Шикілей сыртқа шығармаған жөн…

0
379

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің алғашқы жолдауын жариялаған еді. Сол жолдауға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков пен ветеринария бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов өздері басқарып отырған саланың алдағы міндеттері туралы хабарлама жасады.

«Ауыл шаруашылығы — біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек.» деген болатын. Сондай-ақ, ауыл тұрмысының сыны түзелмей, ауыл шаруашылығы өнімділігінің артуы мүмкін еместігін де айтты. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт аясын кеңейту қажеттігін жеткізді. Осы тұста ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы облыс бойынша саланы одан әрі дамытуда бірқатар жұмыстардың жасалып жатқандығын айтты.

— Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында соңғы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артты. Қазіргі таңда жыл сайын өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспор­тын 2,5 есеге ұлғайту, ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемін екі есеге, ал инвестиция көлемін 3 есеге арттыру міндеттелген. Бүгінде осыған орай қабылданған «Агрокарта» аясында жұмыстар жасалуда. Қазір ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артса, облыста жылына 25 мың бас МІҚ малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс жасайды, — дейді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков.

Қамбарбек Амангелдіұлының айтуынша, алға қойған ендігі жоспар ет-сүйек ұнын өндіретін және балық жемін шығаратын, жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы облыстан Өзбекстан Республи­касына 118 бас түйе, 250 бас ет бағытындағы МІҚ малдары, Біріккен Араб Әмірлігіне 950 бас қозы, Иран Ислам Республикасына 789 бас қой мен 56 бас бұқашық экспортталған. Басқарма басшылығы, мұндай өнімді шикізат түрінде өткізудің тиімсіз екендігін, сондықтан келешекте ірі инвестициялық жобаларды яғни, сүт фермаларын, ет комбинаты, құс фабрикасы, 1000 бастан жоғары мал бордақылау алаңдарын ашу керектігін айтты.

— Ауыл шаруашылығын дамыту жер ресурстарын тиімді пйадалануға тікелей байланысты. Бұл ретте, облыстың 2022 жылға дейінгі дамытудың Кешенді жоспарында өңірде егілетін мал азықтық дақылдардың көлемін 78 гектарға дейін арттыру керек. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту мақсатында ауыл шаруашылығының жалпы өнімін — 102,6 пайызға, еңбек өнімділігін — 121,5 пайызға, инвестиция көлемін — 115,0 пайызға, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін — 118,5 пайызға арттыру жоспарлануда. Жалпы осы жылы алға қойған мақсатқа жақсы көрсеткіштермен жету үшін көптеген шаралар жүзеге асып жатыр. Облыс бойынша биылғы жылы 183,1 мың гектар жерге егіс егілді. Бүгінгі күні егілген өнімдерді (күріш, картоп, көкөніс, бақша және майлы дақылдар) жинау мен мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілуде, — дейді Қамбарбек Амангелдіұлы.

Мал шаруашылығы бойынша биыл жыл соңына дейін 37 350 (тірі салмақта) тонна ет, 88 928 тонна сүт пен 9965 мың дана жұмыртқа өндіру жоспарда бар екен. Басқарма басшылығы алдағы уақытта жоспарға сәйкес белгіленген жұмыстар мен ҚР Президенті жолдауы бойынша берілген тапсырмаларға қатысты жұмыстар орындала беретіндігін жеткізді.

Қазіргі таңда, жұрт байқағандай дүкендерде нан бағасы 60 теңгеден 65 теңгеге дейін қымбаттады. Онымен қоса ұнның да бағасы қымбаттаған болатын. Бұған қатысты басқарма басшысы Қамбарбек Мүбараков «Нан мен ұн бағасының қымбаттау себебі, жыл басынан бері астық өсіруші солтүстік өңірлерде астық бағасының қымбаттауына байланысты. Бірінші сортты бидай ұны бағасының индексі 17,7 пайызға, ал осы ұннан жасалған нан бағасы 4,2 пайызға жоғарылады. Осы орайда өңірлік тұрақтандыру қорына 2700 тонна ұн көлемі сатып алынып, әлеу­меттік нан пісіретін наубайханаларға төмен бағада берілуде. Негізі республикада І сортты нан бөлкесін 60 теңгеден сату бойынша 3 орындамыз. Негізгі себеп, биыл астық өсіруші өңірлерде құрғақшылық салдарынан бидай бітік шықпауы, астық көлемінің 15 пайызға азаюы және экспорт үлесінің ұлғаюы әсер етіп отыр. Облыс астық өндіруші өңірлердің қатарына жатпайтындығын ескере отырып, облыстағы кәсіпорындармен аймақтағы наубайханаларды арзандатылған ұнмен қамтамасыз етуін сұрап, сол бойынша жұмыстар жасап жатырмыз» деді.

Онан кейін облыстық ветеринария бақылау басқармасының басшысы сөз алды.  Негізі облыс аумағында жануарлардан алынатын өнімдерді сататын 16 ішкі сауда объектісі мен ветеринариялық препараттар сататын 15 дәріхана, 38 мал сою нысандары мен 2 мал базары бар екен. Ветеринария бақылау басқармасы осы нысандарға жыл басынан бері «Ветеринария туралы» заңына сәйкес бақылау жұмыстарын жүргізіп отырған. Соныº нәтижесінде сала мамандары 105 заң бұзушылықты анықтап, 2 436 625 теңге айыппұл салған. 

— Ветеринария саласы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының алдын алу, адамдарға жұғу қауіпін болдырмаумен қатар ветеринария саласын дамыту, экспорт әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтар болсам, 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы және жылда экономикалық шығын келтіріп отыратын төрт-түлік малдың ішінде 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық препараттар мен жануарларды бірдейлендіру үшін 108,7 мың дана МІҚ құлақ жапсырмалары толық жеткізілді. Бүгінгі таңда, дерекқор базада 347,6 мың бас МІҚ, 737,8 мың бас уақ мал, 147,7 мың бас жылқы, 49,9 мың бас түйе, 2,7 мың бас шошқа тіркелген. Қазіргі таңда паразитарлық аурулардың алдын алу үшін 43,4 млн.теңге бөлініп, 21309 қаңғыбас ит пен мысықтар ауланып жойылды, — деді облыстық ветеринария бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов.

Сала мамандары облыста ахуалдың тұрақты екендігін, сонымен қатар жолдауға байланысты берілген тапсырмаларды жоспарға сәйкес орындалатындығын айтты.

Т.БАҒДАТҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here