Қызылордада мектептер саны көбейеді

0
700

Қала көлеміндегі білім ордалары заман талабына сай жаңарып, жаңа әдістемелер негізінде білім беру жүйесіне көшкелі оқу жүйесіндегі жетістіктер аз емес. Ұлағатты ұстаздардың біліктілік деңгейлері мен оқушылардың үлгерімдері әр кез қалалық білім бөлімінің назарында.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова бүгінге дейінгі білім саласындағы ілгерілеу мен нәтижелерді, жаңалықтар мен жоспарларды бұқаралық ақпарат құралдары алдында түйіндеді. Сондай-ақ, оқушыға білім берудің жаңа үлгілері мен меңгертудің оңтайлы әрі пайдалы тәсілдерін игерген қала мектептеріндегі жақсы нәтижелермен де бөлісті.

Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты барлық іргелі оқу орындарында 85 мыңға жуық бала білім нәрімен сусындауда. Нақтырағы, мектепке дейінгі 240 балабақшада 19853 бүлдіршін тәрбиеленсе, 54 жалпы орта білім беру ұйымдарында 63375 оқушы тәлім алуда.

  Мәртебелі мамандық иесі атанған мұғалімдер қашан да зор құрметпен жоғары қолдауға лайық. Мемлекет тарапынан ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім мен тәлімді тәрбиені меңгерту жолын мақсат еткен ұстаздарға қолдау білдірілуде. Мәселен,  әлеуметтік жағдайлары мен біліктіліктерін арттыру және жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылданып келеді.

Осыған орай, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін 97 пайыз педагогтың жалақысы 30 пайызға артқан. Сонымен қатар, педагог кадрларды аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізіліп, нәтижесінде 1003 — педагог-модератор, 1138-педагог-сарапшы, 1184-педагог-зерттеуші, 13 — педагог-шебер біліктілік санаттарын растады. Аталған мұғалімдердің лауазымдық жалақысына қосымша 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы төленуде.

2019 жылдың 1 маусымынан бастап 6337 педагогтың және 2123 техникалық қызметкелер­дің айлық жалақысы 30 пайызға артты. Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес, алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады деп күтілуде. Бұл қолдаудың өзі жас ұрпаққа әріп үйреткен ұстаздардың ерең еңбектерін ескерудің және бағалаудың бір қадамы деп ой қорытуға әбден болады.

Әкімдіктің баспасөз орталығында өткен жиын барысында бөлім басшысы кейбір шешімін табуы тиіс мәселелерге де тоқталды. “Әрине, оқушы санының көптігі қуантады. Ол білім сапасының төмендеуіне әсер етпейді ме, соған сәйкес білім ошақтарының санын арттыруды көздемейсіздер ме?” деген көпшіліктің көкейіндегі сауалға да жауап берді. 

Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы М. Әбдіқалықова:

— Осы мәселе қаладағы №2 мектепке бай­ланысты көп көтеріледі. Аталмыш мектептің жақын маңынан білім ордаларын көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар, білім туралы заңдылыққа сәйкес, ата-аналар өздері қалаған мектептерге балаларын оқытуға құқылы. Демографиялық жағынан қарасақ, бала санының көптігі қуантарлық жағдай. Сапалы білімді игерту мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Сол үшін ұстаздардың біліктіліктерін арттыруға байланысты тиісті шаралар уақытылы жүзеге асырылуда. Біз оқушы санына орай жасаған мониторинг жұмыстарының нәтижесінде сапалық деңгейлері бірдей болғанын байқадық. Яғни, білім сапасы әрқашан біздің қадағалауымызда. Мектептердің талапқа сәйкес болуы үшін жұмыстар жасалып жатыр. Қала орталығында және шет аймақтарда, елді мекендерге оқу орындарын салу жоспарлары бар.

Білім бөлімінің басшысы сауалды толықтыра келе, аталған мәселеге сәйкес қаламызда білім беру нысандарының саны еселеп артып келе жатқанын да тілге тиек етті.

Мәселен, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында №198 орта мек­тебі жанынан 200 орындық және №261 орта мек­теп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттар салынып, алдағы жылдың қазан айында пайда­лануға берілді деп күтілуде екен. Биылғы жылы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 320 орындық балабақша өз жұмысын бастаса, «Ақсуат» ауылдық округінде орналасқан 120 орындық бала­бақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілетін болады. Мұнан бөлек, жыл аяғына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, «Саяхат» мөлтек ауданынан 300 орындық мектеп, Қызылорда-Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық мектеп құрылыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылған.

Сонымен қатар, СПМК және Арай-3 мөлтек аудандарынан 600 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауы мен Қызылжарма ауылдық окру­гінен 900 орындық мектептің құрылысын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттары әзір­леніп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуға ұсынылды.

Бүгінде заман талабына сай электронды жүйеге қосылу үрдісі бұл салаға да қадам басты. Білім бөлімі тарапынан ұйымдарды Қызылорда қаласы бойынша цифрландыру бағытында 240 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Элек­тронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілді. Брифинг отырысы барысында басшы осы және мектептердегі қолданысқа еңгізілген электронды күнделіктің тиімді тұстары барын да айта өтті.

Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы М. Әбдіқалықова:

 — Ата-аналар қолдарындағы смартфондар арқылы интернет желісіне оңай қосыла алады. Мұғалімдер үлестірген сілтеме бойынша тіркелу мүмкіндігі қарастырылған. Егер ата-аналарға неме­се оқушыларға қағаз жүзіндегі күнделік ыңғайлы болса, қолдануға да болады. Оған ешқандай тиым салынған жоқ. Бұл жүйенің де пайдалы тұстары барын ұмытпаған жөн. Өйткені, бұл электронды күнделік арқылы барлық оқушы­ның тапсырмасы, қосымша баллдық жүйелері және күнделікті алып жатқан бағалары мен тоқсандық қорытындалары уақытылы түсіп отыр.

Қала көлемінде электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр. Соны­мен қатар, мектептердің компьютермен жабдық­талуы 100 пайызға, интернет желісіне қолжетім­ділік 100 пайызға тиесілі деңгейде қызмет жасау­да. Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектеп­тер 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.

Жақында Тараз қаласында мектептің сыртқы әжетханасында орын алған оқиғаға байланысты Қызылорда қаласында орналасқан мектептердің сыртқы әжетханалары түгелімен жабылды. Ал, ішкі әжетханалары жоқ мектептерге демеушілік есебінен  орнатылды.

Оқушылар үшін білім орындарына қатынау  да бүгінгінің өзекті тақырыбы. Биылғы жылы «Баламекен» жобасы аясында Бәйтерек тұрғын ауданына қоныстанған 294 оқушы мектептерге қатынап білім алуда. Оқушыларды мектептерге тасымалдау үшін «Баламекен» тұрғын ауданына арнайы №27 және №25 бағыттағы қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here