QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Қала күнінің» қорытындысы қандай?..

Автор:QAA.kz

Окт 17, 2019

Кеш батты… Көше бойы толған адамдар… «Еңкейген қариядан еңбектеген балаға» дейін барлығы — барлығы сол жақында ғана күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген Ғани Мұрат­баев атындағы орталық стадионға асығуда. Басты себеп, 11 қыркүйекте ашық аспан астын­дағы КТА-дан басталып 12 қазанда гала-концертпен қорытындыланатын облыстың бас шаһары Қызылорданың туған күніне арналған салтанатты кешке қатысу.

Сонымен ел асыққан мерейлі мерекені тама­шалауға біз де келіп жеттік. Межелі орынға ерте жетсекте, мұндағы көрермен орындықтары әлден толып тұр екен. Әрине бәрі еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорданың тұрғындары мен осында келген қала қонақтары. Қала күні басталды дегеннен түрлі шараның басы-қасында болған қала халқы, дәл осы 12 қазанды асыға күтті.

Биылғы шараға «Карамельдетіп» Кәмшат Жолдыбаева, «Әнші бақытын» айтып Жеңіс Сейдоллаұлы мен «Қыз бала — гүл» деп саксофон ұстаған Серік Ибрагимов та келді. Бірақ, сахна төріне бірден шыға қоймады. Себебі, алты алаштың анасы атанған Сыр елінің туған күнін тойлау басталғаннан түрлі-түсті әдемі жарықтармен әсемделген стадионнның қақ ортасындағы сахнаға Қызылорданың алға қарай қадам басып, ілгерілеуі үшін тынбай еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосқан елдің азаматтары шақырылды. Содан соң, аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Құрметті, қызылордалықтар! Баршаңызды қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтай­мын. Сыр елінің бас қаласы біздің сүйікті Қызыл­ордамыз бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген рухани мәдени байлығы кемелденген ірі қалалардың біріне айналды. Жаңа ғасыр­да облыс орталығы адам танымастай жаңарып, жаңғырды. Кескін келбеті айшықталды. Былтыр 200 жылдық мерей­тойын ел болып тойлаған қаламыз қойнауына сан ғасырлық тарихты бүккен, ел тарихындағы айрықша орны бар құтты мекен, — деп қала тарихына қатысты тарихи деректерді тізбектеп өтті облыс әкімі.

— Қызылорда қаласының одан әрі дамуы Қазақстанның тәуелсіздігі кезінде жаңа сипат алды. Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда бүгінгі күні қала халқының айнымас бірлігінің, тынымсыз тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуметтік әлеуеті артқан қала ретінде заманға сай келбетке ие болып келеді. Қарқынды құрылыс алаңына айналып, қала аумағын Сырда­рияның сол жағалауына қарай дамытып, аумағы кеңейе бастады. Қала орталығындағы сол жағалау­дағы жаңа қала тұрғындарының сапалы да жайлы тұрмыс кешуі үшін барлық жағдай жасалып, түрлі әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үйлер көптеп салынуда. Шындығында тұрғын үйлер, түрлі нысандар санының артуы, құрылыстың кеңінен жүруі ол қаламыз­дың әлеуметтік-эконо­микалық жағдайының алға қарай ілгерілей түскенін аңғартады. Құрметті, қала тұрғындары сүйікті қаламыз Қызылорданың бүгінгідей құлпырып, жасарып жайнай түсуіне сіздердің әрбіріңіздің қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Аянбай еткен еңбектеріңіздің арқасында қаламыз­дың көркі жылдап емес, ай сайын тіпті күн сайын түрленіп келеді. Осындай мерейлі мерекеде әр отбасына құт-береке, мерекелік жақсы көңіл күй, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, сәттілік тілейміз. Барлық игі бастамаларыңыз табысты болып, жаңа белестерге көтеріліңіздер. Жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспіз. Құрметті, жерлестер! Биылғы жыл Сыр елі үшін берекелі де жемісті жыл болып отыр, — деді  облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы мерекелік лебізінде.

Облыс әкімі сондай-ақ, спорт сүйер қауымы 20 жыл күткен жергілікті «Қайсар» футбол клубының Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан кубогының ақтық бәсекесінде жеткен жеңісін атап өтті. Сонымен, ел кубогы Сыр өңірінде. Жігерлілік танытып, соңғы сәттерде қақпаға гол салған футбол клубының капитаны Думан Нәрзілдаев Сыр елі ұзақ күткен кубокты Қызылорда қаласының туған күніне арнап аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовқа табыстады. Одан соң, облыс әкімі ұлттық құрамамыздың сапында  еліміздің туын биіктен көрсетіп жүрген бір топ Сыр спортшыларын сыйақымен марапаттады. Олардың қатарында еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Ниязбеков, бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Қамшы­бек Қоңқабаев (2 млн.теңге), бокстан Азия чем­пио­ны Тұрсынбай Құлахмет (1 млн.теңге) бар. Сондай-ақ, спортшыларды осындай дәрежеге жеткізген бапкерлері ҚР еңбек сіңірген жаттық­тырушылары Әбутәліп Амановқа, Сейтжан Төкеновке және Жамиль Жүсіповке қаржылай 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ашық аспан астында өтіп жатқан мерейлі туған күнде өңірдің өсуі мен өрлеуі жолында қызмет етіп, қала тарихында қолтаңбасы  қалған Қалқазбек Әжібе­ков, Нәжмадин Мұсабаев, Мұрат Әбенов, Серік Мұстафаев, Жорабек Нұрымбетов, Садық Мұста­фаев, Алексей Мылтықбаев, Сәрсенкүл Бихо­жаева, Аманжол Оңғарбаев, Шынжырбай Оразма­ханұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы мен Мұхтар Ниязов­тарға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағын тапсырды.          

– Құрметті, жерлестер! Қадірлі қала қонақ­тары баршаларыңызды қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қызылорда  қаласы көркейіп өсе берсін. Құрметті марапат иелері бүгінгі алған марапаттарыңыз құтты болсын. Еңбектеріңіз­дің жемісін көріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.  Жасай бер, жайнай бер сүйікті Қызылорда, — деп Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Жалпы, қыркүйек айының 11-нен басталып бір ай бойы тойланған бұл үлкен мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары бұдан өзге көптеген іс-шаралардың басы-қасында болып, қуанышқа бөленді.

Көптің көңілінен шығып, жан-тәнімен беріле Сыр елінің туған күнінде әсем ән шырқаған эстрада жұлдыздары да Қызылорда халқын 201 жылды­ғымен құттықтады.

– Жерлестерімді қала күнімен құттықтаймын. Қызылордамыз күннен күнге жасарып, жақсарып халыққа өте ыңғайлы, қолайлы қалалардың біріне айналып отыр. Мен бұл қаладан ерте кеткеннен кейін, Қызылордада көптеген жақсы дүниелер болып жатқанына әрқашанда  қуанып жүремін. Бүгінгі маған берілген Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағы ол менің Қызылордаға деген махаббатым, олардың маған деген махаббаты деп білем. Сондықтан бар болайық. Барлықта­рыңызға көп рахмет, — деді әнші Жеңіс Сейдоллаұлы.

– Қала күні құтты болсын. Қызылорда жасап, жайнап, өсіп, өркендеп, көркейе берсін. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болғай. Алла істеріңізге береке беріп, отбасыларыңыз аман болсын. Бар болыңыздар, бай болыңыздар! Барлықтарыңызды қаламыздың мерейлі мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын, — деді әнші Серік Ибрагимов.

– Қымбатты Сыр өңірі, қымбатты Қызылорда қаласының тұрғындары, қонақтары баршаңызды осындай үлкен, әдемі мерекемен құттықтаймын. Осындай керемет мерекеде орталарыңыздан табылып, қуанышты күндеріңізді сіздермен бөлісіп жатқаныма менде қуаныштымын, ризамын. Бүгінгі білдіріп жатқан ықыластарыңызға рахмет! Қызылорда қашанда өсе берсін. Өзім Маңғыстаудан боламын. Қызылорданың табиғатын, халқының мінезін біздің маңғыстаулық бауырлармен салыстырып, ұқсастықтықтар тауып жатады. Сондықтан мен өзімнің жеріме келгендей әсер алып жатырмын. Мереке өте жоғары деңгейде өтті. Осындай жақсы күндерде, мерекелерде қауыша берейік, — деді әнші Кәмшат Жолдыбаева.

Түн ортасына дейін жалғасқан дүбірлі думанда елімізге танымал әншілерден бөлек, сахнадан Сыр елінің өнерпаздары да көрініп, мерекенің көркін қыздыра түсті. Ерінбей осы кеш үшін келген қала тұрғындары керемет концерт пен 201 жылдыққа арнайылап дайындалған от шашуды тамашалап, тарқасты. 

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *