ЕҢБЕК ӘУЛЕТТЕРІ ҰЛЫҚТАЛҒАН — ЕҢБЕК КҮНІ…

0
44

Қыркүйектің соңғы жексенбісі еліміз­де Еңбек күні мерекесі аталады. Аталмыш мерекеге арқау болған алғышарт десек артық айтқандық болмас. 2012 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, мақалада белгіленген 20 қадамды негізге алып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасы қабылданды. Ал, 2013 жылы 22 қарашада Елбасы Жарлығымен қыркүйек­тің соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап дүйім елде еңбекті ұлықтаған салтанатты шаралар бастау алды. Осы жылы елімізде «Еңбек ардагері», 2015 жылы «Еңбек даңқы» медалі бекітілді. (Кеңес заманы тұсында І-ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені бол­ған). 2016 жылдан бастап бүкіл елімізде «Еңбек жолы» байқауы өткізіле бастады.

Сонымен, елімізде биыл алтыншы жыл Еңбек күні мерекесі аталып өтті. Атаулы мерекемен ел-жұртты құттықта­ған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Қазақстанның даму жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе ардагерлерімізге айрықша алғыс айтамыз. Еңбек бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы. Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек», — деген лебіз білдіріпті.

Дүйім елмен бірге Еңбек күні деген мәртебелі мерекені Қызылорда жұртшы­лығы да атап өтті. Қалың жұртшылық бас қосқан салтанатты жиын облыс орталы­ғындағы Нартай Бекежанов атындағы театрда болып өтті. Салтанат төрінде білім, денсаулық сақтау салаларының үздіктері құрметтелді. Сонымен бірге «Еңбек жолы» байқауының шарты бойынша үздік еңбек әулеттерінің мерейі артып, төрге шығарылды.

Үздік еңбек әулеттері қатарында мал бағып, егін егіп маңдай терін төккен малшы, диқан қауымының өкілдері, халқымыздың рухани дүниесін алға апаруға атсалысып жүрген мәдениет саласы өкілдері, өндіріс саласында еселі еңбек етіп жүрген өндірісшілер, барша игіліктің бастауы – білім саласының қызметкерлері алысты жақын етіп, ел қажетіне қызмет еткен теміржолшылар, сондай-ақ, ауылда да, қалада да қадірлі мамандық иелері – денсаулық сақтау саласының өкілдері бар.

Бүгінде дүйім елімізде дәстүрге енген еңбек сабақтастығы форумының «Ата кәсіп – алтын мұра» аталған бұл жиында төрге шыққан мерейлі әулеттерді таныстырып өтсек. Бұлар: Қызылорда қаласынан Бодықовтардың дәрігерлер әулеті. Дәрігерлер әулетінің жалпы еңбек өтілі 670 жылды құрайды. Бодықовтардың әулетінде әулетінің ғана мақтанышы емес, ел мақтаны дерліктей мамандығының майталмандары бар. Әулетте денсаулық сақтау саласында еңбек ететін 28 адам болса, олардың арасында 4 «Алтын дәрігер», 1 «Алтын скалпель» атағын алған жоғары білікті мамандар. Олардың бірі Медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанға еңбек сіңірген дәрігер Ғани Бодықов.

Білім саласы бойынша еңбек әулеті Арал ауданынан келіпті. Қонаровтардың ұстаздар әулетінде 17 адам осы саланың майталмандары саналады. Шын мәнісінде ұстаздық етуден жалықпаған ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі 508 жылға жеткен.

Жалпы еңбек өтілі 75 жылды құрайтын Мәдениет саласы бойынша еңбек әулеті Қармақшы ауданынан келген Смайловтардың өнерлі әулетінде 17 адам мәдениет саласында қызмет етуде екен.

Еңбек өтілі бойынша ең жас дерліктей еңбек әулеті сырдариялық полиция қызметкерлері әулеті. Бұл әулеттің 7 адамы қоғамдық қауіпсіздік пен заңды­лықты сақтау деген зор жауапкершілікті қызметті өмірлік жолы деп таңдаған. Мереке төрінде Бексейтовтердің полиция қызметкерлері әулеті де сапқа тұрды. Бексейтовтердің саладағы еңбек өтілі 43 жыл.

Қазалылық Орынбаевтар әулеті теміржол саласының еңбеккерлері. Жалпы еңбек өтілі 158 жылды құрайтын Орынбаевтар әулетінде 8 адам теміржол саласының қызметкерлері. Шиеліден шақырылған Нұрымбетовтер еңбек әулеті уран саласы­ның қызметкерлері. 8 адамнан құралған өндірісшілердің отбасылық командасы­ның жалпы еңбек өтілі 98 жылды құрайды.

Мерекелік салтанатқа жиылған көп­шілік алдында және бір шиелілік еңбек әулеті таныстырылды. Бұл Байденовтер­дің еңбек әулеті ата кәсіп мал шаруа­шылығын түлеткен еңбеккер­лер. Еңбек әулетінің саладағы еңбек өтілі 124 жылға жеткен. Әулеттің 7 адамы малшы таяғын ұстаған, «заманауи тілмен» айтқанда мал шаруашылығын кәсіп еткен. Жиын төрі­нен «Ата кәсібін отбасының берекесіне айналдырған» деп таныстырылған тағы бір әулет жалағаштық Дүйсенғазивтер әулеті. Бұл әулеттің 7 адамы «Егін жайдың ерлері» атанған диқандар. Диқандар әулетінің жалпы еңбек өтілі бүгінде 147 жылға жеткен.

Атап өтерлігі салтанат төріне шыққан қайсыбір әулеттің де алдыңғы толқын үлкендер жағы бүгінде бейнетінің зейнетін, еңбегінің жемісін көріп, кейінгі толқын ізбасарларына еңбек дәстүрін мирас еткен зейнеттегі ардагерлер.

Аталған әулеттердің баршасы жинал­ған көпшіліктің қошеметімен салтанат төріне көтеріліп, құрметке бөленді.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қолынан арнайы марапаттарға ие болды. Жиын төрінен облыс әкімі мерейлі еңбек әулеттерін, жиналған көпші­лікті, жалпы облыс жұртшы­лығын Еңбек күнімен құттық­тап, мерекелік лебіз білдірді.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов:

— Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен бекітілген Еңбек күні мереке­сін биыл алтыншы рет атап өтіп отырмыз. Осы уақыт ара­лығында кәсібінің берекесін көріп атадан балаға мирас етіп отырған көптеген еңбек әулеттерін облыс қана емес, республика көлемінде таныта білдік. Днышпан Абай атамыз «Адал еңбекпен мал іздемек, ол арлы адамның ісі» деген екен. Иә, жанын сала еңбек етіп табысын маңдай терімен тауып отырған адамды қалайша құрметтемеске, ол құрылысшы немесе салықшы бола ма, ол жазушы немесе өнер адамы бола ма, маңдай терімен жұмыс істей білуі қажет. Еңбек адамы дегеніміз міндетті түрде диқан мен шопан дегенді білдірмейді. Кез келген саладағы өз кәсібін терең меңгерген еңбекқор адамды осылай атауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде масылдық пиғылға жол бермеу туралы айтып келеді. Осы ретте мемлекеттік бағдарламалар да, өңірлік іс-шаралар да азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, олардың еңбекке араласуына бағытталған. Былтыр біз облысымызда «Жаппай кәсіпкерліктің 3 жылдығын» жарияладық. «Өз кәсібімді ашамын, бизнесімді дамытамын» деген азаматтарға бар жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде 2018 жылы аймағымыз «Кәсіпкерлікті дамытуға ең қолайлы үздік аймақ» атанып, «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Сыр өңірі қандай жетістікке қол жеткізсе де, қандай биіктен көрінсе де ол мынау отырған өздеріңіз секілді еңбек­сүйгіш азаматтарымыздың еңбегінің жемісі деуге әбден болады. Иә, адал еңбек қашанда құнды. Осы тұрғыда біз үшін маңдай терін төгіп, тәрбиелеп өсірген ата-ананың еңбегін ақтап ұрпағымызды еңбекпен тәрбиелей білсек, туған жеріміздің дамуына қосқан үлесіміз болмақ. Құрметті қауым, еңбек әулеттері ұлықталып жүрген осы жылдың ішінде байқағаным, өз кәсібін меңгеріп қана қоймай оны ұрпағына жалғастыра білген, сонысымен құрметке бөленіп жүрген көптеген әулеттер қарапайым еңбек адамдары. Яғни еңбек күнінің негізгі идеясы да осы болатын. «Еңбекпен ер көгереді» дейді қазақ халқымыз. Берекелі бірлікпен тынымсыз тірліктің арқасында кезінде аймағымыздан 102 Социалистік Еңбек Ері шыққаны белгілі. Олардың есімдері облыс тарихында мәңгі жазылып қалды. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев, ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, ел байлығын еселеген Шырын­күл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбе­това, Закида Ержанова секілді ақ жау­лықты аналарымыз біздің барлығымыз­дың мақтанышымыз.

Дала төсін дүбірлеткен сол Еңбек Ерлерінің жалғасындай Абзал Ерәлиев, Юрий Пя тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері. Дала академигі Ыбырай Жақаев атамыздың «Еңбек – ырыстың қазығы» деген жақсы сөзі бар. Ырыс бар жерде ынтымақ бар, ынтымақ бар жерде береке-бірлік бар. Сондықтан жастар еңбек ете біліңіздер.

Бәріміз де қарапайым еңбекпен көгеріп көктедік. Бос жүрмей, адал еңбек етсеңіздер болашақтарыңыз жарқын, туған елімізді нығайтуға қосқан үлесте­ріңіз мол болады. Баршамызға ортақ еңбек күні мерекесі құтты болсын.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры баянды болсын.

Облыс әкімі өз сөзінде «еңбек адамы тек қана диқан немесе шопан ғана емес» дегендей, кешегі кеңес заманында қажет нәтижеге білек күші, маңдай терімен, шындығында ауыр дене еңбегімен қол жеткізетін даладағы диқан, механизатор, малшы, қаладағы өндірісші, жұмысшы көпшілік ұғымында еңбек адамы деп танылатын, табиғатынан «жұмысшы, шаруа үстемдігіне» бағытталған мемлекет саясатында биік дәрежеленетін. Кеңес дәуірі өткесін бергі нарық билеген заманда бұл ұстаным ұмтылуға айналғаны белгілі.

«Дән егіп терлеген» Еңбек ерлері сал­танат сахнасынан кетіп, жаңа заманның жаңа келбеттері пайда болды. (Еңбек процесінің түр-тұрпаты да түрленіп, өзге­рістерге түсіп жатты…) Әрине дәріптелу деңгейінің қандай болғанына қарамастан еңбек қашанда еңбек. Еңбек қашанда бәрін жеңбек. Қазақ атамыз айтқандай, «Еңбекпен ер көгереді», дана Абай айтқандай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Диқанның да, өнді­рісшінің де, базаршының да, басшының да адал еңбегінің бәсі бірдей; «Еңбегіне қарай бермегі» қағидат. Осы тұрғыда сонау 2012 жылы жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында Елбасы «Әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуы тиіс. Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек Еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алды» деген болатын.

Иә, бүкіл әлемді жайлап алған алапат бәсекелестік «біздің тыныш өміріміздің де шырқын бұзып мазаны ала бастағаны» сезіледі. Еңбексіз береке түгілі күнкөріс те жоқ екені де баяғыдан белгілі. Бүгінде солай. Ендеше еңбек даңқы арта береді, еңбек бағаланады. Еңбегіне қарай бермегі қағидаты өміршең бола бермек.

* * *

Мерекелік салтанат одан әрі өнер шеберлерінің концертімен айшықталды. Жиналған көпшілікке Сыр сахнасының жұлдыздары Күлән Қалымбетова, Үміт Медеуова, Айдос Иманжаппаров, Жалын Жүсіпов, «Сыр сандуғаштары» балалар ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі күй күмбірлетіп, әннен шашу шашты. Ән-күй ырғағында мың бұралған бишілер өнер тартуын еселей түсті. Еңбек әулеттерінің өнегелі өмір шежіресімен танысып, жақсы оймен сүйсініп, ән-күймен көңіл жадыратқан көпшілік жылы жүзбен тарасып жатты. Мағыналы өмірді айшықтайтын осындай мерейлі шақ, жақсы күндер емес пе?!

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here