QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Мәдениеттен хабардарсыз ба?

Автор:QAA.kz

Дек 20, 2019

Қызылорда қаласының тұрғындары мәдени шараларға қаншалықты қатысып, сұранысқа сай концерттік бағдарлама­ларға қай деңгейде куә болуда?! Ұлттық құндылықтар сақталған ортада төл өнеріміз өз биігінде ме және жастар үшін пайдалы қандай шаралар ұйымдасты­рылды?! Иә, бұл бүгінгінің мәдениетіне қатысты жолданар сауалдардың санаулысы тармағы ғана.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов міндетіне сай орындаған жұмыс­тар тізімін баяндады. Баспасөз орталы­ғында қала мәдениеті мен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы ауқымды жобаларын атап өтті.

Есжановтың есебіне сенсек, биылғы шаралардың басым көпшілігі Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласында айтылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар, 2019 жылы Елба­сының «Жастар жылы» деп жария­лауына орай, жаңашыл жастардың қаты­суымен жаңа қарқындағы жобалар  атқарылған. 

Биыл ұйымдастырылған шаралардың басты мақсаттары – дәстүрлерімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге және өнерімізді өрістетуге негізделген. Сондай-ақ, талантты өрен­дер­дің өнеріне қолдау білдіру арқылы, шығармашылық қабілеттерін шыңдау­ларына мүмкіндік беруді көздейді.

Сөзімізге дәлел болсын, ауқымды жобалардың негізгілерін біз де тілге тиек етейік. Салт-дәстүрлерімізді насихаттап, отбасы құндылықтарын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру, ене мен келін арасындағы сыйластықты дәріптеу мақсатында «Ізет. Иба. Парасат» атауымен өткен қалалық байқау әсерлі жобалардың бірі болған. Үлгілі отбасылардың мүшелері қатысқан сайысқа қызығушылық танытқан көп­шілік көп көрінеді. 

Ауыз толтырып айтарлықтай кезекті шаралардың бірқатары — мектеп оқушы­лары арасында жыраулар поэзиясын жатқа айтудан өткен сайыс пен «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық жас шешендер қатысқан байқау. Төл өнерімізді бүгінгі жастар арасында жиі насихаттап, кейінгі ұрпаққа аманат етуді мақсат еткен осы сарындағы жобалар маңызды әрі ауқымды болып саналары айқын.

Сонымен қатар, Жастар жылына орай «А.С.Пушкин» атындағы қалалық кітап­ханада қосымша «Коворкинг» орталығы және Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Жастар орталығы» жаңа ғимаратында кітапхана ашылды. Бұл өз кезегінде жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын, іскерлік семинарларды, дәрістер мен тренингтерді өткізу бағы­тында жаңа мүмкіндіктер екені даусыз.

Бөлімнің кезекті міндеттерінің бірі — қала әкімдігіне қарасты мекемелердің құжат айналымдарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын мониторинг жүргізу. 2018 жылы мемлекеттік тілде шығысталған құжат айналымы 100 пайызды құраса, 2019 жылы да жоғары көрсеткіш тиесілі болған. Осы бағытта қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 40-қа жуықәртүрлі іс-шаралар өткізілсе, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес қала көлемінде 21 шара ұйымдастырылған. 

Бөлім басшысы осы жылғы кең көлемде өткізілген мейрамдардың бірі ретінде қала күнін ерекше атап өтті. Мәде­ниет бөлімі аталмыш мереке аясында бір­шама ауқымды жобаларды жүзеге асы­рып, бір айлық шараларды гала концерт­пен тәмамды. Биылғы жылдың ерекшелігі кала күніне арналған іс-шара­лар 11 қыр­күйек пен 12 қазан аралығында аталып өтті. Концерт барысында  «Алтын Дән – 2019» үздіктері мен спорт саласын­да же­тіс­тікке жеткен жеңімпаздар және Қызылорда қаласының «Құрметті азама­ты» атағына ие болған тұлғалар марапат­талып, мерекелік отшашумен жалғасын тапқан.

Сондай-ақ, баспасөз жиыны бары­сында мәдениет және тілдерді дамыту басшысы алдағы жоспарларымен бөлісіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған қосымша сауалдарға жауап берді.

Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Есжанов:

— «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз баға берген Қызылорда өңірі ғасырлар бойы қалыптасып келген қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі. Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, насихаттау біздің басты мақсатымыз. Биыл қала көлемінде барлығы 675 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 133 844 көрермен қам­тылды. Оның 438 мәдени шарасы қалаға қарасты ауылдарда ұйымдастырылып, оған 50 984 көрермен қатысты. Жыл басынан бері айтып өткендей біршама ауқымды шаралар ұйымдастырылды, алайда жыл аяғына дейін де бірқатар жобаларымыз бар. Орталық алаңда орналасқан Жаңа жылдық шырша жағу рәсімі және 31 желтоқсан күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік кеш ұйымдастырылады. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Конституция­сының 25 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, әлемге әйгілі ғалым, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында түрлі шаралар ұйымдасты­рылатын болады. Сонымен қатар, өнер фестивалі, шығармашылық кештер, кон­церттік бағдарламалар және  мемлекеттік мерекелерге және даталы күндерге арналған шаралар өткізілетін болады.

Айта кетейік, мәдениет саласы жас­тардың бос уақытын тиімді өткізіп, жас өнерпаздарды үлкен сахнаға дайындау және қолдауды басты назарда ұстауда. Ол үшін қала орталығындағы және кент, ауылдық округтердегі клубтар мен мәде­ниет үйлері жанынан барлығы 86 үйірме жұмыс жасауда. Бүгінде үйірмелерге қатысушылардың саны 1000-нан асқан.Қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде және елді мекендерде орналас­қан мәдениет үйлеріндегі 53 үйірмеге барлығы 681 қатысушы тіркелген.

Өнерпаздар жыл басынан бері 49 түрлі деңгейдегі байқауға қатысқан. Олардың 16-халықаралық, 38-республикалық, 24-облыстық, 76-қалалықбайқаулардың жүлдегері атанды. Болашақта еліміздің мәдениет саласының дамуы жолында еңбек ететін жастарға бүгіннен жағдай жасалса, нәтиже болары айқын. Осы мақсатты негізге алып, жиын соңында мәдениет бөлімінің басшысы «Біздің міндет — шынайы таланттыларға қолдау білдіру,- деп сөзін түйіндеді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *