МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТ МЕРЕЙІ

0
9

Біздің мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасымыздың салиқа­лы саясатының арқасында кемел келешек, жарқын болашақ орнатуды мұрат ете отырып, сындарлы сәттер мен талай тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Елдегі қалыптасқан саяси тұрақтылық пен ел бірлігі, елдігімізді нығайту жолындағы еселі еңбектер өз нәтижесін беріп, ғасырға бергісіз аз ғана уақыт ішінде «Жаңа әлемде Жаңа Қазақстан» қалыптасты. Өйткені, мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен алған бағыты, таңдаған жолы дұрыс әрі айқын болды. Иә, расында Қазақстанның ел болып қалыптасуына күмәнмен қараған елдер де болды. Алай­да, әлем назарын өзіне аударған Қазақ­стан мемлекеті жыл өткен сайын қарқын­дап дами бастады, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артты, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік.

Біз осынау жылдар ішінде төл тари­хымызды түгендеп, мәдени мұраларымыз­дың қатарын толықтырып, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызға мемлекеттік деңгей­де мән беріле бастады. Қазақ халқының ғажайып тарихын әлемдік деңгейге паш ету мақсатында қаншама игі бастамалар іске асты. Қысқасы, өзінің ана тіліне, діні­не, тарихына, салт-дәстүріне сүйіспенші­лікпен және аса үлкен жауапкершілікпен қарай алатын ұрпақ тәрбиелеу жолында келешекке көш түзедік. Осы орайда, мемлекеттік тіліміздің бүгінгі жай-күйіне, оның шынайы болмысына, оның қоғам өміріндегі мәртебесіне кеңірек тоқтал­ғанды жөн санадым. Өйткені мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де өз деңгейінде емес. Себебі, министірліктердің қатысуы­мен өтіп жатқан жиындар мен бұқаралық шаралардың көпшілігі орыс тілінде жүр­гізіліп келеді. Көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілдің қолданылуы да заң талаптарына сай болмай отыр. Сонда қалай болғаны?

1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР За­ңы­ның 4-бабында: «Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемле­кеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Осы заң талаптарын орын­дау­ға бізге не кедергі? Ешкім келіп, «сен орысша сөйле» немесе «іс-қағаздарыңды орыс тілінде рәсімде» деп жатпаса да, тоқсан қазақ қатысқан жиынға бір орыс ұлтының өкілі қатысса жиын орыс тілінде өте бастайды. Әсіресе, көзіміз көріп, құла­ғымыз күнде естіп жүргендей, министір­лік өкілдері көп жағдайда үкімет жиында­рында орыс тілінде хабарлама жасайды.

Тіпті, бірде мынадай жағдай орын алды. Облыс орталығында біраз мекемелерді аттес­тациядан өткізетін болып, жұмыс тобының құрамына маслихат депутаты ретінде мені де қосыпты. Содан аттеста­ция басталып, оған қатысушылар түгелі­мен дерлік орысша жауап бере бастады. Себебі, жұмысшы тобының құрамына енген Нұр-Сұлтан қаласынан келген өкіл бірыңғай орыс тілінде сөйлейді екен, сұрақтарды да орысша қойып жатыр. Қарап отырсақ, жұмыс тобы мүшелері де, қатысушылар да түгел қазақ ұлтының өкілдеріміз, бірақ аттестация орыс тілінде өтіп жатыр. Көз алдымда өтіп жатқан осы жағдай менің жаныма қатты батты және елорда төрінен келген өкілге, «біз неге ат­тестацияны қазақша өткізбейміз, өзімізді өзіміз сыйламағанымыз ба сонда» деп қатаңдау ескерту жасадым, аттестация­дан өтуші азаматтар да ұсынысымды қуана қуаттап қазақша жауап бере бастады.

Естеріңізде, Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім ала­тындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға респуб­лика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн!» — деген болатын.

Міне, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін, оның қолданылу аясын ке­ңейту үшін бұдан артық қандай тапсырма керек? Осы бағытта қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бар және мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат та аз емес. Алайда, көріп отыр­ғанымыздай, ана тіліміздің халі әлі де мүшкіл, оны солай етіп жатқан да өзіміз. Яғни, қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғам­да ұлттық идеология, ұлттық тәрбие мей­лінше ақсап тұр деген сөз. «Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады»,- деп А.Байтұр­сынұлы айтқандай, мемлекеттің тіл мәсе­лесіне ешқашан бейжай қарауға болмай­ды. Сондықтан, біз ұрпақтан ұрпақ­қа жал­ғасып келе жатқан ұлттық игіліктер мен адами құндылықтар, тіл, дін, салт-дәстүр мен рухани-мәдени мұралар сабақтасты­ғын жоғалтпауға тиіспіз. Ертеңгі ел бола­ша­ғының тізгінін ұстар ұрпақтарымызды да осы жолда тәрбиелеуіміз керек және бұл іске жалпы қоғам болып атсалысқа­ны­мыз абзал.

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет­тік тілдің мәртебесін көтеру шаралары қолға алына бастағанда, Қызылорда об­лы­сы республикада бірінші болып меке­мелерде іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Жүргізілген мониторинг қорытындысы көрсеткендей, 2013 жылы мемлекеттік тілде шығысталған құжат айналымы 98,2 пайызды құраса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 99 пайызға, 2015 жылы 99,9 пайызды құрады. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіштердің мүлдем басқаша болуы да немесе күрт төмендеп кетуі де ғажап емес… Басым көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері тұратын біздің өңіріміздің өзінде тіл төңірегінде шешіл­мей тұрған мәселелер әлі қаншама. Кейбір мекемелердегі іс-қағаздардың әлі де ресми тілде жүргізілуі, көше бойларына, сауда орындарына ілінген көрнекі ақпараттар­дың заң талаптарына сай болмауы осы­ның айғағы. Еліміздің солтүстік өңірле­ріндегі жағдай мүлдем сын көтермейді. Петропавл, Павлодар секілді қала атау­лары мен кешегі кеңестік дәуірде берілген орысша көше атаулары қаншама жерде көтеріліп айтылып жүрсе де, бүгінге дейін өзгеріссіз қалып тұр. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғандықтан, қоғамдық өмір­дің әр алуан саласында қазақ тілі кеңінен қолданылуы тиіс және іс қағаздарымыз да барынша қазақ тілінде жүргізілуі шарт. Себебі, қазіргі қолданыстағы ресми құ­жаттар тілі бір жүйеге түспей, яғни мемле­кеттік ресми құжаттар қазақ тілінде жүргізілмей қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейеді дегенге сену қиын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша БАҚ-на берген сұқба­тында: «Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақ­стан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын гра­фикасын таңдады. Әлемдегі ақпарат­тардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – Рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өз­геріс жасайтын қадам. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құрылым­дар да бар. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді» — деп атап өтті. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «СЫН­ДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ­ЛЫ­ҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру сапасын жақсарту, балаларымызға мектеп қабырғасынан кәсіби бағыт-бағдар беру, қала мен ауылды дамытудың берік негізі саналаршағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан жан-жақты қаржылай қолдау көрсету, өз өнімін экспортқа шығаратын компания­ларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ ең алдымен көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән беруді, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы республика жұрт­шылығын көптен толғандырып жүрген жер мәселесіне де арнайы тоқталып өтті және жеріміздің шетелдіктерге сатылмай­тындығын, оған мүлдем жол берілмейтін­дігін қадап айтты. Мәдениет, денсаулық, құқық қорғау саласы, адамдардың құқық­тары мен бостандықтары, жақандық сипаттағы қиындықтарға төтеп бере ала­тын Қазақстан экономикасын әртарап­тандыру секілді әлеуметтік салаларға ерек­ше назар аудара келе, халықтың көкейінде жүрген түйткіл мәселелерді шешу үшін Үкіметке нақты міндеттемелер жүктеді. Келер жылдан бастап ұстаздар­дың жалақысын 25 пайызға өсіруді, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды және осы жыл соңы­на дейін жұмыс істейтін азаматтар өзде­рінің зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін шешуді ұсынды. Басқа да көптеген әлеуметтік мәселелерді көтере келе: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Сондай-ақ «үштілді­лікке» де қатысты өзінің пікірінде: «Бірін­ші қазақ тілі. Өз тілін жарытпай жатып, ағылшынға асыққан дұрыс емес» — деп атап өтті. Міне, мұның бәрі тегіннен-тегін айтылып отырған жоқ, уақыт оздырмай ана тіліміздің абыройын асқақтату үшін жасалуы тиіс маңызды қадамдар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР-ның Тұң­ғыш Президенті, Ассамблея Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ел тағдыры мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақтың ғана қолында болады! Кез келген мемлекеттің өзегі — оның бірегей мемлекет­тік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін бала-бақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді. Қазақ тілінің дамуы тарихта осындай ауқымды қарқынмен жүргізілген емес», — деп мәлімдеді. Иә, Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз!

Сондықтан оны қоғамның барлық саласында белсенді пайдалана алатындай деңгейде дамытуымыз қажет және осылай істеуге міндеттіміз. Мемлекеттік тіл үстемдік етуі тиіс және туған тіліміздің мерейін үстем етіп, мәртебесін көтеру жолында баршамыз бірлесе атсалысуға тиістіміз. Ана тіліміз сонда ғана Ата Заңымызда көрсетілген өзінің лайықты мәртебесіне ие бола алады. Олай болса, ұлттық құндылықтарымызды барынша қастерлеп, қанымызға сіңген қасиетті дәстүрлерімізді дәріптеп, «Мәңгілік ел» болу жолындағы ізгі мұраттарымызға жете берейік.

Жанкелді Ойшыұлы ЫСҚАҚ,

Қызылорда облыстық маслихатының депутаты

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here