БИЛІК ХАЛЫҚТЫ ТЫҢДАУ КЕРЕК

0
25

«Қара алтынның буымен шалқыған жылдар-ай десеңші! Жылма-жыл жақсара түскен жағдайымызға масаттанып, көңіліміз тасыған, шалқар шаттықты сол бір кез қайта оралар ма екен? Алаңсыз арқа-жарқа той думандатқан сол бір кез «шіркін!»

«Бір аштықтың бір тоқтығы болады» деуші ме еді, сол айтқандай 90-жылдардың қиыншылығынан шыққан жұрт бір еңсе көтеріп қалғандай еді. Томаға тұйық тыныш жатқан түкпірдегі ауылдың өзінде бір үйден бір мұнайшы шықса, немесе, мұнай маңайында жүрген болса сол үйдің түтіні шалқып шығар еді-ау. Бала-шағаның қажетін түгендеп беріп, жаңадан жарқыратып үй салып, көлік мініп біраз жұрт құдай берген несібеден «ерінге тигізіп» жатқан-тын. Ара-тұра «Ойпыр-ай, біз осы болмашыға несіне масаттанамыз, әлі де қажетіміз толып жатыр ғой. Мұнайлы елде әсте мұң болмауы тиіс еді!» деген насихатқа құлақ салсақ та, зейін қоймай жүріп жатқан болатынбыз…» Осы мәндес әңгімені күні бүгіндері мұнай кенішті біздің өңір жұртының ортасында құлағымыз шалып қалатыны бар.

Өңірдегі мұнай көздері барын беріп сарқылуға айналғаны жайындағы әңгіме айтыла бастағалы да бірталай жылға айналып барады. Дегенмен, қазынасы кең жаратқан берерін түгеспей, тұма түбіндегі қара алтын әлі де қалқып алуға келіп жатыр.

Нақты дерекпен дәйектегенде, биылғы жылдың 8 айында облыс аумағындағы мұнай кеніштерінде 3,8 млн. тонна мұнай өндіріліп алынған. Бұл енді бұрнағы жылдарды айтпағанда өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда да 11,5 пайызға төмен екен. Бұл деректі өңірлік коммуникациялар қызметі, облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы Жаханов мәлім етті. Облыс аумағындағы мұнай ұңғымаларының сулануы мен сарқылуы салдарынан өңір өнеркәсібінде жан басына шаққандағы өнім 90,7 болып төмендеген.

Дегенмен, жалпы түрде өңір экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қамтамасыз етілген көрінеді. «Қара алтынның сарқылар күні болады, экономиканы әртараптандыру міндет» деген дұрыс насихатпен елімізде индустрия-ландыру бағдарламасы бастау алып, оның да оншақты жылын артқа тастап бара жатқанымыз және белгілі.

Осы орайда өңірімізде өндірістендіру бағдарламасының аясындағы І-ІІ бесжылдықта жалпы құны 150 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба жүзеге асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылыпты. Өңірлік өндірісіміз бүгінде 18 түрлі өнім шығаруда екен. Кейінгі жылдары әсіресе қарқын алып, өңірлер кестесінде алға шыққан сала құрылыс бойынша көрсеткіштеріміз осы жылдың қаңтар-тамыз айларының өзінде 2,5 есе өсіп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі бойынша 33,5% артқан. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы саласы да кейінгі жылдары кәсіпкерліктің тиімді жолы ретінде

өрістей, көш ілгерілей бастағаны мәлім. Бұл тараптағы 8 ай көрсеткіші 2,7%-ға және артқан. Дегенмен, өскелең замана талабымен ілгерілеу «дәстүрлі», «негізгі» деген сынды санаулы бағыттармен шектелуге мүмкіндік бермек емес. Оның үстіне, әзірге «әлеуметтік қолдау» «тұрмыс сапасын арттыру» сынды «тірлік қамынан» қол босата қоймаған, әлі де талай мұқтажымызды түгендей қоймағанымыз да бар.

Сыр өңірі халқының сондай қажетіне болысып, тірлік көшін ілгерілетер (өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларды ілгерілетуге бағытталған арнайы бағдарламалардан бөлек) және міндеттері айқындалған Қызылорда облы-сын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанынан көзі қарақты көпшілік хабардар да болар. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов «Өңір экономикасын дамытуға жаңа серпін беретін құжат» деп атап өткен Кешенді жоспар биылғы жылдың басында (7 ақпанда) Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленіп, 6 маусымда Үкімет қаулысымен бекітілген. Ал енді Сыр елінің ілгерілеуіне жаңа серпін беретін бұл жоспардың мәнісі қандай?

Бұл жай-жапсарды Б.Жаханов былайша жеткізді.

— Бұл жоспар 119 іс-шараны құрайды. Жалпы құны 219,7 млрд. теңге болса, оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа да қаржы көздерінен болмақ. Бұл іс-шаралардың іске асырылуы біздің аймағымыз үшін өте маңызды. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесімен жалпы өңірлік өнімнің көлемі 2 трлн. теңгеге жетеді. Жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады», — деді Б.Жаханов.

Кешенді жоспар ауқымында белгіленген жоспарлар ауқымы да ел қажетін дөп басқан жобалармен салмақты, үлкендердің сөзімен айтқанда «Үкіметтің күші-ай!» дегізерліктей. Айталық, біріншіден қара алтынды қойнауларды іздеу жұмысы жүргізіледі. Мүмкін нәтижесімен мұнай саласының шалқыма күйімен көңіл шалқытар кез қайта оралар. «Кешенді жоспарда» 2020 жылдан «Оңтүстік Торғай», «Сырдария», «Шу — Сарысу» ойпаттарында жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары басталады.

— Қызылорда қаласының жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңғырту жобасы іске асырылмақ.

— Солтүстік Аралдағы «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жобасын жүзеге асыру жоспары бар.

— Қызылорда су торабын кешенді жөндеу жобасы да белгіленген.

— «Күміскеткен», «Қараөзек», су қоймаларының құрылысы қарастырылған.

Яғни, Б.Жаханов «Кешенді жоспар өңір дамуына серпін береді» дегені жай қызыл сөз емес. «Ауыл — ел бесігі» атала-тын атауының өзі құлаққа жағымды жоба Елбасы бастамасымен жолға қойылып, ауыл-ауылы жұрттың игілігіне жұмыс істеп жатқаны мәлім. Бүгінде біздің өңір ауқымында бағдарлама игілігімен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық. Бірқатарын Б.Жаханов та атап өтті.

— Ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыру мақсатында республикадан 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 2 аудан орталығы: Жалағаш, Жосалы кенттерінде 21 жоба іске асырылуда. 2020 жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша 4 елді мекенде 1,6 млрд. теңгеге 57 жоба іске асырылады. Бұлар: Қызылорда қаласына қарасты Махамбетов, Сырдария ауданындағы Ақжарма, Шиелі ауданындағы Ақмая, Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекендері, — деді бұл орайда облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде өңірдің дүйім елді дамытуға бағытталған басқа да бағдарламаларға белсене қатысып, бағдарламалар негізінде қаралатын қаражаттан үлес алмақ қарекеті толас алмайтынын да жеткізді Б.Жаханов.

— Алдағы уақытта бұл жобалармен ғана шектеліп қалмай республикадан бөлінетін қаражаттан өңірге көп қаражат тарту жұмыстарын жалғастырамыз. Үкіметтен беріліп жатқан мүмкіндікті пайдаланып елді мекендердің барлығын барынша қамтуымыз керек. Айта кету керек, қазір елді мекендердің әлеуметтік стандарттары бекітіліп, соған сәйкес әрбір елді мекенде атқарылатын жұмыстар нақтыланып, қаржы бөлінеді, — деді бұл орайда.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2000-нан асатын 65 ауылдық округтерде төртінші деңгейлі дербес бюджет енгізілген. Жаңа жылда қалған 81 ауылдық округті қосу жоспарланған. Алдағы жаңа жылдың және бір жаңа-лығы, шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік табыс салығын (3,4 млрд. теңге көлемінде) жергілікті бюд-жетке беру жоспарлануда.

Салық түсімінің артуы елдің қажетіне көбірек қаражат бөлуге мүмкіндікті арттыра түсері белгілі. Осы орайда облыс әкімдігінің іс-шаралар жоспары бекітіліп, мүлік, көлік, жер салығын түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті Б.Жаханов.

Шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік табыс салығының жергілікті бюджетке түсу көрсеткіші кіші әкімдердің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмысының нәтижесі ретінде бағаланбақ екен.

Бүгінгі күні ел Президенті мығымдап тапсырып, Үкімет пен әкімдіктерге күн тәртібіндегі №1 мәселе болып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары біздің өңірде де маңыздылыққа ие, әлбетте. Бұл орайда Б.Жаханов:

— Жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылатын жұмыстар, оның ішінде ана мен бала өмірінің құндылығы, халықтың өмір сапасын арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық, халықтың жұмыспен қамтылуы қашанда бірінші кезекте шешілетін мәселелер қатарында. «Nur Otan» партиясының кезекті ХҮІІІ съезінде Елбасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді әсер ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мақсатты қолдау көрсетудің жаңа тәртібі туралы бастамаларын ұсынды. Бұған байланысты биылғы жылы біздің облысқа 14,7 млрд. теңге қаржы қаралған. 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі енгізілді. 1 сәуірден бастап 25658 отбасындағы 125160 адамға 10,4 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл қаражаттың 70,8%-ы берілді. 211 млн. теңгеге 125160 адамға тұрғын үй көмегі төленді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санаттағы 8126 адамға 650,5 млн. теңгеге әлеуметтік төлем төленді. Жыл басынан 2906 отбасына 127 млн. теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді, — дей келе Б.Дүйсенұлы Президент Жолдауында негізгі басымдылық берілген инклюзивті қоғам құру тарапында өңірде атқарылып жатқан игі шаралар хақындағы деректерді де дәйектеп өтті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға әзірленген жеке оңалту бағдарламаларының орындалуына облыстық бюджеттен биылғы жылға 937,3 млн. теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан.

— Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға бірдей қолайлы мүмкіндіктер құруды міндеттеді. Осы мақсатқа келесі жылға 58 млрд. теңге қаржы бөлуді тапсырды.

Бүгінгі күнге облыста 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оның 5 мыңы балалар. Бұл халық санының 4%-ын құрайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағдарламасын орындауға 2019 жылы бюджетті ұлғайттық. Қаражат көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып отыр. Биылғы жылы 937,3 млн. теңге қаржы бөлінді, — деп атап өтті бұл тараптағы жайды Б.Жаханов.

Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды жүзеге асыру мақсатында өңірлік Жол картасы әзірленуде.

Тұрғын үй құрылысы кейінгі жылдары өңірде ілгері даму барысындағы сала ретінде аталады. Мемлекет басшысы Жолдауында жоспар, міндеттері белгіленген басымдылықтардың бірі де осы тарапта. Осы тараптағы озық өңірде ауқымдалған міндеттер тізбегі де баршылық көрінеді. Атап айтқанда биылғы жылы облыста «Нұрлы жол» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде екен.

— Жалпы ағымдағы жылы облысымызда 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, республикалық бюджеттен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде жыл қорытындысымен 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі — деген мағлұмат та берілді ресми тарапта.

Айта кетерлігі, Б.Жаханов өткізген брифинг тақырыбы: «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлар туралы» деп аталды.

Осы орайдағы жоғарыда баяндағанымыздай деректерді айта келіп, Б.Жаханов:

— Бұл жұмыстар күннен-күнге жалғаса береді. Біз мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын тыңғылықты іске асырамыз. Сапалы орындаймыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, — деп қорытты сөзін.

Келесі кезекте журналистер сауалдарына ден қойылды.

* * *

— Көпшілік көкейіндегі сауал: қала іргесінде бой көтерген шыны зауыты қашан іске қосылады?

— Бұл экономикамызды әртараптандыруға әсер ететін үлкен жоба.

Мұнай өндіру көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Биылғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 1 млн. 200 тоннаға төмендейді. Осы орайда мұнайдың орнын толтыратын қандай шаралар бар дегенде, облыс аумағында кварц құмын пайдалану қажет болатын. Сондықтан бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы жағдайдың күрделене түсетінін біліп, осы бағыттағы жұмыстарға бастамашы болды. Бұл жобаға инвестиция тарту оңай болған жоқ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесімен зауыт құрылысы басталды. Биылғы жылдың аяғында жабдықтар іске қосылады. Келесі жылы шілдеден өнім өндіруді бастаймыз деп отырмыз. Дегенмен, бұл инвестиция салып отырған кәсіпорынға байланысты.

— «Кешенді жоспарға» енгізілмек Қызылорда — Жезқазған жолын күрделі жөндеу жұмысы қашан басталады?

— Бұл республикалық маңыздылықтағы жол. Жоба-сметалық құжаттарын дайындауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндік жоқ. 2020 жылы республикадан қаржы аламыз. Бұл оңтүстік пен орталық өңірді жалғастыратын маңызды жол. Қазір айналма жолмен қатынағанда мың шақырымдай ұтыламыз. Бұл кәсіпкерлер үшін де, халыққа да тиімсіз. Жол құрылысы 2022 жылдан 2020 жылға ауыстырылды. Келесі жылы тиісті қаржы алуға жұмыс жасаймыз.

— Атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алғандар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр ма?

— Биылғы жылы 1 сәуірден бастап аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізілгені мәлім. Бұл бір жағынан жақсы қолдау болса, екінші жағынан масылдық мәселесіне қайтадан алып келді. Мысалы жұмыс істейтін азаматтардың орташа табысы 80-100 мың теңге болса жұмыс істемей-ақ одан да көбірек атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік беретін болды. Сондықтан кейбір азаматтар жұмыстан шығып, табысын жасырып, жалған құжаттар өткізген фактілер орын алды. Жалпы облыс бойынша 3600-ден астам отбасы осындай шараға барған. Кейбір отбасылар ажырасып, ажырасқаннан кейін алименттен бас тартқан. Кейбір отбасылар мал-мүлкін жасырып, зейнеттегі ата-анасы болса, олардың немесе өздерінің мекен жайын ауыстырған фактілер де бар. Ондай отбасыларымен жұмыс жүргізілді. Табыстарын жасырған азаматтарға тағайындалған 980 миллион теңгенің төлемі тоқтатылды. Бұл қаражаттың 97 млн. теңгесі төленіп кеткен. Аталған қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс. Қазір 13 млн. теңгесі қайтарылды. Түсіністік білдіргендер өздері қайтарып жатыр, түсінбегендерді сотқа беріп жатырмыз. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінде де көтерілді. Мұндай жағдай тек біздің облыста ғана емес, барлық өңірлерде орын алған. Осы орайда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ережесіне тағы да өзгерістер енгізіледі. Ең бастысы масылдық пиғылды болдырмау бағытында тиісті шаралар қабылдау көзделуде. Біз өз ұсыныстарымызды беріп отырмыз.

— Жергілікті бюджетке түсетін шағын және орта кәсіпкерліктің корпоративтік табыс салығы жөнінде айтсаңыз…

— Шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы бұрын республикалық бюджетке түсетін. Жалпы жергілікті бюджетті қалыптастыратын бірнеше салық бар. (Жеке табыс салығы, яғни айлықтан ұсталатын салық, әлеуметтік салық, жер салығы, көлік салығы, жер пайдаланғаны үшін, жер қойнауын пайдаланғаны үшін салық). Корпоративтік табыс салығы, яғни кәсіпорынның табысынан ұсталатын салық, бұл толыққанды республикалық бюджетке төленетін. Енді орта және кіші кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік салықты мемлекет жергілікті бюджеттің өзіне беріп жатыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасалса, содан түсетін салық аудан мен қаланың өзінде қалады.

Корпоративтік салықтың көлемі көбейгені аудан, қалада шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосылғанының көрсеткіші. Халықты жұмыспен қамтуда үлес қосатын да негізінен шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Барлығына мемлекеттен айлық алу мүмкін емес. Кеңес дәуірінде мемлекет барлығын асырады, бірақ ол жүйе өзінің тиімсіздігін көрсеткен болатын. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Корпоративтік табыс салығын әр аудан өзі алады. Көбірек қаражат түсіргісі келсе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту

керек. Бұған басшылар да ынталы болады. Бұл бір жағынан жұмыс көзі, екіншіден бюджетке табыс көзі, әлеуметтік инфрақұрылымды шешуге үлкен мүмкіндік туғызады.

— Қармақшы — оқушылардың тынығу лагері жоқ жалғыз аудан. Лагерьдің құрылысы басталып, тоқтап қалды. Лагерь құрылысы қашан аяқталады, қармақшылық балалар лагерге бара ма?

— Қармақшыда лагерь болмаса да балалары лагерге барып жүр. Бұл басқа лагерлер арқылы қамтамасыз етілуде. Лагерь құрылысы жоба-сметалық құжаттары бойынша 3 жылдың ішінде аяқталуы керек болатын. Биыл 4-ші жылға кетіп қалды. Мердігер мекеме биыл бөлінген қаржыға жұмыс істеуден бас тартты. Сметасы қайта қаралып, оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, лагерь құрылысы келер жылы толық аяқталады. Мердігер мекемемен арада сот процесі жүруде. Биылға бөлінген қаражат игеру мүмкіндігі болмағандықтан бюджетке қайтарылды. Лагерь құрылысы тоқтап қалған жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы топ нысан басына барып, келер жылы қандай шаралар атқару керектігін назарға алды. Облыстық мәслихат депутаттары тарапынан лагерь құрылысына байланысты айтылған кейбір ұсыныстарды ескеріп жылдың соңына дейін сметасын қайта қарап, келер жылы құрылысын аяқтаймыз. Мүмкіндігінше келесі жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға берсек деген ойымыз бар. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз.

— Биылғы Жолдауда айтылған сындарлы қоғамдық диалог жөнінде жеке пайымыңыз…

— Сындарлы қоғамдық диалог деген өте дұрыс, керек. Президент әуелден айтып жатқаны да осы, халық пен билік арасында ешқандай делдал болмауы керек, ашық әңгіме болу керек. Барлық күш, барлық қаражат бірінші кезекте халықтың мұқтажына жұмсалуы керек. Бізге де берілген тапсырма: бюджеттің 50 пайыздан кем емес қаражаты әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, қажетті инфрақұрылыммен (жол, жарық, абаттандыру, мектеп, балабақша) қамтамасыз етуге бағытталуы керек. 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыруда осы саясатты ұстанып, қаржының 50 пайыздан астамын негізінен әлеуметтік салаға бағыттаймыз.

Менің пайымдауымша бірінші кезекте билік халықты тыңдау керек. Халықтың мұқтаждығына сәйкес, айтқан ұсыныс, пікірлеріне байланысты қаржыны бағыттап халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмыс жасауы керек. Біз де осы бағытта жұмыс атқаратын боламыз.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here