Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Г.РАХМЕТОВА: Мемлекет балаларға, көпбалалы отбасыларға көмектеседі

0
18

Ағымдағы жылы 6-шы ақпан­да Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасындағы бес баланың бір мезетте өрттен қайтыс болуына байланысты, республиканың барлық өңірлеріндегі әлеумет­тік жағдайлары төмен көп балалы аналардың тарапынан қоғамда үлкен толқу болды.

Осыған байланысты, Ел­басы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға бері­летін атаулы әлеуметтік көмек­тің көлемін 21 000 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсыр­ма­сына сәйкес,  ағымдағы жыл­дың 1-ші сәуірінен бастап мем­лекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету заңдылықтарына өзгерістер енгізіліп, қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы өтініштер қабылданып, бөлім арқылы төлем жүргі­зілуде.

2018 жылы АӘК жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы­нан төмен отбасыларға кедей­ші­лік шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айыр­масы ретінде, яғни 14 142 тең­геден табысы кем болған отба­сының әр мүшесіне төленіп келді. Ал, биылғы 1 сәуірден бастап жаңа формат енгізілді. АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы болды. Әрбір кәмелетке толма­ған отбасы мүшелеріне және 23 жасқа дейінгі студент балалары болған жағ­дайда 20 789 теңге көлемінде кепілден­дірілген төлем тө­леніп келе жатыр. Негізгі айырма­шылық, кедейші­лік шегі ең төмен­гі күн­көріс дең­гейі­нің 50 пайы­зы­нан 70 пайызға дейін артуында.

Нәтижесінде 2018 жыл қоры­тын­дысы бойын­ша АӘК та­ғайын­далған отбасы­лардың саны 3028 болса, ағымдағы жылы 1-ші қазандағы жағдай бойынша олардың саны 14 654 жетті, яғни 6 ай ғана уақыт ішінде өтінім берушілер­дің саны 5 есеге өсті.

Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мәні-аз қамтылған отбасыларды қолдау. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларына қатыс­тыра отырып табысын артты­руға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, көмекке мұқтаж  от­басына қолдау көрсетіп, аяққа тұрғызу.

Қала бойынша 9 айда мем­лекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қаралған 6,7 млрд теңге қаржының, оның ішінде республикалық бюджет­тен 3 180 979,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 554 009,0 мың теңге,Ұлттық Қор есебінен 3,0  млрд. теңге,5,9 млрд теңгесі 14 654 отбасына төленді. 

Бір отбасыға орташа есеп­пен 86 мың теңге берілуде. Оның ішінде айына 150-160 мың теңгеден алып отырған отбасы­лар да бар. Отбасында қанша­лықты адамы көп, соншалықты АӘК алуға мүмкіндік те  көбейіп отыр. Дегенмен, айта кету ке­рек көмекке мұқтаж азаматтар­дан бөлек түрлі себептермен табыстарын жасыру, ажырасу, тұрақты мекен-жайларын ауыс­тыру, жалған тіркеуге тұру фак­тілері көбейіп, беріліп жатқан көмек масылдыққа жағдай жасады. Сондықтан, бізге бір емес, бірнеше рет тексеруге тура келуде.

Қазір қала бойынша өзінің нақты табысын жасырған  414 отбасынан 55,9 млн. теңге бюджетке кері қайтаруға жата­тындығы анықталды. Олардың ішінде бүгінгі күнге 100 отба­сынан  15  млн. теңге бюджет­ке кері қайтарылды. Қалған отбасыларға хабарлама бері­ліп, көмек беру тоқтатылып, бюд­жетке кері қайтару жұмыс­тары жүргізілуде.

Сонымен қатар АӘК-тің берілу уақытына қатысты да түсінбестік болды, айталық, көмек алушылар қазан айы басталысымен қаржы бірден қолдарына тигенін қалады. Дегенмен, бөлім тарапынан оларға күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы БАҚ және баспасөздер арқылы ақпарат берілді.

Айта кету керек, мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек­ті тағайындап, төлеудің бастап­қы Ережесі бекітілгенде АӘК қай кезде төлену керегі көрсе­тілмеген болатын. Аталған Ере­жеге осы жылдың 26 тамызында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен бірқатар өзгерістер енгізіліп, АӘК тағайындалған айдан кейінгі айдың 10-ны күніне қарай жүзеге  асырылады деп нақты уақыты белгіленді. Осыған байланысты қаржы әр айдың 10-нан бастап төленетін болды.

Сондай-ақ, халық арасын­дағы АӘК беру тоқтатылады екен деген де сөз жиі айтылуда. АӘК тоқтатылмайды, алдағы 2020 жылдан бастап көмек жаңа  3 бағытта көрсетілетін болады. Мемлекет бірінші кезекте бала­ларға және көпбалалы отбасы­ларға көмектеседі. Ал, еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, жұмыс­қа орналасуға немесе кіші биз­неспен айналысуға тиісті жағ­дай жасалады.

Бірінші бағыт бойынша көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген мемлекеттік жәрдемақы ұсыну қарастыры­лады. Көпбалалы бұл – кәмелет­ке толмаған төрт не және одан көп баласы бар отбасылар. Егер бала студент болатын болса, онда 23 жасқа дейін кепілдендірілген төлем, яғни:      

төрт баласы бар отбасы­ларға 42 500 теңге,

бес баласы барларға 53 125 теңге,

алты баласы барларға  63 750 теңге,

жеті және одан жоғары бала­лары бар отбасыларға 73 375 теңгеден (отбасы мүшелеріне емес, бір отбасына) төленетін болады.

Бұл жерде бастысы отбасы­ның көпбалалы болуы, сондық­тан бұл қаржылай көмек үшін отбасының табысы қаралмай­ды. Мұндайда, «көпбалалы емес, бір-екі баласы бар, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен болса АӘК беріле ме» деген сауал туындайды. Екінші бағыт – осы мәселенің шешімі.

Қазір АӘК шартсыз көмек алушыларға 6 айға және шартты көмек алушыларға  12 айға дейін тағайындалатыны белгілі. Ал, 2020 жылдан бастап әлеуметтік көмек 3 айға ғана тағайын­далатын болады. Себебі, үш айда отбасы құрамында және табыс көлеміне қатысты өзге­рістер болуы мүмкін. Бұл, АӘК-ті заңсыз тағайындамауға жасалған бірден-бір қадам.

Екінші бағыт бойынша АӘК аз қамтылған отбасыларға төленеді. Отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққан­дағы орташа табысының ара­сындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайынғы АӘК тағайын­далады. Отбасы құрамында жұмысқа қабілетті азаматшалар болса, жұмыс істеуі керек. Егер жұмысқа қабілетті отбасы мү­ше­лері жұмыс істеуден бас тартатын болса, балаларға да, бұл отбасыға да жәрдемақы төленбейді. Бұл бағыт отбасы иелерінің өз отбасына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталады.

Сондай-ақ, көпбалалы ана­ларға қайтарымсыз негізде грант­тар тағайындау  да қарас­тырылған. Өткен жылдары 100 АЕК болса, биылдан бастап 200 АЕК, яғни, 505 мың теңге қай­тарымсыз негізде өз кәсібін бастау үшін қаржы берілетін болады. Мұнан бөлек шағын көлемдегі несие  беру де қарас­тырылған. Қазір 6 пайыздық үстемақымен несие алып жатса, 2020 жылдан бастап аз қамтыл­ған отбасыларды қолдау мақса­тында  4 пайызға төмендейді.

Тұрғындар арасында бизнес ашып, жұмыс істеу үшін бала­лар­дың жасы маңызды ма деген сауал бар. Қазіргі заңнамаға сәйкес, анасы 7 жасқа дейін бала күтімімен отырса, жұмыс­қа ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ 2020 жылдан бастап   3 жасқа дейін төмендетілетін болады.

Үшінші бағыт аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету. Мектеп жасына дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құрал­дармен қамтылса, мектеп жа­сын­дағы балаларға ыстық та­мақ, мектепке қажетті құрал-жабдық, киім-кешек беріліп, күнделікті тегін жол жүретін болады.

Қазіргі таңда  қала халқы­ның өмір сүру дейгейін көтеру­ге,  әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасыларын  демеуші­лер­дің қолдауымен көптеген шаралар өткізілуде. Жыл сайын ұйымдастырылып өткізілетін «Жүрек жылуы»  қайырымдылық акциясы биылғы жылы да өз жалғасын табуда. Ағымдағы жылы:

— 22 ақпанда «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы ая­сында 1600 отбасына 26,0 млн. теңге;

— 22 наурызда «Наурыз шапағаты» қайырымдылық акциясы аясында 176 отбасы­на 2,6 млн. теңге көлемінде азық-түліктей көмек көрсетілді.

— 12 қазанда «Қала күні» мерекесіне орай өткізілген жәрмеңкеде 650 отбасына 3,0 млн. теңгенің ауыл шаруашы­лық өнімдері таратылды. — қала­дағы «Айтбек», «Фристайл» сауда үйлерінде киім-кешек жинауға арналып қойылған 2 контейнерден жинақталған заттар «Ел арай» қоры жанынан ашылған әлеуметтік дүкен арқылы 1500 тұрмысы төмен отбасына таратылып беріліп, аталған қор арқылы жыл басы­нан бері  300 отбасына  2,5 млн теңгеге азық-түліктей көмектер көрсетілді;

— «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық ресурстық орта­лығы қалада  «Сымбат»,  Тас­бөгет кентінде «Арман» мейрам­ханалары арқылы 225 тұрмысы төмен отбасы ыстық тамақпен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар ағымдағы жылы шілде айынан бастап «Бәйтерек» мөлтек ауданынан  «Бала мекен» шағын ауданы бой көтеріп, қаладағы тұрмысы төмен, пәтер жалдап тұратын 150 көпбалалы отбасына уақыт­ша пәтер беріле бастады.  Қазіргі таңда қоныстан­ған 110 отбасына жуырда өткен Қала күнінде көмек көрсетілді.

Жалпы бөлім тарапынан қала­дағы тұрмысы төмен, көп­балалы отбасыларының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешіп, әлеуметтік қолдау барысында  алдағы уақытта да жұмыла жұмыс жасай беретін боламыз.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here