QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Марапаттар жауған, желтоқсаншылар мадақтаусыз қалған күн

Автор:QAA.kz

Дек 19, 2019

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы табалдырықтан аттады. Жиырма сегіз жыл бұрын тура 16 желтоқсан күні ел ертеңі үшін шырылдаған жастардың Алматыдағы орталық алаңға жиналып, ұлт болашағы үшін ұрандаған тарихи сәті жадымызда мәңгі сақталады. Жыл сайын тура осы күні елі үшін жанын пида еткен боздақтарымызды еске алып,  мерекені жоғары деңгейде атап өтіп келеміз. Ел ертеңіне тарихи өзгерістер алып келген сол желтоқсан оқиғасы бүгінгі ұрпаққа еңселі егемендігімізді мұра етіп қалдырып кетті.

Биыл сол қасірет жауған желтоқсан оқиғасының орын алғанына 28 жыл да болыпты. Елім үшін деп еңіреген талай қазақ жастарының қаны судай төгілген күнді жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың бүгінде толғаныспен еске алатыны сөзсіз. Кешегі Қайрат пен Ләззаттың қадамын ерлік­ке санап, бүгінгі ұрпақтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады.

Биылғы мереке республика көлемінде өз деңгейінде атап өтілді. Жылдағы дәстүрге сай түрлі жиындар, мере­келік концерттер, желтоқсан оқиғаcынан қалған естелік әңгімелер арқау болған кештер, еске алу шаралары болып жатты. Бұл жолғы мерекенің ең бір ерекшелігі сол – ел билігі тарапынан осы күні мерекелік марапаттар қарша жауған сәт болды.

Халықтың арасында жүріп елі үшін аянбай еңбек еткен лауазымды тұрғалармен қатар еңбек адамдары да марапаттан құр қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алған жандардың әрбірінің жүзінен қуаныштың табы сезіліп тұрды.

Соңғы кездері қандай да бір мереке жақындаған тұста әлдебір марапат күтіп, жоғары жаққа мойнымызды созатын жағдайға жеткендейміз. Халқы үшін еткен қалтқысыз қызметі бағаланып, марапат берілуі әсте әбестік емес. Десе де сол марапатқа аса құмартып бара жатқандығымыз ащы да болса шындық. 

Негізінен жоғарыда айтқанымыздай лауазымды тұлғалармен қатар қарапайым щаруа адамдарына дейін марапатқа малынған бұл күні сол адамдардың арасында өзіне берілген атаққа лайық жандар жоқ деп айта алмаймыз. Олардың арасында өз еңбек жолында ел ертеңі үшін титтей де болса ықпалын тигізіп жүрген азаматтар қарасы аз емес.

Жалпы биылғы жылдың ең жоғары марапаты, жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның еңбек ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін бұлбұл үнді әнші Роза Рымбаева мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке табыс етілді.

Бұған қоса мерекеге арналған салтанатты марапаттау рәсімінде «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», І, ІІ және ІІІ-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен елімізге белгілі бірқатар азаматтар марапатталды. Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» дәрежесі ғылым және мәдениет саласының 36 майталманына берілді. Олардың қатарында әншілер Д.Құдайберген мен Т.Асар, ғалым А.Жұмаділдаев және басқалары бар.

Марапат жауған күн мұнымен толастаған жоқ. Келесі кезекте «Парасат» орденімен ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен өндірістік сала өкілдері марапатталса, ІІ дәрежелі «Достық» және «Құрмет» ордендері бір топ азаматтарға берілді. Соның ішінде «Құрмет» ордені өңіріміз бойынша «Еңбек-Жер» ЖШС директоры Ш.Ысқақовқа табысталғанын ерекше атап өтуге болады.

Сол сияқты өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауылшарушылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін иеленсе, әскери қызметін үлгілі атқарғаны, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен ұлттық қауіпсіздікті сақтауға қосқан үлесі үшін І, ІІ дәрежелі «Даңқ» және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.

Бұл күні марапаттау сәтінде біздің өңірден де жоғары сенімге ие болып, марапатқа бөленген жандар қарасы аз болмады. Өңірімізден Қызылорда облысының бұрынғы әкімі, қазіргі Қазақстан Респуликасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Шынтуайтына келгенде, облыс басқаруда көптеген бастамалардың ұйытқысы болған азаматтың бұл атағы лайықты берілген баға деп айтуға толық негіз бар. Облыс басқарған тұсында өңірдің дамуына өзіндік ықпалы болғаны өзідігінен көрініп-ақ тұр. Дәл осындай марапатқа режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір, еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев та ие болды.

Бұл күні жалпы бас-аяғы 11 атақ бойынша еліміздің қай саласында болмасын елеулі еңбек сіңіріп жүрген азаматтар жоғары марапаттарға қол жеткізді.

Осылайша биылғы жыл елді ерекше елең еткізгені сол беделі биік азаматтармен бірге қарапайым шаруа адамдары да жоғары мәртебелі марапаттарды кеудесіне тағып, бір марқайып қалды. Мемлекет басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, тілдесіп, игі тілегін тыңдады. Жұртшылық үшін бұл күтпеген жағдай болды. Халық қарапайым шаруалардың еңбегін ескеріп, тиісті марапаттаулар беріліп жатқандығын бірауыздан қолдап жатты. Бірақ…

Бұл жылы тәуелсіздік таңын жақындатқан желтоқсан­шыларымыздың тасада қалып қойғанын көпшілік елемей қалмады. Ия, ел егемендігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен Желтоқсан оқиғасының нағыз қаһармандарына абыройы асқақ марапат емес, алғысқа толы бір тілім қағаз бергенде де ешкімнің ештеңесі кетпес еді деген ой келеді осы тұста. Жалпы бұл күні желтоқсан оқиғасын көзбен көрген жандарды жоғары көтеріп, оларға қандай марапат берсек те артық етпес еді. Бірақ ол жағын ойлап, елеп-ескерген ешбір жан болмаған секілді…

Ел мерейін асырған мерекелік марапаттардың қатарында бірнеше желтоқсаншы қаһармандарымыздың аты аталып, кеуделеріне төсбелгі таққанда нұр үстіне нұр болар еді, сөз жоқ. Сол қасірет толы желтоқсан оқиғасында бет қаратпайтын аязға қарамастан ел ертеңі үшін шырылдаған сол кездегі өр мінезді жастардың еңбегі бүгінде еш қалғаны ма деп қынжыламыз.

Қалай дегенде де мерекелік марапатқа толы сәт жоғарыда айтып өткеніміздей жоғары қарқында көрініс алды. Алайда биылғы мереке  желтоқсаншыларымыз үшін марапатсыз, мадақтаусыз өтті. Марапатталған барлық жандардың қуанышына ортақпыз әрине. Десек те осы тұста ендігі жерде желтоқсан оқиғасына қатысқан өр тұлғалы азаматтарды да ескерусіз қалдырмасақ екен деген ой айтқымыз келеді.

Е.ТАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *