ҚАРАУЫЛТӨБЕДЕ ҚАРАП ЖҮРГЕН АДАМ ЖОҚ

0
14

Қызылорданың іргесіне қоныстанған Қарауылтөбе ауылынан қай кезде де тынымсыз еңбектің лебі еседі. Ырыс пен береке дарыған құтты мекенді қоныстанған халықтың жұмыла жасаған жемісті еңбегінің нәтижесінде ауыл ажары айшықталып, күн санап көштен қалмай қарқынды дамып келеді.

Ауыл халқы еңбекке ерте араласады

«Қаз Энерго Проект Строй» ЖШС директоры Ардақ Алтын­бекұлы әрдайым ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының басы-қасында жүр. Оның айтуын­ша ауылды газдандыруда анау айтқандай іркіліс жоқ. Халыққа жеңілдік болсын деген мақсатта бүгінде көптеген игі істер жасал­ған. Соның ішінде 5 үйге демеу­шілік тарапынан газ тартқызып беріпті. Сондай-ақ мешітке, көп­қабатты тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізілген.          

Алақандай ғана шағын ауылға ат басын тіресең қай кезде болмасын ел ертеңіне деген сенімі нық халықтың бірлігі бекем, ажары айшықты. Таң қылаң бере ауыл шаруасына білек сыбана кірісіп кететін ауыл тұрғындары бір сәтке тыным көрген емес. Қорасында малын жайлап, егінін суарып, әйтеуір күйбек тірліктің күймесінен бір түскен емес.

Ауылға жасаған сапарымызда, алғаш ат басын тіреген нысанның бірі – ауыл әкімдігі болды. Жолымыз болғанда  ауыл әкімі Бекболат Шәріпбеков өз орынан табыла кетті. Біздің газеттен келген тілшілер екенімізді білген соң өзі басшылық жасайтын ауылын жер-көкке тигізбей мақтай жөнелді. Бұған негіз де жоқ емес еді. Ауыл шындығында да мақтауға тұрарлық.

Жалпы ауылда 2190 адам қоныстанған, Оның ішінде эко­номикалық белсенді саналатын халық саны 1185адамды құрайды екен. Негізінен елді мекеннің өзге ауылдарға қарағанда екпінді дамып, қай салада болмасын ілгерілеуі халықтың жатпай-тұрмай жасаға еселі еңбегінің айқын жемісі десек болады. Теледидар алдында телміріп жатпай, көшеге шығып, егінін суарып, қора-қопсысын тазалап, малына жем-суын берсе, келесі бірі күрек-кетпенін арқалап, атыз бойын жағалап, егінді арам шөптерден тазартып, арықты лай-қоқыстардан тазалап, кеш қарай­ғанша қара жұмыстан қол үзген емес. Шаршау дегенді білмейтін шаруашыл халықтың жүзінен шаршап-шалдыққанның табы әсте байқалмақ емес. Қашан көрсең де, көтеріңкі көңіл күйде, жадырап-жайнап жүргенін аң­ғарасың. Еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін ауыл тірлігіне ерте бейімделген жұрт­шылықтың «шаршадым-шалдық­тым» деген жүзін көрмек былай тұрсын, байқау мүмкін емес. Сондықтан да болар ауылды алты айналып шықсаң да, көше кезіп, құр босқа сенделіп жүрген тірі пенде көзге ілікпейді. Бәрі де бір шаруаның басында, бәйек тауып жүргені де қойғаны. Бір сәтке босаңсып, бір-бірімен шүйірке­лесе әңгіме-дүкен құрып тұруға алтын уақыттарын сарп еткісі жоқ. Қас қарайып, еңбек дүбірі басыл­ған сәтте де ертеңгі жұмысын ретке келтіріп, жаңа күнге дайын­дықтарын жүргізіп әлек. Әйтеуір қайткенде нан тауып, жан бағудың қамын жасаумен әлек.

Ауыл жұртшылығының мұндай еңбеккештігі бір қарағанда көңілге қуаныш ұялатып, жаныңа жігер сыйлайды. Әсте шаршауға дес бермейтін табандылығына қарап тұрып сүйсінуден басқан амалың қалмайды.

Жас-кәрісінен еңбекке ерте араласқандығынан болар, бәрі бірдей дала төсін дүбірге бөлеп, сол тірлігінен ләззат алатындай сезінесіз. Соның нәтижесінен болар, ауылда еңбекке қауқарсыз адамдарды көру мүмкін емес. Ауыл тірлігіне әбден ысылған халықтың басым көбінің өз-өзін жұмыспен қамтып, ешкімге ала­қан жаймай, бір үзім нанды маң­дай тер, адал еңбегімен тауып отырғаны осы бір сөзімізге толық дәлел бола алады. Осы орайда қолда бар мәліметті сөйлетер болсақ, елде өзін-өзі еңбекпен қамтып, бала-шағасын қам-қайғысыз асырап отырғандар саны 20-ның үстінде. Жұмыссыздың деңгейі де ауылда күн санап төмендеп келе жатқандығы осы айтқандарымызға толық дәлел бола алады. Бүгінгі күннің нәти­жесіне сәйкес елде жұмыссыздық деңгейі күн санап төмендеп келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Нақты уақытта ауылда жұмыссыздар саны 20 адамды құрап, 0,7 пайызды көрсетіп отыр. 

Кәсіпкерлік кең жанат жайып келеді

Еңбекпен ерте есейген қарауылтөбеліктер қашан да өз ісін ашуда ешкімнен кенде емес. Кәсібін нәсіп етіп, бейнетінен береке тауып отырғандардың әрбірі өз ісінің хас шебері десек асыра мақтағандығымыз емес. Бәрі де сен тұр, мен атайын дейтіндей шаруасын дөңгелетіп отырған, өз ісімен өзгеге өнеге боларлық жандар.

Негізінен қазіргі таңда ауыл­дық округте 84 кәсіпкерлік субьек­тілері бар. Оның 95 пайызы тұрақты түрде жұмыс жасауда екен.

 Осы аталғандардың ішінде 2 заңды тұлға тіркелсе, нақты 63 кәсіпкер және 18 шаруа қожа­лықтары шаруасын дөңгелетіп отыр. Бұған қоса 1-еуі ауыл­шаруашылығы өндірістік коопе­ративі негізінде құрылып, жұмыс жүргізуде екен. Негізінен ауылда 79 нысан нақты жұмыс жасап тұр. Оның 2-еуі заңды тұлға болса, 66 дара кәсіпкер және 11 шаруа қожалықтары құрылған.

Негізінен 2018-2020 жылғы жаппай кәсіпкерлікті дамыту Жол картасының іс-шаралар жоспа­рына сәйкес  2019 жылы мемле­кеттік бағдарламалар аясында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 14 млн. теңгені құрайтын 3 жоба қолға алынған. Бұл жоба мал шаруа­шылығын дамыту бағытында қаржыландырылған. Аталмыш жобалар ауылдың экономикалық ахуалын арттыруға зор серпін береді деп жоспарланған. Нақ­тырақ айтқанда бұл жобалардың қай-қайсысы да маңыздылығымен құнды саналады.

Сонымен қатар «Микробиз­нес-Қызылорда өңірлік инвес­тициялық орталығы» ұйымы арқылы 14 млн. теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылып отыр. Оның ішінде 3 жоба көлік қызметі, тағы 5 жоба мал басын көбейту мақсатында қолға алынған. Соны­мен қатар Жаңагүл Бимаханова 3 млн. қаржыға 10 бас мал алып, мал басын өрістетуде. Сол сияқты Али Исаева 3 млн қаржыға 12 бас мал алған. Сондай-ақ Жандос Аязбаев 2 млн. теңгеге 8 бас мал алса, Рауан Жұмаділдабев 3 млн теңгеге 10 бас мал өсіруді қолға алып, еңбегін еселеуде. Ал Жаңагүл Бимаханова  3 млн. теңгеге мал алып, кәсібін дөңгелетін отыр екен. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Ляззат Жарылқапова қайтарым­сыз гран бойынша 450 млн. теңгеге қол жеткізіпті.

Ал «Бастау» жобасы аясында  жас кәсіпкер Шинибаева Карина 10,0 млн. теңгеге жылқы малын бордақылау жобасы бойынша  қаржыландырылып,  қазіргі таңда   жұмыс жасауда.

Жалпы «Бизнестің жол кар­тасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарла­масы аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің сыйақы мөлшер­лемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 2018 жылы  3160,0 мың теңге 5 шаруа қожа­лығы субсидия алған. Атап айтсақ   «Асылжан» шаруа қожалығы 1490,0 мың теңге алса, «Әкімжан» шаруа қожалығы 320,0 мың теңгеге қол жеткізген. Ал «Әкежан» шаруа қожалығы 970,0 мың теңге алса, «Ринат и К» шаруа қожалығы 230,0 мың  теңге және «Рыспаев» шаруа қожалығы 150,0 мың теңге көлемінде субси­дия алып, өз игілігіне пайдаға жаратқан.

Осы орайда тағы бір айта кетерлік жәйт, ауыл тұрғыны Сейітқали Алшынбеков 1000 түпке алма бағын жайқалтып отыр. Сонымен қатар 5 га жерге жазда бау-бақшасын жайқалтса, 500 түп қара тал екен. Бүгінде қарауылтөбеге бара қалсаңыз Сейітқалидің бағын ауыл халқы мақтанышпен айтады.

Негізінен ауылдық округте кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар ауқымы кең. Жоғарыда аталған жобалардың қай-қайсысының да саланы өркен­детуге қосар үлесі зор болмақ. Осы ретте 2019 жылға 32млн теңгені құрайтын тағы 8жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Мәдениет үйі жоқ ауыл

Қарауылөбе ауылдық округі бойынша білім және мәдениет салалары бойынша алдағы уақыт еншісінде атқарылар жұмыстар ауқымды көрінеді. Соның ішінде білім саласы бойынша да ауыл жастары жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді.

Алдымен білім саласы бойын­ша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтер болсақ, жүргізілген жұмыс қарқыны көз қуантады. Ауылда А.Хангелдин атындағы №179 орта мектеп бар. Бұл білім ордасы балаларды білім нәрімен сусындатып, болашаққа бастау алатын берік сатысын қалауда. Жалпы бұл білім ордасында жоғары санатты 8 мұғалім тәлім берсе, І-ші санаттағы 20 ұстаз, ІІ- санаттағы 13 мұғалім еңбек етуде. Бар білгенін балғындарға үйре­туден жалықпайтын ұстаздар мектептің үздіктер қатарынан көрінуіне де үздіксіз еңбек сіңіруде. Бұл білім ордасында 448 оқушы білім алуда. Олардың қай-қайсысы да озаттар қатарынан түспей келеді. Түрлі білім сайыс­тарында өз бақтарын сынап жүрген балғындар әрдайым ауыл мектебін абырой биігінен түсірмей келеді.

Ауыл мектебімен қатар елді мекенде мектеп жанынан ашылған «Нұрбөбек» шағын орталығы да жұмыс жасайды. Бұл орталықта бүгінде 40-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл шағын орта­лықта тәлім алып жатқан бүл­діршіндердің мектепке дейінгі даярлық деңгейі жоғары көрсет­кішке ие.

Жалпы аталмыш білім ордасы 2018-2019 оқу жылының көрсет­кіші бойынша жоғары баға көрсетіп отыр. Нақтылап айтсақ, ағымдағы жылы білім ордасынан 11 сыныпты бітірген 9 түлек алтын ұясынан түлеп ұшып, болашаққа кең құлаш сермеген. Осы оқушы­лар ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен 93,5 балл жинап, қанағаттанарлық көрсеткішке қол жеткізген. Соның ішінде 1 оқушы «Алтын белгі» иелеленіп, өзі қанат қаққан білім ордасының абы­ройын асқақтата түсті.

Сонымен қатар білім орда­сының беделін арттырып жүрген балғындар қатары да жетерлік. Оның ішінде республикалық «Дарын» олимпиадасына бас­тауыш сыныптар бойынша 33 оқушы қатысқан. Білімділер бәйгесіне қатысқан бұл балғын­дардың барлығы тұнып тұрған талант иелері. Осы оқушылардың арасынан 31оқушы жүлделі орынды иеленіп, білім нәрін сепкен ұстаздар мерейін үстем етті. Ал жоғары сыныптар ара­сында өткізілген пәндер сайысы бойынша қалалық олимпиададан 2 оқушы ІІ дәрежелі диплом иеленген. Сонымен қатар 5 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен мара­патталған. Бұл тұрғыда білімге құштар балалардың білім алсам деген ынтасынынң жоғары екені осы тұста айқын аңғарылады. Алақандай ауылдың абыройын асқақтатып жүрген оқушылардың барлығы да мақтауға лайық саналады.

Елді мекеннің мәдениет сала­сының да еңсесі тік. Бұл сала бойынша ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың көптігі көңілге қуаныш сыйлайды.

Ауыл халқы үшін бос уақытын тиімді пайдалануда ауыл клубы­ның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Бос мезгілінде зерігіп, дала кезіп,  серуендеумен уақытын бос өткізбеуге ауыл клубының жасап жатқан жұмысы зор септігін тигізіп отыр.

Нақтылап өтсек ауылдық округте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында толағай жұмыстар жасалуда. Соның ішінде ауылда өнерге құштар балғындарды тәрбиелеп, қанат­тандыру мақсатында бес үйірме жұмыс жүргізуде. Өнер саласында өз қабілеттерін шыңдап жүрген дарын иелерінің барлығы да өз болашағынан зор үміт күттіреді.

Алайда ауылдың мәдениет саласын ақсатып тұрған жалғыз мәселе бар. Яғни ауылда осы күнге дейін ауылдық клуб ғима­раты болмаған. Соған қарамастан жас талант иелері қарап қалмай, өз өнерлерін шыңдау мақсатында өз беттерінше тынымсыз ізде­нумен келеді.

Ауыл әкімі Бекболат Шәріп­беков ауылда ақсап тұрған осы мәселе төңірегінде де тоқталып өтті. Оның айтуынша ауылда мәдениет үйін ашу мақсатында бүгінде ауқымды жұмыстар жүр­гізілу үстінде екен. Бір ауылдық клубқа мұқтаж қарауылтөбелік­тердің бұл асқақ арманына қол жеткізер күні де алыс емес сияқты. Ауыл әкімі Бекболат Жүнісәліұлы ауылға жаңа клуб салып беруді басты міндеті санайтынын айта келе, ауылға мәдениет ошағын салу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде ғимаратқа арнайы жер бөлініп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Барлық салада атқарылған жұмыстар ауқымды

Жалпы ауылдық округте денсаулық саласында да ілгері­леушілік байқалады. Басы ауы­рып, балтыры сыздай қалған қарауылтөбеліктерге ауылда кө­мек қолын созатын фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс жасайды. Оның ішінде 1 дәрігер-терапевт, 4 медбике халыққа қалтқысыз қызмет жасап келеді. Олар әр­дайым сырқатына шипа іздеген ауыл тұрғындарына алғашқы көмегін көрсетіп, ақыл-кеңестерін аянып қалған емес.

Ауылда имандылыққа бет­бұрған исі мұсылман жамағатқа 20 орындық типтік жобада салынған мешіт қызмет көрсетеді. Бұл имандылық үйіне келушілер қатары әсте бір сиреген емес. Округ бойынша Алла үйінде мешіт жамағатының ұйымдас­тыруымен қайырымдылық шара­лары кең көлемде ұйымдасты­рылып келеді. Нақтылап өтсек округ бойынша осы кезге дейін 35 мүмкіндігі щектеулі азаматтар мен жасөспірімдерге тұрақты әлеу­меттік көмек көрсетіліп келеді. Осындай қолдаудың шапағатын сезініп жүрген ауыл тұрғын­дарының қайырымды жандарға әркез алғыстан басқа айтары жоқ.

Ауылда атап өтуге тұрарлық атқарылған жұмыстар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Соның ішінде Қарауылтөбеде ауыз су және ақ су мәселесі де оңды шешімін тауып отыр. Ауыл әкімі Б.Шәріпбеков бұл тұрғыда алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр. Биыл ауылда 228 млн. теңгеге 13 шақырым ауыз су жүйесі республикалық бюджет есебінен тартылған. Атқарылған жұмыстар нәтиже­сінде ауыл халқы мамыр айында ауыз суға қол жеткізген. Сонымен қатар республикалық бюджеттен бөлінген 50 млн. теңгеге ұңғыма қазу жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілген. Әкімнің айтуына сенсек, ауылда ауыз су мәселесі толықтай шешімін тауып, тұрғын­дар сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілген. Ауылдық округте көшені жарықтандыру мақсатында да ауқымды істер жүргізілуде. Жалпы көшені жарықтандыруға 7,5 млн. теңге қаралып, мақ­сатты жұмыс­тарға жара­тылған.

Қызылорда қаласымен қатар өркениет көшіне ілесіп келе жатқан ауылда жол мәселесінде де анау айтқандай түйткіл жоқ.

Жалпы ауылда ас­фалтьт­тау мақ­сатында атқа­рылған жұмыс­тар көз қуанта­ды. Биылдың өзінде ауылда Қы­зылжарма ауылымен аралығында 4 шақырым жолға жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Ауылдың 1,8 шақырымына асфальт салу жұ­мыс­тары қарқын алып, жергілікті жұртшылықтың талап-тілегі на­зардан тыс қалған жоқ. Респуб­ликалық қазынадан бөлінген қаржыға екі аялдама салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген.

Ауылда қайырымдылық шара­сы да үздіксіз жүргізіліп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар, көп­балалы аналар осындай игілікті істердің шарапатына бөленіп жүр.

Ауылда жол салу жұмыс­тарымен қатар көркейту-көгал­дандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде ауыл­дағы Әбдіхалық бейітінің сыртын қоршау жұмыстары биыл өз деңгейінде атқарылған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы қаперге ала отырып қарауылтөбеліктердің атқарған бұл игілікті істері көпке үлгі боларлық.

Ауылда қарияларға қолдау әрдауым назардан тыс қалған емес. Ауыл әкімі осы бағыт­та атқарыл­ған істердің ауқым­ды екенін де тілге тиек етті. Басқасын айт­пағанда биыл­дың өзінде ауылда қарттар күніне орай атқарылған игі шаралар шаш-етектен. Соның ішінде биылғы қарттар күні мерекесіне орай ауыл қариялары туристік бағыт­та Түркістан қаласына сапар шегіп, киелі мекенде болып, бір сергіп қайтты.

Бұған қоса ауылда ардагерлер бөлмесі ашылып, ауыл ақсақал­дарына қызмет көрсетуде. Оның ішінде теннис алаңымен қатар, шахмат, шашка ойнаушыларға барлық жағдай жасалған. Осы­лайша қариялардың бос уақытта­рында спортты серік етіп, әрдайым сергек жүруіне барлық жағдай жасалған. Негізі ауылда 60-қа жуық ардагер болса, оның ішінде 104-і зейінді және 25 күміс алқа иелері тұрады. Олардың барлығы да мемлекет тарапынан өздеріне жасалып жатқан қамқорлықта­рына алғыстан басқа айтары жоқ. Сондай-ақ ауылда 35 тұрмысы төмен отбасы мен көпбалалы және жалғызбасты жандар да қамқор­лықтан қағажу қалған емес.

Негізінен ауылдың қай сала­сын алып қарасақ та үздіксіз даму үстінде. Оның әрқайсысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.

Соның ішінде қарауылтөбеде күріш шаруашылығында да атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Соның нәтижесінде биыл ауылда 700 га үстінде сыр салысы егіліп, 55 центнерден өнім алыныпты. Ауыл әкімі айтқандай, жаз бойына атыз жағалаған егінші қауымның еңбегі еш болмай, егілген өнімді төкпей-шашпай жинап үлгерген.  

Ауыл халқы көгілдір отынға қол жеткізді

Ауыл халқының мақтанышпен айтар негізгі жаңалығының бірі – биыл қарауылтөбеліктер көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл турасында ауыл әкімі ауыл халқының көптен күткен көгілдір отынмен қамту ісі өз деңгейінде жүргізілгенін қуана жеткізді.

Жалпы ауылда 385 тұрғын үй болса, соның 210 үйі көгілдір отынмен қамта­масыз ету бағытында қаржыланды­рылған. Бұған қоса 70 тұрғын үй өз есебінен қаржыландырумен газға қосылған. 

Нақты айтқанда «Казтрансгаз­Аймақ» өндірістік Қызылорда филиа­лы­ның инвестициялық жобасы арқылы құны 33,0 млн.теңгеге округтегі А.Иманов көшесінің 110 тұрғын үйіне табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыс­тары жүргізілді. Қазіргі таңда газды үйлерге қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары­ның сұраныстарына  сәйкес, округ әкімшілігінің тарапынан «Казтрансгаз­Аймақ» өндірістік Қызылорда филиалынан техникалық шарттар сұралып, қазіргі таңда «Каз Энерго Проект Строй» ЖШС арқылы қалған көшелердегі (Желтоқсан, А.Құнанбаев, Ж.Әбдіхалықов, Бейбітшілік, Жеңіс) 138 тұрғын үйге ауыл тұрғындарының өз қаражаты есебінен газдандыру жұмыстары жүргізіліп, газды қосу жұмыстары аяқталуда.

«Қаз Энерго Проект Строй» ЖШС директоры Ардақ Алтын­бекұлы әрдайым ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының басы-қасында жүр. Оның айтуын­ша ауылды газдандыруда анау айтқандай іркіліс жоқ. Халыққа жеңілдік болсын деген мақсатта бүгінде көптеген игі істер жасал­ған. Соның ішінде 5 үйге демеуші­лік тарапынан газ тартқызып беріпті. Сондай-ақ мешітке, көп­қабатты тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізілген. 

Осындағы игілікті істің игі­лігін көріп отырғандардың бірі — ауыл тұрғыны, ауылдық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Амангелді Досмахановтың щаңырағына арнайы ат басын тіредік. Көгілдір отынның игілігін алғашқылардың бірі болып көрген ауыл ақсақалы атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айтып, толымды тірліктің бас-қасында жүрген ауыл жанашырларына ақ батасын арнады. Ауыл ардагерінің өзінің де ауылды газдандыру жұмыс­тарын жүргізуде көп көмегі болғанын естіп-білдік.

Қай кезде де ауылда атқарыл­ған қандай да болмасын жұмыс­тар­дың басынан табылып, қолқа­бысын тигізіп жүретін Амангелді ақсақал ауыл әкімімнен бастап, барлық атқамінерлердің атқарған жұмыстарына көңіл толатынын жасырып қалмады.

Қарттығына қарамастан ауыл көлемінде алдағы уақытта да  атқарылар жұмыстарға әркез қолдау білдіріп, көмегін аянып қалмайтынын тілге тиек етті.

Жалпы күн санап, көр­кейіп, гүлденіп келе жатқан Қарауыл­төбе ауылында еселі еңбектің лебі есіп тұр. Мемлекеттік бағдарлама­лар аясында күн санап дамып жатқан ауыл халқының ертеңге деген сенімі нық. Соның нәти­жесінде Қарауылтөбенің керегесі кеңейіп, ауыз толтырып айтар­лықтай жетістіктерге жетіп отыр­ғанын осы сапарда анық аңғардық. Бұл тұрғыда ауыл әкімінің жасап жатқан еңбегін тағы бір мәрте ерекше атап өтсек артықтық етпес.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here