Жайдарман — мектеп, КТА — жоғары оқу орны

0
250

«Үздік ойыншы», «Көңілді тапқырлар алаңы» сайысының чемпионы, «Қорқыт құрамасы» тобының мүшесі, асаба Асылхан ДҮКЕНБАЕВ:

Республикалық әзіл бәйгелерінде аймақ намысын қорғап жүрген “Қорқыт құрамасы” командасына биыл 10 жыл. Осы уақыт аралығында талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінген топтың бір арманы – чемпион атанып, бас жүлдені қанжығаға байлау болды. Жақында өткен Көңілді тапқырлар алаңының финалдық бәсекесінде қызылордалықтар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл сайыста команда мүшелері өздері ғана емес, отбасыларымен бірге өнер көрсеткен болатын. Сол себепті оқырман үшін отбасылық сұхбат алуды жөн көрдік. Олай болса, “Қорқыт құрамасы” командасының мүшесі Асылхан Дүкенбаев пен жары Фариза Нарманованың әңгімесін ұсынамыз.

— Жеңістеріңіз құтты болсын! “Қорқыт құрамасы” чемпион атанғандағы әзіл әлемінде жүрген 10 жылдағы үміт енді ақталды ғой?

— Иә, республикалық лиганың маусымдық сайысында бірінші рет чемпион атандық. Үміт ақталды. Арнайы жобалардан кубоктар алып жүрміз ғой. Бірақ, чемпион атанғандағы сезім өзгеше болады екен. Осы атаққа ие боламыз деген оймен сайысқа қатысып жүргенімізге 10 жыл болыпты. Тарихта қаладағы әзіл топтарының арасынан жоғары лигалық сайыста чемпион атанған командалар болмады. «Арал-Ас» ол ауданға қарасты. Сондықтан, бұл біз үшін ғана емес қала халқы үшін де жеңіс деп білемін. 

— Осы жылы жеңіске жетпеген жағдайда келер жылғы маусымға қатысу ойда болды ма?

— 2017 жылы КТА ойындарының финалдық бәсекесінде «Назар аудар» командасы чемпион атанып, біз 2 орын алдық. Шешуші ойынға үлкен дайындықпен жеңіске жетеміз деп барғанбыз. Бірақ, бір кубок бұл ойды өзгертті. 2018 жылғы маусымға чемпиондық бізге бұйырмаған, осы жолдан тоқтатайық деген оймен қатыспадық. Жыл басында жайдарманның түлектер кездесуінде өнер көрсеттік. Сол уақытта Тұрсынбек Қабатов хабарласып, биылғы маусымда бағымызды сынап көруге ұсынысын айтып, жеңіске жету үшін сенім білдірді. Үміт ақталды. Нәтижесінде бүгінде чемпиондар қатарына ендік.  

— Сіздермен қатар өнер көрсеткен командалар көп ұзамай  бас жүлдені иеленді. Қорқыт құрамасы жыл сайын финалистер ғана атанып келді. Бұл намысқа тиді ме? 

— Иә, Әрине. Мысалы, “Назар аудар” жайдар­манға бізден кейін шығып, өнер көрсеткен команда болса, “Арал-Ас” сахнаға қатар шықты. Олардан өзге де көп топтар болды ғой. Салыстырмалы түрде “Назар аудар” мен “Арал-Ас” командасындағы заман­дастарымыз бізден бұрын жеңіске жетті. Көреалмауышылық емес, бірақ біз неліктен чемпион атанбадық деген намыс болды. Мен 2017 жылғы фи­нал­да жеңілгенімізде де сахнадан кетіп қалғанмын. Ол сәтті эфирден де көрсетті. Шынын айтқанда, финалға шығып ең көп жеңілген командамыз. 2008 жылы Сыр елі лигасында 4-орын, 2009 жылы премьер лигада  2-орын, 2012 және 2013 жылғы жоғары лигалық сайыстарда 3-орын алдық.  Ал Көңілді тапқырлар алаңында 2016 жылы 3-орын және 2017 жылы 2 орынды еншіледік. Биыл 2019 жылы чемпион атандық.

— Жеңіске жете алмаудың себебі әзіл сапасының төмендігі ме, әлде жеткізе білмеу ме? Немесе қазылар лайықты бағаламады ма?

— Бірінші кінәлі өзіміз… Бірақ, жеңіліс тапқандар өзгеден кінә іздеуге дайын тұрады ғой. Кейде қазылардың пікірлеріне келіспейтініміз жасырын емес. 2011 жылғы жартылай финалдық сайыста финалға шығамыз деген ой болған. Өйткені, бастапқы кезеңдер бойынша жоғары ұпайға ие болдық. ”Үй тапсырмасы” кезеңі бойынша төмен баға алып, финалға өте алмай қалдық. Нәтижесінде «Арал-Ас» командасы чемпион атанды. Бірақ фи­налға өтпей қалған командалар арасында кіші кубокқа арналған ойын ұйымдастырылды. Есесіне Кіші кубокты иелендік. 2012 жылғы сайыста да алдыңғы қатарда келе жатып, сұрақ-жауап кезеңінен төменгі ұпай алдық. Сөйтіп, ақтөбелік «Экпресс» командасы чемпион атанды. Кейде дайындыққа ойдағыдай деңгейде уақыт бөле алмайсың. Өйткені, команда құрамындағы жігіт­тердің тұрақты жұмыстары бар. Өзім той жүргіземін. Оған да жауапкершілікпен қараймын. Бірақ, сайысты бірінші орынға қоятынмын. Мойындау керек, кейде ойындарға әртүрлі себептермен ойдағыдай дайындалмайтын кездер болады. Бұл жолы сценарийді ертерек жиналып жаздық. Негізі біз туралы көпшілік «уақыттарын бөліп, шыңдап кіріссе Қорқыт құрамасына тең келер команда жоқ»,- деп айтады.

— Бұл пікірді нақты кімдер айтты?

— Қазылар және бізбен қатар ойнаған коман­далардың мүшелері айтты. «Назар аудар» мен «Арал-Ас» тобындағы достарымыз: «Қорқыт құрамасы дайындыққа көп уақыт бөлсе, бізден бұрын жеңіске жететін команда. Екі күнде жазған әзілдерінің өзі сапалы болады» деп пікірлерін білдірді.

— Кейде қоғам тарапынан “қатарластары жеңіске жетті, жасы кіші қатысушылармен әлі сайысқа түсуде” деген сарындағы пікірілерді естисіздер ме?

— КТА да інілермен ойнаған жоқпыз. «Арал-Ас», «Қалалар құрамасы» сынды  замандастарымызбен бірге өнер көрсеттік. «Мақтарал» мен «Жерұйық» командаларын кіші дейін десең, сахнаға бізден бұрын шыққан. Жасы кішілерден «КазИИТУ» мен «Аграрка» командаларын айтуға болады.

— Бұл жолғы финалдық бәсеке несімен ерекшеленді?

— Чемпион атануымызбен (күлді). Сайысты тамашалауға келген 2500 көрерменнің Қорқыт құрамасына деген қошеметі ерекше болды. Біз үшін тілеулес болып отырған қызылордалық жанкүйер­леріміздің сенімдерін ақтау керекпіз. Бірақ, біз «Сәлемдесу» кезеңінде ойдағыдай өнер көрсетпедік. Сахна сыртына шығып, бір-бірімізбен сөйлесуден қалдық. Кезең бойынша үздіктерге кубок  таратқанда бізге ешкім бермеді. Көңіл күй одан бетер түсті. Сонда да берілмей, «Үй тапсырма» кезеңі  арқылы жақсы ұпай аламыз деп үміттендік. Үміт ақталып, бізге 4 кубок бұйырды. Шоу сайысында да жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Халық күліп, қошеметтерін аямады. Сол кезде іштей  жеңімпаз атанамыз деген үміт пен сенім күшейе түсті. Соңында «Мақтарал» командасымен бірдей ұпайға ие болғанда біздің сайыстағы тағдырымызды бір ғана кубок шешті. Қазылардың бірі ол кубокты бізге ұсынғанда чемпион атандық.

— Финалдың ерекшелігі деп отбасыларыңызбен бірге сахнаға шығуларыңызды да айтуға болады. Бұл кімнің ойы?

— Иә,дұрыс айтасыз.Осы сайыста аналарымыз, келіншектеріміз және балаларымыз келіп, бізбен бірге өнер көрсетті. Ұсынысты командадағы жігіт­терге айттым, олар жетілдіріп әкетті. Әзілді барлы­ғымыз бірлесіп жазған соң, ортақ туынды болып саналады.Отбасымызбен барып өнер көрсетуге жігіт­тер бастапқыда келіс­педі. Бірақ, біз үшін сайыс­тағы соңғы қадам екенін түсіндірдім. Аналарымыз қуана келісті. Сол кісілер­дің қатысуымен шоуымыз шоуға ұласты. Ойын сағат кешкі 6-да басталатын болса, аналарымыз театрға  5 те келді. Сахнаға бір ғана дайындықпен шықса да, жақсы өнер көрсетті.

— Бұл сайысқа аналарды қатыстыру арқылы жеңіске жетуге болады деген түсінік емес пе?

— Финалдық бәсекеге «Шоу» деп аталатын кезең қосылды. 2 минуттық ке­зеңде қай бағытта өнер көрсетсек те өз еркімізде болды. Ойлана келе отба­сымызды шығарып, шоу көрсеткенді дұрыс деп санадық. Біздің шаңырақ көтергенімізді білмейтін де көрермендеріміз бар ғой. Тек жарларымызды ғана емес, аналарымыз бен балаларымызды да сахна төріне шығаруды құп көр­дік. Сонда аналарымыз: «Біз сендерге кубок алып беруге келдік!»,-дейді. Біз: «алып бере алмайсыздар ау» дегенде, «Аттестат, дип­лом, көлік және келін­шек алып бергенде, бір ку­бокты алып бере алмайды деп ойлайсыңдар ма?» деді. Әрине, сол кісілердің де сеп болуымен жеңімпаз атандық.

— Әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Бұл да қуаныш түсіне білген адамға» деп жазыпсыз. Соған қарағанда жетістіктеріңізге шынайы қуанбай жатқандар көп болды ғой?

— Республика көлемінде өткен сайыс болған­дықтан шынайы қуана алмайтындар болады ғой. Әр облыстың намысын қорғап келген командалардың жанкүйерлері өз топтарын қолдайды. Жеңіске жеткен сәтте қуанышымызбен бөліскенде бір оқырманым: «Сонша қуанып не болды, олимпиада­дан орын алып келгендей» деп жазып жіберіпті. Бұл сөйлемнің жазылуына түрткі болған сол пікір.  Бірі «Чемпион атанды-ау» деп қуанса, енді бірі «Кубок алатын күндерің бар екен ғой» дейді. Құттықтау лебіздерін жолдап жатқандар да аз емес. Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов және қала әкімі Н.Нәлібаев арнайы құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, әртүрлі сыйлықтарға да ие болдық. Сыйлас ағаларым қымбат әтір мен костюм сыйлады. Ол костюмнің қымбат болғаны соншалық әлі киген жоқпын (күлді). Әлеуметтік желіден құттықтап, арнайы видеожолдауларын арнап жатқандар бар. Одан қалды кішігірім торттармен де жылы лебіздерін жеткізіп жатыр. Осы сұхбат арқылы тілеулес болған жанкүйерлерімізге алғыс білдіремін. Айтпақшы, осы күнге дейін 2 не, 3 орын алғанда мән бермеген келіншегім құттықтады ғой. 

— Қорқыт құрамасы чемпион атанып, мәреге жетті. Алда қандай жоспар бар?

— Енді алда чемпиондардың қатысуымен өтетін «Суперкубок» сайысы бар. Арнайы жобаға атырау­лық «Сағыз» командасымен бірге қатысамыз. Қорқыт құрамасының болашаққа жоспары содан кейін белгілі болатын шығар. «You tube» және телевизия­лық жобаларды түсіру ойда бар. Мүмкіндік бар. Тек уақыт жағы сәйкес келмей жатыр.

— Республикалық арналардан немесе режиссерлар тарапынан киноларға түсу турасында ұсыныстар бар ма?

— Мен маусым кезінде бір айдың 25 күнінде той жүргіземін. Бірақ, осы күнге дейін әртүрлі жанрдағы киноларға, телевизиялық түсірілімдер мен жобаларға қатысуға ұсыныстар түсті. Әзіл әлемінің концерт­теріне өнер көрсетуге шақырды. Барлығына қатыс­қым келді. Бірақ, той жүргізуге алдын ала тапсырыс алып қойғандықтан бара алмадым. Ұсыныс айтушылар тарапынан шығармашылық өсуге мүмкіндік екенін жеткізіп, келіскенімді құп көргендер бар. Бірақ, сол уақытта мен үй салып жатқандықтан қаржы мәселесі бірінші орында тұрды. Сондықтан тойға көп уақытым­ды арнадым.

— Қазір сіз үшін той маңызды ма, әлде өнер ме?

— Әрине, өнер саласы. Той — табыс көзі.

— Ал КТА мен жайдарманның қайсысы маңызды? Жайдарманның орны жоғары болар?…

— Осы сауалыңызға көпшіліктің алдында өнер көрсеткенде жауап бердік. Екі сайысты бөлмейміз. Біз үшін жайдарман – мектеп болса, КТА — жоғары оқу орны. Бұл жоғары оқу орнын­да 1 курсты 3-ке, 2 курсты 4-ке бітірдік. Ал 3 курста тәжірибеден өтіп, 4 курста диплом алдық. Мектепте орта деңгейде оқысақ та, жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірдік. Әрине, КТА сайысындағы чемпиондыққа жолдама берген жайдарман бірінші орында тұрады. 

 — Қандай да бір түсірілімдерге немесе киноға жағымсыз рөлді сомдауға ұсыныс түссе, сомдай аласыз ба? 

-Әрине, рөлді сомдап шығуға тырысамын. Әртүрлі ұсыныстарды тойдан тапсырыстар болған соң қабылдай алмадым. Ендігі уақы­тымның басым көпшілігін жобаларға арнаймын. Сол үшін де той жүргізуге арналған ақыны көтердім. Шыны керек, 300-400 адамның алдында күн сайын сөйлеу көп энергияны талап етеді. Енді бос уақыт тауып, түсірілімдерге арнағым келеді.

— Асаба Асылхан Дүкенбаев мейрамха­наларды таңдап той жүргізеді дейді. Қанша­лықты рас?

— Ол рас. Бірақ, бағаға тұрақтымын. Одан көтермеймін. Қалтасы қалыңдар қанша сұрайтынын білсем де, ақшасын көтерген емеспін. Көпшіліктің деңгейіне де қарасамыз ғой. 

— Өнерден өзге бағытта жоғары деңгейлі қызмет ұсынса келісер ма едіңіз?

— Шыны керек, дәл қазір табыс көзін тойдан емес өзге саладан табуды көздеп жүрмін. Бір саламен тоқ­тап қалмай, жан-жақты болғым келеді. Жайдарманға да қатыстым, Көңілді тапқырлар алаңында жеңімпаз атандым. Қалталы кісілердің тойын да жүргіздім, өзгелер тойын жасап беріп жатқан адамдардың да қуанышын өткіздім. Қазір өз қызметкерлеріме басшы болып, кеңседе қызмет жасағанды армандаймын. Бір ойым, жеке кәсіппен де айналысқым келеді. Мысалы, келіншегім жұмыстан кешке келгенде мен керісінше сол уақытта шығамын. Өйткені, тойдың басым көпшілігі кешке болады. Тұрақты жүмыс кестесінің болғаны да дұрыс қой.

 — Мынадай пікір бар: «Асылхан, Құттыбай және Нұрлыбек командадағы тұрақты ойыншылар. Ал қалғандары тиіп-қашып өнер көрсетеді», — дейді. Неліктен? 

— Топ 2006 жылы құрылды. Сол уақытта Нұрлыбек Асанбаев, Құттыбай Сағындықов, Қуаныш Оспанов, Бағлан Қалиев және Айдос Көшеров есімді ойыншылар өнер көрсетті. 2007 жылы мен оқуға түсіп, топ құрамына қабылдандым. Бастапқыда сахнаға «Мақтаншақтар» деген атаумен шықтық.  Біз жоғары лигаға жолдама алғанда командадағы кей жігіттер оқуларын тәмамдап, мамандық бойынша жұмыс істейміз деп шешті. Нұрлыбек пен Құтты­байдың, менің қазақша әзілге деген қызығу­шылығымыздан болар, бүгінге дейін тұрақты ойыншылар атандық. Тіпті, студент кезімізде жол ақысы болмаса да, кешке дейін дайындықта жүретінбіз.

— Әзілдерді жазу барысында негізгі ойды қоғамнан аласыздар ғой. Жалпы қоғамдағы пікірлер сіздер үшін қаншалықты маңызды?

Шығармашылық ортада жүрген соң,көпшілік­тің ойына құлақ асып үйренген жөн. Бірақ, өзім кейде қиынсыз пікірлер жазылса жеңіл қабылдай алмаймын. Сондықтан да әлеуметтік желіге орынды жазбалар жазып, сапалы суреттер жариялауға тарысамын. Бұрыңғыдай емес, көпшілік не дейді екен деген ой бірінші орында тұратын болды. Бізге сәйкес келетін маңызы бар әзілдерді реттеп, сахнаға шығаруға тырысамыз. Өйткені, көрермендеріміздің қатарында жастар ғана емес үлкен кісілер де бар. Сондықтан, қоғамның пікірімен санасу керек.

Фариза: Тұрсынбек Қабатов бір сөзінде «Қорқыт құрамасы» командасының өнерін біздің ата-аналарымыз көреді деген болатын. Ардагер команда болған соң көрермендер қатары тек жастармен шектелмегеннің өзі жеңіс секілді.

— Фариза, өзім де сауалды сізге бағыттайын деп отыр едім… Жолдасыңызды қолдау мақсатында сахнаға шығуға бірден келістіңіз бе?

— Шынымды айтсам, 2-3 минутық шоу үшін барамыз ба деген ой болды. Өзім жұмыста жүрмін. Отбасымызбен бару керекпіз деген соң келістім. Әрине, қолдау білдіріп, ойлана келе қызымызды алып бардық. Ұлымыз әлі кішкентай болғандықтан үйде қалдырғанды жөн көрдік. Бұрын өнер саласына қызығушылығым басым болатын. Қазір олай емес. Студент кезімде сахнаға жиі шығып өнер көрсеттім. Оқуды бітіре салысымен, банк саласына жұмысқа орналастым. Сондықтан, біраз уақыттан кейін сахнаға шығуға да жүрексінеді екенсің. Бір ғана дайындықпен Нұр-Сұлтан қаласына бардық. Шыны керек, сценарийді оқып, тиесілі сөздерімізді жаттаған кезден-ақ өзіміз күлкіге қарық болдық. Соңында командадағылар өлең айтқанда біз де осы кісілермен бірге өнер көрсетіп жүргендей сезімде болып, толқыдық. Біз тек финалдық бәсекеде ғана қолдауға барып тұрмыз ғой, соның өзінде ерекше әсерде болдық. Барлығымыз да осы жолы жеңіске жетеді деген сезім болды.

— Жарыңыз өнер саласында жүр. Шығармашылық ортаның азаматы. Кейде осы бағытты таңдағанына сіздің тарапыңыздан “әттеген- ай” дейтін тұстары болды ма?

— Біз қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүргенде-ақ Асылхан жайдарманда өнер көрсетіп жүрді ғой. Шы­ғармашылық ортаға өзім де жат емеспін. Шынымды айтсам, жолдасыммен суретке түскісі келген қыз­дардан қызғанбайсың ба деп те сауал қояды. Кері­сінше одан абыройы артпаса, төмендеген жоқ. Оған мен қуанамын.

— Чемпиондар арасында өтетін Суперкубокта да өнер көрсетуге ұсыныс түссе, келісесіз бе?

-Әрине, жеңіс үшін сахнаға шығып қолдау білдіруге дайынбыз.

— 10 жылда чемпион атану үшін алған бетінен қайтпаған жолдасыңызға өмірде қаншалықты қолдау білдіресіз ? 

— Көбіне уақытқа бағынбай дайындыққа кетеді, гастроль деп басқа қалаларға жиі шығады, түрлі концерттерді жүргізеді. Бірақ, ол қай әншінің кон­цертін жүргізіп, қандай жобаға қатысып жатқанына араласпаймын. Тіпті жүргізген тойлары қай ауданда немесе қай тойханада өтіп жатқанын да сұрамаймын.

Асылхан: Жұрттың әйелі сұрайды екен (күлді).

— Өзіңіз қаншалықты жайдарман мен көңілді тапқырлар алаңынын жанкүйерісіз? Әлде тек “Қорқыт құрамасы” өнер көрсеткенде көк жәшікке жақындайсыз ба?

— Барлық түсірілімдерді жібермей көремін деп айта алмаймын. Әрине, жолдасыма жанкүйер болғандықтан «Қорқыт құрамасы» командасы өнер көрсеткен сайыстарды үзбей көремін.

— Білуімше қыздарыңыз балабақша тәрбие­ленушісі болса да, республикалық би сайысынан бас жүлделерді иеленіпті. Болашағын өнермен байла­ныстырамын десе, қарсы болмайсыздар ма?

— Фариза:  Егер биді тандаса, әкесі екеуміз сахнада өнер көрсететін кәсіби биші болуына келісеміз. Тойда өнер көрсетуіне қарсымыз.

— Шығармашылықтарыңызға сәттілік, отбасы­ларыңызға амандық тілейміз! Сұхбаттасқандарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here