АДАМДА ШҮКІРШІЛІК, ШЫДАМДЫЛЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК…

0
56

1956 жылы дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік институтының Қызылорда филиалында «Инженер-құрылысшы» мамандығын алған.1997 жылы «Дәнекер» акционерлік қоғамының басшысы. 2003 жылдан «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС бас директоры. «Ұттық Бизнес Рейтинг» жобасы бойынша «Құрылыс саласындағы еңбегі үшін» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ҚР Президентінің құттықтау хаты, төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы», Ұлыбританияның Оксфорд қаласында өткен Еуропалық Кәсіпкерлер ассамблеясының шешімімен «2009 жылдың менеджері» төсбелгілері және «Ең үздік мекеме» дипломымен, «Қызылорда қаласына — 190 жыл» мерекелік медалімен және «2014 жылдың Басшысы» ұлттық сертификатымен марапатталған.

Құрылыс — үйлер, ғимараттар — замана қолтаңбасы. Бұл қолтаңбаның ұзақ уақыт өшпей сақталуы, жасампаздығы, айшықтылығы қолтаңба иесі құрылысшының шеберлігі мен еңбегінің нәтижесі. Қос ғасыр жасаған Қызылордада бірен-саран көрініс беретін қала іргесі қаланған көне заманнан күні бүгінге дейін мызғымай тұрған жәдігер — ғимараттар осының айғағы. Замана қолтаңбасын салған құрылыс бүгінде дария жағалауындағы қаланы жаңартып жатыр. Бұған «Халыққа қызмет көрсету орталығы» сынды әсем ғимараттарымен, әдемі үйлерімен үлес қосып «Дәнекер» құрылыс компаниясы да белсенді атсалысып келеді. «Дәнекер» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Әбдімәжит Әлмағамбетұлы Жансақаловпен сұхбатымыздың негізгі арқауы ел игілігіне қажет қызмет — құрылыс жайында болды. Сонымен қабат депутаттық міндет, азаматтық абзал парыз хақында өрбіді.

— Әбдімәжит Әлмағамбетұлы, облыстың құрылыс саласына, сондай-ақ, сол жағалаудағы жаңа қала құрылысына сіз басқаратын «Дәнекер» компаниясының үлесі қандай?

— «Дәнекер» компаниясының облыстың құрылыс саласындағы үлесі қомақты деп айтуға негіз бар. Бұл тараптағы алғашқы қадамымыз Қармақшы ауданындағы өкпе аурулары емханасы болатын. Бүгінде облыс орталығынан бастап, әр ауданда біздің компания құрылысын жүргізген халық игілігіне қызмет етіп жатқан әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер баршылық. Сырдария ауданында 1200 орындық мектеп құрылысын, Шиелі ауданының орталығындағы емхана құрылысын, Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылында, Түгіскен, Нәлібаев ауылында балабақша құрылысын, облыс орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығын, Тасбөгет кентіндегі балалар ауруханасын, Тереңөзек кентіндегі, Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргіздік. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы оншақтымектеп, бірнешелеген балабақшалар, көпқабатты тұрғын үйлер «Дәнекер» компаниясы құрылысшыларының еңбегінің жемісі.

Жаңа қала құрылысына қатысты айтар болсам, сол жағалаудағы қала құрылысын бастаған 18 көпқабатты үйдің 2-еуінің құрылысын біздің компания жүргізді. Қазіргі уақытта сол жағалауда көп балалы, аз қамтылған отбасыларға арналған 3 үйдің құрылысын салып жатырмыз. Нақты айтқанда сол жағалауда 2 үйді қызылордалықтар игілігіне пайдалануға бердік, 4 үйді пайдалануға бермекпіз.

— Осы орайда және бір сұрақ, қазіргі уақытта Қызылорда өңірінде бұл «Дәнекердің қолтаңбасы!» деп мақтанышпен айтарлықтай немесе сондай өрелі жоспардағы ғимарат бар ма?

— Облыс орталығында бірталай жылдан бері халық игілігіне қызмет етіп жатқан және Қызылорда қаласының сәулетті ғимараттарының бірі — Орталық халыққа қызмет көрсету орталығын, Тасбөгет кентіндегі 250 төсектік балалар ауруханасын ерекше атар едім. Дегенмен, «Дәнекер» компаниясы үшін әрбір құрылыс нысаны маңыздылығын атап өткім келеді. Біз әрбір ғимарат құрылысына бар білігімізді, қайрат-жігерімізді жұмсаймыз. Өзіміз салған ғимараттың сапалылығымен қабат, жұрттың көз алдында жарқырап, көз, көңілді қуантқанын, «бұл ғимаратты кім салған?» дегенде «Дәнекердің» жақсы аты шыққанын қалаймыз. Өйткені түптеп келгенде бұл біздің компания беделі мен біліктілігінің көрсеткіші, өз халқымыздың игілігі.

Қазірде Қызылорда қаласы «Шұғыла» мөлтек ауданында жеке қаражатымызға 4 үйдің құрылысын жүргізудеміз. Сырты металл сайдингпен қапталған, қабырғалары газоблок, едені ламинат, төбесі аспалы, сонымен бірге пәтерлер Қызылорда облысына әлі келмеген «студья-пәтер» үлгісінде болады. Қазір 2 үй сатылымға шығарылды. «Шұғыла» мөлтек ауданы, З.Шүкіров көшесінде орналасқан. Пәтерлер көлемі 160 шаршы метр. Банкілер арқылы («ЦентрКредит банкі», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Сбербанк», «Жусан» банкі) ипотекаға сатылуда.

— Сол жағалаудағы қала құрылысына байланысты қала тұрғындары арасында сыни пікірлер де жоқ емес. (Жаңа қала шығыстық стильде, ерекше келбетте болады деп еді, бірақ бәз-баяғы бір қалыппен қызыл кірпіш үйлер салынуда дегендей…) Осы орайда қала құрылысшысы ретіндегі пікіріңіз, жалпы кәсіби тұрғыда Қызылорда сәулеті жөнінде не айтар едіңіз?

— Тұрғын үй құрылысында халықтың қолжетімділігі жағдайы (шаршы метрі 120-140 теңге), сонымен қабат өңірдің ауа райы жағдайы да ескеріледі. Мысалы, үйлердің сыртын түрлі сылақтармен әрлеуге болар еді. Дегенмен, бұл 1-2 жылға ғана шыдас береді. Сол жағалаудағы құрылыста біз қазір Хромтаудың сарғыш, ақшыл түсті кірпіштерін пайдаланудамыз. Өріп жатқанның өзінде кірпіштер шаңнан көрінбейді. Сондықтан ауа райы жағдайы ескеріледі дегеніміз бекер сөз емес.

Жаздың аптабына, шаңды желге шыдас беретін кірпіш жаман ба?! Құрылыс компаниялары да қалтасына қарай көсіледі. Аса шалқия беруге де шама керек. Және қала бірден салынбайды. Сәулеті ерекше құрылыстар әлі де болады деген сенімдемін. Қазірде әлеуметтік нысандар құрылысы салына бастады. Күні кеше 320 орындық балабақша құрылысы пайдалануға берілді.

Жалпы, қала сәулетіне қатысты, қазір Қызылорданың көркейіп келе жатқанын жұрттың бәрі айтып жүр. Қалада көпқабатты тұрғын үйлер қатары көбейді. Жолдар кеңейді. Халықтың игілігіне әлеуметтік нысандар, спорттық кешендер бой көтеруде. Қала тұрғындарына мәлім, кеңес одағы тұсында да Қызылордада зәулім ғимараттар салынбаған. Қалада 9 қабатты 1-2 ғимарат қана бар. Себебі, біздегі жерасты суы көтеріліп кететіні белгілі. Кейінгі жылдары Қызылорда тазалығы жөнінен де мақтана алады. Түнгі жарық жағдайы да көп жақсарды.

— Бұл игіліктер әзірге шет аймақ жағын айтарлықтай қамти қойған жоқ…

— Мен шет аймақтан «Коммунизм», «Шанхай», КБИ» аймағынан сайланған депутатпын. Ол аймақта да едәуір жұмыстар атқарылып жатқанын білемін. Қай жерде де бірден бола қоятын жағдай жоқ. Ілгеріде «Москва бірден салынбаған» деген сөз болатын. Қаланың шет аудандары көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, көшелері жөнделіп жатыр. Осы орайда айта кетсем, артық болмас, мен өзім қаланың шет аймағы «Шанхай» ауданында өскенмін. Бала күнімізде жауын-шашынды кезде көшеде батпаққа батқан көліктің гүрілінен шырт ұйқыдан оянатынымыз есімде.

— Мектепке боти киіп баратын едік дейсіз ғой…

— Өзімізден үлкен аға-апаларым автобусқа дейін шығарып салып, автобусқа аяқ киім ауыстырып мінетінбіз. Сабақтан қайтқанда тағы да автобустан басқа аяқ киіммен күтіп алып тұратын. Қазір сол кездері батпаққа батып жататын көшелердің бәрі асфальт.

— Сіздің бала күніңіздегідей жағдай шет аймақ жағында әлі де баршылық…

— Олар халық жақында қоныстанған жаңа көшелер. Адамда шүкіршілік, шыдамдылық болуы керек…

— Дегенмен, өркениетті заманда өмір сүреміз деген де дұрыс талап қой…

— Барлығын қаражат шешеді.

— Бүгінде бүкіл елімізде құрылыс саласы серпінге ие десек болатын шығар? «Осы саланың болашағы қандай?» дегенде сіздің кәсіби тұрғыда пайымыңыз…

— Елімізде, оның ішінде біздің облыста осы күнге дейін қаншама мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, клубтар, мәдениет үйлері, спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Түптеп келгенде құрылыс жағдайы, бюджет ауқымына байланысты. Әр адам қалтасына қарай көсіледі, сол сияқты мемлекетте де қаржы ахуалы көп нәрсені шешеді. Қазір де елімізде құрылыс қарқыны жаман емес. Әр аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Мемлекет саясатындағы басымдылық әлеуметтік қолдауға бағытталып жатыр. Тұрғын үй құрылысында көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге басымдылық бар. Қазір де қаншама отбасылар үйлі болып, жағдайын жақсартуда. Осы орайда атап өтерлік өзекті мәселе, құрылыс компанияларына білікті мамандар жетіспейді. Құрылыс учаскесінің бастығы, шеберді айтпағанда, білікті қалаушы, дәнекер мамандарды табу қиын. Бұрын құрылыста Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары көптеп жұмыс істейтін. Қазір ол елдердің өзінде құрылыс қарқыны жаман емес, сондықтан қазір олар құрылыс нысаны басында некен-саяқ. Құрылыс нысаны басында негізінен жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Дегенмен, несін жасырайық, олардың кәсіби біліктілігі жетіспей жататын тұстар аз емес. Соған қарамастан жұмыс берушілерге талаптары күшті. «Қит етсе» жұмыстан шығып кете салады. Еңбекқорлық болса уақыт өте келе біліктілікті жетілдірер еді, бірақ көп ретте олай емес.

Жақында жұмыс сұрап бір жас жігіт келді. Мамандығы бар. Оқу орнын қызыл дипломмен бітірген. Қуанып қалдым. Пікірлесу барысында «Нивелермен қалай жұмыс істейсің?» деп сұрадым. Сөйтсем, қызыл дипломды «маман» өзімнен «Нивелер деген не?» деп сұрайды. Құрылыстың деңгейін өлшейтін құралды білмейтін ол қандай маман? Осы орайда айтайын дегенім, жоғары оқу орындары да, кәсіптік орта білім беретін оқу орындары да маман дайындауға жауапкершілікпен қарауы керек. Қазір бізде орта мектепті бітірген түлектердің 90 пайыздан астамы оқуға түсті деп жатады. Жоғарғы оқу орындарына түсетіндері де аз емес. Мен осыған таң қаламын. Барлық баланың қабілеті бірдей емес. Тіпті бір ата-анадан туған балалардың қабілеті бірдей емес. Дегенмен, балалар ата-анасының ақшасымен ақылы оқып, диплом алып шығады. Нәтижесі көбіне-көп жоғарыда айтқанымдай болып жатыр. Жастардың жұмыссыздық мәселесінің бір ұштығы осында жатыр ма деймін. Жалпы өз басым «ақылы оқу» дегенді аса құптамаймын.

Біздің заманымызда балалардың білімге деген ынтасы, қабілетіне қарай бейімдеу болатын. Соған байланысты 8 сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік училищеде оқып, мамандық меңгеретін. Жоғары оқу орындарына да қабілетіне, қызығушылығына қарай түсетін. Жалпы жастардың мамандық меңгеруіне атүсті қарауға болмайды. Өйткені мамандық олардың өмір жолына айналады. Осы жолды таңдауда олар қателеспеуі, ә дегеннен сәтсіздікке ұшырамауы тиіс. Сонымен бірге ел болашағы — жастардың тәрбиесіне маңыз беруіміз керек. Кеңес тұсында октябрят, пионер, комсомол, коммунист деген бір жүйеге құрылған патриоттық идеология болды. Сол ізбен демейміз, дегенмен патриоттық тұрғыда ел жастарын біртұтас ететін идеология керек деп ойлаймын. Бұл да идеология жұмысының ақсап тұрғанының бір көрінісі болып, жастардың қатарында намыссыздық белең алып тұр. Әке-шешесінің зейнетақысына «күн көретін» жастар бар. Бұл қасыретті жағдайдан арылуымыз керек. «Үкімет мынадай қаржы бөлді, осынша адам оқыды, жұмыспен қамтылды» деген де түбегейлі нәтиже емес деп ойлаймын.

Мемлекетті алға апаратын, нығайтатын жастар. Олардың өмір жолының дұрыс бағытта болуы — елдігіміздің белгісі, ертеңіміздің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту туралы айтылды. Бұл үшін ең алдымен жастарымыз қазақ тілінде сөйлеуі керек. Менің немерелерім мектепті қазақша оқиды, бірақ орысша сөйлейді. Өйткені көзін ашқаннан көргені ұялы телефон, компьютер орысша, ағылшынша сөйлейді. Сондықтан қазақ тілінің рөлін нығайтамыз десек, балалар көретін мультфильм, фильмдерді қазақша сөйлетуіміз керек. Ұялы телефон, компьютер қазақша сөйлеуі тиіс. Қазақ тілінің рөлі дегенде, тағы бір айта кетерлік мәселе, аударма тілінің ақсап жатқаны. Әрбірімізге күнделікті өмірде ұшырасатын жағдай жарнамалардың «қазақшасы» іліп алуға тұрмайды. Орысшадан ілекерлеп тікелей аударылады. Әр салаға білікті маман керек деген осы!

Сондай-ақ, кейбір мекемелердің кіреберісіндегі қазақша атауын көріп қынжылатынымыз да рас.

— Осы әңгімемен сабақтас бір сауал қойсам деп отырмын. Азамат ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?

— Қазір ең өзекті болып тұрған әлеуметтік мәселелер. Бұл мәселе елге жанашыр әрбір азаматты толғандырады деп ойлаймын. Дегенмен, кейде отбасының қиын материалдық жағдайы ата-ананың жұмыс істеуге, отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бола тұра жауапкершілігінің төмендігінен орын алып жататыны да жасырын емес. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген сөз бар. Атам заманда солай болған шығар, бірақ қазір заман талабы басқа. Баланың жағдайы, жауапкершілігі ең алдымен дүниеге алып келген ата-ананың мойнында. Әрине, тиісті деңгейде мемлекеттің қолдауы болуы керектігін ешкім де жоққа шығаруға хақы жоқ. Дегенмен, өзінің ізін жалғастыратын ұрпағының алдындағы жеке жауапкершілігіне әрбір ата-ана аса тиянақты болуы керек. Бір жылдары жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары көбейді. Бұл қайғылы жайттардың түп-тамыры негізінен отбасындағы қолайсыз жағдаймен байланысты екен.

Дені сау адам «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыруға болмайды. «Пособиеге» ғана иек артпай, анасы балаларға қараса, әкесі жұмыс істесін. Бала күнімізде әке-шешеміз бізді қалай асырады. Жұмыс та істейтін, үй шаруасын да атқарып, қорада мал ұстап, бау-бақша егетін, балаларын да еңбекке баулып, қолғанат ететін.

Отбасымда 4 бала өсіріп отырмын. Әке ретінде олардың қатарынан кем болмауы ең алдымен менің жауап-кершілігімде. Әрине, денсаулық жағдайына, өмірде кездесетін басқа да жағдайлармен әлеуметтік көмекті керек ететін отбасылар бар. Азамат, кәсіпкер ретінде ондай отбасыларға қолдан келгенше қолдау көрсетуге шын ниетімен ынталымын. Жыл сайын сайлау округіме қарасты 4 мектептің балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау жасаймын. Әр мектептен жылына 15 балаға киім-кешек, мектепке қажетті құралдарын түгендеп алып беріп жүрмін. Балаларға көмекті мектепке апарып беремін. Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясын, жалпы қайсыбір қайырымдылық шараны даңғаза етіп, жиналыс жасап, жарияға жар салып өткізуге үзілді-кесілді қарсымын. Қайырымды істі даңғаза етудің қажеті жоқ. Оны өзіңнің ынта-ықыласыңмен жасайсың, Алла куә. Қайырымды ісің бүтіндей қайырлы болсын. Біреуді мұқалтпасын. Баланы қатарластарының алдында кемсітпесін. Өз басым біреуді қор, өзімді зор етіп көрсеткім келмейді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қуатты өңірлер — қуатты ел» тұрғысында бірқатар міндеттерді алға қойды. Сіздің бағамдауыңызда аймақтың даму жағдайы қандай?

— Өңірлер бойынша құрылыс саласында алдыңғы қатарға шыққанымыз айтылып жүр. Сол жағалауда жаңа қала құрылысының басталғанының өзі зор жетістік деп ойлаймын. Құрылыс қарқыны бойынша біз ел астанасы, Алматы қалаларынан кейінгі орынға шықтық. Жалпы қазіргі деңгейіміз жаман емес.

Құрылыс тарапында атап өтерлік тағы бір жайт, біздің өңірде салынып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрі 120-140 мың теңге. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шымкент қалаларында 180-250 мың теңгенің көлемінде. Қызылордадан шығып жатқан құм, тастан басқа құрылыс материалдары жоқ. Жақында Шиеліден цемент шыға бастады. Бірақ құрылыс материалдарының бағасы негізінен барлық өңірде бірдей. Қазақстанда шығарылмайтын құрылыс материалдары бар. Оларды үлкен қалалардан алдырамыз. Бір сөзбен айтқанда шаршы метр бағасының төмен болуы бізге қолайсыз деуге болады.

— Зиян шегіп жатқан жоқсыздар ма?

— Зиян шегетін жағдай да бар. Тұрғын үй өтем дегенше мүлік салығын төлеп зиян шеккен жайттар болған.

— Әбдімәжит Әлмағамбетұлы, депутаттық сайлауалды бағдарламаңызда негізінен тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсері бар жол, ауыз су, аяқ су сынды маңызды мәселелерді толыққанды шешу жайын көтерген екенсіз. Осы орайда аяқ сумен қамтамасыз ету жайынан не айтасыз? Өйткені Қызылорда жағдайында ең өзекті мәселенің бірі көгалдандыру ең алдымен аяқ су жағдайына байланысты…

— «Дәнекер» компаниясы бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы Жібек жолы каналын салды. Бұл каналдан басқа, Қызылорданың орталық көшелеріне заманында өлеңге қосылған «Сарқырама» су жеткізіп тұр. Облыс орталығын толыққанды аяқ сумен қамтамасыз ету үшін қала аумағын топографиялық суретке түсіру керек. Су деген стихиялық күшті өз дегенімен жүргізу үшін жүйелі жұмыс жасалуы керек. Біраз жылдар бұрын қалаға аяқ су береміз деп бірталай көшелерге лотоктар салынды. Бірақ түбегейлі нәтижеге жеткізетін жүйелі жұмыс жүргізілмеуі салдарынан бір көшелерді су басып кетті, бір көшелерге аяқ су жолының дұрыс жүйеленбеуінен жетпеді. Ертеректе аяқ су барған көшелердің көпшілігіне қазір су бармайды. Қаланы көгалдандыру үшін аяқ су қажеттігі сөзсіз.

— Әсіресе жаздың күндері жасыл желектің аздығынан қала қаңсып тұрады.

— Біз де құрылыс салғанда газон егеміз, соның бәрі далада қалады. Жалпы газон деген көп қаражатты қажет етеді. Бірақ қаланы гүлдендіру, көгалдандыру керек. Қаланы Алисов деген басшы басқарған тұста көкорайлы болған екен. Жалпы. өзім қала басшысының жиі ауысқаны дұрыс емес деп ойлаймын. Білуімше, Еуропада қала басшылары оншақты жылдан ауыспайды. Бізде 2-3 жылға келеді де, әрқайсысы «мынаны істеймін» деп бастап, тастап кетіп жатады. Сондай-ақ қала әкімі қала шаруашылығын егжей-тегжейлі игерген мықты білікке ие болуы керек.

— Депутаттық бағдарламаңызда мектептердің кітап қорын арттыруға қолдау көрсету туралы айтқан екенсіз. Осы орайда атқарғаныңыз… Өзіңіз кітап оқисыз ба?

— Тәптіштеп айтпай-ақ қояйын, ондай қолдау жасалды. Биылдыққа округіме қарасты аумақта бірқатар көшелердің жөнделуіне депутаттық ықпалдастық жасадым. Әл-Фараби ауданындағы мектепте оқушылар санының көбеюіне байланысты қосымша ғимарат салуға қаржы бөлінуіне депутаттық қызметіммен ықпал жасадым. Қосымша ғимарат құрылысы әне-міне аяқталады. Қазір балаларды кітап оқуға машықтандыру жөнінде көп айтылып жүр. Мен бұған келісемін. Жас күнімізде қазақ әдебиеті классиктерін жата-жастана оқыдық. Қазір қол қалт еткенде аудиокітаптар тыңдайтыным бар.

— Жалпы рухани азығыңыз нендей?

— Теледидардан танымдық бағдарламалар қараймын. Көбіне-көп әлемдік экономика, дін тұрғысында.

— Театрға барасыз ба?

— Барамын. Жақында сәті түсіп Нұр-Сұлтан қаласындағы опера және балет театрында болдым.

— Сайлаушылар алдында есеп бергенде қандай баға алып жүрсіз? Жалпы сайлаушылар сізге қандай талап-тілекпен келеді?

— Көбіне-көп жол жөндеу мәселесімен келеді. Материалдық қолдау сұрап келетіндер бар. Қолдан келгенше көмек жасап жүрміз. Қарап отырсам төрт шақырылым қатарынан депутат болып сайланған екенмін. Бұл да депутаттық міндетіме атүсті қарамағанымның дәлелі, сайлаушыларымның жақсы баға бергені деп білемін.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here