Қатты отынға қажеттілік қанша?

0
191

“Қыстың қамын жаз ойла” демекші, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Марат Делмұханов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин, “Қызылорда жылу электр орталығы” МКК-ның директоры Руслан Нұрмағанбетов пен Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова алдағы жылу беру маусымына байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар барысын айтты.

Иә, жылу беру маусымына дәл осы кезден сақадай сай болып қамдансақ та, қыс бойы неше түрлі жағдайларға тап болып талай әбігерге түсетініміз бар. Брифингте осы мәселе тағы бір мәрте пысықталып, тиісті жауапты­лар атқарып жатқан өз жұмыс­тарын баяндап берді. Сонымен облыс әкімінің орын­басары Марат Делмұ­ханов облыс бойынша тірші­лікті қамтама­сыз етуші нысан­дардың алда­ғы жылу маусымына дайын­дығы бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүріп жатқандығын айтты.

– «Қызылордажылу­электрорталығы» бойынша, 2 қазандыққа, 2 бу турбина­сына, 5 күштік трансформа­торларға, 17 автономды блокты модульді қазандық­тарға және 9 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары 99 пайызға орын­далды. Бұл жұмыстар кәсіп­орынның өз қаражаты есебінен жасалуда. Облыстық бюджеттен жасалатын жұмыстарға келсек, кәсіпорынның жарғылық капиталын ұлғайтуға 299 млн.теңге қаржы бөлініп, № 9 котлоагрегатты қайта жаңғырту, КОГТЭС және Оңтүстік қазандықтағы негізгі қондырғыларды қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізілуде, — облыс әкімінің орынбасары Марат Делмұханов.

Жалпы, қала және оған қарасты ауылдық округтер бойынша 2019-2020 жылдарға арналған жылу маусымына қажетті қатты отын көлемі 33 300 тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге жеткізілгені 22 700 тонна. Көмір қоймаларында, Қаражыра көмірі 1380 тонна,  138 тонна тас көмір, 6555 тонна Шұбаркөл көмірі бар екен. Ал, қазіргі таңда қыста жылу болатын қатты отын бағасы 13500 теңге болып тұр.

– Қызылорда қаласы, Белкөл кентіндегі қазандықты табиғи газға ауыстыруға 183 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Кәспорынның қоймасында 10 күндік нормативтік авариялық қор ретінде 4,6 мың тонна мазут жеткізілген, оның ішінде, жылуэлектрорталығында – 3,6 мың тонна, Оңтүстік қазандықта – 643 тонна, Белкөл қазандығы және АМБҚ-да – 95 тонна, Қазалы Теміржол жылуда  — 288 тонна, — дейді, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

«Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ алдағы жылу маусымына қажетті 1084 шақырым электр желісі, 86 дана қосалқы стансаларды 785 шақырым электр желісі мен 104 дана қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізіп, жоспарды 95 пайызға орындаған.

– Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жасалған жұмыстар аясында 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап  Қызылорда қаласының Залинейная аймағында (КБИ, Титов, Гагарин, Шанхай, Комсомол) электрмен қамту желілері мен трансформаторлық қондырғылар ауыстырылуда. Бұл жерде электр жарығын шектеуде жоспарлы ажыратулар болуда. Сөндірілетін аймақтар алдын ала әлеуметтік желілерге жарияланып отыр. Бұл жұмыстарды жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқтайтын боламыз. «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы бойынша жоспарланған 43 ГРП және 61 ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. «Қызылорда Су жүйесі» МКК бойынша ағымдағы жылы кәсіпорынның өз қаржысы есебінен 500 м  су құбырларына және 400м кәріз жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды, — деді “Қызылорда жылу электр орталығы” МКК-ның директоры Руслан Нұрмағанбетов.

Бүгінгі күні 1185 әлеуметтік нысанның және  640 қазандықтардың  ағымдағы жөндеу жұмыстары 99 пайызға орындалған. Оның ішінде жоспарланған 507 білім беру нысан­дары бойынша жұмыстар толық аяқталып, 640 қазандықтардың  630-на (98%), 411 мәдениет нысандарының 407-не (99%), 267 денсаулық сақтау нысанының 266-на (99%) жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс көлемінде әлеуметтік нысандарға жылдық жоспар бойынша 37 мың тонна көмір, 22,0 мың тонна дизель отыны қажет. Қажетті отын көлемін жеткізуші мекемелермен келісім шарт жасалып, кезең-кезеңімен жеткізілуде.

– Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері өңір кәсіпкер­лерімен көмір бағасын көтермеу мақсатында меморандумдар жасауда. Жоспар бойынша қажетті көмір отыны 186,4 мың тонна. Сонымен қатар, осы жиынды пайдаланып тұрғындар тарапынан  қатты отынға деген сұраныс болмай жатқанын атап өткім келеді. Қазір облыс бойынша 31 көмір қабылдау пункттері бар және оларда көмір бар, әлде де келіп жатыр. Бағасы тұрақты 13-16 мың теңгенің аралығында. Көмірдің жеткізілуін біз күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Нақтырақ айтар болсақ, “Шұбаркөл” -14 900  теңге, “Қаражыра” — 15 625 теңге, “Майкөбен” — 16 000 теңге, “Богатырь” және “Жалын” — 13 125 теңгеден. Қызылорда халқына айтарымыз, жылу беру маусымы кезеңінде көмір тапшылығын  болдырмау және едәуір арзан бағада көмір отынын алу үшін, көмірді қазан-қараша айларында емес, бүгіннен бастап сатып алу қажет, — деді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова.

“Қыс шанаңды жаз сайла” дегендей, биыл да қыс қақарына мінбесіне кім кепіл? Сол үшін қысқа осы бастан дайындалып, қатты отын тапшылығы орын алмай, баға шарықтап кетпей тұрғанда көмірді бүгіннен бастап алып алу керек. Негізі тиісті сала мамандарының айтуынша, баға жыл соңына дейін тұрақты болады. Бірақ көмір жетіспеушілігі сияқты мәселелер туындап, халық сұранысын қанағаттандыра алмай қалған кезде арада делдалдар пайда болып, “халық қайтсе де алады ғой” деген оймен олар көмір бағасын өсіріп жіберуі мүмкін.

– Қызылорда қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 696 көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ меншігін күтіп ұстау қызметін көрсететін 17 пәтер иелері кооперативтері бар. Жылу беру маусымы басталған уақытта жылда бізде қайталанатын жағдай көппәтерлі үй тұрғындарының ішкі жылу жүйелеріндегі мәселелер. Тұрғындардың бір бөлмесінде жылу болса екінші бөлмесінде жылу болмай халықтың наразылығы туындап, облыс әкімдігіне дейін шығып «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесіне шағымданып жатады. Бұл жерде жылу орталығының міндеті көпқабатты үйлердің өжіресіне (подвал) дейін жылуды сапалы жеткізу. Ал үйлердің ішкі жылу жүйесінің дайындығына тұрғындардың өздері және тікелей ПИК-тер жауапты. Осы ретте, тұрғын үйлер тұрғындардың  өз меншігіндегі  үй екендігін және өжіредегі әрбір инженерлік желі құрал-жабдығының қолды болмауына (вентиль, задвижка т.с.с.), жылу құбырларын жуып-шаю жұмыстарын жүргізуге немқұрайлылық танытпай жауапкершілікпен қарау қажеттігін және бұл жұмыстар ПИК-термен тұрғындардың тікелей міндеті екендігін тағы да ерекше атап өтемін, — деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев.

Облыс пен қаладағы тиісті сала мамандарының бар айтқаны осы. Ендігі міндет жылуға қажетті бар кем-кетікті жөндеп, алда қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа ерте бастан қамдану.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here