Той өткізу тәртібі қашан қалыптасады?

0
92

«Той десе қу бас домалайды» демекші, қай кез­ден бері жақсылығымызбен мақтанып, қуанышы­мызды жақын-жуықтарымызбен бөлісуге дайын тұратын той тойлауға жаны құмар қонақжай халық­пыз. Бұрындары өз үйімізде дастархан жайып, туған-туыстармен қуанышымызды атап өтетінбіз. Ал бүгінде кемі 300-500 адамның басын қосып, зәулім мейрам­ханаларда дүркіретіп той жасау дәстүрге айналды. «Жиған-тергенің  тойда шашылсын» дегенді желеу етіп, хит асабалар мен қымбат көліктер жалдап, сол тойда барын көрсетуге тырысып жататындар қатары да көбейіп барады. Қалтасы көтеріп тұрса той тойлаған әбестік емес, әрине. Алайда тапқан табысы күнделікті күнкөріс қамынан артылмайтын қара халық үшін бәсекеге айналып бара жатқан той жасау үрдісі бас ауруға айналып тұр.

Бүгінде еліміздің қай өңірін алып қарасақ, той тойлаудың түрлі дәстүрін қалыптастырып, сынсайысқа түсіп жатқан жайы бар. Той – халықтың қазынасы. Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі, дәстүр сабастастығы деп жатсақ та, той жасауда түрлі қағидалар қалыптасқан бүгінгі заманда кейде асқан ысырапшылдыққа бой алдырып жатамыз. Оған әр адамның жағдайы келіп тұрса, қалтасы көтеріп тұрса не талас. Бірақ баласы басқадан кем болмасын деп қалтасы көтермесе де қарызданып, несие алса да дүркіретіп той жасауға дайын тұратындар қатары көбейді. Одан қалды кеш батқаннан түннің бір уағына дейін тойханаларда секіріп би билеп, арты қылмыстық оқиғаларға соқтырып жататын сәттер де кездесіп жатады. Осындай келеңсіздіктерге қалай тосқауыл қоюға болады деп той мәселесі жиі ойлантатын күйге түскендейміз.

Негізінен қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұны мен маңызы да өзгеше. Мұны жаңашаланды деп жүргендеріміз де бар. Алайда той жасау үрдісі әркім ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатыр деп жүргендеріміз де бар. Бүгінде той жасауда жалықтыратын тұстарымыз да көбейіп бара жатқан секілді.

Осы орайда Аралда  аудандық қоғамдық кеңес өткізген келелі жиын той мәселесінде ой қозғаған, түйіні шешілмей жүрген көптеген мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Жиында қоғамдағы той мәселесі төңірегіндегі келеңсіздіктер аралдықтарды да бей-жай қалдырмай тұрғанына куә болдық.

Бұған дейін аудандық қоғамдық кеңестің күн тәртібінде екі мәрте талданып, бұқаралық ақпарат құралдарында той өткізу тәртібін реттеу жайында аудан тұрғындары тарапынан да ұсыныс-пікірлер жарық көрген болатын. Ал, бүгін осы мәселенің маңыздылығы ескеріліп, аудандық қоғамдық кеңестің бастамасымен ауқымды кеңес отырысы өткізілді. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы, аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшылары, облыстық және аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры, аудан ардагерлері мен жергілікті кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Келелі кеңесті аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов ашып, аудандағы тойлардың бірқатар тұстарын сынға ала отырып, бұл мәселені тұрғындарға қолайлы ету жайын, соның ішінде тойдың уақытылы басталуы мен аяқталуын ретке келтіру жөніндегі ұсынысты ортаға салды. Өз кезегінде аудан прокуроры А.Тәженов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Әбдіразақ бұл біріншіден аудандағы қылмыстылық ахуалының тұрақтылығы үшін маңызды екендігін айтса, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Б.Нұрхожаев тойдың тым кеш басталып, аяқталуы тойшыл қауым үшін де тойхана қызметкерлері үшін де салмақ екендігін, яғни, денсаулыққа зиян екендігін алға тартып, ұсыныстың орынды екендігін жеткізді. Кеңеске қатысушылар да бұл бастаманың өте орынды көтеріліп отырғанына қолдау танытып, біркісідей тәртіпке бағынуды жөн санайтындықтарын білдірді.

Күн тәртібіндегі мәселенің қорытындысы бойынша Арал аудандық Қоғамдық кеңесі мен жеке кәсіпкерлер арасында «Тұрғындардың тыныштығын сақтау және тәртіпсіздікті бодырмау мақсатында мейрамханаларда кешкі мезгілдегі той салттарының уақытын сағат 19:00 мен 00:00 аралығында өткізу» жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы  тұрғыда Аралда той өткізу дәстүрін ретке келтіру туралы меморандум келешекте көптеген келеңсіздіктерге тосқауыл болатынына көпшілік сенім білдіріп жатты.

Нәтижесінде «Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші аудан тұрғындары алтын уақытты бағалай отырып, той салтанаттарын осы бекітілген меморандум аясында өткізуге бір кісідей атсалысатынына жиын қатысушылары бір ауыздан қолдау білдірді.

Жалпы той тойлау айып емес, әйтсе де той жасаудың тиімді үрдісін қалыптастырып, думандатуды құдды бір додаға айналдырмай, қуанышты сәттерімізді шама-шарқымызға қарай атап өтуді қалыптастыратын сәт те келген сияқты.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here