Бір үміт, көп күмән болған зауыт

0
463

2015 жылдың көктемінде Сыр еліндегі серпінді жобалардың бірегейі саналатын шыны зауытының құрылысы қарқын алғаны белгілі. Сол кездегі жоспарға сәйкес аталмыш алпауыт зауыт құрылысы 2017 жылға қарай толық аяқталып, «Экспо» көрмесіне арнайы шыны өнімдерін шығаруды көздеген болатын. Бірақ… Содан бері бес жылға таяу уақыт өтсе де әлі күнге құрылысы созбалаңға салынған сақалды зауыттың қашан іске қосылатынын дөп басып айту қиын болып тұр.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші бұл зауыт құрылысы жайында баспасөз беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Үмітінен күдігі басым бола түскен бұл жобаны «әне-міне аяқталады» деумен күн артынан күн, ай артынан ай сырғып өтуде. Негізсіз ақпарат беруден тиісті құрылыс мекемесі де шаршаған емес.

Жыл сайын зауыттың ашылуын сөз күйінде ғана тамашалап, құр қиялға беріліп жүрген қызылордалықтардың үміті де жоқ емес. Әйтеуір бір ашылар деген сенім бар көңілде.

Әу бастан-ақ атышулы құрылысқа айналған шыны зауытының бастамасы жемқорлықпен басталғанынан қалың қауым хабардар болар. Қаралған қаржыны жымқырды деген күдікпен бірнеше атқамінерлерге айып тағылып, қамауға алынғаны белгілі. Сонда да алпауыт жоба аяқсыз қалмай, құрылысын әупірімдеп жүріп жалғастырып келеді.

Сәт сайын құрылыс басына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарға бақылау жүргізетін жергілікті биліктің атқарылған істің нәтижесіне берер бағасы да әр кезде әрқилы. Әрбір бақылау кезінде құрылыс жұмыстарының толық аяқталып, пайдалануға берілтін күні де өзгеріп отырады. Нақты бір шешім әлі күнге айтылған емес. Әр барған сәттерде әйтеуір бір көңіл тоғайтатыны құрылыстың тұралап қалмай, әрі қарай жалғасып жатқанына куә боламыз.

Сондай сәттің бірі журналистер қауымының қатысуымен жүргізілген рейд жұмыстары да зауыт құрылысының сапасын саралауға бағытталды. Әдеттегідей құрылыс басына аялдап, ондағы атқарылған жұмыстар барысына қанығуды мақсат тұтқан бұл жолғы рейдтен қалам ұстаған қауымның жақсы нәтиже күте қоймағаны ащы да болса шындық. Талай мәрте табанын тоздырған зауыт құрылысынан бүгін-ертең пайдалануға беріледі деген нақты шешімді ешкімнің де күте қоймағаны белгілі. Айтқандай-ақ бұл жолы да  зауыттың нақты берілетін күні алдыңғысынан тағы өзгеріп сала берді.

Алдағы 2020 жылдың шілде айында пайдалануға берілетінін айтқан құрылыс басындағылардың сөзіне ешкім таңырқай да қойған жоқ. Бұл бәріне әдеттегідей үйреншікті жәйт сынды көрінгендей. Әйтеуір бір пайдалануға берілер деген шүкіршілік қана бар.

Десе де құрылыс басындағы жұмыстардың тұралап қалмағандығы анық байқалады. Сол кездегі облыс әкімі Көшербаев қазығын қаққан бұл зауытты пайдалануға беруге бүгінгі әкім Ысқақовтың ықыласы зор екені аңғарылып тұрды.

Жалпы қаржысы 52 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнының жылдық өнімінің қуаты 197,1 тонна. Бұл зауыт еліміз ғана емес, Азия мемлекеттері арасындағы бірегей жоба саналады. Құрылыс жұмыстарына 11 мердігер компания атсалысуда екен. Онда барлығы 219 жұмысшы жұмылдырылуда. Зауыт өз қуатында толыққанды жұмыс жасаған күнде 160 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады деп күтіліп отыр.

Құрылыстың бас мердігері ретінде «Чайна Триумф Интернешнл Инжиниринг» қытайлық трансұлттық компаниясы тартылған. Әлемдік тәжірибесі мол бұл мердігер компанияның зауытты өз деңгейінде салып шығуына сенім зор. Тек алдыңғыдай бөлінген қаржы ұстағанның қолында кетпесе болғаны.

Өндіріс орны АҚШ, Қытай, Италия, Финляндия сынды елдердің заманауи құрылғыларымен жабдықталған соңғы үлгідегі бірегей зауыт болады деп күтілуде. Бүгінде тиісті жабдықтардың алды жеткізіліп құрастырылуда екен. Құрылысқа қажетті заттардың 97 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан алынған. Бұған қоса зауытқа қажетті қоспалар жергілікті жерден өндіріп алынуда. Зауыт толыққанды іске қосылса өндірілген өнімнің 50 пайызы шетелге экспортталады деп жоспарлануда.

Жалпы аумағы 50 га жер болатын зауыт аумағын­да жұмысшыларға арналған 500 орындық вахталық қалашық болады. Оның ішінде 25 вагоннан тұратын қалашықтың 18 вагоны жұмысшыларға тұрғын үй есе­бінде пайдаланылмақшы. Ал дайын өнім қоймасының ұзындығы 300 метр , ені 150 метрді құрайды екен.

Бүгінде аумағы 4 футбол алаңына тең келетін зауытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық қон­дырғылар рет-ретімен құрастырылып, орналас­тырылуда. Тіпті өнім дайындайтын робот аппараттар да құрастырылып, іске қосылатын болады. Сонымен қатар зауытқа техникалық білімі жоғары және ағылшын тілін жетік білетін мамандар жұмысқа қабылдануда. Осындай 160 маман іріктеп, келер жылы Қытайдағы «Чайна Триумф» зауыттарына біліктіліктерін арттыруға жіберу көзделуде. Мердігер мекеме басшылығы бізге осыны мәлімдеді.

Осы орайда әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дәл осындай шыны зауыты Дағыстан қаласында салынып, жұмыс жасауда. Бұл зауыт біздің өңірде салынып жатқан өндіріс орнымен ұқсас келеді. Аталмыш зауыттің біздің зауыттан еш айырмашылығы жоқ. Бұл екі зауыттың салыну жобасы, жабдықтары мен жылдық өнім өндіру қуаты  да бірдей. Дағыстанда бұл зауыт ертеректе 1922 жылы пайдалануға берілген. Осы күнге дейін жұмыс жасап келе жатқан өндіріс орны да алғашқыда бірнеше мәрте тоқырауға ұшырағаны жайында жергілікті баспасөз беттерінде аз жазылмаған. Қазірдің өзінде де бұл зауыт қаржылық қиындықтарға тап болып отырғанға ұқсайды. Оған себеп, банктен алынған несиені көлемі ұлғайып, қарыздарын қайтара алмауда екен. Десе де зауытта жұмысшылар санын қысқарту, жалақының кешеуілдеуі секілді келеңсіздіктер әзірге орын ала қоймаған. Алайда жергілікті билік пен зауыт басшылығы бұл қиындықтан шығатын тетіктерді қарастыруда.

Біздің өңірде әлі де құрылысы бітпей, жыры көбейіп тұрған зауыттың алғашқы күндерден бастап даудың астында қалғаны көпшілікке мәлім. Әлі күнге созбалаңға салынып келе жатқан өндіріс орнының болашағынан өңір халқы зор үміт күтіп отырғаны да жасырын емес. Олай дейтініміз, зауыт толыққанды іске қосылса екі қолға бір күрек іздеген талай жанға жұмыс табылатыны сөзсіз.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here