ӨТКЕННЕН ЖЕТКЕН БҮГІНГІ ҚҰНДЫЛЫҚ…

0
30

Қазанның жаймашуақ күнінде, өткен жексенбіде Жаңақорған ауда­нының орталығындағы Манап Көкенов атындағы Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көпшілік бас қосқан жиын өтті.

Жұртшылық босқа шаршамай «сол уақытта, сол жерде» болғанына риза болып тарқасқан мәнді, мазмұнды жиын болды.

Жиын арқауы «Қылауыз ата жәді­гері» атты ғылыми танымдық конфе­ренция мен «Қылауыз ата» тарихи драма премьерасы екен.

Жаңақорған ауданы әкімдігі, Қылауыз ата ұрпақтары ұйтқы болған жиынға ел төрінен, Өзбекстан жерінен ат терлетіп ғалымдар, Мәдениет қайраткерлері, Қылауыз атаның ұрпақтары жиналыпты. Рухани таным­дық жиынға жексенбіге жоспарланған үй тіршілігін, басқа да шаруасын тастай салып, «демалысын қиып» дегендей кент тұрғындарының едәуір қатары келіпті. Жиын хабарын естіп оңтүстік ауданға облыс орталығынан ат терлетіп біз де барып қайттық.

Жиын бастауында алыс-жақыннан жиналған үлкенді-кішілі көпшілікке Қылауыз атаның өмірдерегі, елге қандай қызметі болды деген жайды мағлұматтаған баяндама оқылды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тарихшы, дінтанушы Шай­дарбек қажы Әшімұлыныңосы бағыттағы ізденіс пен еңбегін арқау еткен баяндаманы жұртшылыққа қалалық мәслихат депутаты Әнуар Нақып жеткізді.

Сонымен осы жұрт Қылауыз атаны біле ме екен? Қылауыз ата атанған аңыз адам кім болған?

Қылауыз ата кім?

— Көне шежірелердің көрсетуі бойынша сонау пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.- дан кейінгі І халифа Әбу Бәкір әл Сыддықтың (632-634-ші ж.ж.) буынындағы жиырма бірінші ұрпағы Жақып Ахметұлы Әбулайыс. Жақып Әбулайыс бабамыз Самар қанда туып, өсіп, білім алып 35-40 жас арасында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шақыруымен Түркістанға келеді. Білімге ынталы, қабілеті бар Жақыпты ел басқаруға баулып, ислам дінін таратуға Сыр бойына /Қыр Өзгент шаһарына/ жібереді. Кейінгі өмірінің барлығы Сыр бойында өтеді. Сыр бойына келген Жақып жергілікті жерде халықтың сауатын ашу үшін мешіт ашып, оқытқан. Ислам дінін орнатуда көп еңбек еткен, 500-ден аса сарбазымен дін жолына қызмет етіп, мойынсынбағандармен айқасқа да барған. Жалқау, еңбексіз, жұмыссыз адамдарды жек көрген. Сонымен бірге адамдарды тазалыққа, еңбекке, әді­леттікке үйреткен. Әсіресе отбасын­дағы жастардың келеңсіз жағын дөп танып, ата-анасына масыл болған­дарға ата дәстүрін жалғастыра алмағандарға арнап «Ұлың болса шоқ болсын, Шоқ болмаса жоқ болсын!» деп айтқан сөзі бар. Бұл жерде Жақып Әбулайыс бабамыздың аузының дуалы, халықты тура жолға бастаушы басшы екенін айыру қиын емес. Бабамыздың осы төрелігіне жауап ретінде халық арасында «Қылауыздың жігіті мен атын көр» деген сөз кең тараған. Халық аузында бабамыз туралы аңыз әңгімелер көп. Өз дәуі­рінің білімді, ғұлама, ақылды адамы әрі әулие болған. Ол кезде халық жаз жайлауға, күз күземге, қыс қыстауға мал соңынан еріп, көшіп жүретін. Қолындағы асасымен дарияның бойынан сызық сызып, сол сызықтың бойымен арық қаздырып су шығарып, арықтың екі жағына егіс егіп, халықты көшпенділіктен отырықшылдыққа үйретеді. Дариядан шыққан су қайтып айналып дарияға қосылса, Сыр бойы халқы бұны «қылы» деп атаған. Сондықтан халық Жақып атаның аузынан шыққан сөз қылы болды деп «Қылауыз» атап кеткен. Қ.А.Яссауи Сыр бойында жатқан әулиелерді аралап, зиярат қылып кету үшін Жақыпқа хабар жіберіп, Сырдария өзені жағасының батыс жағында күтіп алып, дұғасын оқып, дарияны кешіп өтетін жолын көрсетеді. Оның көрсетуі бойынша Яссауи нөкерлерімен дария­ның шығысынан батысына қарай кешіп өтеді. Әулиелерді аралатып, құран оқытып, түстендіріп, қондырып, екі үш күн өткен соң, дарияны кешіп өткен жеріне қайтадан ертіп келіп, бесін намазын оқып жатқанда жайнамаздың ортасына қарақұрт пайда болады. Үрейленген олар қарақұртты кезегімен оқиды. Қарақұрт оқыған сайын ұл­ғайып адам жұтатын дәрежеге жетеді. Сонда Яссауи бабамыз, «Жақып ауылыңның жануары ғой, өзің оқып қайтар» дейді. Оқи бастағаннан қара­құрттың көлемі кішірейіп, ілгерідегі дәрежесіне келеді. – Тақсыр, қара­құртты жоқ қылып жіберейін бе? – дейді. – Бізге зияны тиген жоқ қой, жібер өз еркіне, ол да болса Алланың жаратқан мақұлығы ғой, – дейді. Сол кезде қарақұрт көзден ғайып болады. Намаздарын оқып болып, дарияның арғы бетіне өтеді. Сол жерде тұрып Яассауи бабамыз айқайлап: – Жақып, қолыңды жай, сенің бұдан былай атың «Құрт иесі – Қылауыз болсын, Аллаһу акбар» деп батасын береді. Содан бастап халық Жақып бабамызды «Қылауыз» ата деп атап кеткен. Ал Яссауи бабамыздың дарияны кешіп өткен жерін Тассуат деп атайды. Ол Бесарық станциясы мен XXІV бекет арасында. Осы күнге дейін ол жер халық ауызында Тассуат болып аталып келеді. Түркістанда Яссауи кесене­сінде «Жақып Ахмет Әбулайыс» деп жазылған мола басындағы тасы қойылған. Жақып «Қылауыз» ата XІ-XІІ ғасырларда моңғол шапқыншылығы қарсаңында өмір сүрген. Шапқын­шылық кезінде Сыр бойындағы әулие­лердің белгісіз болып кеткен молала­рын анықтап білу үшін Бұқарада оқып жүрген Мәулени Шәмшиддинді ұстазы Сыр бойына жібереді. Мәулени ірі ғұлама, ақын әрі әулие атанған кісі. Ол кісі келіп, Сыр бойында жерленген Қорасан ата, Қылышты ата, Төлек ата, Қылауыз ата, Қасым ата, Қойлақы ата, Сәдір ата, Бақсайыс ата, Лала бибі, Бұйра баба, Омар ата, Мамыт ата, т.б. әулиелердің жатқан жерлерін анық­тағаны жайлы мынадай өлең жолдары сақталған. «Қасым қожа қабірі, ұлы жолдың басында, Ол рауза тұр, Бұлқас атаның қасында. Қорасан, Қылауыз, Қылышты ата, Лала бибі, Төлек ата Һәм осында», – деген. Жақып «Қылауыз» атаның әкесінің аты Насыр ибн Мұхаммад ибн Ахмад ибн Ибрахим (лақап аты Әбулайыс). Әбулайыс ислам ғылымында «арыс­тан» деген мағынаны білдіреді. Ол Самарқанда туып өскен. Өзбек ағайындар осы күнге дейін Әбулайыс Әл-Самарканди деп атайды. Жазған 18 кітабы, құран аяттарына арнаған 4 тәпсірнама кітабы бар. Өзі қайтыс болғаннан кейін ол Мекке, Мәдинада, араб мұсылман мемлекет­терінде шығарылған. Ең соңғысы «Танбехул Ғафилин» 4 том болып, Ташкент қаласында 2000 жылы басылып шығып, өзбек ағайындардың сүйікті кітабына айналды. Оны араб тілінен өзбек тіліне аударған Ділмұрат Қошақов. Міне, Жақып «Қылауыз» атамыз осы Әбулайыс ас-Самаркандидің баласы. Самарhанд қаласы, Сияб ауданында Регистанның шығыс бетінен 500 метр жерде Әбулайыс бабамыздың өз дәуірінде салдырған мешіті, шайханасы, медресесі бар. Әбулайыс бабамыз және немересі Файзулла Әбулайыс сол кесенеде қатар жатыр. Қазіргі таңда медресе орнына мектеп түсіп, ол мектепке Әбулайыс Әс-Самарканди аты берілген. Жақып «Қылауыз» ата ұрпақтары, белгі тұрған бабаның басына 1995 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан мен Өзбекстанның «Құрмет» грамотала­рының иегері, Мақтаарал және Жетісай қалаларының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері Рүстемұлы Төлегеннің басшылығымен үлкен кесене салып, шежіре кестесін жасап, қағаз бетіне түсірді. Қылауыз (Жақып) ата ұрпақ­тары қызмет бабымен және тұрғы­лықты мекен-жайларымен респуб­ликамыздың барлық қалаларында, Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласы, Ташкент, Сырдария, Самарқан облыстарында тұрады. Баба ұрпақ­тарының ісін кейінгі буын әрі қарай жалғастыра береді деп сенеміз.

* * *

Жиын бағдарламасында баянда­мадан кейін сахналық қойылым белгіленіпті. «Қылауыз ата» атты тари­хи драманы сахналайтын Жаңақорған аудандық халық театры екен. Халық театрының әртістері сахналық киімдерін киіп, бет-жүздерін әрлеп, санаулы уақыттан кейін басталмақ премьераға сақадай сайланып тұр екен. Туынды авторы Дінмұхамед Әбжаппаров та сахна сыртындағы дайындық барысынан табылды. Негізінен тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген драматургтың бірнеше туындысы Жаңақорған сахнасында бұған дейін де қойылған екен. Қойылымның режиссері Ролан Бақтыбаев Өзгент әміршісінің рөлін орындаса, автор бас кейіпкер Қылауыз атаның бейнесін шығармақ екен. Қойылымдағы басты рөлдің бірі Қожа Ахмет Яссауидің рөлін сахналаушы Абай Камаловты Жаңақорған халық­тық театрының бүгінгі жай-күйі, қойылым жөнінен бірер сөзге тарттық.

Абай Камалов:

— Жаңақорған театры 1967 жылы халықтық театр атағын алған. Театр сахнасындағы алғашқы қойылымды Мәриям Райшева қойған. Жаңақорған театрының даңқын шығарған аға толқын дүниеден өтті. Біз де сол кісілердің ізін лайықты жалғастыру үшін бар қабылетімізбен еңбектеніп келеміз. Театрымыздың ыстық-суығына көніп жүрген қыз-жігітте­ріміздің еңбегі зор деп білемін. Театрдың қазіргі режиссері Ролан Бақтыбаев білікті маман, әрі актер, әрі режиссер. Бүгінгі қойылымда театр­дың белді өнерпаздары Кенже Әкім­баева, Сайран Ділманов, Балмаханбет Әбжаппаров, Молдабек Айдарбек, Балауса Сахан, Жасдәурен Сабыр­ханов, сондай-ақ Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясының түлегі Тоқтар Әзмұратов өнер көрсетеді. Театрымыз жастармен толығуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мәде­ниетке, мәдениет саласының қыз­меткерлеріне қолдау жасалатынын айтты. Біз мұны әрине ризашылықпен қабылдадық. Сондықтан алдағы уақытта театрдың жағдайы жақсара түседі деп ойлаймыз. Жақында Атырауда өткен халық театрлары байқауына қатысып, «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін алып қайттық.

«Іздегенге сұраған» дегендей, осы тұста сахна сыртынан белгілі деректі кинорежиссері Жаңақорғанның тумасы Қалила Омаровты кезіктіріп «бірер сөзге» өтініш білдірдік. Қалила мырза да атағы бар адамдардың кейбіріндей «төбеден түскендей» шікіреймей, тақырып аясындағы ой-пікірін төгіп берді. Өзі де 1985-1987 жылдары Жаңақорғанның халық театрының құрамында өнер көрсеткен екен.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кино­режиссер Қ.Омаров:

— Бұл киелі шаңырақ. Театрдың негізін қалаушы Мәриям Райшеваның ең мықты шәкірті Әмір Мәжитов атамыздың театры. Манап Көкенов, Бексұлтан Байкенжеев, Адырбек Сопыбековтер шыққан қара шаңырақ бұл! Аға толқын «Бір үзім нан» деген спектаклді қойып, сол кездегі астанамыз Алматыға дейін барғанбыз. Мен сол спектакльде орыстың рөлін ойнағанмын. Қазір жас толқын келіп театр қайта гүлдену үстінде. Қазақ­стандағы халық театрларының ара­сында Ұлы Даланың ұлы есімдерін насиахттауда Жаңақорған театры бірінші орынға шықты деуге болады. Осы жерден шыққан ұлы тұлғалардың әрқайсысына премьера жасауға үлкен театрлардың да шамасы келе бер­мейді. Көпшілігі бұрынғы спектакль­дерді қайталап қоя береді. Бірақ талантты қолдамаса болмайды. Осы орайда аудан әкімдігіне, театр өнер­паздарының ниетіне қолдау көрсетіп жоқтан бар жасап жүрген Аягөз Айдосқызы, Зүлфия қарындасымызға ризашылық білдіремін.

Жаңа айтқанымдай театрда кезін­де өзім де ойнағанмын. Премьераның алдында «ойымдағыдай шықса, халық жақсы қабылдаса» деп толқисың. Бұл туынды осы жерде ғана қойылмай, үлкен сахналарда да қойылуы керек. Сахнадағы жолы ашық болғай. Жан-жақтан ықпалды күштер ислам дінінің тамырын қазып жатқан қазіргі уақытта руханият майданының алдыңғы шебіне айналған Жаңақорған ауданының халық театрына ақ жол тілеймін.

Бұрынғы халық театрының әртісі Қ.Омаров шынайы тәнтілікпен еске алған Әмір Мәжитов (1937-1993) туралы Әшірбек Сығайдың: «Өнері өріс таппай өксіп кеткен азамат. Құлап-сүрініп жүрсе де өнерге деген іңкәр ілтипа­тынан алыстап кетпепті. Ауылдық өнер, аудандық өнер, облыстық, республи­калық өнер деген болмайды. Өнер біреу-ақ. Өнердің тегі де, өзі де бір, болашағы да бір, түсі де бір. Осындай жалғыз өнердің жалынан ұстап өткен Әмір сияқты қазақ азаматтарының арқасында ғана қазақ мәдениеті, ұлт өнері өзінің тұғырында мығым тұр» дегені бар екен.

Халық театрының режиссері, жыршы-термеші, ақын Ә.Мәжитов 1987 жылы қазақ драматургиясында тұңғыш болып Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын қозғаған «Бір үзім нан» атты драмалық шығармасын сахналап, оны М.Әуезов театрына дейін апарып көрсетіп, көрермен ықыласына бөлен­ген. Ә.Мәжитовтің 80 жылдығына орай түсірілген деректі фильмінде Қ.Ома­ров­­тың өзі: «Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Жаңақорғанда өсіп-өнген, осында қалып әдеби мәдени орта қалып­тастырған тұлғалардың бірі Әбділдә Тәжібаев «Бір өзі бір театр» деп баға берген Манап Көкенов, оның жанында қара домбырасын құшақтап Есіркеп Қоңқабаев, сырнайын керіп Бексұлтан Байкенжеев жүрді. Олардың ортасында «бір өзі бір театр» деуге лайық Әмір Мәжитов бар еді. Ақын десе ақын, суырып салмалығы да бар, жыршы десе жыршы, өзі актер, өзі режиссер, өзі драматург» деген екен.

Әрине, бұл айтқандарымыз сондай талантты тұлғалардың өнер жолына куә болған театр қойылымы мен «Ұлы даланың ұлы есімдері» сипатында өткен жиынмен орайлас, яғни «тақырыптан ауытқу» болмас.

Елінің жоғын жоқтап, құнды дүние­сін сақтап, көбейтуге үлес қосып, кейінгілерге мирас еткен тұлғалар Жаңақорған топырағында аз болмаған. Бүгінде бүкіл қазаққа аты мәшһүр кинорежиссер жаңақорғандықтардың мақтанышы Қалила Омаров та сол қадірлілер қатарында емес пе?!

Бізбен бір-екі ауыз әңгімесінде атақты жаңақорғандық Жаңақорғанға Сығанақ атауын беру жөнінде айтылып қалып жүрген пікірлерге үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.

Қалила Омаров:

— Жаңақорған тарихи жер. Қазір кейбіреулер Жаңақорғанның атын өзгертейік деп жүр екен. Сөздің реті келгенде айта кетейін Қоқандарға, орыстарға қарсы тұра білген қамал болған. Сондай тарихы бар Жаңақор­ғанның атын өзгерту деген тарихымыз­дың тамырын кесу, тарихты бізден алыстату. Атын өзгертем деп жүрген­дердің мақсатын мен солай деп түсі­немін. Бұл жерге Сығанақ атын бергісі келеді — дейді. Сығанақ өзінің орнында Сығанақ атымен тұрсын. Ертең шетелден келген қонақтар осы жерге келіп Сығанақты іздеп жүре ме?

Жаңақорған деген Қызылорда өңірінің оңтүстік қақпасы. Бұл жерден кімдер шықпады. Ең бастысы Жаңа­қорғанның әулиелері. Ол туралы сол кездегі аудан әкімі Р.Рүстемовтің бастамасымен «Туған жерге тағзым» деген деректі фильм түсіргенмін. Әлі де сол фильмнің ішінде жүрмін десем болады. Фильмді қызылордалықтар жақсы қабылдады. Шымкентке апарып шежірешілерге көрсеткенмін. Шым­кенттіктердің Түркістанды алға тартып Қожа Ахмет Яссауиді ту қылып, «бүкіл руханият бізде» дейтіні бар. Сол фильмді көргендер «Жаңақорған — Түркістанның ағасы екен ғой» деп тәнті болды. Осы орайда айта кетейін, әкіммін деп жоспар орындап кете берсе де оған ешкім ештеңе демейді, бірақ Руслан Рүстемовтің азаматты­ғымен Жаңақорғанның руханиятының галереясын жасаған болатынбыз.

Бір актілі, жеті көріністі драмалық қойылымда халықтық театр әртістері автордың идеясын, режиссердің шеші­мін көрерменге әсерлі, шынайы жеткі­зуге барын салды. Көрермендер сахна­дан парасат пен әділдікті қағидат еткен салиқалы кемеңгерді, ерек жараты­лысты қасиет иесін, дұшпанға қатал батырды көрді. Қылауыз атаның биік тұлғасы таныла түсті, тәнті ете түсті. Мұны қойылымнан кейін мінбер­ден сөз алған құрметті қонақтар да атап өтіп, көрермендердің кейбірі сахнадағы көрініс әсерінен көздеріне жас алғанын жеткізді. Сахна өнерпаз­дарының діттеген мақсатына жеткені бұл.

* * *

Жиналған көпшілік келесі кезекте ғылыми-танымдық конференция жұмысына ден қойды. Мінберден сөз алған ғалым Кенжетай Досаев атап өткендей, конференция ғылыми тұжы­рымды пікір бөлісуден гөрі, көпшіліктің тарихи танымын өрістете түсуге бағытталған. Конференция жұмысына аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков қатысып, төрағалық етті.

Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков:

— Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына өзек болған қоғамдық сананы қайта жаңғырта отырып, ұлттық код, ұлттық құндылықтары­мызды қайта саралау, өзіміздің шынайы тарихымызды, дәстүрімізді жаңғырту бұл бүгінгі күннің өзекті мәсе­лесі. Қай кез, қандай заман болмасын, бабаларға көрсетілер құрмет, олардың ұлағатын жадымызда жаңғырту тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі. Ата-бабаларымызды еске алу ежелден қалыптасқан қанатты қағида, санаға сіңген өсиет, өнеге мектебі, ата салтымыз. Шыққан ата тегімізді, жұрты­мызды бабалар салып кеткен зерделі салтымызды ұлықтап, мәде­ниетімізді қайта жаңғыртып жетілдіру, насихаттау әрбіріміздің абыройлы міндетіміз деп білеміз. Тарихи тұлға жәдігерлерімізді, өшпес мұралары­мыз­ды халыққа кеңінен насихаттау шараларын жүйелі түрде іске асырып келеміз. Алаштың анасы атанған Сыр бойында шежіреге толы көне өңірдің бірі — біздің Жаңақорған ауданы. Аудан аумағы тарихи ескі қалашық пен мәдени-рухани ескерткіштерге бай. Солардың бірі жергілікті деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткіштер қата­рындағы Қылауыз ата кесене мұра­ғаты. Қылауыз ата — Жақып Ахметұлы Әбулайыстың өмірбаянына қарап отырсақ ХІ ғасырда Самарқандта туып, 30-40 шамасында Қожахмет Яссауидің шақыртуымен Түркістанға келеді. Ілім-білімін жетілдірген соң халықтың діни сауатын ашу мақсатында Сыр бойына, Қыр-Өзгент шаһарына келеді — деп танымдық конференцияны ашық деп жариялап, одан әрі қонақтар сөз алды.

* * *

Кенжетай Досаев: Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:

— Тарих ғылымының 3 тірегі бар. Тарихи жәжірибе, тарихи таным, тарихи сана. Бізде тарихи сана бар, солай болғандықтан біз бүгін Қылауыз ата туралы айтып отырмыз. Бірақ Қылауыз ата туралы тарихи таным мен тарихи тәжірибеге еге емеспіз. Тарихи таным дегеніміз ғылыми тұрғыдан зерделенген, уақыт пен кеңістік өлшемінде тұжырымдалып, бүгінгі күнге сабақтастығы жойылмаған шежіре. Бізде мұның жоқ болуының себебі көп. Кешегі кеңестік жүйеде Қожа молданы, әулие пірді жалпы бүкіл діни құндылықтарымызды жоқ еткен ғылыми атеизм болды. Сол кезде бүкіл әлем рухани құндылығынан бас тартқандай, зорлық-зомбылық әлі де жүре беретін сияқты болып көрінген еді. Бірақ біз тәуелсіздік алғаннан кейін егеменді ел болып, өз тарихымызға, рухани тарихымызға қайта бет бұра бастадық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақа­ласы бұл тарапқа керемет жол ашты. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы да төл тарихымызға деген сұранысты толтыратын дүние болды. Тарих деген ұлы көш секілді. Қаратау мен Сырдың ортасы — қазақ тарихының ұлы көші. Бұл көштің кешегісі, бүгінгісі және болашағы бар. Мен ылғи айта­мын, расында ғылымда да солай, түркі, ислам өркениетінің бесігі бұл біздің Сырдың бойы мен Қаратауда, оның ішінде осы Жаңақорғанда. Бірақ біз мұны енді ғана сезініп келе жатырмыз. Тарих философиясы тұрғысынан қарағанда адамның тарихқа деген интеллектісі білу, тану, сезіну, сену және мойынсұнудан тұрады. Қылауыз ата туралы айтар болсақ, (мен араб, парсы тілдерін білетін маманмын) Қылауыз деген парсы тілінде көсем, жол бастаушы, пір деген мағына береді. Тарихи санамыз Қылауызды Яссауимен сабақтастырады. Деген­мен, Қылауыз ата кім дегенде қолы­мызда жәдігер, яғни тарихи таным тұрғысынан дерек, тарихи шежіре, тарихи зерттеу жоқ. Тарихи санада Жақып Әбулайыс Қылауыз ата Әбубәкір әл-Сыдықтың 21 ұрпағы дейді. Бұл туралы шежіре де бар дейді. Тарих ғылымының өлшемінде әр ұрпақтың арасы 30 жылмен өлшенеді. Осы тұрғыдан келгенде Жақып Әбулайыстың өмір сүрген уақыты ХІІІ ғасыр болып шығады. Яссауидің өмір сүрген уақытымен арада бір ғасыр бар. Бірақ бұл ғылымның, ғылыми зерт­теудің мәселесі. Бүгінгі жиын руханият тарихының жоқтаушыларының мәжілісі деп ойлаймын, — дей келе ғалым «Қазақ тарихын қожасыз, төресіз, пірсіз жасай алмаймыз» деп тұжырды. Осы ізденіс бағытындағы пайымын жеткізді.

— Қолжазбаларды зерттеуіміз керек. 20-30 жылдары Түркістан қаласындағы қорды вагон-вагон етіп тиеп (артылғанын өртеп) Ташкентке жөнелтті. Ташкентте Бируни атындағы шығыстану институтында 2 миллион­дай қолжазба бар екен. Мен 2003-2006 жылдары сол қолжазбалармен жұмыс істедім. Бірақ қазір ол кездегідей емес, қолжазбаларға қол жеткізу қиын, — деген ғалым Өзбекстаннан «Қылауыз атаның ұрпақтарымыз» деп, Өзбекстан Республикасы Ғылым Акаде­миясының академигі, мұнай-газ саласының құрметті ардагері Тасболат Бабажанов бастап келген ағайын­дардың ықпалдастығы керектігін айтты. Өз кезегінде мінберден сөз алып, жиын ұйымдастырушыларына алғыс-лебізін білдірген Т.Бабажанов қолдан келгенше аянып қалмайтын­дарын жеткізді. Сөз орайында К.Досаев: «Мен Жаңақорғанға бірнеше жыл бұрын келгенімде бұл жерде ғылыми-зерттеу институтын ашу керек дегенмін, себебі бүкіл тарихымыздың бел сүйегі Жаңақорғанда жатыр. Сығанақ қазбаларының өзі қандай! Тарихи көшімізді түгендеу үшін бұл жерде ғылыми-зерттеу институты түгілі, университет те ашуға болады», — деген пікірін білдірді.

* * *

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, кино­режиссер Қалила Омаров:

— Патша үкіметі қазақты шоқын­дырып, орыстандырып жеріне, байлы­ғына ие болу үшін не істеу керек дегенде «қазақтардың ішінде ишандар тұрғанда өзінің ұлттық тәлім-тәрбие­сін, тілін ұмытпайды, сондықтан алды­мен ишандарды құрту керек» деген екен. Сол туралы көлемді трактаттар жазылған. Сондықтан қожаларды, төрелерді ығыстырып шығару процесі басталған. Совет өкіметі де соны жалғастырды. Қазақ идеологиясын­дағы исламның орны дегенде бүгінгі күні де сыртқы күштер әсер етіп, бұрмалап жатқан жағдайлар бар. 2015 жылы осы ауданда әкім болған Руслан Рүстемов деген азаматтың бастама­сымен «Туған жерге тағзым» деп Қорасан атадан Айқожа ишанға дейін қамтитын деректі фильм түсірдім. Де­генмен, фильмде олардың әрқайсысы туралы 5-ақ минуттан ғана баяндай алдық, — дей келе деректі кинорежис­сері енді Қылауыз ата туралы деректі фильм түсіріп жатқанын атап өтті.

— Қылауыз атадай тектіден тараған ұрпақ қазақ тарихында, Орта Азия тарихында үлкен рөл атқарды. Бір ғана мысал. Совет үкіметі құрылған кезде қазақтың малының бәрін тартып алып ашаршылық болғанда, Өзбекстанға ауып барған қазақтарға Айдар қожа деген Қылауыз атаның ұрпағы бас­шылық етіп, колхоздар құрып, халық­тың жағдайын жасап, аман алып қал­ған. Айдар қожаның ұрпағы Тұрсынхан қазір Өзбек елінде генерал, Өзбекстан Президентінің жанында қызметте, өзі келе алмағанмен бүгінгі жиынға үлкен ұлын жіберген екен — деп бұл тарихтың бәрі Қылауыз ата жайында түсіріліп жатқан фильмге арқау болатынын жеткізді.

— Қылауыз атаның ұрпақтары ата­дан қалған жолды әлі де жалғастырып келеді. Қылауыз атаның ұрпақтарының тағы бір өкілі Қылауыз атаның кесе­несін тұрғызып, сол істің басы-қасында жүріп Самарқанға барып, архивтерді ақтарып, ғалымдармен пікірлесіп кітап шығарған марқұм Төлеген Рүстемұлы. Қылауыз атаның ұрпақтары өз зама­нына қызмет етуде. Яғни, Қылауыз ата халықпен бірге жасай береді. Қылауыз атаны насихаттау дегенімізде осындай ұлы тұлғалардың артындағы ұрпағы, өзінің тектілігін білетін болса қазақтың руха­ниятында, саясатында біз тура жолдан таймаймыз, — дей келе, «Ата­лар­дан қалған аңыз әңгімелердің өзі ғылыми нақты дерек болмағанмен халықтың жадында сақталған құжат болып табылады», — деп осы орайда жиынға қатысып отырған Қылауыз ата ұрпа­ғының бірі Шайдарбек қажы Әшімұлының еңбегі ерен екенін атап өтті.

Сөз алған Шайдарбек қажы Әшімұлы аталардан қалған аңыз әңгімелердің, шежірелердің тарих үшін маңыздылығы хақында пікір қосты.

«Көптеген дүниені еске түсіріп жа­тырмыз. Ұзағынан болсын, деп ұйым­дастырушыларға алғыс білдірген Шай­дарбек қажы, — Шежірені кеңейте беру керек, кім болса да өзінің ата-бабасы жөніндегі деректі қағазға түсіре бергеннің зияны жоқ», — деп қорытты.

* * *

Конференция қатысушылары ау­дан­ның Әбдіғаппар ауылынан батысқа қарай 5 шақырым қашықтықтағы кесене бағытына бет алды. Кесене маңайында зиярат етушілерге арнал­ған үй-жай орналасқан. Сол жерде Қылауыз ата ұрпақтары жан-жақтан жиналған, Қылауыз ата рухы жаңғыр­ған ұлы күні Қылауыз атаға ас берілмек екен. Кесенеге бет алған қалың нөпірмен біз де сол жерден табылдық. Құранға қол жайып. ас судан «тие бер­сін» деп ауыз тидік. Кесене шырақшы­сынан бірер ауыз пікір өтіндік.

Бақытбек қажы Мәдіқожаұлы

Бұл кесенені 1995 жылы Төлеген Рүстемұлы деген ағамыз кірпішін Өзбекстаннан әкеліп 1 сәуірден 1 тамызға дейін салды.

1996 жылы 12-13 қазанда бабаға ас берілді. Содан бері қарай бабаның ұрпақтары ас беріп келеді. 2014 жылы ораза айының екінші күні ас беріп, содан бері ораза айының екінші күні, құрбан айттың екінші күні үзбей Қылауыз ата ұрпақтары ас беріп келеді. Бабамыз Әбу Бәкір Сыдықтың жиырма бірінші ұрпағы болады. Әкесі Әбулайыс Насыр ибн Мұхаммед 8 тілді меңгерген ғұлама, Самарқанда жатыр.

Қылауыз атамыз 4 тілді меңгерген. Жауынгерлерге қолбасшы болған. Жауға шапқанда киген дулығасы Петропавловскінің музейінде тұр. Біз сондай даңқты адамның ұрпағымыз. Бабаға зиярат етіп келіп, ас беріп жатқан туысқандардың Алла астарын қабыл, мұраттарын асыл етсін.

Кесененің арқа жақ тұсындағы Қылауыз ата қорғанының қалай сақталғаны жөнінде де деректеп өтті Бақытбек қажы.

— Бұл қорғанның ішінде бабамыз тұрған. Қорғанның осы уақытқа дейін сақталуының үш қасиеті бар. Бірінші­ден, бұл қорғанның топырағын осы жерден 70 шақырымдағы Саураннан алып келген. Қорғанның ені 2,5 метр, биіктігі 7 метр. Қорғанның ең астыңғы қабатына жарты метрдей қамыс са­лын­ған. Қамыс су өткізбейді. Қамыс­тың үстіне жарты метр жыңғыл салған. Жыңғыл мен қамыс жер сілкінгенде 6-7 баллға дейін ұстап тұрады. Мың жыл өтсе де дуалдың 2,5-3 метрге дейін сақталып тұрған себебі сол. Бабамыз­дың кесенесінің алдынан 100 метрден су шығып, ол су денесінде жарасы бар адамдарға ем болып жатыр. Су алған уақытта аппақ болып жарты-бір сағаттан кейін сары реңге кіреді, бір тәуліктен кейін көк реңге кіреді.

Момын мұсылмандар өткен қасиет­ті жер ғой, бұл!..

* * *

«Рухани жаңғыру» деген игі мақ­сатпен өткен жиыннан осындай әсер­мен оралдық. Жерлесіміз Қалила Омаров айтқан «Туған жерге тағзым» фильмінде ел ағасы, бұрынғы облыс әкімі, қазіргі Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев: «Егер тарих керек болса Жаңақорғанға келіңіздер. 6 ғасыр Қыпшақ империясының, қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ осы жерде. Жер байлығын іздесеңдер, Жаңақорғанға келіңіздер. Менделеев таблицасының бәрі осы жерде бар деуге болады. Әруақтарды іздесеңіз­дер де Жаңақорған келіңіздер. Кең байтақ даламыздағы рухани діңгегіміз қасиетті дінімізді алып келген бабала­рымыз да осында жатыр», — деген екен.

Ал Сыр елінің абыз ақсақалы атан­ған, дүниеден «бақытты жанмын» деп өткен С.Шаухаманов туған жері тура­лы: «Біз Жаңақорғанды имандылықтың есігі, әулиелердің бесігі деп атаймыз. Олай дейтініміз Құл Қожахмет Яссауи­ден бастап Қорқыттың қолтығында 550 әулие жатыр. Бұл үлкен тарих, үлкен рухани күшіміз. Әруақтар елдің аман­дығын, ауызбірлігін, елдің өсіп-өркен­деуін тілеп жатыр. Неге осынша әулие осы жерге шоғырланған деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, кезінде Сыр­дың бойы пейіштей болған. Сырдың сағасынан аяғына дейін көбелек гүлден-гүлге ұшып баратын­дай болған. Халық мұнда қалың тұрған. Орманында жолба­рыс. Дариясында жайын. Тоғайының іші толған қыр­ғауыл, қоян, киік. Сондай берекелі жер болған» -деген екен.

Иә, Қылауыз атадай қасиет қонған ұлылар өткен бұл мекен сарқылмас құт-береке қонысы болса керек. Бірлікте ұйыған қалың жұрт, шуақты күн, күздің алтын түсіне малына бастап, көркейе түскен тамылжыған табиғат, сонау­дағы байтақ дәнді алқап, айналаның барлығы осы ниетті қоштап, ізгілікке тұнып тұр.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here