Жолы жақсының өмірі ұзақ

0
60

Биыл Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде балық өңдеу зауыты, күйдірілген кірпіш өндірісі және де күрішті өңдеу, құрама жем өндірісі іске қосылатын болады. Мұны өткен бейсенбіде Қызылорда облыстық мәслихатының мәжіліс залында облыстық мәслихаттың депутаты Темірхан Әлімқұловтың төрағалығымен өткен кезекті 37 сессиясында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов баяндады. Сессияға облыс әкімі мен облыс әкімінің орынбасарлары, әкім аппараты мен облыстық мәслихат аппаратының басшылары, облыстық мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау және аудандық мәслихаттар хатшылары қатысты.

Сессияда 17 мәселе қаралды. Облыс әкімі: «Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы­мен өнеркәсіп өндірісін есептемегенде өңір экономикасын сипаттайтын барлық макрокөр­сет­кіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алып отырған мұнай өндіру көлемі жыл сайын кемуде. Есепті кезеңде 4,2 млн. тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 584,9 мың тоннаға немесе 12 пайыз­ға азайды. Дегенмен, өнеркәсіп саласындағы жағдайды қалыпқа келтіру және бұл салада да өсімді қамтамасыз ету үшін өңір экономи­касын әртараптандыруды қолға алдық. Биылғы жылдың 9 айында 95,1 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім былтырғы жылмен салыстыр­ғанда 4,4 пайызға өсіп отыр. 2019 жылға арнал­ған облыс бюджеті 239,2 млрд.теңге көлемінде бекітіліп, жыл ішінде 4 рет нақтыланып облыс бюджеті 266 млрд. 700 млн.теңгені құрады. Облыс бюджеті әлеуметтік бағыт-бағдарын сақтап келеді, бүгінгі бюджетті нақтылауда әлеуметтік салаға 1,3 млрд.теңге бағытталуда, яғни денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет салалары біздің жұмыстың басты басым бағыттары болып қала береді», — деді

Облыс әкімі мен халық қалаулылары алды­мен облыстағы жергілікті автомобиль жодары­ның жайы және оны жақсарту шара­лары туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Марат Делмұхановтың баянда­масын тыңдады. 37 сессияда аталған сала бойын­ша бірнеше түйіткілді мәселе тал­қыланды.

Марат Делмұханов «Қызылорда облысы бойынша бүгінде жалпы қолданыстағы автомо­биль жолдарының ұзындығы 3451 км құрайды. Оның 1016 км республикалық, 563 км облыстық және 1872 км аудандық маңызы бар автомо­биль жолдары. 2013-19 жылдары республика­лық және жергілікті бюджеттерден 74,09 млрд.теңге бөлініп, 1702 км автомобиль жолдары мен қала, кент және елімекендерде көше жолдары жөнделген. Сондай-ақ, облыс аумағында 5 көпір құрылысы мен 1 көпірді реконструкциялау, 6 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Сырдария өзеніне 2 көпір салынып, пайдалануға берілді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары­ның жолында орналасқан 15 көпірге қайта жаңғыр­ту және күрделі жөндеу жұмыс­тары жасалды. Ағымдағы жылы Қазалы ауданының «Әлсейіт» учаске­сіндегі Сырдария өзеніне көпір салу жобасының құрылысы желтоқсан айында аяқтала­ды деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде көпірдің ұзындығы 210м болса, бетондық жұмыстары толықтай аяқта­лып, өзен жағалауын бекіту, кірме қоз­ғалысы бөліктеріне қатысты жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар, Қазалы және Жалағаш аудандарын­дағы 2 көпірге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, Шиелі кентіндегі құны 673 млн.теңгені құрайтын теміржол арқылы автобекет көпірін салу жобасына мемлекеттік са­тып алу жұмысы жүріп жатыр. Қаржысы республикалық бюджеттен бөлінді. Және 2018-2020 жылдарға арналған жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамы­туға арналған «Жол картасы» әзірленіп, облыс әкімімен бекітілген. Осы жол карта­сының аясында 103 іс-шаралар жоба­сы енгізіліп, жалпы ұзындығы 1390км және 12 көпірге құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Мұның ішіндегі 27 жобаны республикалық, 76-сын облыстық бюджеттен қаржыландыру көзделген», — деді.

Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы 6 жылда жергілікті маңызы бар, жалпы ұзындығы 2435 км құрайтын автомобиль жолдарына биыл­ғы жөндеу мен оны күтіп ұстау жұмыста­рына облыстық бюджеттен субвенция түрінде 1 117,649 млн.теңге бөлініп, осы жылдың 1 қазанына дейін 883,265 млн.теңгесі яғни, 79 пайызы игерілген. Жолдардың сапалы әрі қанағаттанарлық үлесі 2013 жылы 54 пайыз бол­са, биыл бұл көрсеткіш 9 айдың қорытын­дысымен 64,5 пайызға жеткен.

Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихат депутаты Темірхан Әлімқұлов мемлекетіміз халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық, қала берді шалғай ауылдар арасын жалғайтын автокөлік жолдарына ерекше назар аударылып, тіпті десеңіз жаңадан салуға, қайта қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлініп жатыр дей келе, бұдан өзге қайта жөндеуді қажет ететін бірнеше автожолдар мен көпірлердің барын жеткізіп, оларға тиісті қаржының бөлінбей жатқандығын баса айтты. Оның айтуынша, былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері 91 км құрайтын Р-33 «Қызылорда-Жалағаш – Самара-Шымкент» автомобиль жолы республикалық меншіктен Индустрия және Қызылорда облысының жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының иелігіне өткен. Осыған дейін күтіп ұстау мен кезең-кезең бойынша қажетті жөндеу жұмыс­тарынан республикалық бюджеттен 250-300 млн. теңгеге өтіп тұрған. Алайда, дәл қазіргі уақытта ақау актісі жасалып, ағымдағы жыл­дағы жөндеу жұмыстарының жоба сметалық есептемесі әзірленген. Дегенмен де облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті жөндеуі, күтіп ұстау секілді жұмыстарына қажетті 55,1 млн.теңгеге өтінім тасталғанымен, қаржы әлі күнге дейін берілмеген. Жылдағы тиісті жөндеуі жасалма­ғандықтан қазіргі кезде ол жерде өте көп жол-көлік оқиғалары орын алып жатыр екен.

  • Жалағаш, Сырдария аудандарының тұрғындарынан жолдың техникалық жағ­дайына байланысты арыз-шағымдар көп айтылуда. Сондай-ақ, осы автомобиль жолы­ның Жалағаш кенті мен «Самара-Шымкент» трассасына дейінгі жалпы ұзындығы 34,4 км ең нашар бөлігіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 15 млн.теңге қаржы қажет және осы автомобиль жолының 78,2 км-де орналасқан Сырдария өзеніндегі көпірдің шығыс жағындағы астыңғы бөлігіндегі негізгі конструкциясын судан қорғайтын бетонды бөлігінің плиталары төмен түсіп қалған. Қазіргі таңда, осы жөндеу жұмыстарын атқаруға 70 млн.теңге қаржы керек. Арал ауданының аудандық маңызы бар «Қызылжар елді­меке­ніне кіреберіс» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталмай тұр. 2018 жылы облыстық бюджеттен 70 млн.теңге бөлініп, 1,4 км жолға асфальт төселді. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен бітіруге 196,8 млн.теңге қаражат қажет етеді, — деді Темірхан Әлімқұлов.

Негізі халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуал деңгейін көтеру үшін бүгінгі күннің үлкен мәселесі жолдың сапалы болуы. Осы тұста депутат Т.Әлімқұловтың айтуынша  Қазалы ауданындағы кезінде сапасы сын көтермей тұрған маңызы бар 1976 жылы салынып «Қожабақы-Бекарыс­тан-би» жолының 25 км орналасқан темірбетон көпіріне 2018-2019 жылда­ры облыстық бюджеттен қайта жөн­деу­ге 96 млн.теңге бөлінген. Содан ескі көпірді бұзу, айналма жол салу жұмыстары жасалған. Одан кейін, ол жұмыстар аяқталмай тоқтап қалған көрі­неді. Қазіргі таңда, соны аяқтау үшін 70 млн.теңге қаржы бөлінбей тұр екен. Егер көпірдің аяқталуына қажетті  қаржы бөлініп, көпір жөнделсе қыс мезгілінде бірнеше ауылдық округтер осы көпір арқылы аудан орта­лығымен байланыс жасауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, «Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолы­на қатысты да сол жердің тұрғында­рынан арыз-шағымдардың түсіп жат­қандығын, соған байланысты көпірдің күрделі жөндеуінің құрылыс-монтаж жұмыстарына 205 млн.теңге ақша керектігін айтты.

«Егерде автомобиль жолдарын пай­далануда және дамытуда туындаған өзекті мәселелер өз шешімін тапса, жолдардың жай-күйі мен бәсекелестік көрсеткіші индексінің көтерілуіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде өңіраралық тасымалдардың жылдамдығын арттыру және тиісінше жол жүру уақытын, жол пайдаланушылардың шығындарын қысқартуға қол жеткізуге серпін болады. Сондай-ақ, көлденең көлік оқиғалары саны азаяр еді», — деп Темірхан Мәлікұлы өз баяндамасын тәмамдады.

Иә, бүгінде жолдың алысты жақын ететіні, халықтың алыс-берісі мен барыс-келісіне үлкен әсері бары анық. Ел экономикасының күретамыры саналатын жолдың кедір-бұдыр, әрі сапасыз болуы кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Осы тұста Делмұханов пен Әлімқұловтың баяндамасынан кейін облыстық мәслихат депутаттары Нұридин Әмитов пен Жорабек Нұрымбетов жарыссөзге шығып өз пікірлерін айтты.

– Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайымен оны жақсарту шаралары туралы уақытша кеңестің төрағасы Т.Әлімқұлов пен облыс әкімі­нің орынбасары М.Делмұханов баянда­маларында жақсы айтты. Жалпы облыс бойынша қанша шақырым жол бар. Осы орайда бұрын айтылған облыс­тық, республикалық, аудандық маңызы бар жолдарда атқарылған жұмыстарға қайта кеңінен тоқталмай-ақ қояйық. Жоға­рыда айтылған жұмыстардың нәти­жесін соңғы 3 жылда байқауға болады. Қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев ағамыз айтпақшы «Бағалай білгенге бақ келеді, қадірлей білгенге құт қонады». Атқа­рылған істі бағалай да көре де білуіміз керек. Дегенменде әлде де «әттеген-ай» дейтін жағдайларымыз бар. Мыса­лыға, Жаңақорған ауданының Бәйкенже елдімекенінде 2000-дай халық тұрады. Өкінішке орай, ол жақта бірде-бір ас­фальт­талған жол жоқ. Сондай-ақ, Қаза­лы ауданындағы «Әлсейіт» учаскесіне дейінгі 33 шақырым автомобиль жолда­рының бүгінге дейін жергілікті мерді­гілердің бір-бірімен келіспеушілігі сал­дарынан құрылысы әлі басталған жоқ. Бірақ жақында алған ақпаратым бойын­ша, олар өз жұмысын бастапты. Десе де мамыр айында біткен тендерде жең­генімен жұмыс осы кезге дейін жүргі­зілмей, жыл соңында басталып жатыр. Сонда бұл құрылыс қай уақытта бітеді деген халықтың ойы бар. Осыған орай мемлекеттен бөлінген 515 млн.теңге қаржы игерілмей тұр. Мұның уақытылы игерілмеуі жол сапасына да әсер ететіні сөзсіз. Бұған ел де ренжулі. Келешекте мұндай келеңсіз жағдайлар болмаса екен деймін, — деді облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов.

– Осы сәтті пайдаланып бір-екі ауыз республикалық маңызы бар «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» автомагис­траль­ді жолдарына тоқталып өтсем. Бұның қолданысқа берілгеніне қысқа мерзім болса да, бүгінгі күні көріп отыр­мыз жолдың сапасы төмендеп, жол ойдым-ойдым болып бара жатыр. Әсіре­се мына, Қызылорда, Сұлутөбе аралы­ғындағы жол сын көтермейді. Ол авто­мобильдердің жүруіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бірінші мәселе. Екінші тағы бір мәселе ол осы автомагистраль­ді жолдың бойындағы қоғамдық орын­дар, яғни әжетханалар мен күл-қоқыс төгетін жәшіктердің орналасқан жер­лері. Олардың да жағдайы мәз емес. Бұл не дегенмен де халықаралық жол болғандықтан, қаншама ел, халық өтеді. Тіптен олардың ішіне кіру де мүмкін емес. Тас қараңғы кезде олардың қай жерде тұрғанын да көре алмаймыз. Сондықтан іші-сыртын күн сәулелі бата­реяларымен жарықтандырылса жөн болар еді. Тағы бір айтатыным, 2016-2019 жылдары жол картасы негізінде қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасындағы «травматизм» бойын­ша. Бізде бүгінгі күні республика бойынша өлім-жітім өршіп тұр. Биылғы жылдың 9 айының өзінде  «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» автомагистралі бойында 60 жол-көлік оқиғасы тіркел­ген. Оның 37-сінде мал қағу дерегі орын алып, 47 адам жарақат алса, 19 адам қайтыс болған. Бұның барлығы мал иелерінің малды қадағаламауынан болып отыр. Сондықтан елдімекендердің тұсы­нан қоршаулар қойылса, — деді облыстық мәслихаттың депутаты Нұридин Әмитов.

Бұл орайда аталған мәселелер бойынша облыс әкімі Қ.Ысқақов «Бұл мәселелер бойынша біз жұмыс жасап жатырмыз. Жалпы, Премьер-Министрдің орын­басары Р.Склярға мәселені жеткіздік. Премьер-Министр кеше Байқоңыр қаласына келгенде де көтердік. Қызыл­ордаға дейін І санатта жол бір жағы 4 жолақты, екінші жағы 2 жолақты. Осыны 4 жолақты ету үшін өзінің белгілі бір параметрі яғни, күніне кемінде 7000-нан аса көлік жүруі керек екен. Бұл мәселені әлі де көтеріп жатыр­мыз. Сосын әр елдімекеннің бойынан қоршаулар салу бойын­ша бұрынғы облыс әкімі Қ.Кө­шер­баев пен Премьер-Министр­дің арасында меморан­дум бар. Онда да өлім-жітім, жол апаты секілді мәселелер қарасты­рылған. Қазір Қызылордадан Ақтөбе облысына қарай кететін жолда жол-көлік оқиғалары көп болады. Біз бұл мәселенің барлығын айттық. Ол жолдың бойы «ҚазАвтоЖол» мекеме­сіне қарайтын болғандықтан, оларға елдімекендердің бойы­нан қоршаулар салу бойынша хат жолдадық. Олар қазір жұ­мыс­тарды жасап жатыр», — деді.

Бұдан кейін, күн тәртібіндегі екінші мәселе «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» сөз Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовқа берілді.

– Жалпы, заңмен белгіленген талаптар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқанына көз жеткіздік. Соның нәтижесінде әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім саласында мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту, ем және білім алу жүйесі облыста қалыптасты. Оның ішінде арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін «Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру» басқар­масы 2019 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әзірленген оңалту бағдарламасының орында­луына бюджеттен барлығы 940 млн.теңге (облыстық бюджеттен 937, республикалық бюджеттен 3,3 млн.теңге) бөлінді. Ал медици­налық көмек алу бағытында 2019 жылы 1 млрд.445 млн-дай теңге бөлінген. Арнайы инклюзивтік білім беру үшін биыл 1 млрд. 307 млн.теңге (аудандық, қалалық бюджеттерден 226 млн.теңге) бөлінді. Бүгінгі таңда, облыста 4 оңалту орталығы жұмыс жасайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен білім басқармасына қарасты 3 оңалту орталығы бар. Осы орайда денсаулық сақтау басқар­масына қарасты оңалту орталығының болмауы қиындық тудырып тұр. Себебі, ерте кезден бастап мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту, ем алу шараларын қабылдау өте маңызды. Олардың мүге­дектігін ерте кезден бастап анықтап тиісті шараларды қабылдау мүмкіндігі шектеулі жандардың санын төмендетуде негізгі жолы осы. Осыған сәйкес Сыр елінің балаларына ем алу мүмкіндігін қарастыру үшін тиісті жұмыстар жасалады. Енді, бұл балалардың білім алу мәселесіне тоқталсақ. Бүгінде облыста 6996 бала есепте тұр екен. Оның 3288-ін инклюзивті білім мен 1143-і арнайы біліммен қамтылған. Ал, 2265 бала тек оңалту қызметін алып, білім алу құқығы шектеліп отыр. Мемлекеттік бағдарла­маларға сәйкес 2019 жылы инклюзивті білім алуға жағдай жасаған балабақшалардың үлесі 30 пайыз, мектептердің жағдайы 70 пайыз болуы керек. Ал келесі 2020 жылы балабақ­шалардың үлесін 100 пайызға жеткізуіміз қажет. Осыған сәйкес мектепке дейінгі мекеме­лерде инклюзивті білім беру үшін 2017 жылы 21 млн, 2018 жылы 38 млн бөлініп, арнайы балабақша және барлық талаптарға сай 2 бала­бақша Жаңақорған, Қазалы мен Қызылорда қалаларында 2 балабақша ашылды. Қалған­дарында мұндай мүмкіндіктер жасалмаған. Ал мемлекеттік 159 балабақшаның 142-де 1 инклюзивтік кабинеттер ашу үшін 426 млн.теңге керек. Оны 3 жылға бөлетін болсақ, жылына 142 млн-нан әрі қарай ауданға, қалаға бөлсек ол қаржы көлемі одан да азаяр еді. Мұны жос­парласақ жасауға болатын мүмкіндік, — деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейтқалиұлы.

Бұл орайда мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беретін мамандарды да айта кеткен жөн. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы мектептерде арнайы мамандармен қамтамасыз ету үшін 188 млн.теңге қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде облыста инклюзивті білім берудің көрсеткіштері жоғарылаған. Облыстағы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы өз бюджеттерінен қаржы бөліп, бұл бойынша жұмыс жасауда. Ал, Сырдария, Жалағаш пен Шиелі аудандарында осы кезге дейін қаржы қарастырылмаған. Сол себепті, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмай келеді. Байқадамов сонымен қатар, барлық сараптау жұмыстары барысында алда күшейтуді қажет ететін 4 бағытты атап кетті.

Білім беру ұйымдарын арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету

Кадр мәселесін шешу. Бұл дегеніміз баланың кемтарлығына қарай кейбір мектептерде бір емес бірнеше маман­ның болуы. Ал, бүгінгі күні бұл бойынша 94 мектепте ғана бір-бір маманнан бар.

Курстар өткізу. Өйткені мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан сол ерекшелікті әр пән мұғалімі игеру керек. Демек мұғалім арнайы курстардан, оқудан өтуі тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға немесе ерекше білім алуды қажет ететін оқушыларға сабақ беру үрдісі. Егерде бір сыныпта 25 оқушының ішінде 1 мүмкіндігі шектеулі бала болса, мұғалім 2 бағдарлама бойынша сабақ өтуі керек. Мұндай мұғалімдердің жалақысына 40 пайыздық үстемақы төленуі қажет. Деген­мен қазіргі таңда, үстемақы тек Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында ғана төленсе, қалған­дарында бұл мәселе шешілмей тұр.

Расында да елімізде тағдырдың сан түрлі сынағына ұшырап, дені сау балалардан жырақта жүріп, өздерін олардан кем санайтын балалар бар. Біріншіден, ол баланың дамуына кері әсерін берсе, екінші жағынан бала тым тұйық болып өседі. Сол себепті, олар үшін инклюзивтік білім беру үрдісіне толықтай көшу қажет. Негізі ондай жандарды жағдайына, шығу тегіне қарамай үлкен ортаға қосу керек. Сондықтан оларды ерте бастан емдесе, көбісінің он екі мүшесі сау адамдардың қатарына қосылу мүмкіндігі жоғары болады екен. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивтік ортаны қалыптастыру үшін біздің облысқа бір реттік қаржы емес, кешенді бірнеше жылға жоспарланған бағдарламалар ауадай қажет. Наурызбай Сейтқалиұлының айтуынша, егер осы сессияда шешім қабыл­данып, қолдау тапса, жол картасының жобасы дайын екен. Айтылған барлық мәселелер бойынша бір айдың ішінде тиісті басқарма­лармен бірігіп тиімді жолдарын қарастырып бекітуге ұсынатындығын айтты.

Қазіргі таңда, мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті қарастырып, арнайы бағдарламалар жасап, жұмыстар жүргізіп келеді. Осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Р.Байна­зарова жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалар санының көбейіп келе жатқандығын алға тарта, олармен жұмыс жасауды бала кезден бастап, жалпы ортаға бейімдеу керектігін айтты. Бүгінде арбаға таңылған балалардың барлығы үйден білім алуда. Өйткені жалпы мектеп оларды қабылдауға әлі дайын емес. Мәселен, Қар­мақшы ауданында тірек-қозғалысы бұзылған балаларға жаңа мектеп ашылған екен. Кәдім­гідей барлық жағдайы жасалған. Ішінде лифт, тіпті арнайы әжетхана­лар да орналастырылған. Бірақ ол мектепке арбаға таңылған балалар бармайды екен. Депутат Райкүл Байназарова осы мәселе бойынша, «бұндай мектептерді пайдалану қажет. Үйден білім алып отырған ДЦП арба­дағы балаларды ортаға қосуымыз керек», деді. Сондай-ақ, Қызылорда облысын­да медицина саласында оңалту орталығы жоқ. Сол себепті, балалар өздеріне қажетті емін алмай, бірден мектепке барып жатыр екен. Бұл да депутаттар тарапынан айтылған үлкен мәселе болды. Облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін Райкүл Байназарова тағы да бірнеше мәселе бойынша өз ұсынысын айтты.

– Аймақтағы аутизммен ауыратын балаларды анықтау, есепке алу, тиісті кө­мегін көрсету (арнайы дефектолог ма­ман­нан бөлек 99 тьютор маман қажет);

– Сөйлеу қабілеті бұзылған бала­ларға тиісті көмек көрсету, яғни облыс­тағы 159 мемлекеттік балабақшаны арнайы логопед мамандармен және тиісті логопедиялық пунктермен қамтамасыз ету;

– Арнайы түзету білім беру ұйымдарының жабдықталуы;

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау үшін скрининг жүргізу мәселесі;

– Мүгедек балалармен жұмыс жасайтын әлеуметтік қорғау саласының жұмысына талдау жасау керектігін ұсынды.

Аталған 2-ші мәселе бойынша бірлескен отырыста уақытша комиссия төрағасы Райкүл Байназарова шешім жобасына ұсынылған облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың баяндамасын қаперге алуды, тиісті заңға және Президенттің Жолдауында берілген тапсыр­маларға сәйкес 2020-2022 жылдарға арнал­ған өндірістік жол картасын ағымдағы жылдың 15 қарашасына әзірленетіндігін айтты.

Сессияда бұдан бөлек, Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу; облыстағы сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендер­дегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде,  орналас­тыру тәртібі мен шарттары; Қызылорда облысы азаматтарының жекелеген санатта­рына амбу­латориялық емделу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру; облыстың ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне об­лыстық бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетудің қағидалары мен мөлшерін айқындау; жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлеме­лерін бекіту; «қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені полигонының құрылысы және сыртқы инженерлік желілерді жеткізу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау; Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту; тарихи-мұралар­ды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің құрамы және облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу, тарихи-мәдени мұра объектілерін тарихи және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қоры­тынды әзірлейтін облыстық комиссия құрамын бекіту секілді басқа да мәселелер облыстық мәслихат депутатарымен талқы­ланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сонымен, Қызылорда облыстық мәсли­хатының тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлау туралы сөз сөйлеп, қорытындылаған облыстық мәслихаттың хатшысы, депутат Қылышбай Алдабергенов «Әлеуметтік және мәдени маңызы бар мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияда, аталған комиссияның төрағалығына Нұридин Әмитовтың кандидатурасы ұсынылып, ондағы мүшелері бір ауыздан мақұлдады»,- деп облыстық мәслихаттың 37 сессиясын аяқтады.

Т.КЕНЖЕБАЕВА  

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here