Әпрезов әлемі

0
100

Тарих беттерін парақтаудың орайы келіп тұрғаны. Мұндайда менің сүйенетін басты құралым кітап. Жалағаш ауданының құрыл­ғанына 60 жыл толуына арнап шығарылған «Жалағашым – жасыл бағым» атты кітапта «Қазіргі Аламесек ауыл округі аймағында 1925 жылы Аламесек ауданы құрылған. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жомарт Жолдыбаев, екінші хатшысы Ысмайыл Көпжасаров, аудандық совет атқару комитетінің төрағасы Құйрықбай Адаев сынды азаматтар жұмыс жасады. Ауданға 51 ауыл қарайтын еді,» — деп жазылыпты.

Белгілі ақын А.Кіребаев жырына арқау болған азамат жәйлі сыр ақтару үшін кіріспе ретінде алдымен оның өмірінен қысқаша мәліметтер келтіріп баяндаудан бастамақпын.

Несіпбай Әпрезов 1909 жылы туған. Мектепке кеш барып, еңбек жолын қарапайым жұмысшы болудан бастаған. 1932-1942 жыл­дары «Жаңадария» колхо­зында «колхозшы» болып жұмыс жасаған.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғы­сына қатысқан. Соғыстан елге аман оралғаннан кейін туған ауылы «Жаңа­дария» колхозында 1950 жылдан 1967 жылға дейін колхозшы, содан кейін колхоздың «Еңбек» атты совхозға айналуына байланысты мұнда 1967-1972 жылға дейін күрішші, сосын совхоздың Қазақстанның Ленин комсомолы атауын 1972 жылы алуына сәйкес зейнеткерлікке шыққанша осы совхозда күрішші болып еңбек еткен.

Жылдар бойы еңбектегі үздік көрсеткіштері үшін 3 қаңтар 1966 жылы ВДНХ — (Бүкіл­одақтық халық шаруашы­лығы жетістіктері көрмесінің) — ның «Алтын» медалымен, 19 сәуір 1967 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 12 ақпан 1971 жылы «Қазақ ССР-і ауылшаруа­шылығы қызметкерлерінің социалистік жарыстағы отличнигі» значогымен, 1970 жылы Ленин орденімен,        1973 жылдың қорытын­дысымен КПСС Орталық комитеті, СССР Министрлер Советі, ВЦСПС және ВЛКСМ-нің «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгі медалімен наградталған.

Есімі облыстың және республиканың Құрмет кітабына жазылған.

Жиырма жыл бойы аудандық және Аламесек ауылдық советіне депутат болып сайланған.  

ІІ

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап облыс күрішшілері­нің арасында Қазақстанның Ленин ком­сомолы атындағы совхоздың күрішшісі Несіпбай Әпрезовтың есімі үлкен құрметпен аталатын. Ол Сыр диқандарының атасы Ыбырай Жақаевтың рекордын жалғастырушы, мол өнімші күрішші, облыста жүз центнерліктердің бастаушысы болды.

Ол қай шаруашылықта жұмыс етсе де еңбекке деген адал көзқарастың, қажыр-қайраттың, ар-намыстың, уәдеге беріктіктің үлгісін көрсетті.

Дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың тәжірибелерін, ғылыми жетіс­тіктерін шебер қолдана отырып, өзінің шеберлігін жетілдіру, біліктілігін үнемі арттыру нәтижесінде 1967 жылы өзіне бекітіліп берілген жердің әр гектарынан 75 центнерден, 1968 жылы 94,4 центнер­ден, 1969 жылы 103,5 центнерден, 1970 жылы 105 центнерден Сыр маржанын жинап, облыс бойынша күріштен мол өнім алудың рекордсмені атағына ие болды.

Оның аты күріш өндіруде тоғызыншы бесжылдық тапсырмасын үш жылда орындаған озаттардың алдыңғы сапында тұрды. Ол бесжылдықтың алғашқы 1971 жылы 20 гектар жерге күріш егіп оның әр гектарынан 103,6 центнерден өнім алса, 1972 жылы сол көлемдегі күріштің гектарынан 110,7 центнерден өнім алады. Сөйтіп, бір ғана Н.Әпірезовтың планта­циясынан Отан қоймасына үш жылда барлығы 6424 центнер Сыр күріші құйылады. Бұл үш жылда бесжылдық жоспардағыдан 1874 центнер Сыр салысын артық өндірді деген сөз, — еді.

16 желтоқсан 1972 жылы журналист Әбдіхан Айдаров облыстық «Ленин жолы», бүгінгі «Сыр бойы» газетіне жарияланған Несіпбай Әпрезов жайлы «Азамат абыройы» атты мақаласында:

«…Бұл кісі жайлы жазардың алдында ойланар жайлар көп еді. Өйткені, ол тек бір жылғы көрсеткішімен жарқ ете қалған озат емес-ті. Әңгімеге арқау еткелі отырған адамы­мыз – көптен бері, әсіресе соңғы төрт жыл бойы күріш өсірудегі өзінің үздік табыстарымен таңқалтып келе жатқан тарлан болатын. Ол жайлы бас­пасөз беттерінде сан рет сыр шертілген. Осы атақты дихан биылғы мерекелі жылы тағы да ерледі. Қарауындағы күріштің әр гектарынан 110,7 центнерден өнім келтірді. Демек, осындай асыл қасиетті азамат, еңбегімен Еңбек ері атанған ардагер хақында жүз рет айтып, жүз рет жазған артық па?!

Ауылдағы жас күрішшілер оған жиі келіп, оның ақыл-кеңестерін тыңдап тұрады. Егер солардың бірі атақты диқаннан:

— Еңбек   жеңістеріңіздің  сыры  неде? – деп  сұраса,   ол   былайша жауап береді:

— Басты нәрсе – еңбекте. Күріш өсіруге келген екенсің,ерінбей еңбектене

біл. Ал бұл дақылды егіп тастап, сосын оның басына әлсін-әлі ғана соғып тұрсаң, мол өнімді күтпей-ақ қой. Қысқаша былай: жақсы күрішші болғың келсе, Ыбекеңнің «Менің бақытым» атты кітабында айтқан он сегіз өсиетін жатқа біл. Оларды жаттап қана қойма, үнемі жүзеге асыр. Ақ күріш атасы жинақтаған тәжірибені қолдану, оның диқандық кеңестерін орындау мені табысқа бастауда. Осы ретте әріптесте­ріме айтарым: ең алдымен зябьке көңіл бөлу керек. Ешбір кезде күзде бітетін жұмысты көктемге қалдырма, су жолдарын тазар­туды ерте баста.

Кейбір диқандар күріш басына сирек барады. Бұл дұрыс емес. Мен күрішті күніне ең кемі екі рет аралаймын. Сол кездерде ағаттық байқасам, дереу түзей­мін. Сосынғы бір басты нәрсе – механизаторлармен тіл табу, олармен иінтіресе жұмыс істеу, жеріңізді айдайтын да, тұқымы­ңызды себетін де, күрішіңізді жинайтын да, басқа процесті атқаратын да сол механи­затор кадрлар ғой. Осы реттегі менің сенімді серіктерім, қадір тұтар адамдарым – Нақып Дүйсенбаев пен Өмірзақ Шайзадаев. Техника тізгінін қолдарына алған олар атқарған істер 4-5 жылдан бері көңіліме қонымды болып келеді. Тағы бір айтарым – біз мамандар кеңесін, нұсқауын қалтқысыз орындауға тиіспіз. Әрине, ретті жерлерінде өз ұсыныстарымызды да оларға айтқан артық емес. Ал агротехника сырларына қанық, арнаулы білімдері бар адамдар айтқан пікірлердің орыны бөлек. Бізге совхозымыздың бас агрономы Бектілеу Төлебаев, басқа да агрономдар жылма-жыл көп көмек көрсетіп жүр», — деп жазылыпты.

Бұдан оның еңбек ете білсең ақ күріш кімге де болса абыроймен атаққа, бақ пен берекеге, ырыс пен несібеге, бедел мен даңққа қол жеткізетіндігін білген-ау деген ойға келесіз.

Шындығында өз уақытында жақаев­шы­лар қозғалысы дүниеге келіп, қоғамның қозғаушы күшіне айналып, соның арқасында қаншама адамдардың бағы жанып, Социа­листік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атағын алғандары баршамызға аян.

Сөзіміз дәлелді болу үшін тарих беттерін ашып көрейік:

… 1971 жылы облыс бойынша егілген 70 мың гектардан астам күріштің әрбір гектарынан 38,6 центнерден өнім жиналып, отанға 13 миллион пұттан астам астық берілді.

Облыста 6 звено жетекшісі әр гектар­дан 100 центнердің үстінде өнім алды. Сыр дихандарының бұл ерлік еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Жылдың қорытындысымен 13 желтоқсан 1972 жылы төрт күрішшіге – Шырынкүл Қазанбаеваға, Ұлбала Алтайбаеваға, (бұл екеуі Шиелі ауданынан) Несіпбай Әпре­зовке, Қазына Жусуповаға (бұл екеуі Жалағаш ауданынан) Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Және де 800-ге жуық күрішші мен механизатор СССР-дің ордендерімен және медальдарымен наградталды.  

Сыр елінде сонау бір жылдары жақаев­шылар қозғалысы кең етек жайды. Олардың қатарында Жалағаш ауданын­дағы Социалистік Еңбек Ерлері атағын алған күрішшілер: Несіпбай Әпрезов, Қазына Жусупова, Тұршабек Елеусинов­тер де болды. Олар ақ күрішті елдің, байлығына, берекесіне, мақтанышына, халықтың ырыс-берекесіне айналдыру бағытында аянбай еңбек етіп, ауылшаруа­шылығында, оның ішінде егіншілік саласында жас күрішшілердің қалып­тасуына, олардың бұл жұмысқа қызыға кірісуіне бастаушы бола білді.

Оның майдандағы ерлігі өз алдына, бейбіт өмірдегі ерлігі өлмейтін, өшпейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалған жасампаз ерліктің үлгісі. Ол еңбекте бағы жанған, елі мен халқы қадір-қасиет тұтқан, ауданның мақтанышына айналған, мемлекет тарапынан тиісті мадақтау марапатын алған, ауыр еңбектің зейнетін көрген нағыз бақытты азамат болды.

ІІІ

13 желтоқсан 1971 жылы Несіпбай Әпрезов Қызылорда облысындағы №215 Жалағаш сайлау округінен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Депутат кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің жоспарлау бюджет комиссиясының мүшесі болды.

Оның қоғамдағы орны туралы айтатын болсақ, оның бір өзі бір тәрбие мектебі болды деуге болады. Ендеше бұл айтқанымызды оқырман қауым зерделеу үшін нақты фактілер­мен, тарихи доку­менттермен, сол дәуірдің есепке алынған жазба құжаттарымен баяндамақпын:

Ол Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты кезінде елдің экономикалық және мәдени-тұрмыстық жағдайына байланысты мәселелерді шешуге белсене араласты.

ІV

Әр дәуірдің өзіндік ерекшелік сипаттары болады. Мәселен, егіншілік саласында кезінде күрішшілер мектебі жұмыс жасайтын. Аудандық күрішшілер мектебіне сол уақытта аудандық советі атқару комитетінің председателі Мақсұт Әбдіразақов жетекшілік ететін. Мектептің тұрақты бекітілген оқытушылары болатын. Олар: Социалистік Еңбек Ері, совхоз директоры Ұзақ Еспанов, Социа­листік Еңбек Ері, Ленин комсомолы атындағы совхоздың күрішшісі Несіпбай Әпрезов, «Жаңаталап» совхозының Ленин орденді бас агрономы Мақсұт Нұрдылдаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Мәдениет» совхозының өндіріс бригадирі Тұрлыбай Әбдіқалықов, аудандық су шаруашылығы басқармасы­ның басшысы Иса Жидебаев, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас экономисті Зинадин Дүйсебаев, Қазақ­станның Ленин комсомолы атындағы совхоздың бас инженер-механигі Ахметқан Әбішев. Күрішшілер: Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Ұлмекен Төлегенова, ССРО Жоғарғы Советінің депутаты Айнаш Балғабаева, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары: Жақсылық Шайманов, Паттал Атамбаев және басқалар болатын.

Күрішшілер мектебі қыс айла­рында жұмыс істейтін. Сабақ аудандық партия комитетінің (қазіргі аудан әкімшілігінің) мәжіліс залында өтетін. Оған барлық совхоздың күрішшілері қатыстырылатын. Күрішшілер оқуы күні бұрын бекітілген жоспарға сай жүргі­зілетін. Өткенді еске түсіру мақсатында 17 қаңтар 1973 жылы өткен күрішшілердің кезекті оқуында Несіпбай Әпрезовтың сөйлеген сөзінің жеке архивімізде сақталған жазбасынан үзінді оқып көрейік.

«…Егістік жерді егін егуге дайындау, ол ондаған жұмыс түрін жүргізуді керек етеді. Атап айтқанда: зябь жырту, екі бағытта дискілеу, тырмалау, атызда су бір деңгейде жату үшін атыз ішін тегістеу, малалау, белгілеген нормаға сәйкес орга­никалық тыңайтқыш беру, минералды тыңайтқыштан фосфор, азот тыңайтқыш­тарын жеке-жеке топыраққа сіңіру, тісті каток жүргізу сияқты жұмыстарды уақы­тылы және әр жұмысты агротехникалық талаптарға сай жүргізу. Егер аталған жұмыстың біреуі агротехникалық талаптарға сай орындалмаса, ол екінші жұмыстың дұрыс орындалуына кері әсер етеді. Бұл дақылдың өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғады, сондықтан оған жол бермеу басты назарда болатын.

Егістікке сапалы тұқым себу, ол үшін тұқым учаскесіне ерекше назар аударып, тұқым учаскесіне элита сортын егіп, одан бірінші класты тұқым алып, егістікке тек бірінші, екінші класты тұқым себуді қамтамасыз ету.

Гидротехникалық құрылыстардың уақытылы сапалы жөндеуден өтуі мен ирригациялық системаның қалыпты жұмыс істеуі. Тұқым себілген жердің 1-2 тәуліктен қалмай суға бастырылуы және күріш қамырланып толық пісуге айналғанға дейін атыздарда су деңгейінің дұрыс сақталуы мен суды уақытылы тарту тәртібінің сақталуын ұйымдастыру».

Жалпы адал еңбек еткен, елі үшін қызмет жасаған осы жоғарыда аты аталған азаматтармен бірге тумасақ та, бірге туғандай болып, қоян-қолтық араласып, ауызбірлікпен еңбек еткен болатынбыз. Бүгінде қарап отырсам, олардың барлығы да арамызда жоқ.

V

Ол жайлы айтылар сөз көп. Бірақ оның барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес сияқты.

Академик Әлкей Марғұлан: «Білеміз, білгеннен соң айтамыз  да»дейді екен. Сондай ақ, оның да білетіні көп еді. Кітапты көп оқитын. Есте сақтау қабілеті мықты болатын. Көп білетін адамның айтатыны да көп болады ғой, өмірлік тәжірибесін, өмірден көргені мен ойға түйгендерін, көне көз қариялардан есіткендерін шежіреден сыр шеріткендей етіп тыңдаушының айызын қандырып айтатын, Әңгімешіл еді. Көпшіл еді. Үйінен қонақ арылмайтын.

Бірде академик жазушы Сәбит Мұқановпен кездескенін әңгіме еткені бар. Өзінің айтуынша Алматыға демалыс үйіне, яғни санаторияға демалуға барады. Сол жерде Сәбит Мұқановпен кездеседі. Танысады, әңгімелеседі, сырласады. Еңбек адамын жақсы көретін Сәбең елдің, халықтың өмірінен әңгіме қозғайды. Әңгіме арасында:

— 1971 жылы семьяңыздың табысы қанша болды, — дейді.

— Мен он екі айға бөлгенде орта есеппен 432 сомнан айналғанын айттым.

— Ал, сонша ақшаны қайда жұмса­дыңыз? – деді.

— Тәуір тұрмыс жасауға жұмсаймыз да, — дедім.

— Мәселен? – деп  Сәбең  тағы  сұрақ  қойғанда,  мен  «ГАЗ-24»  маркалы  жаңа

«Волга» машинасын алғанымды айттым.

Әрине, бұл оның ауылда тұратын еңбек адамының әл-ауқатының өсу дәрежесін білгісі келгендегісі ғой, — деді ағамыз.

Қарапайым еңбек адамының сан қырлы болуының өзі сирек кездесетін құбылыс. Оны замандастары уақытты тиімді пайдалана білудің эталоны деп атайтын. Өйткені онда бос уақыт дейтін болмайтын.

Уақыт сыны оңай емес. Керектіні кемесіне алады, керексізді жағада қалдырады. Адамға тән мақтау сөздің мәні мен жөніде осы тақылеттес.

Ол: «Уақытпен ойлауға болады, бірақ уақытпен ойнауға болмайды», «Уақытпен құрдас бола алмайсың, бірақ сырлас бола аласың», «Уақыт көзге көрінбегенімен, ойымыз бен өмірімізге, тіпті сөзімізге дейін өз таңбасын салып үлгіреді, уақытқа ілесу деген осы», «Уақыт бәрін үнсіз жасайды», «Уақыт бәріне үлгіреді», «Уақытта уәде болмайды, үміт болады», «Уақыт — асықпайды, бақыт – кешікпейді, ғұмыр озбайды», «Уақытқа ешкімнің әмірі жүрмейді» деген қанатты сөздерді жиі айтатын.

Ол жастар тәрбиесіне ерекше мән беретін. Олардың елдің ертеңі, болашағы екенін айта отырып, оларға ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. Клубта, мектепте өтетін шараларға үзбей қатысып, өмірден түйгендерін тағылымды, тәлімді әңгіме етіп айтып отыратын. Бұл оның ауылдағы №124 орта мектептің педагогикалық коллективімен тығыз байланыста болған­дығын, көп жыл ата-аналар комитетінің жетекшісі қызметін қоғамдық негізде алғаусыз атқарғандығын көрсетеді. Бұл да болса уақыт талабының жемісі еді.

Әлі есімде, ол қарапайым күрішші болса да алқалы жиындарда жарасымды галстугі мойнында еңселі бойы мен мейірімді жүзімен, тұңғиық ойлы көзімен, ақжарқын мінезімен, шешендік тіліп түсер сөзімен, қалың көпшіліктің ортасында, елшіл, жершіл тұлға болып көрінетін.

Өз дәуірінде өмір жолы өзгелерге өнеге болған қоғам қайраткері Несіпбай Әпрезов 1996 жылы 87 жасында дүниеден озды.

«Өлді деуге сияма, ойлаңдаршы,

Өшпейтұғын артында сөз қалдырған», — деп ұлы Абай айтқандай, Несіпбай ағамыздың артында еңбектен соққан ізі қалды, салиқалы сөзі қалды, өмірінің жалғасы – Сардар, Рүстембек, Арыстан, Ерсұлтан, Нұрлан, Нүркен, Күлпан, Күлан, Күмпат сынды ұл-қыздары қалды.

Әр адамның өзіне тән әлемі болады. Ал, Социалистік Еңбек Ері Несіпбай Әпірезовтың әлемі «Қоғам және Дихандар қауымы мен Туған жері» еді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күннің тіркестерімен баяндағанда оның әлемі ұрпаққа ұлағат таратып, руханиятымызға сәуле түсіріп тұратын жарық әлем.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ

Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық

жазушылар одағының мүшесі,

Ауданның Құрметті азаматы.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here