ТАСБӨГЕТ ТҰРҒЫНДАРЫ АПАТТЫ ҮЙЛЕРДЕ ТҰРЫП ЖАТЫР

0
17

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентін­де апатты жағдайда деп танылып, сүрілуге кетуге тиіс көпқабатты тұрғын үйлерде әлі халық тұрып жатыр. Онда қоныстанушылар түн баласы көз шырымын алмай, әрбір таңын алаңдаулы күйде бас амандықтарын тілеумен атырады. Құзырлы орындардан өздеріне қолдау болар деп үміт күткен кент халқы әлі күнге жергілікті билік бұған неге көз жұмып қарап отырғанын түсінбей  дал.

Қызылорда қаласының іргесіне жайланған Тасбөгет кенті бүгінде шаһардың құрамына қосылып келеді. Екі аралықта игерусіз жатқан иен дала алып құрылыс алаңына айналып, көпқабатты тұрғын үйлер сап түзеді.

Кент тарихына қысқаша тоқталып өтер болсақ, оның ігетасы сонау 1946 жылы ежелгі Қатынкөл мен Тасарық аудандары орнында Қызылорда су торабын салуға байланысты қаланған. Соның нәтижесінде 1956 жылы Сырдария су бөгеті салынып, 1959-1997 жылдары өз алдына дербес Сырдария ауданы болып тұрды. 1997 жылы Сырдария мен Тереңөзек аудандары қосылып, аудан орталығы Тереңөзек кентіне ауыстырылған. Тек 1997 жылы Тасбөгет Қызылорда қалалық әкімдігінің құрамына өткен.

Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай Сырдария өзенінің оң жақ аңғарында орналасқан Тасбөгет кентінде бүгінде 20 мыңның үстінде халық тұрады. Қазіргі таңда кентте мектеп, аурухана сынды әлеуметтік-мәдени нысандармен қатар спорттық кешендер, кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс жасайды. Бұған қоса мешіт, сауда орталықтары мен қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ кентте Қызылорда қаласынан бірнеше кәсіпорындар мен өнеркәсіп салаларының бөлімшелері мен базалары орналасқан. Орынбор-Ташкент темір жолы және Қызылорда-Ақтөбе автомагистралі жанынан өтетін кенттің бүгінде жер ауқымы да жыл санап кеңейіп келеді. Осылайша жаңа нысандар  сап түзеп, жоғары қарқында дамып келе жатқан өңірде түйіні тарқатылмаған түйіткілдер де жоқ емес.

Бүгінде тұрғындарының көбі жер үйлерде қоныс­танған Тасбөгетте салынғанына 40 жылдан астам уақыт болған көпқабатты тұрғын үйлер де пайдаланылуда. Оның арғысы тексеру нәтижесінде пайдалануға қауіпті деп танылып, сүрілуге жіберуге шешім шығарылған кейбір көпқабатты тұрғын үйлер де  сол қалпында тұр.

Нақты айтқанда кенттегі «Тасарық» аталатын шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер апатты деп танылғалы қанша жыл өтсе де әлі күнге сүрілгені былай тұрсын ең болмаса бірде-бір рет бұл үйлерге ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізілмеген. Халық көп қоныстанған бұл шағын аудан тұрғындары өздеріне жергілікті билік тарапынан ешбір жан ат ізін салып, бұл көпқабатты үйлердің бүгінгі кейпін көзбен көріп, тексеру жүргізбей отырғанын ашына жеткізді.

Осы күрмеулі  мәселеге орай «Тасарық» №3 үй тұрғынының бірі, 1-ші топ мүгедегі Марал Сәрсенова көпқабатты үйлердің бүгінгі жайын былайша баяндап өтті. Кент тұрғынының айтуын­ша  бұл мөлтек ауданда тұрғын үйлердің көбі аса қауіпті жағдайда тұр. Атап айтқанда, көп­қабат­ты тұрғын үй подъездерінің есіктері әлдеқа­шан алынып тасталған. Шатырлары да жұлынып, терезелері шағылып, алқам-салқам күйде тұр. Есік алдында қараусыз өскен шөптер ну орманға айналып, адам жүретін жолдар жоқтың қасы. Жаз бойы тиісті мекемелерге бас сұғып, есік алдын арам шөптерден тазалап беруін өтінгенімен еш нәтиже болмапты. Ең сорақысы тұрғын үй өжіре­лері суға толып, одан шыққан күлімсі иіс өкпені қабады. Есік алдындағы өжіре құдықтарының құбырлары шіріп жарамсыз күйге түскен. Сондық­тан тұрғын үйлердің жертөлелеріне жиналған сасық сулар көп жылдан бері тазартылған емес.

Тасарықтықтар түн мезгілінде бұл аумақта жүрудің өзі қауіпті болып тұрғанын айтады. Себебі, көшеде жарықтандыру жұмыстары өз деңгейінде емес. Оған қоса бағаналарда қауіпсіздікті бақылайтын бейне бақылау камералары мүлде жоқ. Аймақ тұрғындарының айтуынша, жуырда сол маңайда тұрғын үй өжірелерінің бірінде адам өлімі орын алған. Бұл қылмыстық оқиға бақылау камераларының болмауынан деп шағымданып отыр. Сол себепті түн мезгілінде бұл аймақтың тыныштығына ешбір адам  кепіл бола алмайды. Әсіресе тұрғындар қараңғылықтан сабағынан қайтатын балаларының өміріне алаңдаулы.

Апатты үй тұрғындары сол маңдағы аймақтық поли­ция инспекторымен таныс еместігін де алға тартады. Яғни тәртіп сақшылары тарапынан осы аумақ тыныштығына өз деңгейінде бақылау жүргізілмей тұрғанға ұқсайды.

Бір сөзбен айтқанда Қызылорда қаласының құрамына енген Тасбөгет кентіндегі шағын аудан тұрғындары жоғарыда аталғандай өздерінің өміріне алаңдаулы күй кешіп отыр. Осы мәселеге орай кент әкімдігіне  талай мәрте шағымданғанымен әлі күнге еш нәтиже болмай, баяғы жартас сол жартас күйінде тұрғанын да айтады. Ендігі кезекте Қызылорда қаласы әкімдігінен үміт күтетінін жасырмады.

Жоғарыда аталған түйіткілдерге орай қалалық әкімдік тарапынан қандай да бір тексеру жұмыстары жүргізіліп, апатты жағдайдағы бұл тұрғын үйлерге күрделі жөндеу немесе сүрілу жұмыстары жеделдете қолға алынса деп тілейді. Ең бастысы, сол аумақ тұрғындары адам өміріне қауіпті саналмайтын жайлы баспаналарымыз болса деп армандайды.

Е.ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here