ТАСБӨГЕТТІҢ «ТАСАРЫҒЫ» — ӘКІМНІҢ «БАС АУРУЫ?..»

0
328

Қаланың іргесіне қоныстанған Тасбөгет кенті күн санап дамып, көріктеніп келеді. Кезінде Сырдария ауданының орталығы болған кентте бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар ауқымы кең. Қай салада болмасын ілгерілеушілік байқалады. Осы орайда кент әкімі Пахуатдин Шамұратовпен атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері төңірегінде сұхбат жүргізген болатынбыз.

— Пахуатдин Сыражадинұлы, санаулы күндерден кейін биылғы жыл тарих қойнауына енеді. Көптеген саяси оқиға­ларға толы болған доңыз жылы несімен есте қалады?

— 2019 жыл Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Тасбөгет кенті үшін өте берекелі, жетістікке толы, есте қаларлық жыл болды. Ең алдымен бұл жыл Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Жастар жылы» болып бекітілгенін жақсы білеміз. Кентіміздің жастары, қай бағытта да өте белсенді. Биыл да өздерінің жігерлілігін, талап­тарын, белсенділігін аса жоғары деңгейде көрсетті. Осы орайда өнер жағынан келер болсақ, С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Шаттық» би тобы биыл қатарынан бірнеше жарысқа қатысып жүлделі орындарды, соңғы қатысқан Халықаралық «Битва талантов» дарынды жастар сайысында бас жүлдені иеленіп қайтты. Спорт саласында да біраз жетістіктерді келтіруге болады. Мәселен, кентте орналасқан №5 облыстық олим­пиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінен де көптеген жастарымыз топ жарып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда төбе көрсетті. Кентіміздің спортқа бейім жастары биылғы қала күні аясында «Қала әкімінің кубогы» үшін өткізілген кіші футбол және баскетбол сайыстарында қос кубокты ұтып алды. Бұл сайыстарға жастардың қатысуына әрине жергілікті билік және жеке кәсіпкер азаматтар тарапынан демеушілік қолдаулар көрсетілді. Мені жастарымыз­дың осынша белсенділігі қатты қуантты.

Жастарымыз саяси-қоғамдық науқан­дардан да тыс қалып жатқан жоқ. 2019 жылы 9 маусымда өткен үлкен тарихи кезең — Қазақстан Республикасы Прези­дентін сайлау науқанында да олардың белсенділігі ерекше байқалды. Бұдан бөлек кәсіпкерлік, ауылшаруашылық бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда өте жоғары көрсеткіштерге ие.

Биылғы жылы кенттің шаңырағы биік, киелі мәдени ошағына айналып отырған Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінің құрылғанына 30 жыл толған мерейтойын атап өттік. Шара барысында мәдениет саласына атсалысып, жана­шырлық танытып жүрген барлық тұлға­лар шақырылып, арнайы марапаттармен марапатталды.

Кентте қандай мәселелер бар?

— Кентіміз соңғы үш-төрт жылда біраз жетістікке қол жеткізді. Қанжығамыз елді қуантар біраз жаңалықтарға толы деуге болады. Енді ел болғаннан кейін кемші­ліктер мен шешімін күткен күрделі мәселелер де болмай тұрмайтыны белгілі. Солардың ішіндегі ең түйткілдісі — біздің бас көшелеріміздің бірі Ш.Есенов көше­сінің соңындағы бұрындары техникалық училище мен жатақханасының ғимараты болып, кейіннен тұрғындарға паналау үшін берілген көпқабатты 3 үйдің мәсе­лесі. Ғимараттардың сыртқы келбеті де техникалық жағдайы да сын көтермейтін ахуалда тұрғанымен оларды «апатты жағдайдағы» нысандар қатарына енгізу мүмкін болмай келді. Себебі, кез-келген құрылыстың өзіндік эксплуатациялық мерзімі, ескерілуі керек критерийлері болады. Ал, кешегі күнге дейін нысан­дарды 4-5 рет тексеруден өткізіп көрген тиісті мамандардың айтуынша, бұл ғимараттар бұздыруға кету үшін аталған критерийлерге жауап бермейді, яғни «сүрілуге» еш келмейтін көрінеді. Осы ретте, біз кенттен сайланған депуттары­мызбен бірлесіп лицензиялы тексеруші мекемелерге тағы да өтінішпен шығып, ғимаратты толықтай зерттеттік. Нәти­жесінде биыл әзер дегенде осы үйлердің екеуін, яғни Ш.Есенов көшесі №20 және №22 көпқабатты үйді «апатты жағдайдағы үйлер» қатарына енгіздіріп, қорытынды шығартып алдық. Енді осы үйлерден №18 үй ғана қалып отыр. Оның да мәселесі жуық арада шешіліп қалады деген үміттеміз. Бұдан өзге әлі шешілмей келе жатқан мәселелер баршылық. Мысалы, кенттің аяқ шенінде тұратын тұрғындар тара­пынан жол, жарық мәселелері жиі қозғалады. Бұлардың басым көпшілігі кенттің жаңадан қалыптасқан аймақ­тарындағы көшелер. Кентте жалпы ұзындығы 74,2 шақы­рымды құрайтын 54  көше болса, бүгінгі күні барлығы 43 шақырымды құрайтын  35 көшеге асфальт және 8 шақырым көшеге тас төселген. Бұл кенттегі барлық көше­лердің жалпы ұзындығының 58 пайызын құрайды. Үстіміздегі жылы жалпы құны 523, 4 млн. теңге болатын 16 көшеге орташа жол жөндеу жүргізу үшін облысқа бюджеттік өтінім тапсырылып, нәтижесінде биыл 4 көшеге   қаржы бөлініп, жөндеуден өткі­зілсе, 1 көше ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қалған көшелеріміздің жөндеу жұмыстары да қаржының бөлінісіне қарай рет-ретімен жүзеге асырылатын болады. Аталған жоспардағы жұмыстар ішінде кенттің шет аймағындағы көше­лердің де жөнделуі қарастырылған. 2018 жылы 5 көшеге жаңадан көше жарығын жүргізуге 92 млн. 600 мың теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті қалалық бөлімдер мен облыстық басқармаларға бюджеттік өтінімдер тапсырылған. Нәтижесінде Тәуелсіздік көшесіне ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 21,914 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 2019 жылдың І тоқ­санында кент әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару шотынан кенттегі 3 көшеге, ІІ тоқсанда 1 жарықшамдар орнатылды.

Осы орайда «Тасарық» мәселесіне ойыссақ. Осы шағын аудан тұргындарының қазіргі жай-күйі қалай?

— Кенттегі Тасарық мөлтек ауданын­дағы екі қабатты үйлер жайлы тұрғындар тарапынан көп сауалдар қойылып, жиі сөз қозғалады. Ондағы айтылатын сөз — кеңес дәуірінде салынған бұл үйлердің тозығы жеткендігі және қашан осы үйлердің бұзы­лып, тұрғындарына жаңа үйлер берілетіндігі болып тұр. Біз әрбір тұр­ғынды жеке де, ұжым болып та қабыл­дағанда, төмендегідей жайды түсіндіріп отырамыз.

Көпқабатты үйлердің апатты жағдайда деп танылып, бұзылуының да өзінің заңдылығы, өз реттілігі бар. Соңғы 3-4 жыл көлемінде кенттегі көпқабатты және барақ типтес үйлерді қосқанда 20 үйдің «апаттық жағдайда» екені дәлелденіп, соның 17-і бұзылған. Нақты уақытта Тасарық мөлтек ауданындағы №6, №7 және Наурыз мөлтек ауданындағы №24 үйлердің құжаттары толық дайын болды, жақын уақыттардың бірінде олар да бұзылатын болады.

Кентке қарасты «Наурыз» және «Тасарық» мөлтек аудандарындағы бұрын бұзылған үйлердің барлық жағдайында тұрғындар өздері бастама көтеріп, мемлекеттік лицензиясы бар, ақылы түрде қызмет көрсететін тәуелсіз эксперттер жалдап, үйдің техникалық жағдайын түбегейлі тексертті, Сол уақытта эксперт­тер ол үйлерді «апаттық жағдайда» деп танығаннан соң ғана үй тұрғындары тиісті құжаттарын әзірлеп, қала аумағынан салынған жаңа көпқабатты үйлерге кезек­ке тұрып, кезегі бойынша пәтер алғаннан кейін ғана бұзылғаны белгілі. Байқап отырғандарыңыздай, бұл ұзақ уақыт алады. Сондай-ақ тұрғындар мен жеке­меншік тәуелсіз сарапшылар арасында жүзеге асатын жұмыс. Сондықтан, Тасарық мөлтек ауданындағы қалған барлық үйлер тұрғындары осы үйлерге жауапты пәтер иелері кооперативімен (КСК) бірлескен жұмыстар жүргізуде табандылық таныту керек.

— Кентте әлеуметтік саланың әлеуеті қалай?

Кентімізде аталмыш салада атқа­рылған жұмыстар ауқымы кең.Нақтылап өтсем, 2018 жылдың соңында кентімізде жұмыссыздар саны 113 болса, соңғы тоғыз айлық көрсеткіш бойынша оның көрсет­кіші 97 адамды құрайды. Яғни, былтыр­ғымен салыстырғанда жұмыссыз адамдар қатары 86 пайызға азайды. Жалпы жыл басынан бері Тасбөгет кенті бойынша 114 отбасындағы 414 адамға 2,14 млн. теңге көлемінде тұрғын үй жәрдемақысы төленді.

Кент бойынша барлығы 960 мүгедек жан болса, олардың 260-ы түрлі әлеу­меттік қызметтер көрсетілетін 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Қазіргі таңда кент әкімдігінің әлеуметтік қызметкерлері әлеуметтік көмек көрсетуді қажет ететін 47 бала мен 4 жалғыз басты қарт кісіге үйлерінде тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Негізінен кент бойынша 1 қарашаға 1950 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келеді.

— Кентте мәдениет және спорт саласында атқарылған жұмыстар жайында айтып өтсеңіз?

— Мәдениет саласына келер болсам, кент­те жалғыз мәдениет үйі жұмыс жасай­ды. С.Майқанова атындағы осы мәдениет үйінде бүгінде 7 үйірме, 22 қызметкер халыққа қызмет жасап келеді. Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, 2019 жылдың 10 айында 54 мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға барлығы 8490 адам қатысты.

Ақпан айында С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде кент ардагерлерінің қоғам­дағы ролін арттыру мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев мен қалалық арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбі­шев­тің қатысуымен кент ардагер­лерінің жаңа форматтағы жиналысы өткізіліп, кенттегі өзекті мәселелер талқыланды.

Кент жастары өнер саласында көпте­ген белестерді бағындырып келеді. Атап өтсем, биылғы жастар жылына орай кент әкімдігінің қолдауымен кент жастарынан құралған «Тасбөгет» әзілкештер коман­дасы Тұрсынбек Қабатовтың «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасының 2019 жылғы маусымына қатысып, әзіл додасында бақтарын сынауда.

С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Шаттық» би үйірмесі соңғы екі жыл көлемінде бірың­ғай жүлделі орындарды иеленіп жүр. Биылғы жылдың І тоқсанының өзінде Алматы және Шымкент қалаларында өткен шығармашылық жанрдағы респуб­ликалық және халықаралық 3 бірдей байқауға қатысып, бас жүлдемен оралды.

Сәуір айында кент әкімдігінің қолдауымен өмірден озған жас футболшы Алмат Арманұлын еске алуға арналған кенттегі «Neet» санатындағы жұмыссыз жастардың арасында кіші футболдан турнир өткізілді. Теңбіл доп сайысына тасбөгеттік жастардан 16 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Сол сияқты 2019 жылдың 4 қазан күні Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі және «Ашық Азаматтық Қоғам» ақпа­раттық — ресурстық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жастар жылына орай мәдени — көпшілік және спорттық шаралар ұйымдастыру» әлеу­меттік маңызы бар жобасы аясында «Сейхун» спорт кешені базасында футбол сайысы, ал облыстық жастар орталығы базасында баскетбол сайысы ұйым­дастырылды. Сайысқа Тасбөгет кенті, Қызылжарма, Қарауылтөбе, Досан ауылы, Қызылөзек ауылдық округтері және қала жастары қатысты. Ойын өте тартысты, әрі қызықты өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша Тасбөгет кентінің құрама командасы екі сайыста да 1-орынды иеленіп, арнайы дипломмен, алғыс хаттармен марапатталды.

— Президентіміздің Жолдауынан туын­дайтын міндеттердің жүзеге асыруда тас­бөгеттіктердің белсенділігі жоғары. Қай салада да ілгерілеушілік байқалады. Осы тұрғыда білім саласында қандай мәселелер бар?

Кентіміз бойынша 2019-2020 оқу жылында 4 орта мектепте барлығы 5559 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі білім беретін 3 мемлекеттік және 6 жеке балабақшада 3 пен 6 жас аралығындағы 935 бүлдіршінге тәлім-тәрбие берілуде. 2018-2019 оқу жылында кенттегі 4 мектепті 148 оқушы бітірді.

Жалпы 2019-2020 оқу жылында 1 сы­ныпқа 703  оқушы қабылданды. Жаңа оқу жылы қарсаңызды № 176 орта мек­теп­тің сыртқы әжетханасы қайта салы­нып,  ішкі жылу жүйесі жөндеуден өткізілді.

Сол сияқты «Күнекей» балабақша­сының жылу жүйесін газге ауыстырудың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізуге қала бюджетінен 2,6 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс жасалуда.

Негізінен білім саласы бойынша осы сынды көптеген жұмыстар атқарылды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

— Кентте кәсіпкерлерге қолдау қандай?

— Жалпы кентте 2019 жылдың 1 қара­шасына дейін жаңадан 59 жеке кәсіпкер тіркеліп, кәсіпкерлер саны 622-ге жетіп  отыр.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша кентте 2018 жылы 50 жоба мақұлданса, 2019 жылдың басынан бері кент тұрғындарынан 58 жобаның құжаты қабылданып, жалпы құны 67,7 млн теңге құрайтын 14 жоба қолдау тауып отыр. Бүгінде кәсіпкерлер тиісті қаржыларын алып, кәсіптерін жүргізуде.

Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында кенттегі 29 жасқа дейінгі жастардан 4 жоба өңірлік инвестициялық орталыққа ұсынылып, оның 5,0 млн теңге құрайтын 2 жобасы қолдау тауып, қаржыландырылды.

Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің 2018-2020 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағытын­дағы жоспарына сәйкес, Тасбөгет кенті бойынша жыл басынан бері 20 жоба 7,322 млн теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болды.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағ­дарламасы және жеке кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында жыл басынан бері жаңадан жұмыс бастаушы 46 азамат  «Бизнес- Кеңесші» оқу курсын, 1 азамат «Бизнес- Бастау» курсын оқыды.

— Кенттегі көркейту-көгалдандыру көңілдегідей ме?

Кенттің тазалығын қамтамасыз ету үшін 2019 жылға қалалық бюджеттен бөлінген 27 млн. 339  мың теңгеге жария­ланған конкурс нәтижесімен «Қызылорда тазалығы» ЖШС мердігер мекемесі жеңімпаз атанып, қазіргі таңда тиісті жұмыстарын атқаруда.

Кенттің санитарлық-тазалығын жетіл­діру мақсатында кент әкімдігінің өзін-өзі басқару шоты есебінен 3 млн. 88 мың теңге қаржы қарастырылып, кенттегі  «Наурыз» және «Тасарық» шағын аудан­дарында жаңадан 10 контейнерлік қоқыс алаңы дайындалып, 40 дана заманауи үлгі­дегі қоқыс жәшіктері орналастырылды.

Көктемгі және күзгі тазалық екі айлығына кентте орналасқан барлық мекеме, ұйым, кәсіпкерлік өкілдерімен бірлесіп, тазалық көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, әкімдік мамандары жыл басынан бері аптасына екі рет жергі­лікті полиция және қоғамдық ұйым­дар өкілдерімен бірлесіп, күндізгі және түнгі рейд шараларын ұйымдастырып келеді. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Бұл тұрғыда 9 ай ішінде көшелер мен аула­ларды ластаушы азаматтардың ісі бойын­ша 79 хаттама толтырылып, материал­дары сотқа жолданған. Оның ішінде 36 азамат­қа ескерту берілген.

Алдағы жыл еншісінде атқарылар жұмыс жоспарымен таныстырсаңыз?

— Енді қай ауқымды жұмыстың болмасын іске асуы қаражат пен уақытты талап ететіні баршаға аян. Дегенмен де қаржы мәселесінің шешімі табылып, алдағы жылға жоспарлап отырған бірқа­тар жұмыстармен таныстыра кетейін.

Сұхбат барысында айтылып өткен кенттің аяқ шеніндегі көшелерді жарық­тандыруға бөлінген қаржының бір бөлігі алдағы 2020 жылы беріліп, тағы 4 көше жарықтандырылмақ. Одан басқа Т.Батыршаев, А.Әбдібаев, Ж.Бәкішев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз.

Шет аймақтағы көшелерге электр жарығы желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Кенттің аумағындағы жаңа қорым жұмыстарына (жерін тегістеу, т.б.) 100 млн. теңгеден астам қаржы сұратып отыр­ғанбыз. Соған орай 2020 жылы осы жоба­ның бастапқы сатыларын жүзеге асыруға сұратылған қаражаттың бір бөлігі беріледі деп күті­луде. Бұл алда атқарылатын жұмыс­тардың ең негізгілері ғана. Қалған жұмыстарды қаржы мүмкіндіктеріне қарай рет-ретімен халықпен бірлесіп ақылдасып, шеше береміз деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сұхбаттасқан Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here