Қолда бар дүниені бағалай алмаймыз…

0
92

Қазан айының 18-і күні Қызылорда қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төраға­лығымен аппарат отырысы өтті. Жиын басталмас бұрын шаһар басшы­сы өткен апта қоры­тын­дыланған Қызылорда қала­сының 201 жылдық мерейтойы­на атса­лысқан бірқатар сала маман­дарын марапаттады.

Одан кейін, Қызылорда қала­сының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы­ мен қалалық жер қатынастары бөлімінің жаңа басшыларын таныс­тырды. Соны­мен, Қазақстан Республи­ка­сы Қорғаныс министрлігінің бұйры­ғымен, осы уақытқа дейін Жамбыл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарып келген Руслан Намазбаев Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі бас­қармасының бастығы қызметіне,  қала әкімінің 2019 жылғы 16 қазан­дағы өкімімен Жақсылық Ержанов қалалық жер қатынас­тары бөлімінің басшысы қызме­тіне тағайын­далды. Жаңа қыз­метке отырған екі басшы да бұған дейін бірнеше абыройлы қызмет­тік сатылардан өткен.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілістің күн тәртібіне 2 мәселе қойылды. Бірі қала бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, екіншісі дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мәселелері болды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қала бойынша 2019 жылдың 1 қазанына 26 мың 211 шағын кәсіпкерлік субъектілері (заңды тұлға 5 696, дара кәсіпкерлер 19 470, шаруа қожалықтары 1045) тіркелсе, оның ішінде, нақты жұмыс жасап тұрғаны 21 696 нысанды құрауда (заңды тұлға 3 926, дара кәсіпкерлер 16 791 және шаруа қожалықтары 979). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен (2018 жылдың тиісті кезеңінде 20 158 бірлік жұмыс істеп тұрған) салыстырғанда 5,5 пайызға өсіп, 82,7 пайызды көрсеткен.

– Жыл соңына дейін жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъек­тілер санын 92 пайызға жеткізу мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелердің мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл бағытта Қызылорда облысы бойынша статистика департаменті және қалалық кірістер басқар­масымен тиісті жұмыстар жүргі­зілуде. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 50,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерде шама­мен 50 мың адам жұмыспен қамтылған. Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізіл­ген талдау нәтижесіне сәйкес 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айла­рында 2296 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2327 жаңа жұмыс орны ашылды, — деді Қызылорда қала­лық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.

Биылғы жылы жаппай кәсіп­керлікті дамыту «Жол картасы» аясында 2019 жылы 4 млрд. 616 млн.теңгенің 444 жобасы іске асырылып, қалада 508 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 727 млн.30 мың теңгені құрайтын 121 жоба қолдау тапса, оның ішінде жоба құны 689 млн.680 мың теңгені құрайтын 113 жоба шағын несиелендіру арқылы қаржыландырылған. Тағы бір айта кетерлігі, қаламызда мемлекеттің қаражатынсыз, өз ақшасымен кәсіп ашып, оның нәтижесін көрсетіп, жемісін жеп отырған кәсіпкерлер де бар. Бүгінде олар 3 млрд. 878 млн.теңгеге 91 кәсіпкерлік нысанды іске қосқан.

Алмасбек Есмаханов: Бұдан бөлек, қазіргі таңда қала және ауылдық елді-мекендерден құны 541 млн. 270 мың теңгені құрайтын 109 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарына ұсынылатын болады. Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз грант­тар беру бағыты бойынша комис­сия шешімімен жоба құны 103 млн. 525 мың теңге болатын 255 адамның жобасы қолдау алды. Оның ішінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 108 адамға, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 147 адамға қайтарымсыз гранттар берілді. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарла­масы аясында бүгінгі таңда жалпы құны 1 млрд. 726 млн. 908 мың теңгені құрайтын 32 жоба қолдау тапты. Жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында қалаға қарас­ты елді мекендерден қайтарымсыз грант алуға құны 226 млн. 779 мың теңгені құрайтын 152 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, жалпы құны 11 млн. теңгені құрайтын 23 жоба грантка ие болды. Сондай-ақ, өз­де­ріңізге белгілі Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 қаулысы­мен бекітілген «Қара­пайым заттар экономикасын дамы­­ту» бойынша басымдық беріл­ген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарлама­сы жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл бағдар­лама аясында қала бойын­ша жалпы құны 2 млрд. 48 млн. тең­гені құрайтын 13 жоба қолдау тапты, — деді.

Статистикаға сүйеніп, сандар­ды сартылдатып айтып берген басқарма басшысы Нұрлыбек Машбекұлына ҚР Үкіметінің әрбір өңірде маркетингтік зерт­теулер жүргізу мен аумақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасын әзір­леу бойынша тапсырмалар беріл­гендігін, соған байланысты қалаға қарасты барлық ауылдық округ­тер мен кенттерде маркетингтік жұмыстардың жүргізіліп жатқан­дығын жеткізді. Бұл жұмыстар екі санат бойынша (халықтық және кәсіпкерлік сауалнама) жүргізіліп жатыр екен. Оның І санатына үй шаруашылықтарының қажеттілік­терін анықтау, ІІ санаты бизнес субъектілерінің қажеттіліктерін анықтау болып табылады.

–  Қазіргі таңда, Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде бар­лығы 77 сауалнама жинаушылар тара­пынан 16 131 сауалнама жүргі­зілді. Оның ішінде: халықтық сауалнама бойынша 12 665 сауал­нама толты­рылса (203,2 пайыз), кәсіпкерлік сауалнамасы бойын­ша 3 466 сауалнама (16,2 пайыз) толтырыл­ды. Қазіргі күні толты­рыл­ған сауалнама саны бойынша өзге өңірлер арасында Қызылорда облысы алғашқы үштікке еніп, көшбастап тұр. Дегенмен, респуб­ли­калық жобалық кеңсемен өңір­лердің жүргізген сауалнамалары­на талдау жасалып, Қызылорда қала­сында жүргізілген үй шаруа­шы­лығы бойынша сауалнамалар­дың 91,1 %-ы сапасыз толтырыл­ған­дығы анықталды (24.09.2019 жылғы ақпаратқа сәйкес). Қазіргі таңда, толтырылған сауалнамалар бойын­ша жіберілген кемшіліктер мен қателіктерді қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде аталған көрсеткіш 31 %-ға төмендеп, 54,3%-ы көрсету­де. Үй шаруашылығы сауалнама­лар бойынша орын алған кемші­ліктерді жою мен түзету жұмыс­тары 1 апта көлемінде аяқталатын болады – деді Алмасбек Әбілқа­сым­ұлы.

Ереже бойынша берілген уа­қыт­қа өз баяндамасын сыйдырып, атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндаған басшыға Нәлібаев алдағы жоспарларға қатысты қандайда бір кедергілер бар ма деп сауал қойды. Оған Есмаханов  қалаға қарасты барлық кенттер мен ауылдық округтермен және де кәсіпкерлер тығыз байланыста отырмыз. Биылғы жыл соңына дейін жоспарды кезең-кезеңімен орындаймыз. Ешқандай кедергі жоқ, — деді.

Басқарма басшысының баян­дамасынан кейін Нұрлыбек Нәлі­баев өзінің орынбасары Бектас Нұридинов пен бөлім басшысы Алмасбек Есмахановқа саладағы маркетинг бойынша жүргізіліп жатқан сауалнаманы қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Бірінші мәселе толығымен тыңдалып, тиісті тапсырмалар бе­рілген соң екінші мәселе бойынша сөз Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Семсер Сыздықовқа берілді.

Спорттың адам өмірінде ала­тын орны зор екендігі баршамызға белгілі. Біздің шаһардың да тұр­ғындары қала бойынша өткізілген 91 спорттық шараға қатысқан. Нақты айтар болсақ, 10455 адам. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың 9 айындағы өткізілген іс-шаралар­дың қорытындысы.

– Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту бойынша бөлімге қарасты «Қажымұқан» клубында спорттың 11 түрінен үйірмелер ұйымдастырылып, 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен шұғыл­дануда. Клуб құрылғалы (2014ж) спортшылар Әлем, Азия және ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 330 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, 105 халықаралық және республи­калық дәрежедегі нормативтерді орындады. Қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері арасында дене шынық­тыру-сауықтыру, спорттық бұқа­ралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған облыстық байқаудың соңғы 5 жылғы қорытындысымен Қызылорда қаласы І орында келеді, — дейді Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Семсер Сыздықов.

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ең алғаш­қы жолдауын жолдаған болатын. Сонда барлық жастағы ел азамат­тарының арасында бұқаралық спортты дамытуды, балалар үшін қажетті спорт инфрақұрылымы­ның барынша қолжетімді болуы керектігін айтқан болатын. Өткен жылы қаладағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жеке кәсіпкер­лердің есебінен «Мерей» мөлтек ауданы мен Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы беттен шағын футбол алаңдары пайдала­нуға берілсе, «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен «Жастар» үйі мен М.Ералиева атындағы мәде­ниет үйінің аулаларына спорт алаңдары салынған. Сонымен қатар, биыл қалалық демалыс паркіне жеке кәсіпкер есебінен футбол алаңы салынса, қазіргі кезде бюджеттен бөлінген 175 млн. теңгеге қаладағы Белкөл кенті, Арай-Шұғыла, Өсербаев №67, Қонаев 24, Сүлейменов көшесі №58, Ергешбаев көшесі №62, Бәйтерек мөлтек ауданы, СПМК-70 тұрғын ауданындағы Көктөбе №92, Жаппасбай батыр №3, №3 ірілендірілген кварталдарында 10 спорттық алаңның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

С. Зұлпыхарұлы «Ыбырай Жақаев көшесінің бойынан стрит­бол алаңын салуға 9,7 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекет­тік сатып алу жұмыстары жүргі­зілуде. Қызылорда қаласында барлығы 171 ойын-спорт (143 шағын ойын-спорт, 22 дене жат­тығуларына арналған және 4 стрит воркаут) алаңдары болса, ағым­дағы жылы оның 61 ойын және 56 спорт алаңдарына (16,8 млн. тең­геге) сырлау, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кенже қалған спорт түр­лерін дамыту бойынша облыс­тық жобалық кеңсеге стритбол, президенттік көп сайыс, үстел теннисі, қол күрес және ұлттық спортымыз асық атудан жалпы сомасы 57,3 млн. теңгенің 5 жо­басы ұсынылып, нәтиежелері күтілуде. Қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерді спорт үйірмелерімен толық қамту мақсатында 2019 жылы Белкөл кентінде, Ақжарма, Қосшыңырау және Қызылөзек ауылдық округ­терінде грэпплинг, жекпе-жек, каратэ, еркін, қазақ күрестерінен үйірмелер ұйымдастырылды. Оған 400 тарта ауыл тұрғындары қатысуда. Қазіргі уақытта қала мен қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтер 100 пайыз волейбол, баскетбол, футбол және т.б. спорт үйірмелерімен қамты­лып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бойынша бөлім «Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігімен тығыз жұмыстар жүргізуде. Шілде айынан бастап қоғамдық бірлестікте жұмыс жасайтын 49 спорт нұсқаушылары жаттығу өткізетін адамдар санын 80-нен 120-ға көтерді. Нәтиже­сінде «Қайнар» спорт клубы арқылы бұқаралық спортпен қамтылған адамдар саны 3920-дан 5880-ге немесе 50 пайызға артты», — дейді.

Бұл тұста қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің назарынан тыс қалмады. Себебі, бөлім басшысы олар үшін де түрлі үйірмелердің ашылып, тіпті олар үшін қаладағы барлық спорттық нысандарда тегін спортпен шұғыл­дануға болатындығын айта кетті. Және де соқырлар қоғамына арнайы маман бөлініп, спорттың тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат түрлерінен үйірме жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Қаладағы 80 тұрмыстық жағдайы төмен және көп балалы отбасыларынан шық­қан балаларға «Евразия», «Мұз айдыны» спорт кешендеріне жол­дамалар беріліп жатыр.

Атқарылған жұмыстарын баян еткен бөлім басшысы, сөз соңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа бірнеше ұсыныстарын айтты. 

1. Қаладағы кент пен ауыл­дық округтерде күрес үйірмелерін ұйымдастырдық. Ол күрес үйірме­леріне қажетті жаттығу залын қазір облыстық спорт мектепте­рінен уақытша алып отырмыз, сол себепті күрес үйірмелеріне жатты­ғу залдары керек.

2. 2014 жылы құрылған «Қа­жымұқан» спорт клубына мұндағы келушілердің санының артуына байланысты жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар алу қажет және клубты жөндеуге қаражат керек, — деп өз ұсынысын жеткізді.

Бұл ұсынысқа қала әкімі «Ұсыным беріңіз. Келесі жылдың бюджетіне енгізейік. Ондай көп қаражат емес, көмектесеміз», — деді.

– Негізі әр ауылдарға спорт­тық клубтар салып беру мүмкін емес. Қазір ауылдардағы мектеп­тердің көбісі жаңадан салынған, сондықтан ондағы спорт залдарды пайдалана білу керек. Тек мектеп оқушылары ғана емес, ауыл адамдары да келіп шұғылдансын. Жалпы, барлық ауылдарда кезінде спорт алаңдары салынды. Бізге дейін, әсіресе Мархаббат Жайым­бетов мырзаның кезінде көп салынды. Өкінішке орай, солар­дың қазіргі жағдайы сын көтер­мей­ді. Кезінде бюджеттің қиын уақыты болса да ауылға керек болғандықтан қаншама ақша жұмсалды. Ешкім оны еріккеннен немесе ақшаның көптігінен салған жоқ. Міне, сол жасалған дүние­лерді бағалай алмаймыз, қарамай­мыз. Әсіресе ауыл әкімдері… Бұл сіздердің жұмыстарыңыз. Қала орталықтарында да қаншама спорттық алаңдар салынды. Олар­ға кәсіпкерлерді тарттық, жұмыс жасадық, бюджеттен ақша бөлінді. Бір 2013 жылдың өзінде 500 млн-ға 30-дың үстінде спорт алаңдарын салдық. Биыл да бюджеттің тап­шы­лығына қарамай 10 спорт ала­ңын 170 млн.теңгеге салдық. Дәл қазір біз үшін әрбір тиын маңыз­ды. Бұдан өзге де қанша мәселеле­ріміз бар шешілмеген. Шет аймақ­тың көшелері, тротуарлары, ауыз сулар бар дегендей… Бірақ біз керек болғаннан кейін, маңызды болған соң соның шетінен жырып 170 млн.теңге қарастырдық. Біз бұл ақшаға жоқ дегенде 10 көшені жөндейтін едік. Сондықтан осы салынған барлық дүниелер бақы­лауда болуы керек», — деп сөзін аяқтады қала әкімі Н.Нәлібаев.

Күн тәртібіндегі 2 мәселе то­лық қаралды. Тиісті сала бас­шы­ларына да, әкім орынбасарларына да тапсырмалар берілді, олар өз кезегінде қызметтеріне байла­нысты аздап ұрыс та естіді. Соны­мен аппарат отырыс тәмамдалды.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here