МЕКТЕПТЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР МҰНШАМА…

0
38

Қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруы­мен осы сейсенбіде Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде «Саналы ұрпақ — жарқын болашақ» тақырыбындағы жиын болып өтті. Қала әкімінің орынбасары  Мира Қазбекованың басшылығымен өткен жиынға «Сыбайлас жемқорлықтың алдыны-алу мақсатындағы жұмыстар; Кәме­летке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушы­лықтың және суицидтің алдын алу мәселелері арқау болды.

Жиынға Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойын­ша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов, Қызылорда облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бауыржан Ибраев, қала әкімінің кеңесшісі Әмірбек Шайма­ғамбетов, жергілікті полиция қызметі өкілдері, мектеп инс­пекторлары, мектеп директорлары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары қатысты.

Жиын кіріспесінде қала әкімінің орынбасары М.Қазбекова:

— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шаппаса Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келеді деп, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып бірлесе күресуге шақырған болатын. Дегенмен, өкінішке орай кейбір әріптестеріміздің теріс қылықтарға бару фактілері орын алып, теріс нәтижесі аймақтың, қаланың, білім саласының абыройына нұқсан келтіруде, — деп атап өтті.

Қалалық білім бөлімі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова баяндап, төмендегідей жағдайды жеткізді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова:

— Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық сипатындағы бүгінгі күнге дейін 4 қылмыстық іс құзырлы органдармен анықталып отыр. Қызметкерлер тарапынан орын алған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылық­тарды алдағы уақытта болдырмауға бөлімге қарасты қала төңірегінде орта білім беру мекемелері мен ұйымдарының қызметіне ведомстволық бақылау жасайтын жауапты қызметкерлердің қатысуымен арнайы мәжілістер өткізіліп, жауапты қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталған шаралар қабылданды. Одан бөлек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің және «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының өкілдерінің қатысуымен барлық білім беру ұйымдарының басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жиналыстар өткізілді. Сонымен қатар қоғамдық және Үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау органдарының мемлекеттік қызметкерлермен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлық, мінез-құлқы мен мемлекет тарапынан ерекше сенімге негізделген маңызды кәсіби стандарт айдарымен 1 диалог алаңы, жаңа кәсіби стандарт «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ міндет», «Сыбайлас жемқорлық — рухани кесел» тақырыбында дөңгелек үстел және отырыс кеңестері өткізілді.

Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарына, хаттарына арналған жәшіктер жаңартылып, көрнекі, оңтайлы жерге орналастырылды. Азаматтарды қабылдау кестелері білім бөлімінің сайтында және қабылдау бөлмелерінде орнатылды. Барлық білім бөлімдерінің қатысуымен өткізілген әрбір жиналыс отырысында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңын, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексін, еңбек тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде үнемі ескертулер беріліп келеді. Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымдарының басшыларымен өткізілген жиналыстарда пара алу және пара беру деректеріне жол бермеу жөнінде қатаң ескертпелер берілді. Білім беру ұйымдарының басшыларына Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы заңының талаптарын сақтау мақсатында ақпараттық оқытулар тұрақты түрде өткізілуде. Мектептерде «Пара алу — құрдымға батырар жол», «Таза сессия» акциялары өткізілді. Акция аясында оқушылар мен ата-аналар арасында ақша жинауға қатысты сауална­малар жүргізіліп, түсіндірме жұмыстары өткізілді. Жоғары сынып мектеп оқушылары мен мектеп қызметкерлері арасында «Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2025 жылдарға арналған салалық бағдарлама» атты жиналыс өткізілді. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында дөңгелек үстел, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын іске асыру бүкілхалықтық міндет» тақырыбында лекция оқылып талқы­ланды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу қоғамда сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Осы орайда жеткіншектер мен жасөспірімдер ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың ерекшеліктері тақырыбында сынып жетекшілерімен семинар-кеңестер өткізілді.

Сонымен бірге жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары сана мен мәдениетті дамытуға және ішкі парасаттылықты, адалдықты, бір-бірімізге деген сенімділікті тәрбиелеу бағытында барлық мектептерде «Адалдық дүкендері» ашылып жұмыс жасауда.

Білім бөлімінің 2019 жылғы 11 ақпандағы «Сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды болдырмау туралы» №34 бұйрығына сәйкес бөлім тарапынан барлық білім беру ұйымдарында мұғалімдер мен ата-аналардан ақша жинау фактісін болдырмау мәселесі қатаң бақылауға алынған.

* * *

Осы мәселе орайында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов сөз алып, жалпы білім саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ықтимал жайттары, бұл бағытта құзырлы органның жүргізіп жатқан іс-қимылы жөнінде баяндады.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов:

— Сыбайлас жемқорлыққа қатысты шешілмей жатқан мәселелер өте көп. Соңғы уақыттарда  біз мемлекеттік органдарда ғана емес, жалпы тұрғындарға да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағыттарын түсіндіріп жүрміз. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл 3 бағытта топтастырылған.

1. Первенция, бүгінгі болып жатқан мәжіліс те первенция шарасының көрінісі деуге болады.

Первенция дегеніміз — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ықтимал көздерін анықтау және жою, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының 6-бабында анық көрсетілгендей, бұл сыртқы, ішкі талдаулар, талдау нәтижелері мен тиісті ұсыныстар енгізу, нормативтік әсер ету шараларын қолдану болып табылады.

2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыру және білім беру, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен білімді қалыптастыру бағытында білім сала­сында «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобалық-кеңселер­дің аумағындағы іс-қимылдар, «Адалдық дүкендері», мектеп директорларын төменгі қабатқа көшіру, яғни халықпен тікелей байланысқа шығару дегендей шаралар жүргізілуде.

3. Алдыңғы екі бағыттағы шаралар нәтиже бермейтін болса қылмыстық қудалау шаралары қолданылады. Сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жауап­кершілік өте қатаң. Қазіргі уақытта біздің агенттік ақпа­раттық иммидждік материалдарын кеңінен насихаттауда. Бұл ретте ең алдымен первенциялық шараларға маңыз береміз. Первенциялық шаралар нәтижелі қолданылғанда сыбайлас жемқорлыққа апаратын әрекеттердің жолы кесіледі.

Біз өз тәжірибеміздегі білім саласындағы құқық бұзушылықтарға зерделеу жасағанымызда 2015 жыл­дарға дейін жасалған құқық бұзушылықтарға қарағанда соңғы жылдардағы құқық бұзушылықтардың сипаты мүлдем өзгергеніне көз жеткіздік. Соңғы 3-4 жылда жиі кездесетін фактілер білім ұйымдарына қызметке орналасуға байланысты құқық бұзушылықтар болса, бұрын мемлекет қаражатын ірі көлемде талан-таражға салу фактілері жиі кездесетін. Мұны болдырмау үшін біз первенциялық шараларды жүзеге асырып жатырмыз.

1 қаңтардан бастап Қызылорда облысында бюджеттің интерактивті картасы жұмыс істей бастайды. Сол кезде әрбір тұрғын мемлекеттік саладағы әрбір мекемеге жұмсалған әрбір тиынның қозғалысын көріп отырады. Және сол платформада бізбен байланысуға азаматтардың толық мүмкіндігі болады. Бұл первенциялық шаралардың пәрменді көрінісі болмақ.

Қазір білім саласында қызметке қабылдаумен байла­нысты түйткілді мәселелер бар. Қолданыстағы Білім туралы заңға соңғы бірнеше жылда көптеген өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістерді талдай келіп, мектеп оқушы­ларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету барысындағы мемлекеттік сатып алудағы осал тұстарды анықтадық. Бұл мәселелер бойынша заң жобасына өзгерістер әзірленді. Сондай-ақ, бірінші басшылардың қарамағындағы қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту бағытындағы өзгерістер. Заң әне-міне қабылданады деп күтіп отырмыз. Сол кезде қарамағындағы қызметкер құқық бұзушылық жасайтын болса, бірінші басшының да жауапкершілігі қарастырылады.

Жаңа баяндамасында білім бөлімінің басшысы атқарылып жатқан профилактикалық шаралар жөнінде айтты. Дегенмен бұл шаралар статистика үшін емес. Олардың жаңа формасын ұйымдастыру керек. Білім саласындағы басшы азаматтардың қызметке деген көзқарасын түбегейлі өзгертпейінше, терең мәдениет қалыптастырмайынша құқық бұзушылықтардың тоқталмауы әбден мүмкін. Қазір де біз тек қылмыстық қудалау шараларымен ғана алға қойған мақсаттарымызға жете алмайтындықтан первенциялық шараларды тереңдетіп жатырмыз. Біз соңғы уақытта әлеуметтік салаға, тұрғын-үй құрылыс саласына сыртқы талдаулар жасадық. Білім саласына осыдан 2 жыл бұрын талдау жасап жаңа айтқанымдай мәселелерді назарға алғанбыз. Алдағы уақытта білім саласына тағы да талдау жасайтын боламыз. Бізден басқа «Nur Otan» партиясымен т.б. жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, облыста 293 мектеп, басқа да білім ұйымдары бар, білім саласында қызмет істейтіндердің саны өте үлкен. Жалпы басқа салаларға қарағанда білім саласы қылмыстан ада сияқты. Бірақ та білім саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа барудың тәуекелдері өте зор. Себебі бұл салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің, бюджеттік қаражаттың көлемі өте үлкен. Сонымен бірге бұл өте маңызды сала. Сондықтан құрметті әріптестер, сіздердің уақыттарыңызды алмаймын. Жұмыс уақыты аяқталды. Әрқайсысыңызды отбасыңыз күтіп отыр. Ең басты мәселе, аман-есен отбасына оралу. Отбасына орала алмай қалудың ықтимал мүмкіндігінен сақ болыңыздар. Құқық бұзушылық жасаған жағдайда сол күні кешке емес, бірнеше жыл қайтып отбасыңызға орала алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа байланысты кімнің тарапынан болсын қандай да бір арандату,  қылмыстық құқық бұзушылыққа итермелеу фактілері болса, біздің 1424 бірыңғай нөмірімізге хабарласыңыз. Сонда сыбайлас жемқорлықтан сіз тек өз басыңызды ғана емес, қоғамды қорғайсыз. Біздің агенттіктің сенім, мәде­ниеттілік деген қағидаттарын қамтамасыз етуге азамат ретінде үлес қосасыз. Әрбіріңізді аман-есен отбасылары­ңыз­ға оралып, заңның аясында қызмет жасауға шақырамыз, — деді Б.Ниязов.

— Сыбайлас жемқорлыққа бағытталып жатқан іс-шаралардың барлығы шын мәнісінде бұл келеңсіздікке тосқауыл болары анық. Бұл жұмысты барынша жүргізе береміз, — деп қорытты жиын күн тәртібіндегі бұл мәселені М.Қазбекова.

* * *

Мәжіліс күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық білім беру бөлімінің басшысы М.Әбдіқалықованың баяндамасы тыңдалды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы М.Әбдіқалықова:

— Кәмелетке толмаған балалар мен жас­өспірімдердің арасындағы құқықбұзушылық­тың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өрлеуіне жол бермеу бүгінгі қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

2019-2020 оқу жылында қала бойынша 54 мектепте 63375 оқушы білім алуда. Оқу жылында білім беру ұйымдарының әлеуметтік паспорттары жасалып, нәтижесінде 8583 аз қамтылған отбасыларының балалары, 439 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 495 үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі оқушы, 18768 көпбалалы отбасы балалары, 7534 толық емес отбасы балалары, 638 өгей әке, 203 өгей шешемен тұратын балалар, 108 қолайсыз отбасының балалары есепке алынды. Анықталған топтағы балалармен жұмыс күшейтіліп, ата-аналарға, оқушыларға құқықтық түсіндірмелер жүргізілді.

2017-2018 оқу жылында оқушылармен 200-ден аса тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Қазіргі таңда мектептерде аз қамтылған отбасылардың әл-ауқат жағдайы жөнінде база әзірленді. Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл жобасына сәйкес, мектеп ғимараттарында барлық оқушылар мен мұғалімдерге ұялы телефон қолдануға тыйым салынды. Оқушылар арасында құқық бұзушылықпен қылмыстың алдын алу мақсатында және білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жүргізуге 43 мектепке мектеп полициясы инспекторы белгіленді. Бала санының аз болуына байла­нысты 11 мектепте учаскелік инспектор­лар жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек білім беру ұйым­дарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті мектеп әкімшілігі мен мектеп полиция инспекторларынан құрылған топ рейдтік шаралар мен түсіндірме жұмыс­тарын тұрақты ұйымдастырып келеді. Қалалық білім бөлімі тарапынан мектеп оқушыларының ата-аналарының келісімімен денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып 2019 жылдың сәуір айында 500 бала нашақорлықтың алдын алу бағытында халықаралық сауалнамаға қатысса, қазан айында 5380 ер бала наша­қорлықтың алдын алу бағытында профилак­тика­лық тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесінде нашақорлыққа бейім оқушылар анықталған жоқ. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдас­тыруымен қыркүйек, қазан айларында респуб­ликалық дәстүрлі ата-аналар жиналыстары өткізіліп 1-11 сыныптар бойынша 57978 ата-анаға психологиялық көмек алуға мүмкіндік жасалды. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 11846 болған еді.

Алайда атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан қала бойынша мектеп оқушылары арасында 2017 жылдың 12 айында 8 құқық бұзушылық тіркелсе, 2018 жылдың 12 айында 7 құқық бұзушылық орын алды. Ал 2019 жылдың 10 айында 5 қылмыстық құқық бұзушылық деректері орын алып отыр. 2019 жылдың 10 айында білім бөліміне қарасты 14 мектептен ата-аналардың қарауынсыз және қадағалауынсыз жүрген 39 оқушы кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығына тапсырылған.

Жол-көлік оқиғалары бойынша:

2017 жылы 9 жағдай, 2018 жылы 6 жағдай орын алса, 2019 жылдың 10 айында 9 жағдай орын алып отыр. Суға кету оқиғалары бойынша: 2017 жылы 2 жағдай, 2018 жылы 3 жағдай орын алса, биыл қазіргі уақытқа дейін 3 жағдай орын алып отыр. Орын алған келеңсіз жағдай мен қылмыстардың санының көбеюінің негізгі себебі балалардың кешкі шектеулі уақытта ата-аналардың қадағалауынсыз, бақылаусыз қалуында. Қылмыс жасаған балалардың 80 пайызы қолайсыз отбасынан, немесе аз қамтылған, толық емес отбасының балалары.

2018 жылы 13 ақпанда білім бөлімі мен «Бітім» медиациялық орталығы бірлескен меморандумға қол қойған болатын. Осыған орай ағымдағы жылдың қазан айында республикадағы құқық бұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес «Бітім» медиация орталығының мамандары әкімшілік сот, қалалық сот,  ювенальды сот қызметкер­лерінің қатысуымен арыз-шағымдарды болдырмау, түсініспеушілік жағдайларды сотқа жеткізбеу, балалар мен ата-аналар, мектеп пен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді дау-дамайсыз шешуге бағытталған кездесулер ұйымдастырды. Қыркүйек айында 10 мектептің психологтары медиация курсынан өтіп, мектептерде медиация кабинеттерін ашты. Ата-аналар, оқушылар тарапынан түсініспеушіліктер туындаған жағдайда мәселелер жас бітімгерлерге жүгіну арқылы шешіледі.

53 мектеп директорлары «Бітім» медиация қоғамы бірлестігі тарапынан кәсіби емес медиация курсынан өтіп, сертификат алды.

Суицид оқиғалары бойынша:

Бүгінгі күні жасөспірімдер мен жастардың физикалық денсаулығы мен қатар психология­лық денсаулығы өзекті мәселеге айналып отыр.

Жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі қоғам дертіне айналғанын әлем сарапшылары дәлелдеп отыр. Суицид профилактикасы бойынша Қызылорда облысында 2015 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы балалар қорының қолдауымен кәмелетке толмағандар арасын­дағы суицид первенциясы жобасы енгізілді. Бұл жоба жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салушылық суициалды мінез-құлықтың алдын-алуға бағытталған. Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында бүгінде 101 педагог-психолог маман жұмыс істейді. Мамандардың барлығы жоғары білімді. Жыл сайын қыркүйек, қараша айларында 8-10 сыныптар арасында білім алушыларға сауалнама жүргізіледі. Нәтижесінде тәуекел тобына жататын оқушылар анықталады. Мысалы, 2018-2019 оқу жылында Қызылорда қаласы бойынша анықталған тәуекел тобын­дағы балаларды аумақтық емханаларда арнайы тәжірибелі мамандарға көрсету бойынша 221 жасөспірім көмек алса, 118 психиатр көмегін алды, 24 балаға дәрі тағайындалды. 2019 жылы «суицид сақшылары» оқыту курсында қауіп төніп тұрған оқушыларды тікелей және жанама дерттер арқылы қауіпті анықтау және тану тәсілдері үйретіліп, бұл оқытуға жалпы саны 5772 вахтерлер (бұған мектептің техникалық қызметкерлері де кіреді) тартылды.

Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу және қол салуға әрекет жасау орын алуда. Қызылорда қаласы бойынша 2017 жылы 1 аяқталған суицид фактісі орын алды. 2018 жылы кәмелетке толмағандар арасында суицидке ұмтылыстың 4 жағдайы орын алды. (№№212, 261, 7, 173 мектептерде). Аяқталған оқиға деректері болған жоқ. 2019 жылдың 10 айында 6 оқыс жағдай орын алды. (№№1, 9, 176, 197, 212, 266 мектептердің 8-9 сынып оқушылары). 2019 жылдың мамыр айында (№218 мектептің 8 сынып оқушысы) аяқталған суицид орын алды. Орын алған жағдай негізінен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, кикілжің, түсініспеушіліктің салдарынан болған. Осы бағытта мектептегі психологтардың қызметін бағалау мақсатында 18-21 наурызда зерделеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесі бойынша 2 мектептің психологтарына тәртіптік шара көрілді. Ағымдағы жылдың 19-23 сәуірде тәуекел топ анықталған мектептерге зерделеу, әдістемелік көмек беру мақсатында қалалық білім бөлімі тарапынан жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 2 мектептің жұмысы зерделеніп әдістемелік көмек берілді. 2 мектептен кешенді сауалнама алынды – деп баяндаған бөлім басшысынан қала әкімінің орынбасары: «Осында жергілікті полиция басшысы, мектеп инспекторлары отыр. Осы орайда нақты мәселелер қандай?» — деп сұрады. М.Әбдіқалықова кейбір мектеп басшыларының мектеп инспекторлары қажетті уақытта мектепте болмайтынына шағымдана­тынын айта келіп, «Күні кеше Президент әкімшілігімен жүргізілген зерделеу жұмысының  нәтижесінде бізде ведомствоаралық байла­ныстың жоқ екені атап көрсетілді. Бұл шынайы нәтиже. Қазіргі кезде біз ведомствоаралық байланысты жоғалтып алдық. Тіркеуде тұрған балалармен жұмыс тек мектептің жауапкерші­лігінде емес, инспекторлармен бірге жүргізілуі керек. Психологтардың жұмысында да көпте­ген кемшіліктер орын алды. 10 айдың келеңсіз көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда өсіп кеткен. Сондықтан алдағы уақытта психологтар жұмысына да қатаң қадағалау жасау керек. Оған тек тәрбие ісі жөнінде орынбасар ғана емес, мектеп директорлары жауапкершілікті болуы керек», — деді.

* * *

Қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Абылай Жаппаров сөз алғанда М.Қазбекова атқарылып жатқан жұмыстардан гөрі нақты мәселелер, сол орай­дағы нақты ұсыныстар жөнінде айтуын сұрады.

— Алаңдатып отырған жасөспірімдер ара­сындағы қылмыс мәселесі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылға қарағанда 17 пайызға өсім алып отыр. Оның ішінде ауыр, аса ауыр қылмыс (адам өліміне дейінгі) деректер орын алды. Бұл мәселе тек құқық қорғау орындары, білім беру саласына ғана қатысты емес, жалпы қоғамға ортақ мәселе. Бұл бағытта Үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс істеуі керек.

Осы орайда айтатын тағы бір мәселе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы жасөспірімдер тәрбиесі. Кейбір отбасылар бала тәрбиесіне көңіл бөлмейді.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс жасау деректерінің 27-сі мектеп оқушылары болса, 33-і колледж студенттері. 9 жағдай еш жерде оқымайтын жасөспірімдерге қатысты орын алған. Беймезгіл уақытта жүрген жасөспірім­дерге қатысты деректер де өткен жылғымен салыстырғанда көптеп орын алып отыр. Биылғы 10 айда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларын тәрбиелеу, оқыту жөнінде міндеттерін орындамаған 21 дерек орын алды. Өткен жылы 3 дерек орын алған. Бұл орайда ата-аналар балаларын қарауды қойды деуге болады. 132-бап бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру дерегі 46. Өткен жылы 30 дерек болған. Жасөспірім­дер күн-түн демей емін-еркін жүр. Қызылорда облыстық девианттық мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына сот шешімімен 6 жасөспірім жатқызылған. Өткен жылы 3 дерек болған. Айта кетерлігі мектеп-интернатқа жатқызылған 6 жасөспірімнің 4-еуі қашып шығып, 2 қылмыс жасау дерегі орын алды.

Балалардың тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін орындамаған сот құзыры­мен ата-аналық құқығынан айрылған 2 дерек орын алды. Кәмелетке толмағандармен жасал­ған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың басым себептері қылмыс жасаған жасөспірім­дердің ата-аналарының тарапынан баласының жүріс-тұрысына бақылаудың жоқтығы. Қылмыс жасаған жасөспірімдерге отбасының әлеу­меттік жағдайының төмендігі, жетіспеушілігі жұмыссыздық пен қол бостық, оқудан шығып қалып, бақылаусыз болуы, қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың әлсіздігі. Бұл кемшіліктердің алдын алу үшін Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі, ювенальды полиция бөлімі инспекторлары, басқа да сала қызметкерлерімен, мемлекеттік органдармен, Үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс атқаруы керек  деп есептеймін – дей келіп А.Жаппаров: «Мектеп инспекторларының уақытында бол­мауы себебі, мектеп инспекторларының тікелей полиция құзыретіндегі атқаратын жұмыстары бар. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушы­лықтар мен қылмысты болдырмау тек мектеп­тегі жұмыс емес, қосымша атқарылатын жұмыстар бар. Бұйрықтарға сәйкес жұмыстар бар. Сол себепті түсіністікпен қарап, бірлесе жұмыс атқаруларыңызды сұраймын, — деп атап өтті.

* * *

Сөз алған қала әкімінің кеңесшісі Әмірбек Шаймағамбетов облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бауыржан Ибраевтың, қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті поли­ция басшысы Абылай Жаппаровтың талқылау­дағы мәселе бойынша бірнеше түйткілдерді назарға алуды ұсынды. Біріншіден, М.Науша­қызы баяндама барысында атап өткендей «керек кезінде мектептен табылмайтын» мектеп инспекторлары бұл жиынға да түгел қатыса алмапты. 46 мектеп инспекторларының 30-ы ғана қатысып отырғанын атап өткен Ә.Берді­бекұлы: «Мектеп инспекторларының бірінші жұмысы мектеп, мектеп, тағы да мектеп болуы тиіс. Мен де осы саланы басқардым. Ювенальды полицияның қызметі тек тікелей міндетіне пайдалансын. Бұл ішкі істер министрлігінің бұй­рығында да көрсетілген», — деп бұл мәселенің шешімін нақтылады.

Екіншіден, «Бәйтерек» мөлтек ауданы, «Баламекен» мекен жайындағы ахуал алаң­датушылық тудыратынын жеткізді Ә.Шайма­ғам­бетов. «Балалардың жаңа мектепке қалыптасу процесі ауыр жүріп жатыр. Бопсалау деректері көп. Зерделеңіздер. Әл-Фарабидегі №261 мектепке барып қайтқанша әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Қыс мезгілі жақын. Қараңғы түсіп кетеді. Қыз балалар бар. Мектепке балаларды тасымалдау мәселесін шешу керек», — деді бұл орайда.

Үшіншіден, назарға алатын мәселе жол-көлік оқиғалары екенін айтты Ә.Шаймағамбетов.

— Өткен жылы 121 жол-көлік оқиғасы болып, 134 адам  жарақат алып, 17 адам қайтыс болды. Биыл 240 жол-көлік оқиғалары болып, 218 адам жарақат алып 27 адам қайтыс болды. Жол-көлік оқиғалары 81% өсіп отыр. Мектептің жанындағы жаяу жүргінші жолағында 4 жол-көлік оқиғасы орын алды. Осыған көңіл аударып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу керек. Мектеп жанында жаяу жүргінші жолағында мектеп инспекторлары оқу жылының басында тұрады, сосын бірте-бірте азаяды. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, — деп атап өткен қала әкімінің кеңесшісі, жалпы әр мектепте қандай мәселе болса да ашық айтылуы керектігін, мәселе біреуді кінәлауда емес, ұсыныстарды білдіріп, жұмысты бірлесе атқару маңызыдылығын жеткізді. Осы орайда атап өтерлігі, Әл-Фараби мөлтек ауданындағы №261 мектепке бүгінде «Бәйтеректен» 92 бала қатынайды екен.

* * *

Қызылорда облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бауыржан Ибраев:

— Жалпы облыс бойынша жасөспірімдермен жасалған қылмыс өткен жылмен салыстыр­ғанда 20%-ға төмендеді. Дегенмен, қалада мектеп оқушыларымен жасалған қылмыс өткен жылмен салыстырғанда өсіп кетіп отыр.

Өткен жылы 9 айда 6 дерек болса, биыл 9 айда 15 дерек. Бұған тек қана мектеп дирек­торы, мектеп қана емес, бірінші кезекте ата-ана­лар жауап беруі керек. Әрине, мектеп инспек­торының басты міндеті мектептегі тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу.

Мектеп инспекторларының орында болмай қалуына байланысты мәселені қаперге аламыз. Өз тарапымыздан мектепте қылмыс, құқық бұзушылық орын алған жағдайда мектеп инспекторларының үстінен қызметтік тексеру тағайындалып, міндетті түрде шара көріледі.

Жол-көлік оқиғалары мәселесі облыс көлемінде өзекті. Жұмыс атқарылып жатыр дегенмен әлі де мардымсыз. Жүргізушілердің тәртіпсіздігінен жаяу жүргіншілер жолында жасөспірімдер, мектеп оқушыларының қайғылы жағдайға ұшырап жатқан жайттар бар. Мектеп инспекторларының ауысымдар барысында мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер жолын­дағы қауіпсіздікті қадағалау жөнінде өз тарапымыздан тапсырма береміз, патрульдік полиция қызметін де бөлеміз. Жасөспірімдердің беймезгіл уақытта бей-берекет жүрмеуіне байланысты жұмыс жүргіземіз. Бала тәрбиесіне аса көңіл бөлуіміз керек. Бәріміз ортақ жұмысты бірлесе атқаруымыз керек.

* * *

Келесі кезекте жиынға өзек болған келеңсіз жайттар жайы жекелеп талданды. Бұл орайда қала әкімінің орынбасары жауапты қызметкерлерге қатаң талап қойылып, зор жауапкершілік күтілетінін білдірді.

М.Қазбекова:

— Соңғы 2 жыл бойынша талдау жаса­ғанымызда 2017-2019 жылдар аралығында мектеп оқушыларының қатысуымен орын алған құқық бұзушылықтар №173, 253 және кешкі мектепте орын алған. №173 мектепте 2018 жылы 2 қылмыс тіркелсе (1 пышақ жарақаты, 1 ұрлық) 2019 жылы 1 ұрлық дерегі тіркелген.

№253 мектепте 2018 жылы 1 қылмыс, 2015 жылы 1 қылмыс (дене жарақатын алу) дерегі тіркелген. Кешкі мектепте 2017 жылы 5 қылмыс дерегі тіркелген, 2018 жылы 2 дерек, 2019 жылы 3 дерек, үздіксіз құқық бұзушылықтар тіркеліп отыр.

2018 жылы мектеп оқушылары арасында суицидке ұмтылыс оқиғасының 4 дерегі тіркелген. Атап айтқанда №№ 7, 173, 212, 261 мектептерде. 2019 жылдың 10 айында 6 суицидке ұмтылыс, 1 аяқталған суицид орын алған. Соңғы 2 жыл қатарынан №212 мектепте қайғылы оқиға орын алған. Осыған орай №212 мектепте кешенді шаралар қабылдануы тиіс.

Өткен аптада Прездент әкімшілігінен комиссия келді. Комиссияның қорытындысы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланды. Қызылорда облысы алғашқы үштік көшбасшы­ларының бірі деген баға берілді. Оған атсалыс­қандарға рахмет. Дегенмен, аталмыш комиссияға дейін бірқатар мектептерге ескерту­сіз барғанымызда кемшіліктерді көрдік. Сондай-ақ әрбір мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог қиын жағдайдағы балалардың аты-жөнін, отбасылық жағдайын, мекен жайын түгел біліп отыруы керек. Мектеп инспекторымен бірлесіп кешенді жұмыстар жасауы керек.

Соңғы 3 жылда мектеп оқушыларының суға кету оқиғаларының да саны өсіп келеді. Әрбір баланың өмірі ата-ана үшін, қоғам үшін қымбат. Дегенмен 2018 жылы 3 суға кету оқиғасы орын алған. №178 мектептен 2 оқушы, №187 мектептен 1 оқушы, 2019 жылы да суға кету оқиғасы орын алды. №9 мектептің 1 оқушысы, №128 мектептен 1 оқушы, №215 мектептен 1 оқушы. Аталған мектеп директорларына жазғы каникул кезінде де балаларды бақылауда ұстау, ата-аналармен үнемі байланыста болу жөнінде тапсырма берілді.

Мектеп оқушыларының жолда жүру ережелерін білмеу салдарынан жол-көлік оқиғаларының саны өсіп отыр. Соңғы 3 жылда жол-көлік оқиғасынан 4 оқушы қайтыс болды. 2018 жылы №1 мектептен 2 оқушы, 2019 жылы №7 мектепте 1 оқушы, №189 мектептен 1 оқушы.

1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған­дарды бейімдеу орталығына қала мектептері­нен 39 бала орналастырылған. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан және ата-ана қадағалауын­сыз түнгі уақытта жүргендер.

№9 мектептен 4 рет, №233 мектеп 3 рет. Осындай нақты деректерді атап өткен қала әкімінің орынбасары  М.Жомартқызы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынба­сарларының, мектеп психологтарының жауап­кер­шілігін арттырып, тиісті жұмысты атқару қажеттігін атап өтті.

Кейбір мектептердің директорлары, тіпті тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары осындай маңызды мәселелер талқыланған жиналысқа мектеп психологтарын ғана жіберіп, немқұрай­лылық танытқан. Осы орайда М.Қазбекова білім бөлімі басшысы М.Әбдіқалықоваға оларға байланысты шара көрілуі керектігін айтты.

Жоғарыда аталғандай оқиғалардың жай-жапсарын мектептердің директорларынан, болмаса тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларынан, болмаса психолог мамандардан егжей-тегжейлеп сұраған М.Қазбекова жауаптыларға  бірқатар тапсырмалар жүктеді.

— Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбы­лықтың және суицидтің алдын алу мәселелері тұрғысында криминалдық полиция бөлімшесінің басшысына және қалалық ішкі істер басқар­масы жергілікті полиция қызметі басшысына, түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілінсіз беймезгіл жүрген балалардың тізімі ай сайын білім беру бөліміне ұсынылуын сұраймыз;

— Мектептердегі полиция инспекторла­рының жауапкершілігін арттыру және 10 қарашаға дейін мектептер бойынша бөлінісі қайта қаралсын;

— Мектеп полиция инспекторларының оқу-жаттығу жиындарын сабақтан тыс уақытта ұйымдастыру керек. Ювенальды полиция бөлімшесі барлық білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп 25 қарашаға дейін бірқатар шаралар қабылдауын сұраймыз. Оқу-тәрбие барысында оқушылардың құқық­тық танымын арттыруға бағытталған құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен профилактика­лық шаралар ұйымдастырылсын;

— Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасы, немесе заңды өкілінсіз беймезгіл жүрмеуін қадағалау, олардың түнгі уақыттарда ойын-сауық орындарында болуына жол бермеу бағытында мектеп мұғалімдері, мектеп полиция инспекторларымен бірлескен түрде аптасына 3 рет жұма, сенбі, жексенбі күндері рейдтік шаралар жүргізу қамтамасыз етілсін;

— Білім беру ұйымдарының мектеп инспекторы, мектеп әкімшілігінен құрылған арнайы топ жасап оқушылардың мектепке рұқсат етілмеген заттарды алып келмеуі күнделікті қадағалансын;

— Барлық білім беру ұйымдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақса­тында «Үй — мектеп — үй» бағыты бойынша қауіп­сіз­дік паспортын 15 қарашаға дейін дайындап, мектеп оқушыларымен, ата-аналармен түсіндір­ме жұмысын ұйымдастырсын. Ата-аналар қол қойсын, көшірмесі ата-аналарға тапсырылсын;

— Білім беру ұйымдарындағы құқықтық тәрбиені арттыру бағытында мектептегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының жауапкерші­лігін арттыру бағытында тиісті шаралар қаралуы тиіс. — Оқушыға қатысты келеңсіз оқиға орын алған жағдайда дер кезінде білім бөліміне ақпарат беру және мектеп психологтары әр оқушыға жеке психологиялық көмек көрсетілуін қамтамасыз етулері тиіс;

— Кешкі мектептерде білім алып жатқан оқушылардың күнделікті сабаққа қатынауын қатаң бақылауға алу, құқықтық танымдарын арттыру мақсатындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілсін;

— Мектептен тыс уақытта оқушылардың бос жүрмеуін қадағалау мақсатында ата-аналармен тығыз байланыс орнату. Қалалық білім бөлімінен «жедел желі» телефонын қамтамасыз ету қарастырылсын;

— Кәмелетке толмағандар арасында суицид әрекеттерінің алдын алу. Тәуекел тобына алынған оқушыларды кең көлемді шараларға үнемі қатыстырып, белсенділігін арттыру;

— Тәуекел топтарындағы құқық бұзушы­лыққа бейім оқушылармен жұмыс жүргізу мектеп психологтарының жұмысының маңызын ескере отырып, психологтардың функционал­дық міндеттері ағымдағы жылдың 10 қара­шасына дейін қайта қаралсын;

— Білім беру ұйымдарында тәуекел тобына алынған оқушылардың тізімі 10 қарашаға дейін қалалық емханаларда сәйкестендірілсін;

— Әлеуметтік желілердегі бала психология­сына кері әсерін тигізетін парақшаларды күн­делікті зерделеп отыру мақсатында 5 қарашаға дейін жауапты маман барлық мектепте бекітілсін.

Білім беру ұйымы әр аптаның жұма күні зерделеу қорытындысымен қамтамасыз етілсін;

— Орын алатын суицидтің басым көпшілігі әлеуметтік факторлар себебінен болатынын ескере отырып, тәуекел тобы оқушыларының ата-аналарымен жұмыстарды күшейтуді тапсырамын;

— Мәжілісте берілген тапсырмалардың орындалуын қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова қадағаласын, — деп қорытты жиынды М.Қазбекова.

Атап өтерлігі бұл мәжіліс 24 қазанда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысының шешіміне сәйкес, қала әкімінің тікелей тапсырмасымен өткізіліп отыр екен. Жоғарыда мазмұндалғандай маңызды мәселе­лер жайы тарқатылып, шешімдері белгіленді.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here