Мұғалімдер марапаты

0
34

Мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Жалпы ұстаз деген сөздің өзі қандай қасиетті сөз десеңізші… Ұстаз — мектеп табалдырығын атта­ғаннан әр оқушыны өз баласындай көріп, әрбірінің жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін құрметті тұлға. Бүгін ғалым да, шахтер да барлығы дерлік бас иетін ұстаздар қауымының төл мерекесі.

Қазан айының бірінші жексенбісінде тойланатын бұл мерекеде Қызылорда қаласының мұғалімдеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ұстаз – Ұлы тұлға» атты мерекелік шара өтті. Аталған мерекелік жиында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаламыздағы барша мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті ұстаздар, сала ардагерлері баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз — ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз. Осы бір сөзде қаншама киелі құдірет, ұлағатты ұғым жатыр. Адам баласы қай заманнан бері жаңа­ны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру — ең ұлы мұрат. Бұл орайда оқушы зердесіне осынау асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен — мұға­лім. Содан болар ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу парыз. Ал олардың жағдайын жасап, жақсылығын асыру міндет. Ендеше, мұғалімдер күні  дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев «Бет алысы күнде өзгеретін алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар, ол – білім, еңбек» деген еді. Сондықтан болашақ ұрпақтың бойына саналы білім нұрын құйып жүретін жауапты да, ұлағатты еңбек ерлері — ұстаздар қауымы­ның қашан да орны бөлек, тұғыры биік, — деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Бүгінгі ұйымдастырылған мерекелік шарада ұрпақ тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап келе жатқан барша мұғалімдер қауымы қатысты.

– Елбасымыздың тәуелсіздік жылдары білім мен ғылымға деген зор қолдауының, ел ертеңі жас ұрпаққа деген ерекше жанашырлығының арқасында ауқымды жобалар мен стартегиялық маңызды бастамалар сәтті жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда қала бойынша 54 мек­тепте 6200-ге жуық педагог қызмет етсе, оның ішінде 924 ұстаз жоғары санатты, 1053 ұстаз бірінші санатты. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бүгінгі күнге дейін жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін 97 пайыз педагогтың жалақысы 30 пайызға артты. Құрметті жиынға жиналған қауым, бүгінгі мағынасы мен мәртебесі жоғары салтанатты шараға ұлағаттылықтың ұлы жолын ұстанған, талай жыл тәлім мен тәрбиенің қайнар көзіндей өмір жолын шәкірт тәрбиесіне арнаған бүгінде қадірлі зейнеткер атанған бірқатар ардагер ұстаздарымыз қатысуда. Сіздер зейнет жасында болсаңыздар да, әлі де қоғамның дамуына ерекше ықпал етіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келесіздер. Сіздердің барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтағым келеді. Баршалары­ңызды өте жауапкершілікті жұмыстарыңызда табысты болуды, еңбектеріңізге толағай табыс, дендеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деп Н.Нәлібаев ұстаздарды құттықтады.

 Мерекелік шара барысында болашақ ұрпағымызға білім беруде қажымай-талмай еңбек етіп, толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар мұғалімдер Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрі Асхат Аймағамбетовтың, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатымен, қала әкімінің 150 мың теңге сыйақысымен марапатталып, мерейлі биіктен көрінді. 

Шуағы мол шапағат иелеріне көрсетілер құрмет мұны­мен шектелмеді. Ұрпақ қамын ойлап, ұлт мерейін асқақта­туды биік көрген мұғалімдер қауымына қуаныш сыйлаған бұл шарада әсем ән шырқалып, оларға мың алғыс айтылды.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here