтардың өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теміржол өткелінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2018 жылы облыстық бюджеттен 5,8 млн.теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарына жалпы құны 285 млн.теңге болатын жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Енді облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, белкөлдіктердің уайымы сейілер еді.

Жолдар жөнімен жөнделіп келеді. Әкімнің тағы бір айтқаны халық игілігі үшін жасалған жолдардағы көше жарығы. «Негізі кент тұрғындары толықтай электр энергиясымен қамтылған. Кенттегі электр энергиясына 5 дана электр трансформаторлары орнатылған және электр желісінің ұзындығы 15,8 шақырымды құрайды. Жалпы бізде 6 көше түнгі жарықпен жарықтандырылып, жыл бойы жанып тұрады. Сондай-ақ, оларды күтіп ұстап тұруға қалалық бюджеттен 4,595 млн. теңге қарастырылған. Жоғары да атап өткенімдей, 3-линия, Зеленая көшелері асфальтталды. Енді оларға көше жарығы қажет. Бұның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, 12 млн. 937 мың теңгеге Қызылорда қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне өтінім берілді. Алдағы уақытта өз ретімен бұл мәселе де  шешімін табатын болады» — деді.

Жалпы, 2019 жылы Белкөлде бірнеше нысандар ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, жақында кенттен заманауи медициналық амбулатория мен балалар үшін спорт кешені ашылды. Сонымен қатар, кенттегі тозығы жеткен тағзым алаңы да қайта жөндеуден өтіп, сондағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жеңіл көліктер мен жедел-жәрдем автокөлігінің кіріп шығуына ыңғайлы болу үшін тротуарды кеңейтіп, автотұрақ салынған.

— Кентке қарасты «Бірқазан» елді мекенінде де 2018 жылы 300-ге жуық тұрғынға шақтап мемлекеттік жекешелік әріптестігі аясында 10 млн.теңге замануи, талапқа сай медициналық бекет құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген болатын. Бұл жұмыстар биыл да Белкөл кентінде жалғасын тауып, облыстық ден­саулық сақтау басқармасы мен «АхатГС» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі арасында мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында 158 млн.теңгеге кент орталығынан медициналық амбулатория пайдалануға берілді. Жалпы кент аумағында 2 орта мектеп, 1 мемелекеттік балабақша бар. Бүгінде 2 мектепте 709 оқушы білім алса, балабақшада 180 бүлдіршін тәрбие­ленуде. Біздегі «Балапан» балабақшасы кенттегі жалғыз мемлекеттік балабақша болғандықтан, қазіргі оның жағдайы күрделі жөндеуден өткізуді қажет етіп тұр. Бала біздің болашағымыз болғандықтан, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 3 млн. 400 мың теңге бөлініп, жоба-сметалық құжат­тары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Күрделі жөндеу жұмыстарына 241 млн.теңге кетеді. Сондықтан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім тапсырып қойдық , — деді Белкөл кентінің әкімі.

2017 жылы «Белкөлге көгілдір отын келді» деп жарияға жар салған едік. Десе де жер үйде тұратын тұрғындар өз қамдарын жасап, әрқайсысы жеке-жеке газ кіргізіп алған. Бірақ мұндағы 4 көпқабатты тұрғын үй тұрғындары газға қосылмай қалған еді. Негізі кенттегі көпқабатты тұрғын үй, яғни 369 пәтер, мектеп, балабақша, интернат жылу орталығы арқылы орталықтандырылған жылумен қамтылған. Биыл облыстық энергетика басқармасы арқылы бу қазандығы мазут сұйық отынынан табиғи газға ауыстыруға, ғимаратты күрделі жөндеуден толықтай өткізуге және жылу жүйелерін жаңғыртуға 184 млн.теңге бөлініп, сол 4 көпқабатты тұрғын үйлерге газ құбырлары тартылып беріліпті. 

Кент әкімінің айтуынша, кенттегі мұндай жұмыс­тар мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта, халық игілігі­не жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілетін болады. Тағы бір қуанышты жаңалық, енді темір­жолдың арғыбетінде тұратын тұрғындар қоғамдық көлік үшін келесі беттегі №16 маршрутқа бармай, сол жақтан №7 маршрут арқылы қалаға күнделікті қиындықсыз қатынай алады.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here