Тасбөгетте жолдан өту қауіпті болып тұр

0
117

Тасбөгет кентінде жолға байла­нысты түйткілді мәселе аз емес. Соның бірі жаяу жүргіншілер үшін жолда жүріп-тұру қауіпті болып барады. Себебі кенттегі жолдарда жол белгілері мен жаяу жүргін­шілер жолағының талапқа сай орнатыл­мауы салдарынан жолдан өту мұңға айналып барады. Кент тұрғындары осы мәселе төңіре­гінде бізге хабар­ласып, мұң-мұқ­тажын жеткізді.

Бұл жолыТасбөгеттегі түйткілдер жайында тағы да қалам тербеуге мәж­бүрміз. Себеп, бізге хабарласқан кент халқы бұл жолы Тасбөгеттегі жолдарға қатысты бірқатар түйінді мәселерді жайып салды.

Тұрғылықты халықтың уәжіне құлақ түрсек, тұрғындар кенттегі жолдарда орна­тылған жол белгілері мен жаяу жүр­гіншілер жолағына көңілдері толмайтынын жеткізді. 

Тұрғындардың сөзіне құлақ түрсек, Тасбөгет кентіндегі негізгі жол саналатын Ғани Мұратбаев көшесі бойында адамдар­дың жолдан өтуіне арналған жол белгісі мүлде жоқтың қасы. Нақтылап айтсақ, осы күре жолды кесіп өтетін С.Сейфуллин көшесі мен Есенов көшесіне бағытталған тұсқа жол белгілері мүлде орнатылмаған. Осы аймақта тұратын тұрғындар мектепке баратын балаларының осы жолды кесіп өтуі үлкен қауіп тудырып тұрғанын ашына айтты. Себебі, жол белгісі болмаған­дықтан оқушылардың бас амандығына ешкім кепіл бола алмайды. 

Сол аумақты жайланған тұрғылықты халық­ты толғандырған түйткілді мәселесі мұнымен шектеліп қалмақ емес. Жоғарыда аталған осы екі көше С.Сейфуллин мен Есенов көшелерінің бойында кенттегі № 176 қазақ орта мектебі орна­ласқан. Бұл мектепте осы аумақ­тағы жүздеген балғындар білім алып жатыр. Оның көпшілігі жолдың арғы бетінде орналас­қан тұрғын үйлерде тұратын балғындар. Сол оқушылардың жолды алаңсыз өтуіне  қандай да бір жағдай жасал­мағанын тұрғындар түсінбей дал.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталып өткен­дей тиісті жол белгілері өз талабына сәйкес орнатылса деп уәж айтқан кент жұртшылығы бұдан өзге осы күре жол бойына көліктердің жылдамдығын тежейтін «лежачий полицейский» өткелін орнатып берсе деген арман-тілектерін жеткізді. Бұл өткел барлық мәселені артқа тастап, оқушылардың қауіпсіздігіне жүз пайыз кепіл болады деп айта алмаймыз. Алайда кент халқы өз балала­рының жолдан алаңдамай өтуіне аз да болса септігі болар деп үміттенеді.

Негізінен мемлекетіміздің асыл қазынасы саналатын адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қай кезде де кезек күттір­мей­тін мәселе екені даусыз. Бүгінде қала­мыз­да күн сайын қаншама жол көлік оқиғалары орын алып жатыр. Оның ішінде мұндай келеңсіз жәйттердің соңы адам өлімімен аяқталып жататыны жаныңды тебірентеді.

Қандай да бір қайғылы оқиғалардың көп салдары жүргізушілердің қателігінен орын алып жататыны ащы да болса шындық. Яғни, көлік жүргізушілерінің көп жағдайда өз жауап­кершілігіне селсоқ қарап жатуы қын­жыл­тады. Турасын айтқанда, темір тұлпарды тізгіндеуші­лердің мас күйде рөлге отыру фактілері жиі кездесіп жатады. Бұдан өзге көлік жылдамды­ғын шамадан тыс арттырып, күре жолда желдей жүйткитіндер де кезде­сіп тұрады. Осылайша өз ісіне жауапсыз күйде болуы салдарынан қан­шама тағдыр­дың қас-қағым сәтте үзілуіне мұндай жағ­дайлар бірде-бір себепкер болып тұр. Ал мұның соңы тұтастай бір отбасының қайғыға оранып, қара жамылуына әкеліп соқ­тыр­са, мұндай жәйтке орай көлік жүргізуші­лерінің де келешек тағдыры қыл үстінде қалып жатады.

Алда қылышын сүйретіп қаһарлы қыс мезгілі де таяп қалды. Ауа райының мың құбылып, жерді қалың қар басып, көктайғақ болатын кездері де қыс мез­гіліне тән құбылыс. Сондай кездері өзі жол белгісі жөнді орнатыл­маған Тасбөгеттің жолдарында балалары­ның бас аманды­ғына бас ауыртып отырған тұрғындар­дың бұл жанай­қайы бір қарағанда орынды.

Осы орайда «сақтансаң сақтар­мын» деген қағиданы қаперге ала отырып, жолда соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтыратын жәйттер орын алмасын десек жол белгілерін жүйелеп орнатып, өз қауіпсіздігімізді осы бас­тан қамтамасыз ету қажет секілді. Осыған байланысты құзырлы орындар жоғарыда аталған мәселені жауапсыз қалдырмай, тиісті шара­ларды жедел қолға алып, кенттегі жолдардың бойына жол белгілері мен көлік жылдамдығын тежейтін өткелдерді белгіленген талапқа сай орнатады деп үміттенеміз.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here