РАХМЕТОВТЕР ӘУЛЕТІ

0
14

І

Біздің халықта ежелден айтылып келе жатқан:

«Жүгіріп шығар төбе көп,

Асу бермес шың қиын,

Қартайған шал елде көп,

Ақсақал болу тым қиын» -деген аталы сөз бар.

Жалпы жасы келген адамдарды шал, қария, ақсақал, абыз деп атауды халық шығарған. От басынан ұзап шықпайтын қартты шал десе,  отбасын өз уысына ұстайтын қартты  қария деген. Ал бүтін бір ауылға ақыл  айтып,  қамқорлық көрсететін қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлейтін  қартты абыз  деп құрмет­теген. Жазбамды бұлайша өрбітудегі басты мақсатыма тоқталайын.

Менің бүгінгі басты кейіпкерім туған құдам Сәкең, Сәндібек Рахметұлы. Бүгінде ол бір әулеттің бүтін бір ауыл-аймақтың 90 жастың жалын ұстаған  Абыз Ақсақалы. Бұл Сәкеңе Алланың көрсет­кен сыйы. Жалпы Сәкең текті әулеттің ұрпағы. Оны да айтқанның артық­шылығы бола қоймас. Әкесі Рахмет Жақыпұлы өз заманында еліне сыйлы айтулы азамат болған. Ол  атағы бүкіл елге белгілі сөзге шешен, атақты би Дәуімшардың туған жиені. Ол жөнінде Тұрмағанбет Ізтілеуов:

Кетенің өнік жері Асан-Құлыс,

Бұл кезде алмасып жүр бақ пен ырыс.

Қайғысы халыққа батты Тұңғышбайдың,

Мезгілсіз күйзелгендей болып бір іс.

Тұңғышбай ұсынғанын кесіп еді,

Әр жерде шиеленгенді шешіп еді.

Ақылы қайратына сай болған соң,

Теңізді тереңсіңбей кешіп еді.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Оны да пәлен-пыстан десіп еді.

Жалғаннан жөнелген соң Тұңғыш мырза,

Бақыт құс ол орнынан көшіп еді.

Сонан соң қонды бақыт Дәуімшарға,

Аянбай шапқан ер ед намыс, арға.

Жабыны арғымаққа теңеймін деп,

Кейбіреу күлкі боп жүр жегіп парға.

Еліктеп назбедеуге ырғимын деп,

Болатын жабы жазым соғып жарға.

Дәуімшар болған жігіт –жетімге ата,

Жақсыдан жаман болмас алған бата.

Ер еді екіталай егескенде,

Таңданған қайратына халық ұната, — деген жыр жолдарын арнаған еді.

Рахмет Жақыпұлы өмірлік жарлары Зәлипа және Батима атты жұбайлары мен дүниеге 13 перзент келтірген. Бүгінде олардан тараған ұрпақ 70 шаңырақтың иелері болып отыр. Кішігірім бір ауыл десе де болады. Жетпіс шаңырақтың туа бітті үлкені, бастаушысы, ақылшысы, тілеуқоры, демеушісі, қамқоршысы болған Сәндібек ақсақалдың сонау жырақта қалған  күндерінен деректер келтірудің орайы келіп  тұрғаны.

Ауылдағы жеті жылдық мектептің соңғы класында оқып жүрген  кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, оқуды одан әрі жалғастыра  алмай еңбек жолын колхоздың малын бағудан бастады. Кейін Қызылқұмда «Жаңадария» атты қой шаруашылығы құрылған кезде, оның ірге тасын  қаласып ата кәсібі шопандық жұмысты одан әрі жалғастырды. Еңбек кітапшасын оқып көргенімізде еңбек жолын 1941 жылы  бастап 1991 жылы аяқтапты.  50 жыл шопан таяғын ұстапты. Бұл да болса қарапайым еңбектің ерлігі. Ендеше бұдан біздер мүндай ерлікті тек еңбектің қадірін бағалай білетін,  шопан таяғының ата-бабадан қалған ескерткіштің белгісіндей құрмет тұтатын адамның ғана қолынан келетіндігін көреміз. Әрине, ол мұндай дәрежеге жарты ғасыр бойы мал шаруашылығы саласында алғаусыз еткен  еңбегінің, қажыр-қайратының арқасында ғана қолы жеткен еді. Ол өзінің туа бітті қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, адам түсінгіштігі, адам аяғыштығы, адам жатырқамайтындығы, еңбек сүйгіштігі сияқты адами қасиеттерінің арқасында қалың көпшіліктен, өмірден өз  орнын тапқан еңбектің жақтаушысы, нағыз абзал жан деген атаққа ие болды.

Сонау заманнан халқымыздың аузында атадан-балаға айтылып келе жатқан «Жігіттің қосы оңбай ісі оңбай­ды», «Жақсы жар азаматтың бақыты» деген аталы сөзі бар. Бұған ешкімде қарсы дау айта-алмайды. Бұған мен де бір мысал келтірейін. Сәкеңнің жұбайы Жамила апай от басының алтын қазығы, шаңы­рақтың шамшырағы, отбасының,  ағайын-туыстың ұйытқысы, әулеттің аялаушысы, бала-шағаның  басты тәрбиешісі болды. Жамал апай бір әулеттің, тұтас бір ауылдың бетке ұстар, үлгі тұтқан келіні де, әжесі де болды.

Сәкеңнің үйі қонақтан арылмайтын. Атам қазақ:  «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны», «Қонақ өз несібесін ала келеді», «Қонақ кірсе есіктен, бәлекет кетер тесіктен», «Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем» дейді. Соншама қанатты сөзді еске  түсіріп  отырғаным, оны құрмет тұтқан аналардың бұрын да, қазір де барлығын айту. «Рухани Жаңғыру» дегеннің өзі осындай тарихи құндылықтарды өмірге енгізуді, қолда­нуды, игеруді сарқылмас қазынаға айнал­дыруды меңзейді. Жамал апай Халипа, Фарида, Сәбира, Жадыра, Жолдас, Гүлсара, Айдос, Гүлназ, Гүлжайна, Олжас сынды балаларды дүниеге  әкеліп Батыр ана атанды. Балаларының барлығы да жоғарғы білімді, әр саланың мамандары. Турасын айтқанда Жамал апай Сәкеңнің еңбегінің жануына қолдаушы болған, абыройына абырой  қосқан сенімді серік, аяулы жар болудың үлгісін көрсете білген асыл ана.

ІІ

Осы мақаланы жазар алдында Сәкең­нің үйіне барып  хал-жағдайын білген едім. Сондағы байқағаным:

Ағаның жүрген жүрісі, отырыс-тұры­сы, қозғалыс-қимылы ширақ. Бет ажары мен көз жанарынан қажығандықтың белгісі байқалмайды. Қолында кітабы. Бұрында кітапты көп оқиды деп еститін­мін. Бұл менің серігім, ермегім дейді. Бөлмесінде аудандық «Жалағаш жар­шысы», облыстық «Сыр бойы», респуб­ликалық «Ардагер айнасы» газетінің тігіндісі. Бұдан оның аталған газеттерді үзбей оқитындығын аңғардық. Сәкең  өзінің ақын жанды екендігінен де хабардар етті. Әңгіме арасында:

— Менің осынша жасқа жетуіме даланың таза ауасында  өмір кешкенімнің де пайдасы болды-ау –деп те қойды. Сонау бір жылдары дала жайлы Еркеш Ибраһим деген ақын:

Киіктей керілген далаға не жетсін,

Көктемде желі ем далаға не жетсін.

Бозала таңменен боразда бұрымы,

Өрілген далаға не жетсін.

Қырында –гүл тұнған далаға не жетсін,

Ойында-нұр тұнған далаға не жетсін.

Көктемде ,көктемде теңселген теңіз боп,

Бұлқынған далаға не жетсін.

Ей, шіркін құрбыжан, далаға не жетсін.

Шырқаған бұлбұл ән далаға не жетсін.

Бидайдың, бидайдың балапан шалғыны,

Құлындай шұлғыған далаға не жетсін! –деген өлең жазған-ды деп, оны жатқа айтып берді. Есте сақтау қабілетінің сол қалпында екендігіне таңданбасқа бол­майды. Жақсы адамның қылықтарының бәрі де жақсы деген осы болар. Бүгінде 35 немере мен 25 шөбереден қуат алған Сәндібек ақсақал  жүзге қарай жүзіп келеді. Нағыз бақыт деген осы емес-пе?!

Жыл он екі ай бойы қыстың қытымыр аязында, жаздың ми қайнатар аптабында елу жыл үзіліссіз шопан таяғын қолынан тастамаған еңбектің көш бастау­шысы болған Сәкеңнің көрген бейнетінің, бүгінгі күні зейнетіне жетіп отырғанының куәгері болып, көргенімді басқаларға үлгі-өнеге болсыншы деп қаз-қалпында қағаз бетіне түсірдім.

ІІІ

Кезінде «Жаңадария» совхозы­ның директоры, бүгінде поселкелік ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаевтың кейіпкерім жайлы лебізін тыңдағанда айтқаны:

«Елу жыл бойы шопан таяғын тастамай еңбек етіп, жыл сайын әр жүз аналықтан 115-120 аралығында қозы алып, совхоздың озат бас шопаны болды. Қой шаруашы­лығының майталман басшысы болған Далдабай Жалтынов деген азамат қой шаруашылығы «Қансыз соғыс ғой» деген екен.

Сондай қиындықты жеңе білген, шаруашылықтың атын шығаруға өз үлесін қосқан, үнемі жарыстың алдыңғы сапында болған, жастарға үлгі-өнеге көрсетуден жалықпаған Сәндібек ағамыз тынымсыз адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленді.

Жұбайы Жамал атақты жырау Әбілда Жүргенбаевтың туған қарындасы. Ерлі-зайыпты екеуі де текті әулеттің ұрпағы. Баласы айтыскер ақын Айдос Сәндібек­ұлы Рахметов ауданымыздың мақтанышы ғой:

Таудан аққан тас бұлақ,

Құймай қоймас теңізге.

Жақсы әкеден туған ұл,

Тартпай қоймас негізге, — деп шамасы осындайды сипаттаған-ау.

ІV

Ой-толғамды еңбек жолын шопан таяғын ұстаудан бастаған ардагер-журналист, ақын Серік Бертаевтың:

Орындалып көп арман – аңсағаның,

Алланың ісі, ұзақ жыл жасағаның.

Қаумалап халқың келді қуанышқа,

Мерейтой құтты болсын ақсақалым.

Алғысына бөленген талай елдің,

Ағама арнап жыр тілек ала келдім.

Дария кеуде тау мүсін тоқсандағы,

Дара тұлғаң абызы ардагердің.

Іске асырып ақыл-ой, айбатыңды,

Абыроймен көтердің айға атыңды.

Елу жыл шопан болып еңбек еттің,

Көрсеттің кұшпен қайсар-қайратыңды.

Абыройлы азамат асқақ үнді,

Көрмедік байлық қуып тасқаныңды.

Мыңғыртып төл өргізіп, мал өсіріп,

Білеміз қомақты үлес қосқаныңды.

Өмірден өтті қанша даналар мың,

Еңбегін марқұмдардың бағалар кім.

Асыл жан жұбайыңыз Жамал апай,

Анасы еді аяулы аналардың.

Отауының кеңейтіп керегесін,

Сақтаған бірлігі мен берекесін.

Он құрсақты көтерген батыр ана,

Өзгелерге көрсетті өнегесін.

Қиындықтан жол тауып қарастырып,

Шаңырақтың шаттығын жарастырып.

Үлгі-өнеге боп келед ұл-қыздарың,

 Игілікті істерді жалғастырып.

Мақтанышы тәуелсіз арайлы елдің,

Тау тұлғаңа сүйсініп қарай бердім.

Тоқсаныңа тоқтамай жүзге де жет,

Ардақты аға, абызым, ардагерім!— деген арнау өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.

                ШЫҢҒЫС АЙБОСЫНОВ

Қазақстан  Журналистер Одағы мен

халықаралық жазушылар одағының  мүшесі

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here