«Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген сонау 90-жылдардың қиыншылығында елдің қажетіне асарлатып салынған дүние еді, енді тозып тұр», — деп Жалағаш аудандық ауруханасының ғимаратын қайта салудың жайы айтылып жүргелі де бірталай жылдың жүзі болған. «Жыр болған аурухана құрылысының сәті түсті-ау, ақыры!» деп ел қуанысқан күн де жетті.
Биыл мамыр айында аурухананың іргетасы қаланды.
Жалағаш кентіне жолымыз түскенде аурухана құрылысы жайымен таныса кетуді жөн көрдік. Құрылыс жұмысын бүгінде облыстағы іргелі компаниялардың бірі «Абу-Сер» ЖШС жүргізуде екен. Құрылыс нысаны басынан жолыққан учаске бастығы Қайыржан Жұмаділаев жоспарлы жұмыстың діттеген деңгейде жүргізіліп жатқанын айтты.
Аурухана іргетасын 15 мамырда қалауды бастадық. Салтанатты жағдайда өткен шараға сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып іргетасын өзі қалап берген болатын. Қазір 3 блоктың іргетасы қаланып болды. 2 блоктың қабырғасын қалап жатырмыз. Бірер күнде 3 блоктың қабырғасы қалауға кірісеміз. Құрылыстың сапалы, уақытылы жүргізілуіне ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс қолы жеткілікті. Қажетті техникамыз сақадай сай, жұмыс үстінде. Құрылыс материалдары да уақытылы жеткізіліп тұр. Құрылыс жоспар бойынша 21 айда аяқталады. Қазір белгіленген жұмыс көлемін орындап жатырмыз, — деді учаске бастығы.
100 төсектік орынға арналған аурухана ғимараты келер жылы пайдалануға беріледі. Қазір құрылыс нысаны басында 90-ға жуық жұмысшы жұмыс істеп жатқан болса, оның 70 пайызы жалағаштықтар екен. Бұрындары осындай құрылыс нысандары басынан бірыңғай өзбек ағайындар табылатыны сирек жағдай емес-тін. Қазір құрылыс басынан жергілікті жұмысшыларды кездестіріп жүрміз. Осы орайда бізбен сұхбат барысында аудан әкімі Қ.Сәрсенбаевтың «қолынан іс келетін жергілікті азаматтар аз емес» дегені негізсіз емес екен.
Үйдің жанынан айлығы уақытылы, жұмыс уақыты кестеге сәйкес жақсы жұмыс табылғанына ризашылықты жалағаштықтар. Құрылыс басында қалаушы жұмысын атқарып жүрген жұмысшылардың бірі Дәурен Әшір де осындай риясыз ризашылығын білдірді. «Бұл жұмысты істегеніме бір ай болды. Жұмыс көңілден шығады. Ризамыз», — дейді ол


Учаске бастығы Қ.Жұмаділаев құрылыс нысаны басындағы арнайы техниканы жүргізушілер, дәнекершілер сынды мамандық иелерінен басқасы негізінен жалағаштықтар екенін айтып, құрылыс нысанында сылақ, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіле бастағанда жұмысшылар саны арта түсетінін айтты. Яғни, алдағы уақытта «екі қолға бір күрек» іздеген жалағаштықтар қатары бұл нысан басында көбейе түсетін болады.
Құрылыс нысанының жабдықталуымен қоса есептегенде құны 4 млрд. 119 мың теңгені құрайтынын жеткізді құрылыс нысанына иелік ететін аурухананың бас дәрігері Әсия Бекбергенова.

— 1998 жылы асар әдісімен салынған ескі ғимарат апаттық жағдайда тұр. Енді міне көптен күткен игілікке қол жеткізер күн алыс еместігіне қуанып жатырмыз. Аурухананың жаңа ғимараты келер жылы пайдалануға беріледі, — дейді бас дәрігер Әсия Мүсілімқызы. Жаңа аурухана ғимараты іргелес тұрған 2015 жылы пайдалануға берілген 250 орындық емханамен бірге бір кешенді құрамақ. Әкімшілік емханада орналасады. 100 төсек орындық аурухана заман талабына сай жаңа жабдықтармен жабдықталып, халық қажетіне сай қызмет көрсететін болады.
«Келер жылы жалағаштықтар игілігіне жарқыраған жаңа аурухана беріледі» — деп қуанышты лебіз білдірген еді бізбен сұхбат барысында аудан әкімі де. Аурухана кім-кімнің де барғысы келетін орын еместігі аян, дегенмен кейде кездейсоқ, кейде негізді себептермен оған қажеттілік болып жатады.
«Аурып тұрдым, аунап тұрдым» деп бұрынғылар айтатындай, жаңа ауруханадан дертіне дауа, жанға шипа тапсын дейміз барша емделуші. Оған жаңа ғимарат, жаңа заманауи жабдықтар, қажетті дәрі-дәрмек пен мейірлі жүрек, жылы алақан ақ халатты абзал жандар себепкер болары анық.
Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА