Апатты жағдайдағы ғимарат әлі күнге сүрілген жоқ бұл адам өміріне қауіп төндірмей ме?

0
43

Облысқа қарасты Арал ауданында сүрілуі тиіс апатты жағдайдағы ғимарат әлі күнге бәз-баяғы қалпында тұр. Оның адам өміріне қаншалықты қауіпті екені белгілі болса да, әлі күнге құзырлы орындар тарапынан осы олқылықты қаперге алып жатқан тірі жан көрінбейді.
Жалпы соңғы кездері өңірімізде апатты жағдайда тұрған ғимараттар жалғыз мұнымен шектелмейді. Бір Арал қаласы емес, облысқа қарасты барлық аудандарда, тіпті республика аумағында да мұндай нысандар көптеп кездеседі. Олардың ішінде күрделі жөндеу жүргізуге шешім қабылдап, қайта пайдалануға беріліп жатқандары да жоқ емес. Алайда оның қатарында «сносқа» жіберуге шешім қабылданып, пайдалануға жарамсыз деп танылған, сүрілуге кету тиіс деген ғимараттар да бар.
Соның ішінде мақаламызға арқау болып отырған Арал қаласындағы Жароков көшесі №20 мекен жайда орналасқан көп жылдар бойы екіқабатты тұрғын үй ретінде пайдаланылып келген ғимарат. Бұл нысанның іргетасы 1986 жылы қаланған болатын. Сол кездері бұл ғимарат «Арай» деген атаумен Арал халқына балабақша ретінде пайдалануға берілгені жергілікті жұртшылықтың жадында. Тек 1990 жылдан бастап тұрғын үй ретінде қолданысқа берілген. Содан да болар тұрғылықты халық бұл нысанды әлі күнге тұрғын үй есебінде емес, «Арай» бөбекжайы ретінде қабылдайды. Осы кездің өзінде бұл ғимаратты «Арай» атауымен атап кеткен. Құдды бір оқшау орналасқан мөлтек аудан іспетті.
Естеріңізде болса өткен жылы осы ғимараттың екі бөлігін қосып тұрған өткелі айдың-күннің аманында өздігінен құлап түскен болатын. Нақтырақ айтсақ, бұл оқыс оқиға 2018 жылдың 17 наурыз айында орын алған еді. 2016 жылы бұл ғимарат апатты деп танылған, алайда соған қарамастан адамдар мекен етіп келген. Абырой болғанда апаттан зардап шеккендер мен қайтыс болу фактілері тіркелмеді. Десе де бұл оқыс оқиға облыс қана емес, республика жұртшылығына лезде тарап кетті.
Сол сәтте құзырлы орындар тарапынан құтқару жұмыстары жедел қолға алынды. Баспанасыз далада қалған 16 отбасыны уақытша баспанамен қамтып, келешекте әрбірін жеке тұрғын үймен қамту ісі жедел ұйымдастырылды. Материалдық шығындарды өтеу жайы да назардан тыс қалмады.
Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі орын алға төтенше жағдайдан тыс қалмай, зардап шеккен тұрғындармен де кездесті. Кездесуде баспанасыз қалған тұрғындарға облыс бюджеті есебінен пәтер беру мақсатында жоба сметалық құжаттарға 3 миллион 700 мың теңге бөлу жоспарланғанын, алдағы уақытта әрбір отбасыға жаңа үй салынып берілетінін айтып, жабырқаулы көңілдерге қуаныш сыйлаған болатын.
Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Баспанасыз қалған отбасылар далада қалмады. Құзырлы орындар берген уәделерінде тұрып, тұрғын үймен қамту ісі жүйелі жүргізілді. Бұл әрине қуанарлық жәйт.
Алайда «әттеген-ай» дейтіні сол, адам өміріне қауіпті деп танылған әлгі ғимарат төрт қабырғасы қақиып әлі де тұр. Нысан бұзылған жоқ. Оны бір назарға алып, қауіпті екенін айтып, дабыл қағып жүрген тірі пенде де көзге ілікпейді. Кәдімгідей қараусыз, бақылаусыз күйде қалған.
Осы нысанға жапсарлас жеке тұрғын үйлер салынған. Сол үйлердің ойын балалары қараусыз ғимаратты ойын алаңына айналдыратыны айтпаса да белгілі жәйт. Сондай кездері ғимараттың тағы бір қабырғасы опырылып, адам шығынына алып келмей ме деген қорқыныш басым. Алла мұндай кесапаттың жолын ары қылсын, әрине.
Сол аймақ тұрғындарының сөзіне сенсек, бұл ғимарат орналасқан аумақ жекеге сатылып кеткен көрінеді. Соның салларынан апатты ғимарат әлі күнге сүрілмей тұрғанға ұқсайды. Қазіргі егесі де оны бұзуға бүгін-ертең білек сыбана кіріспейтін секілді. Оны айтпағанның өзінде ғимарат ішінде қаңырап қалған бөлмелер жын-ойнақтың ордасына айналды деп дабыл қағушылар да бой көрсетіп жүр. Яғни ғимарат ішінде жаю жайып, көрпе-төсегін салып, жаз мезгілінде жеке үйі мақсатында пайдаланып жүрген де бар деседі. Бір сөзбен айтқанда қараусыз тұрған көпқабатты үй ішімдік ішушілердің көңіл көтеретін мекеніне айналған іспетті. Ғимаратқа жақын орналасқан тұрғын үй иелері осылай зар қағып, өз өмірлері үшін алаңдаулы күй кешуде.
Жоғарыда айтылған жәйттер қолға қалам алып, осы мақаланы жазуға түрткі болып отыр. Себебі, адам өмірі үшін қауіпті саналатын нысанның сырты да қоршалмаған. Сыртқы тыныш тіршіліктен оқшауланбаған кейпі ашық-шашық күйде тұр. Оған кімдердің кіріп-шығып жатқанын бақылауда ұстап отырған көз де көрінбейді. Мұның ақыры тағы бір қайғылы оқиғаның орын алуына апарып соқпаса деген қорқыныш көңілге ұялайды.
Сол себепті аталмыш жәйтке орай орын алуы мүмкін қауіптің алдын алып, құзырлы орындар тарапынан ғимаратты жедел түрде сүрілуге жіберуге әрекет жасалса нұр үстіне нұр болар еді. «Сақтансаң-сақтармын» деп әсте бекерге айтылмаса керек.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here