Таңғажайып «Рахат әлемінде»

0
94

Наурызбаева Рахат 1944 жылы 25 қаңтарда Қазалы станса­сында дүниеге келген. Педаго­гика ғылым­дарының докторы, психолог-ұстаз, ғалым, ақын, аудармашы, драма­тург. Өзінің 50 жылдық педагогика­лық өтілінде білім беру ісінің барлық саласында қызмет атқарды. Қазірге дейін  4 монография,  5 өлеңдер жинағы, 10 оқу-әдіскерлік құралы, ғылыми мақалалары, көркемдік-шығар­машылық жұмыстары, жалпы саны — 150 үлкенді-кішілі еңбектері жарияланды. Ғылыми еңбектері мен әдеби-көркем дүниелерін қосқанда ұзын саны 20-ға жуық дүниелері жарыққа шықты. «Бастау», «Аққозы», «Сергек Серік», «Алма берсем, аласың ба?», «Ғажайып әлем», «Әуен әлемінде», «Ақ батамен өс, балам!», «Алақаныңда алтын бар», «Сахнадан самғаймыз» т.б. Ы.Алтынсарин медалінің иегері.

Жас кезімізде біз жиі еститін: «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейтін бір тәмсіл болатын. Соны сәл-пәл өзгертіп, өзімізше айтушы едік. «Ақындар ауылда туып, Алматыға көшеді. Көшпесе өшеді» деп…

Рас, көшкендер — ұтты. Көшпегендер — ұтылды. Себебі, қанша «шедевр» жазса да, насихаты жоқтығынан таныла алмай, пұшайман күй кешті. Әйтсе де өшейін деп жатқан бұлар жоқ. Керісінше, өршелене жанып, шамырқана тасып, бұрқырата жазып жатыр. Шығармашылықпен бір «ауырған» адам ешқашан жазбай тұра алмайды.

Осындай шығармашылық иелерінің бірі — Рахат Наурызбаева. Алғашқы танысуымыз қалай болып еді өзі?.. Өткенге шегініс жасап көрелік!

… Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басында Қазақ радиосының балалар редакциясында жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде қызметтік бөлмемізге жасы отыздар шамасындағы бейтаныс әйел басын сұқты. Таныстық. Бұрын көрмесек те, есімі таныс бұ кісі бала тақырыбына жазған дүниелерін бізге жолдайтын санаулы авторларымыздың бірі болып шықты.  «Санаулы» дейтұғыным, қаламгерлердің көбісі балаларға арнап жазуға бейім емес. Өйткені, баланың өз тілімен оның арман-ойын, мінез-құлқы мен іс-әрекетін дөп басып жеткізуге шамалары келе бермейді. Сондықтан «жүрегінің түгі, табанының бүрі» бар осы сырбойылық авторымызға сырттай құрметіміз бар еді. Құшағымызды жая қарсы алдық. Тіпті жібергіміз келмей, жұмыс аяғына шейін қасы­мызда ұстағанымыз да рас. Содан әңгіменің көрігін қыздырып дуылдасып отырғанымызда, ортамыздағы қонағымыз бір ойдың ұштығын шығарсын.

— Сіздермен танысып-білістік қой. Ендігі бір арманым — «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, ақын Фаризамен (Оңғарсынова) кездесу.

Бұны естігесін қарап тұрмай мен де елп етейін.

— Оу, со да сөз бе екен?! Қиын шаруа емес қой бұл. Тап қазір өзім апарам о кісіге. Әйдә, кеттік!

Такси ұстап тура үйіне тарттық. Бар ма, жоқ па, онда шаруамыз жоқ. Жолымыз болғанда бар екен, әй­теуір. Әй-шәйға қарамай, шауып барған шақыру­сыз қонақтарына өзі есік ашып, төрге оздырды. Жалғыз емес екен. Қасында журналист-жазушы Мағира Қожахметова бар. Екеулеп жүріп дастархан әзірледі. Содан қызық та, әсерлі отырысымыз басталып кетсін.

«Фариза апа, сіздің газетіңізге автор бола алатын ғажайып балалар ақынын ертіп әкелдім!» деймін еркінси сөйлеп. Осыдан соң о кісі де Рекеңе көбірек көңіл аударып, ерекше пейіл танытқаны бар. Қайран, Фариза апам! Оның кейінірек «Поэзия патшайы­мына» айналып, аңыз-ғұмыры басталарын сол сәтте сездік пе, сезбедік пе? Қазір тап басып айту қиын. Бірақ сол дастархан үстіндегі көтеріңкі көңіл-күй, көңілді отырыс әлі күнге шейін жадымызда сақтал­ғаны рас. Одан бері де 40 жылға жуық уақыт өтіпті-ау!

… Тәуелсіздіктің басында Алматыдан Қызыл­ордаға қоныс аудардым. Осында тұратын Рахат апамен бастапқыда  аралассақ та, соңында байланы­сымыз болмады. Себебін кейін білдім. Ол кісі сол тұстағы заманның қиындығына қарамастан күрт шешім қабылдап, тура Татарстанға тартып кетіпті ғой. 1994-1997 жылдар аралығында Қазан университетінің «Татар тілі және педагогика» кафедрасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысыпты. Сонда өткізген үш жылын барынша өз игілігіне жарата білген ұстаз-ақын сол арадан 1997 жылы «Балабақша- мектеп — жоғарғы оқу орны»  жүйесінде жеке тұлғаны шығар­машылық бағытта  ұрпақтар сабақтастығын  қамтып тәрбиелеу» тақырыбында диссертация қорғап, Сыр бойына «Педагогика ғылымдарының кандидаты» дәрежесіне көтеріліп оралды. Сөйтіп қатардағы қарапайым ұстаздықтан ғалымдық деңгейге көтеріле білген ол бұрын М.Мәметова атындағы педагоги­калық училищеде, одан соң Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетте ұстаздық етсе, бұдан былай кәсіптік-техникалық училищеде, «Сейхун» Академиясында, «Қызылорда» гуманитарлық университетінде, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қызметін жалғастырып дәріс оқыды.

Ғылымға түбегейлі бет бұрған Рекең бұнымен де тоқтамай, одан әрідегі биіктікке көз сала бастаған еді. Ендігі мақсаты — докторлық диссертациясын қорғау. Туасы, адам баласы алдына дұрыс бағыт-бағдар қоя білсе, оның міндетті түрде жүзеге асары анық. 2009 жылы сол мақсатына жету үшін тағы да Қазан қаласына жол тартқан ол «Педагогика ғылымдары­ның докторы» боп олжалы оралғанының куәсі болдық. Бұл жолғы докторлық диссертациясы «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқытудың педагогикалық жүйесі» деген тақырыпта болды. Кандидаттық және докторлық диссертациясының екеуі де — тақырыбы көрсетіп тұрғандай балаларды шығармашылыққа баулуға арналған құнды дүниелер.

Осы орайда, оның әдістемелік құрал есебінде жазылған тағы бір дүниесіне назар аударып көрейік. «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алуда педагогтың рөлі» дейтін… Бүгінгі қоғамда ұшығып тұрған балаларға қатысты ең зәру мәселе осы емес пе?

«Тіршіліктегі басты құндылық — адам өмірі. Солай бола тұра, соңғы кездері жасөспірімдер арасында өршіп тұрған суицид мәселесі төңірегінде тәжірибе алмасып, осы күрделі де жұмбақ құбылыстың күрмеуін бірге шешейік» деп басталған кітап кіріспесі ғалым-ұстаздың өз өлеңімен түйінделіпті.

Құлап қалсаң, тұр, балам,

Мұңсыз өмір сүр, балам!

Түннен кейін күн барын,

Есіңе алып жүр, балам!

Өмір сүру — міндетің,

Міндетіңді біл, балам!

Бұл әдістемелік құралда жалпы білім беру меке­мелеріндегі жасөспірімдер арасында болатын суицид (өзіне-өзі қол жұмсау), оның белең алу себептерін анықтау, қауіптің алдын алу, күйзелістен дер мезгілде шығарып қатарға қосу, т.б. мәселелер қамтылған. Аталған еңбекпен танысқанда, психофизиологиялық, психотерапиялық, психофилософиялық аспектісінде қарастырылған бұ дүниенің мән-мағынасы мен мазмұны соншалық тереңдігін, өзектілігін байқайсыз. Жиырмаға жуық халықаралық деңгейдегі білікті ғалымдардың еңбегі пайдаланылған бұл әдістемелік құрал Рахат  Наурызбайқызының үздіксіз ізденісі нәтижесінде қолымызға тиіп отырғаны анық. Ең бастысы, бұл — жасөспірімдерге ғана емес, жалпы адам баласына қажет дүние дер едім.

Ғылыми ізденістері үстінде бұ кісінің өзімізге тілі де, діні де жақын туыстас ел Татарстанда біраз уақыт болғандығын жоғарыда айтып өттік. Осы жылдары ғылыммен айналысып қоймай, оған қоса көркем аудармаға бет бұрып, сол татар елінің көрнекті ақын-жазушыларын қазақша сөйлеткенін біреу біліп, біреу білмес. Атақты татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың «Шурәлі» поэмасы 15 тілге аударылып бір кітап ішіне топтастырылғанда, оның қазақша нұсқасы осы Рахаттың тәржімасымен шыққандығының өзі неге тұрады? Бұдан басқа татар ақындары Шәукат Ғалиев, Фәнис Яруллин, Зөлфаттың жырлары, Туфан Минуллин, Ләис Зұлқарнай, Фәнзаман Баттал, Ләбиб Лерон, Батулланың прозалық шығармалары да қазақ жұртының жүрегіне жол тартқан. «Сүйінбикенің қоштасу дұғасы» («Ғылым ордасы» 1914 жыл) атты кітабы — оның осы аударма саласындағы жемісті еңбегінің нәтижесі. Кітап атауы Зөлфат ақынның осы аттас өлеңінен алынуы да жайдан-жай емес. Сүйінбикенің арғы атасы Едіге би. Сөз бастаған — шешен, ел бастаған — көсем, ту ұстаған — қолбасы. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын Орда» тұсындағы ірі «тарихи тұлғалардың» бірі. Осы Едіге бидің ұрпағы Сүйінбике — кезінде татар еліне ұзатылып барып, тағдырдың жазуымен «Қазан хандығының» тізгінін ұстаған. Сөйтіп, ел тәуелсіздігіне қауіп-қатер төнген сәтте, қанқұйлы Иван Грозный патшаның қалың қолына қарсы тұрып, ақтық шайқаста жау қолына тірі түспес үшін биік мұнарадан секіріп мерт болған. Сүйінбике ханымның өрлігі мен ерлігі талай ақынның өлеңіне өзек болғаны даусыз. Соның бірі татар ақыны Зөлфат жазған «Сүйінбикенің қоштасу дұғасы». Рахат ақынның аудармасы арқылы қазақ еліне де жетті. Осы өлеңнің соңғы шумағын алып көрелікші!

Жаулармен жойқын алыстым, Еділ,

«Жеңілмеймін!» — деп қарыстым, Еділ.

Судай ағызып қан көп төктім, Еділ,

Енді, ғафу сұрап кетпекпін, Еділ.

Олар жеңді! Қолымыздан түсті қылыш…

Сүйінбикенің жантәсілім етердегі өзек өртер өкініші… елі-жерімен, Еділмен қоштасуы осылай беріліпті.

Сырбойылық ақынның тәржімасымен жарыққа шыққан тағы бір көлемді дүние — Туфан Миннулин­нің «Әлдермештегі әлмәндар» драмалық туындысы.

Драмалық туынды демекші, дәл осы арада Рахат ақынның өзінің төл драматургиясы тілге оралады. Оның «Сахнадан самғаймыз» атты кітабына топтас­тырылған драмалық шығармалары бар. Осылардың ішінен мектеп оқулықтарына еніп үлгерген «Аңдар айтысы» мен «Жыл басы кім болады?» атты өлең түрінде берілген ертегі-драмаларын айырықша атар едік. Бірақ осы күнге шейін өзіміздегі театр сахна­ларында көрсетіліп Сыр ұландарына жол тартпай жатқандығы көңіл қынжылтарлық жәйт. Оқушылар­дың өз күшімен мектеп сахнасында қойылып жүргендігін әзірше, місе тұтқан жайымыз бар. Туасы, бұл мықтап ойланарлық мәселе. Қашанға шейін «өзгенікі — таңсық, өзіміздікі — қаңсық» бола бермек? Осы орайда өз өңіріміздегі театрлар мен мәдени ошақтардың басшыларына дауысыңды жеткізіп базына айтқың келеді-ақ… «Оу! Біз — бармыз ғой! Жергілікті шығармашылық өкілдеріне де бір сәт мойын бұрыңдар!» деп…

Иә, айтсақ айтқандай, «Рахат әлемі»сан қырлы, алуан бояулы, айшықты ажарымен жаныңды жаулап алады. Тек оны сан қырынан көре білу керек. Тәлім­гер-ұстаздығы, педагогикалық ғалымдығы, бала бағ­ба­ны — ақындығы, драматургиясы, көркем аударма­шылығы, «жантану ілімін» (хиромантия, ғарыштық тылсым) игеруі, тағы да басқа қасиеттері бірін-бірі толықтырып, шығармашылық шырайын ашып оты­ратын бүтін бөлшектер іспетті. Әйтсе де бұның бәрін қамтып тұтас қалпында көрсетуге газет бетінің мүм­кіндігі шектеулі екендігін ескеріп, сегіз қырлы, бір сырлы «Рахат әлеміне» терең бойлауды мақсат етпедік.

Ауызға алмауға болмайтын тағы бір нәрсе — әнмен апталып, сазбен астасуы. Көптеген сазгерлермен (А.Есмұханов, Р.Тайманов, И.Елубаева, Л.Сүйін­баева, Ғ.Дауылбаева, Т.Нағашыбаев, С.Шенімов т.б.) әріптес боп әнге мәтін әзірлеуі — осының бірден-бір дәлелі емес пе? Ақын сөзіне жазылған бұл әндер бүгінде «Қазақтың ұлы бол!» атты үнтаспамен тарап, ел ішін шарлап кетті. Сондай-ақ әртүрлі әндер сайысында жүлделі орын алғандары да баршылық.

Наурызбайқызы Рахат апамен бірге аралас-құралас боп жүріп бір байқағаным, ол кісі көбінесе мүмкіндігі шектеулі (арбаға таңылған сал, зағип т.б.) мүгедек балаларды қолдап, солардың арасынан шыққан таланттармен жұмыс істеуге тырысады екен. Әртүрлі ән сайыстарына қатыстыра отырып, бірде өз сөзіне жазылған әндерді орындатса, енді бірде балалар тақырыбына жазған өлеңдерін ұсынып, мәнерлеп көркемсөз оқуға баулиды. Екі жаққа да оңтайлы насихаттың бір түрі осы емес пе? Әсіресе, Дана есімді зағип қыздың тағдырына қатты алаңдаушылық танытқанын жақсы білем. Елге танымал телехабарлар («Өмірдің өзі», «Айтуға оңай» т.б.) арқылы соған Дананың өзін әнші ретінде қатыстыра отырып, оған демеуші іздестірді. Тапты. Сонау Ақтөбе өңірінен… Өз атын әйгілегісі келмеген иманжүректі кәсіпкер азамат қаржы аударып, көзіне ота жасатуға жәрдемдескен болатұғын. Дана жарық дүниені қайта көруге жарағанда, Рахат апаның қалай қуанғанын көрсеңіз! Оған қоса біз де бөркімізді аспанға лақтырғанымыз әлі есімде. «Адамның күні адаммен» деген осы ғой енді…

Рахат Наурызбайқызының «Жантану» ілімінің бір тармағы — хиромантия (алақан сызығы) арқылы жұлдыз жорамалдар жасап, осыдан он шақты жыл бұрын «Ақмешіт ақшамында» жарияланып тұрғандығын газет оқырмандары ұмытпаған да болар.

Десек те, о кісінің алғаш «балалар ақыны» есебін­де ертерек танылғанын естен шығармау ләзім. Оның бала тақырыбына жазған туындыларын түгендей бастасақ, түбіне жете алмай есебінен жаңылысамыз.

Р.Наурызбайқызының балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол туралы осыдан екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» (№5. 10.02.2017) газетінде «Сырдың Рахаты» атты мақалам жарық көрді. Сонда әдеби сараптама жасалып, оң бағасы берілген. Бұ жолы оны қайталамай-ақ қояйын. Қызығушылық танытқандар болса, кітапхана жүйелеріндегі газет тігінділерін ақтарып тауып алуларына болады.

Балалар ақыны ретінде басты бір ерекшелігі, ол заман ағымына тез бейімделгіш, бала назарын қалай аударуды білетін сұңғыла ақын. Бұған оның қазіргі заман талабына сай жазылған «Кел, қазақша үйренейік!» сондай-ақ, үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) «Ғажайып әлем» кітабы дәлел бола алады.

Сөз соңында айтарым, осындай өте көп еңбегі (20-ға жуық) жарық көрген бұ кісінің заман талабына сай насихаты жеткілікті деңгейде емес. Оның шығармашылығын насихаттап, елге таныта алмай жатқан әдебиеттанушы-сыншылардың кінәсі дер едім. Шығармашылық иелерінің қайсысы болсын, көкек боп өз атын өзі шақыра алмайды ғой. Оларға осы тұрғыда менеджерлер көмекке келсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау! Бұған қоса, еңбегінің өтеуі есебінде тірісінде марапатталып жатса, қанекей?

Қатира ЖӘЛЕНОВА,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here