Ауылға барып келдік…

0
6

Мұхиттың арғы жағындағы Америкада, немесе Үрім мен Қырымда емес, өзіміз әрдайым қазақылықтың қаймағы бұзылмаған мекені атайтын Қызылордада тұрып та ауылды көрмеген қазақ баласы бар екен. Сондай-ақ, ауылдағы ағайынға  айына-жылына ат ізін салатын ата-ананың жетегінде «ауыл дегенді» бірді-екілі көргені болмаса, тыныс-тіршілігінен бейхабар бала да қалың қазақтың қаласында  аз емеске ұқсайды.

Ауыл — бүкіл қазақтың алтын бесігі, түп-тамыры, рухани сабақтастықтың негізі деген тұрғыда бұл зор нұқсан болса-дағы ауылға бармаған, ауылды білмейтін баланың да жазығы жоқ. Бүгінгі қатал бәсекелестік заманының баласына бұрынғының баласындай ауылға барып аунап-қунап айлап жататын жағдай бар ма? Ағылшын тілін үйренуі керек, спорт секциясына баруы керек, алдағы өміріне қажет т.б. өнер үйренуі керек. Ата-ана болса бала-шағаның бүгінгі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, болашақ қамын жасау үшін тынымсыз еңбек етуден босамайды. Дегенмен өзінің түп-тамырын білгісі келсе қазақ баласына ауылды білмей тағы болмайды. Осы олқылықтың орнын толтырудың бір шарасы ретінде облыстық музей қалалық білім бөлімімен бірлесіп «Vіllage Lіfe» (Ауыл өмірі) жобасын іске асырыпты.

«Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің бұл жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи  сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп  туризмін дамыту тұрғысында қолға алынды», — дейді жоба ұйымдастырушылары.

Жоба Қызылорда қаласындағы 16 мектептің 800 оқушысын қамтып биылғы маусым айынан бастап қазан айына дейін жүргізілген. Жоба бастамасында ауыл сапарына әр мектептің үздік оқушылары таңдалыпты. Оқушылар ұстаздар жетекшілігімен Сырдария ауданы, Бесарық ауылында, Шиелі ауданының Ыбырай     Жақаев ауылында болып, ауылдың тыныс-тірлігімен танысқан. Төрт түліктің жайына қаныққан. Ауыл асханасынан дәм татып, тұщынып, құрт жаю, күбі пісу деген сияқты ауыл тірлігіне араласқан. Ұлттық қолөнерді түлеткен ауыл шеберлерінен шеберлік сабақтарын алған. Ауыл үлкендерінің әңгімесін тыңдап, өнеге-тәлім жиып сөздік қорын байытқан.

Жалпы қызылордалық 800 оқушының ауылға баруы қызғылықты ғана емес, танымдық-тәлімдік сипатта пайдалы болған екен.

Бұл туралы жобаны қорытындылаған баспасөз мәслихатында баяндалды. Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінде өткізілген негізгі ұйымдастырушы тарап — музей басшылығы, жауапты қызметкерлерден бөлек жоба­ның мақсатты үдеден шығуына зор үлес қосып, асфальт балаларының ауыл өмірімен етене танысуына жағдай жасап, балаларды өз отбасында қарсы алған ауылдағы ағайындар, жобаға қатысқан мектептердің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Жиынның құрметті қонақтары да ауылдағы жомарт жандар Ыбырай ата ауылының құрметті ақсақалы Нұрлан Махмұтұлы, Бесарық ауылының тұрғыны Жұмабай Байзақұлы болды. Бұл кісілердің қалалық 800 оқушының ауылды танып-білуіне қолдан келген көмегін аямағанын айтады ұйымдастырушылар мен жоба қатысушылары.

Жоба мақсатты үдеден шықты ма? Мұны нақты бағам­дау үшін жоба ұйымдастырушылары 800 оқушы арасында эссе байқауын ұйымдастырған. Ауыл әсерімен әсерлі бөліскен оқушыларға жүлдеге музейдің ұйтқылығымен шығарылған өлкетану мазмұнындағы үлкен жинақ тарту етілмек екен. Жүлдегерлерді марапаттау сәті де осы жиынға орайластырылыпты. Байқау нәтижесінде №7 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Нұрай Зинадин бас жүлде иегері деп танылған. І орынға Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Салтанат Айтма­ғанбет; ІІ орынға М.Сужиков атындағы №6 орта мектептің 8 сынып оқушысы Бағлан Бахтыбайұлы; ІІІ орынға №7 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Құралай Досанова; №11 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Ақжібек Дербісалы; Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Меруерт Қанатқызы лайық деп бағаланыпты.

Марапаттау сәтінен кейін жиын ауыл өмірі жайындағы әсерлі әңгімемен сабақталды.

Қонақ балаларды ауылдықтарға тән жомарт көңіл, ақ пейілмен құшақ жая қарсы алған Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Нұрлан Махмұтұлы ақсақал мен Бесарық ауылының тұрғыны Жұмабай Байұзақов ауылға барғандағы бала­лардың ауыл өміріне ықыластана қызығушылық танытып, балалық риясыз қуанышқа бөленгенін, тіпті кейбірінің өсе келе ауылда кәсіппен айналысқысы келетінін айтқанын жеткізді.

Көп жылдар бойы ауыл шаруашылығында мал дәрігері, аудандық мал дәрігерлер станциясының инспекторы, бас мал дәрігері болған Нұрлан Махмұтұлы бүгінде жеке кәсібін дөңгелеткен ауыл кәсіпкері екен. Ауылға барған балалар Нұрлан ақсақалдан ата кәсіп мал шаруашылығының қыр-сырына қаныққан. Нұрлан ақсақалдың отбасында мал шаруашылығы өнімдерінен дайындалатын ұлттық тағамдардың дайындалу барысына куә болып, ауыл дастарханынан дәм татқан. Бұл жиын барысында да Нұрлан атаның балаларға таным-тағлымдық әңгімесі айтылды. Әңгіменің негізгі өзегі — жылқы түлігі жайында өрбіді.

Нұрлан ақсақалдың әкесі Махмұт та ат баптап бәйгеге қосқан екен. Махмұт атсейіс баптаған бәйге аттарының қанжығасына талай дүбірлі тойлардың бәйгесі байланған көрінеді. Бір ғана мысал, 1995 жылы ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Абайдың 150 жылдық тойында 136 аттың ішінде Махмұт атсейіс баптаған Ақбақай атанған тұлпар алдыңғылардың бірі болып келген. Атадан мұра атсейіс өнерін, жалпы жылқы түлігінің қадір-қасиетін ұрпаққа үрдіс ету мұрат, — дейді Нұрлан ақсақал.

Жылқы түлігі жөніндегі әсерлі әңгімені Қазақстан жур­налистер одағының, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, қалалық балаларға ауылды таныстыруға белсенді атсалысқан Жұмабай Байзақұлы одан әрі сабақтап, кеңінен өрбітті.

— Қазақтың ақынжанды, жомарт, батыр болуының бір себебі жылқының қасиетімен де байланысты ма деймін. Атқа мінген адамның еңсесі көтеріліп, арқаланып кетеді, көңіл көкжиегі кеңіп сала береді. Қазақ даласында жылқыны біздің дәуірімізге дейін 6 ғасырда мінген екен. Бұл біздің тарихи тамырымыз. Жалпы, білім — кітапта ғана емес. Айнала қоршаған орта, табиғат — бәрі таным-білімнің көзі, — деп әсерлі әңгіме өрбітті ауылдан келген ағайын.

Балаларға таным-тағлымды ауыл сапарын тарту еткен Нұрлан Махмұтұлы мен Жұмабай Әубәкірге Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Алғыс хаты табысталды. — Ауыл барша қазақтың алтын ұясы. Оқыңдар, дүниені көріңдер, біліңдер. Бірақ ауылды ұмытпаңдар, — деді Нұрлан ақсақал жеткіншектерге.

Жиынға жобаға атсалысқан ұстаздар қауымы да қаты­сып, жобаның оқушыларға берген тағылымы мол болғанын жеткізді. Бұлар: Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Толқын Жұмағұлова; Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Али­мова; Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі директоры­ның тірбие ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Исмаилов; №6 орта мектеп пен №2 мектеп лицейінің, №11 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Айгүл Кәрібаева, Роза Асылбекқызы, Жанат Садуақасова. Сөз алған мұғалім­дер бұл жобаны жалғастырса жөн деген пікір білдірді.

Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің директоры Құттықыз Ыханова ауыл сапары барысында қалалық оқушы қыз балаларға ши тоқу, кілем тоқу, құрақ құрауды үйреткен екен. Жиында Қ.Ыханова да құрметті қонақ ретінде төрден орын алды. — Біздің ауылға 297 оқушы келді. Мұражаймен таныстырдық. Ауыл тірлігімен жете танысуларына да қолдан келген мүмкіндікті жасадық. Оқушылардың ауыл тірлігін білуге ұмтылысы, ауылға сүйіс­пеншілігі қуантты, — деді Ыбырай ата музейінің директоры.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауыл өмірі қалалық жеткіншектерге қатты ұнапты.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here