Сырдария сабантойы қалай өтті?

0
69

Егін жинау науқанын табысты аяқтаған Сыр диқандары сабантойлатып жатыр. Өткен аптада облыс ауқымында өткізілген «Алтын дән» мерекесі қалыптасқан дәстүрге сай аудандарда жалғасуда. Бұл үрдістен жаңылмай сенбі күні сырдариялықтар аудан орталығында «Алтын дән» мерекесін өткізді.

“Қос тойың қабат болсын” дегендей егіншілік науқанының қорытындылануымен орайлас, сырдариялықтар жерлестері айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтті.

Төрт түлікті өрісі де, кеніші де, егісі де баршы­лық берекелі мекен Сырдария ауданының мерекелік мерейлі шағына біз де куә болған едік.

* * *

«Алтын дән» мерекесінің «Алтын дән» жәрмең­кесінсіз сәні болсын ба? Бағаны тұрақтандыру деген міндетпен «Алтын дән» мерекесінен кейін де өткізіле беретін басқа жәрмеңкелерден бұл жәрмеңкенің азық-түлік түрлерінің молшылығы, бағаның едәуір арзаншылығы дегендей артықшы­лы­ғы да болатын. Сырдария жәрмеңкесі қалай өтті?

«Таңертеңгі сағат 9-да басталады» деген жәр­меңкеге сол шамада біз де бардық. Жәрмеңке алаңы кенттің Абай көшесінде ықшам орналасыпты. Кө­ріп шықтық. Артық ештеңе айтпай-ақ, көргеніміз­ді ғана баяндайық.

Қазан айы да ортадан ауған шақта алды сонау маусым айынан саудаға түсе бастаған қауын-қарбыз қазан болмасын ба, сырдариялықтардың да бұл бақша өнімі қазан болуға қарағандай. Майдасы-ірісі бар келісіне 70-80 теңгеден, түйірі 500 теңгеге дейін жәрмеңкенің әр тұсында ептеп бар екен. «Жеті­көлдікі», «Айдарлыныкі», «Іңкәрдікі» деп жатты сатармандар. «Келісі 80 теңгеден деген» «Іңкәрдің қауынын» алмаса да «Іңкәрдарияныкі десеңші, Іңкәр деген қыздың аты емес пе?» деп ескерту жасап барады жұрттың бірі қауын сатушыға. Қауын сатушы да күліп қала берді. Қауынмен қабат Іңкәрдариядан қызанақ та жеткізіліпті, «келісі 250 теңгеден, көк помидорды келісіне 100 теңгеден беремін», — дейді іңкәрдариялық.

Күзгі жәрмеңкедегі молшылықты өнім негізгі азық-түрлері картоп, жуа, сәбіз Сырдария жәрмең­кесінде басқа өнімдерге қарағанда баршылық екен. Келісіне 80-85 теңгеден «Шиелінікі, Павлодардың тәтті картобы» үлкен көліктермен тиеліп әкелініпті.

«Қолжетімді баға, 3 мыңнан картоп, 2 мыңнан жуа! «Ботабайдікі!» деп бүкіл жәрмеңкеге жар салуда бір сатарман. 2-3 мың дегені аталған өнім­дердің 1 қабының бағасы! Кәдімгі тор қапшыққа салынған керек азықты күннің ашық жарығында, бағасы «ертең әлдеқалай құбылары белгісіз» қымбатшылықтың да алдын алып бір-екі қаптан қол арбаларына тиеп, арқалап әкетіп жатқандар бар. Жуа бүкіл жәрмеңкедегі ең арзан өнім болып шықты. Келісіне 55 теңгеден. Сәбіз — келісіне 90 теңгеден, кей тұста 100-110 теңгеден болғаны бар.

Бір-ақ жерде сиыр еті сатылып жатыр екен. Келісі 1500 теңгеден, таусылуға қарапты. Бір тұста және Нағи Ілиясов ауылының омарташыларының сұранысқа ие балы сатылуда. «Қанты жоқ, таза бал. Ауылда литрін 2 мың теңгеден сатамыз. Жәрмеңке болғасын арзандатып беріп жатырмыз. Жаңа бір әже екеуін алып кетіп еді, қайта келіп тағы алды», — деп өнімін сауда барысында жақсылап жарнамалап та жатыр сатарман. Жергілікті өнімнен көз сүріндіргені және сүйсіндіргені асқабақ болды. Биыл сырдариялықтар бақшалығында асқабақ бітік шыққанға ұқсайды. Айтпақшы, бұл жәрмеңкедегі ең арзан өнім жоғарыда айтқанымыздай жуа емес, асқабақ екен. Келісіне 50 теңгеден. Үлкені, шағыны сөрелерде толып тұр.

Шиелінің сөгі, талқаны тұр келісіне 800-900 теңгеден. «Қолдың құртының» келісіне 1500-2 мың теңге сұрайды сатарман. Қазалының «борпылдақ әдемі кәмпитінің» келісін 500 теңгеден дейді. Алма, жүзім, құрма, анар дегендей жеміс-жидектер де бар, жәрмеңке-базарда. Алманың келісі 250 теңгеден. Жүзім — 380 теңгеден. Күзгі базардағы сұранысты өнімдер қырыққабат, қызылша, қияр, болгар бұрышы, сарымсақ та баршылық жәрмеңке қатарында. Қырыққабаттың келісі 80-100 теңгеден, қызылшаның келісі — 100 теңгеден, болгар бұрышы келісі 90-100 теңгеден, ащы бұрыштың келісі — 250 теңгеден, сарымсақтың келісі — 750 теңгеден деп тұр жәрмеңке сатармандары.

Әдетте «Алтын дән» жәрмеңкесінің сәні күзгі молшылық, берекенің нышаны күріш болатын. Сырдария жәрмеңкесінде бұл өнімді бір-ақ жерде ұшыраттық. Келісіне 250 теңгеден күріштің оншақты қабы тұрған көлік маңайын қаумалаған жұртшылық талапайлап жатыр. Тағы бір жерде «3 тонна күріш әкеліп сатып жібердік» деп тұр жәрмеңке басындағы бір көлік иесі. Дегенмен «Алтын дән» жәрмеңкесінде күріштің қатшылығы дегенді бұрын кім көрген?

Күріш жемі де тез таусылып қалыпты. «Абай-Дәулеттің» күріш жемінің 40 келілік қабын 1800 теңгеден алғанын айтты бір аларман. «Абай-Дәулеттің» күрішінің талапайға түсіп жатқанын жаңа көрдік. Біз жәрмеңкені шолып шыққан­ша жәрмеңкеге аудан әкімі Руслан Рүсте­мов бастаған топ та келе жатты. Бұл қатарда күріш өсіруші серіктестік басшылары да бар екен. Жәрмеңке қатарында күріштің жоқтығын (немесе түгесіліп қалғанын) олар байқады ма екен?..

Ресми мәліметке сүйенсек, жәрмең­кеге барлығы 23 млн. теңгенің 205 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шығарыл­ған екен. Оның 30 тоннасы (?!) күріш көрінеді…

* * *

Жәрмеңкені шолып шыққан басшы­лар тобы келесі сәтте «Алтын дән» мерекесіне орай думандатып жатқан орталық алаңға бет алды. Күй күмбірлеп, ән шырқалған алаңда «Алтын дән-2019» қорытындысымен облыста озық таныл­ған сырдариялық «Мағжан және К», «Бесарық» серіктестіктері озат еңбеккер­леріне су жаңа көліктердің кілтін тапсырды. «Жан Арай» ЖШС 3 еңбек озатына 1 — миллион теңгенің, 2 — 500 мың теңгенің сертификатын тарту етті. «Еңбегіне қарай бермегі» деген осы болар!» деп қол соқты еңбеккерлердің мерейлі шағына куә болған алаңға жиналған жұртшылық.

Мерекелік салтанат, мерейлі марапат одан әрі аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Ел ризығын арттыруға қажыр­лы еңбегімен үлес қосқан егінжай ерлері­нің ерен еңбегіне мадақ айтылып, мара­пат­пен аталып өтті. Салтанат төрінен сөз алған аудан әкімі Р.Рүстемов қамбаға құйылған мол астықта сырдариялық диқандардың мол үлесі барын жеткізіп, ерек табысқа жеткен егінжай ерлерін атап өтті.

Аудан әкімі Руслан Рүстемов:

— Құрметті аудан тұрғындары, қадір­менді диқандар! Сіздерді дала еңбеккер­лері жыл сайын асыға күтетін жыл бойы еткен еңбек пен төгілген тердің қайтары­мы ретінде айшықталатын «Алтын дән» мерекесімен шын жүректен құттықтай­мын. Дана халқымызда «Әлемнің әміршісі — еңбек» деген тағлымы мол сөз бар. Еңбек еткеннің еңсесі биік екенін ескерсек, күз маусымы дала еңбеккерлерінің мерейі тасып абыройы асқақтайтын берекелі кезең. Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты негізінде ауыл шаруашылығы саласы айрықша дамыды. Соның негізінде жыл сайын сырбойылық диқандар күріштен мол өнім жинап рекордтық көрсеткішті бағындырып келеді. Биыл да ел қамбасын Алтын дәнге толтырған аудан егіншілері сенім үдесінен шығып ризық несібесін ысырапсыз жинап алды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған қол­даудың және қажырлы еңбектің жемісі екені анық. Сонымен бірге бірлесе атқар­ған жұмыстардың жарқын көрсеткіші, аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің айқын көрінісі екендігін атап өткеніміз жөн. Өздеріңізге белгілі, ауданы­мыздың әлеуметтік-экономика­лық дамуы жаңа белестерге көтерілді. Ілгері басуға бағытталған бастамалар тұрғындардың әлеуетін көтеру мен ауданды өркендетуге бағытталуда. Биыл Сырдария ауданы бойынша 21050 гектар жерге күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарына 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 1 млн. 337 мың 583 цент­нер астық жиналды. Егін жинау науқаны­ның қорытындысымен шаруашылықтар арасында Дархан Ералиев басқаратын «Мағжан және К» серіктестігі 2630 гектар күріштің әр гектарынан 80 центнерден өнім алса, Дәулет Сәрсенбаев жетекшілік ететін «Бесарық» шаруа қожалығы 586 гектарды құрайтын күріш алқабының әр гектарынан 78 центнерден астық жинады. Сонымен бірге, Қайрат Нұрсейітов басқа­ратын  «Ақжарма және К» фермерлік қожалығы 1200 гектар күріштің әр гекта­рынан 77 центнерден өнім алды, ал «Қызыл диқан» шаруа қожалығының озат бригадирі Аманжол Бәйімбетов 120 гектар күріштің әр гектарынан 87,2 центнер, «Мағжан және К» серіктестігінің брига­дирі Төлепберген Қалиев 441 гектар күріштің әр гектарынан 84 центнерден өнім алған. Сейіткамал Сұлтанов басқа­ратын «Мәді қажы» серіктестігінің күріш­шісі Жәнібек Ыбыраев 32 гектар күріштің әр гектарынан 108 центнерден,  Бердіқұл Қалиев жетекшілік ететін «Шаған Жер» серіктестігінің күрішшісі Ербол Абляхов 46 гектар күріштің әр гектарынан 88 центнер өнімге қол жеткізді. «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов 900 гектар күріштің әр гектары­нан 75 центнер, «Ақжарма-1» шаруа қожа­лығының төрағасы  Ш.Айтанов 1150 гек­тар күріштің әр гектарынан 67 центнерден Сыр салысын жинады. Биылғы жылы 300 гектар жерге егілген мақсары дақылының 8,3 центнер, 1728 гектар жаздық бидайдан 11,9 центнер, 58 гектар сұлыдан 7 центнерден өнім алынды. Сонымен қатар, бүгінде 315 гектар картоп, 193 гектар көкөніс және 320 гектар бақша дақылдары жиналды. Картоптың әр гектарынан 211 центнерден, көкөністің әр гектарынан 225 центнерден өнім алынды. Облыс орталы­ғында егін жинаудың қорытындысы бойынша өткен салтанатты жиында агроөнеркәсіп саласында үздік жетістік­терге қол жеткізген озаттар марапатталды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов егінжай еңбеккерлерінің ел дамуындағы еңбегі орасан екенін айтып Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Мара­пат биігінен көрінген дала диқандарының арасында Сырдария ауданының озат күрішшілері де бар. Жыл қорытындысы­мен озат шаруашылық номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынмен «Мағжан және К» серіктестігінің төр­ағасы Дархан Жұмашұлы Ералиев марапатталды. Атап өту керек «Мағжан және К» серіктестігінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Дархан Жұмашұлы өзі басқаратын серіктестіктің адал еңбекті ту еткен мамандарына 7 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.

Бүгінгі шарада «Бесарық» серіктесті­гінің төрағасы Дәулет Сәрсенбаев шаруа­шылық мамандарына 3 жаңа автокөліктің кілтін тапсырды. Сонымен бірге облыс­тық мәслихаттың депутаты «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов «Қызыл диқан» шаруа қожалығының бригадирі Аманжол Бәйімбетовке 1 мил­лион теңгенің және «Бақ» шаруа қожалы­ғының механизаторы Әлібек Мыңбаевқа 500 мың теңгенің, «Нұрбек» шаруа қожалығының күрішшісі Бақытжан Ерташовқа 500 мың теңгенің сертификат­тарын табыс етті. Бұл қажырлы еңбекке көрсетілген лайықты құрмет және егін­шілерді жемісті жұмыс жасауға ынтылан­дыратын айрықша қолдау.

Сонымен бірге облыс орталығында өткен салтанатты іс-шарада «Озат бригадир» аталымы бойынша «Ақжарма және К» фермерлік қожалықтың еңбек­керлері Әділхан Қареев марапат биігінен көрінді. Ал «Шаған Жер» серіктестігінің күрішшісі Ербол Абляхов пен «Мәді Қожа» серіктестігінің күрішшісі Жәнібек Ыбыраев «Озат күрішші» атанды. Қазақ­стан Республикасының Ауыл шаруашы­лығы министрінің «Құрмет грамотасы­мен» «Мағжан және К» серіктестігінің күрішшісі Жасұлан Мығымбаев марапат­талса, «Асқар Тоқмағамбетов» жеке серіктестігінің еңбеккері Бейбіт Жақы­пов­қа ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбел­гісі берілді. Сондай-ақ Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгіні «Бақ» шаруа қожа­лығының күрішшісі Сәрсенғазы Байто­қаев иеленді. Аталған жетістіктердің барлығы адал еңбек пен зор ізденістің нәтижесі. Бүгінгі мерейлі мереке қарса­ңын­да аудан халқының атынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан барша азаматтарға айрықша алғысымызды және дән ризашылығы­мызды білдіреміз.

Ардақты ағайын, құрметті дала еңбек­керлері! Күлімдеген көктем мен жайдары жаз артта қалып, берекелі күз де мол ыры­сымен келіп жетті. Барлық жетістіктердің астарында өлшеусіз еңбек пен маңдай тер жатыр. Сондықтан ең бірінші осынау берекені нәсіп еткен Жер-Анаға, егін­шілерге бас июіміз керек. Аудан диқанда­ры мен кәсіпкерлерінің ұйымдастыруы­мен өткізіліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де молшылық мерекесінің сәнін келтіруде. Жәрмеңкеде біріншіден ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан төмен бағада сауда­ланса, екіншіден жергілікті өнімдердің делдалсыз өткізілуіне қол жеткіземіз және өз өнімдеріміздің брендін қалыптасты­рамыз. Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығын еліміздің экономикасы үшін аса маңызды бағыты ретінде белгілеп аграр­лық бизнесті дамытуға кең қолдау көрсе­тіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында да ауыл шаруашы­лығы саласын өркендетуге айқын басым­дылық берілген.

Құрметті қауым, аудан еңбеккерле­рінің ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыс­тарына табыс тілеймін. Қамбамыз қашан­да астыққа толы болсын. Осынау ел бай­лы­ғын молайтудағы ерекше табыста­рыңызға құтты болсын айтамын, — деді аудан әкімі Р.Рүстемов.

«Алтын дән-2019» лентасын тағынып, алғыс алған озаттар бағалы сыйлықтарға да ие болды. Әрине, айтылған мадақ, алған марапат егінжай ерлерінің ерен еңбегіне құрметтің бір белгісі ғана. Өйткені әрбір күнгі маңдай терінің құны ел ризығымен бағамдалатын диқан еңбегі өлшеусіз қымбат.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here